BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақтөбеде ерте темір дәуірінде соғылған алтын сырға табылды

Ақтөбе облыс орталығынан 400 шақырымдай жерде археологтар «Жезді қала» орнын тапты. Қола дәуірінен бастап жаңа заманға дейін үздіксіз мекен болған шаһар Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарының шекараларында орналасқан. Ақтөбедегі қазба жұмыстары қорытындыланды. Археологтардың айтуынша, өңірде археологиялық ескерткіштерді жою жөнінде көш бастап тұрғандар қатарында, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ақтөбе облысы археологиялық ескерткіштерді жою тізімінде алғашқы орындарда тұр. Өңірде қазба жұмыстары жүргізілмеген жерлер көп. Қазір ескерткіштер орнына баспаналар тұрғызылып жатыр. Ал, мұнай-газ компаниялары қазба жұмыстары кезінде археологтарды шақырмайды. Аргеологтардың айтуынша, ескерткіштерді қорғау туралы заң болғанымен, әзірге күші болмай тұр.

«Бүгінге дейін ескерткіштерді қорғау туралы Заң болғанымен күші жоқ. Мұнай мен газ компанияларына әлі келмейді. Қазба жұмыстары кезінде компания мамандары археологтарды шақырғаннан гөрі кейін айыппұл төлегенді жеңіл көреді. Ал, бұл айыппұлдар экологиялық айыппұлмен салыстырғанда өте аз. Қазір ескерткіштер көптеп жойылып жатыр. Археологтар үлгергендерін ғана зерттейді. Ақтөбе археологиялық ескерткіштерді жою бойынша алдыңғы орындарда», - деді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан аймағы бойынша өкілі.

Дегенмен, жетістіктер де жоқ емес. Биыл табылған жәдігерлер қазір қалпына келтіріліп жатыр. Солардың бірі – Ақтөбе маңындағы Бекқұл баба ауылынан табылған алтын сырғалар. Ерте темір дәуірі кезінде соғылған сырғалар мамандардың айтуынша, шолпы ретінде де пайдаланылған.

«Биыл тамыз айында біз өзімізге қызықты дүниелер таптық. Бекқұл баба ауылында жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге рұқсат берген кезде біз сол жерде шұғыл түрде арнайы зерттеуге кірістік. Дәл сол жерден алтын бұйымдар таптық. Ерте темір дәуіріне жататын алтын сырғалар. Мұндай әшекей бұйымдар бұған дейін 70 жылдары Мәртөк ауданында қазба жұмыстарын жүргізген археолог Мир Қабырбаев тапқан еді. Біз іздеген дүниелер табылды. Біз үшін әр табылған зат құнды», - дейді археолог Арман Бисенбаев.

Ақтөбедегі зерттеу жұмыстарын Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Ресейдің Шығыстану институтымен және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетімен бірлесе жүргізіп жатыр. Биыл 3 қазба, 2 ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілген. Облыс орталығынан 400 шақырымдай жерде археологтар «Жезді қала» орнын тапты. Қола дәуірінен бастап жаңа заманға дейін үздіксіз мекен болған шаһар Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарының шекараларында орналасқан. Жезді қаласының бүгінде топографиялық жобасы түсіріліп, барлау қазба жұмыстары жүргізілген. Жануарлардың сүйектері мен орта ғасырлық қола бұйымдар, Оғыз дәуріндегі қоладан жасалған белбеудің доғасы, жапсырмалары табылған.

«2006 жылдан бері аймақтағы 10 ауданның археологиялық ескерткіштері тіркеліп, жинақ жасалды. Қалған Шалқар және Байғанин аудандарының аймағындағы ескерткіштер алдағы 2 жылда аяқталады. Облыстық арнайы комиссияның қарауына 100-ге тарта ескерткіш ұсынылып, оның тоғызы республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне ілікті. Ал, жергілікті маңызы бар 47 ескерткіш комиссияның қарауына ұсынылған болатын», - деді Ақтөбе облысының тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғалиев.

Республикалық 9 ескерткіштердің қатарында 2004 жылы зерттелген, сармат дәуірінде бой көтерген Қызыл-уық ғибадатханасы, Мұғалжар ауданындағы Тілеубұлақ шағын үңгірі, Қобыланды және Есет батыр мемориалдық кешендері, Есет-Дәрібай, Абат Байтақ, Исатай батыр кесенелері, Ойсылқара қорымы мен Әйтеке би ауданындағы Кенесары ханның қарындасы Бопайдың жерленген жері мен Хан моласы қорымы бар. Археологтардың айтуынша, көне жәдігерлерді қайта қалпына келтіретін мамандар тапшы. «2018 жылы пайдалануға берілетін жаңа облыстық тарихи-өлкетану мұражайында арнайы зертхана мен кәсіби мамандар қабылданса» деген тілек білдірді. Қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 109 мың экспонат бар.

Фото: Автор 4 дана


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер