Ташкенттегі Төле би кесенесі. Тарих не дейді? - Тарихи нысандар|10 Мамыр 2017, 11:11
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ташкенттегі Төле би кесенесі. Тарих не дейді?

Фото: Ұларбек Дәлейұлы

Қазақ тарихындағы әйгілі үш бидің бірі – Төле би бабамыздың өмір тарихы жайлы деректерде әр түрлі жазылады. Туып-өскен, өмір сүрген, қартайып, өмірден озған шағы туралы нақты дерек аз. «Мың естігеннен бір көрген артық» дейді атам қазақ. Жақында «Алаш жолы» ғылыми экспедициялық тобымен бірге Өзбекстан астанасы Ташкент шаһарына жолымыз түсіп, бабамыздың басына арнайы барған едік.

Қазақ тарихы ғылымында өз орны бар белгiлi ғалым, М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетi «Профессор Немат Келiмбетов атындағы Түркология ғылыми-зерттеу орталығының» жетекшi ғылыми қызметкерi, тарихшы-этнолог, түркiтанушы Мұхитхан Миразовтың Төле би бабамыз туралы «Жас Алаш» газетіне шыққан зерттеуіне назар аудармай болмайды. Бұл әңгімелерді белгілі журналист Ғалымжан Елшiбай жазып алған екен.

«Төле би бабамыз жайлы қытай жазба деректерінде мынадай сөздер кездеседі. Чиң патшалығының әскер­лерi жоңғарлардың өздерiне қарсы дүрбелең тудырған тобының қалдықтарын қуалап, 1758 жылы ұлы жүз мекендеген далаға дейiн барады. Сонда олар көздерiмен көрген жағдайды былай деп жазады: «Ұлы жүздiң қолбасшысы Әбiлпейiс екен, оның үш батыры бар – бiреуi Төле би, екiншiсi – Қой­гелдi, үшiншiсi – Сасықбай. Әбiлпейiс Ташкент қаласында тұрады. Ешқандай iске араласпайды, онда тек елбасы деген атақ қана бар. Олардың саясатын Төле би жүргiзедi екен».

1758 жылы қазанда Төле би өз ұлы Жолан мен туысы Мұсырманды Чиң патшалығына елшi етiп жiбередi. Мiне қараңыз, бұл құжат Қытайдың мұрағатынан табылып отыр. Яғни, бабамыз 1758 жылы да мына жарық дүниеде бол­ған екен. Төле бидiң 1758 жылы тiрi болғанын растайтын тағы бiр дерек бестомдық «Қазақстан тарихының» 3 томында кездеседi. Онда 1758 жылы Орынбор кеңсесiне М.Шихов мынандай мәлiмет жiберген: «Үлкен орда түге­лiмен Төле бидiң иелiгiнде, ол Сайрам­ға... жақын жерде көшiп жүредi». Чиң елiнiң тағы бiр дерегi Төле бидiң 1762 жылы тiрi екенiн растай түседi. Бұл жылдан кейiнгi құжаттарда (Қытай, Мәскеу, Орынбор, Ташкент мұрағат-кiтапханала­рында) оның аты кездес­пейдi десек те болады. Бұл кезеңде билiкке Бәйтiк келдi. Бiрақ оның өмiрi ұзақ болмаған сыңайлы. Одан соң Төле бидiң ұлы Қожамжар тiзгiндi ұстайды. Бұл кезеңде Қоқан хандығының дәуiрлей бастаған тұсы, олар маңызды стратегиялық орталық – Ташкент қаласын уысында ұстағысы келдi.

Екiншiден, бұл тұста он екi қақпалы Ташкент төрт дахаға (аймаққа) бөлiне­тiн. Оларды, негiзiнен, дулаттар мен қожалар басқаратын. Осылардың арасындағы тартысты Жүнiс қожа тиiмдi пайдалана отырып өз жағына қаңлы, шанышқылыларды көптеп тартып Ддулаттарды қала билiгiнен ығыстыра бастайды. Ағайындылар, бауырластар арасында қантөгiс ұрыстар болды. Соның салдарынан Дулаттар Ташкент­тен ығысты.

Қытайдың 1758 жылғы тағы бiр де­регiн алға тартсақ, онда былай де­лiнедi: «Төле бидiң жасы 83-ке келдi, Қойгелдi де 70 жасқа толды...». Бiздiң өз топшылауымыз бойынша, Төле би Әлiбекұлы 1675 жылы туып, 88 жасында, яғни, 1763 жы­лы маусым айы шамасында Ташкент шаһарының ортасындағы Орда деген жерде (Ақбұрхан-Орда деп қателесiп жүрмiз) дүниеден өткен.

Төле бидің әкесі кім болған?

«Тектiден тектi туар жарқылдаған, қарғадан қарға туар қарқылдаған» дейдi халық. Бұл құбылыс ғылымда да дәлелденген. «Төле бидiң әкесi алдына төрт ешкi салған, қаратаяқ қазақ екен» деп әлi күнге ұялмай-қызармай жазып та, айтып та жүргендер бар. Бүгiнге дейiн жарық көрiп жүрген кейбiр зерттеулерде, көркем шығармаларда «Тоғыз ұлды Құдайбердi әуле­тiнен Төлеге дейiн бай да, би де шықпаған, «қара шоғыр» атанған қа­ра шаруа болған...» деген деректер келтiрiледi.

Бiздiңше, Әлiбектiң би болғаны туралы пiкiр болжам, жорамал ғана емес, ақиқат шындық. Бұл орайдағы көмескi ойлардың сейiлуiне Шоқан Уәлихановтың қалдырған дерегi көмектеседi. Ш.Уәлиханов қызыл тулы сұлтандар тарихы туралы ел аузындағы аңызға сүйене отырып Ұзын оқты Ондан сұлтанның жас кезiнде iстi болып, әкесiнiң досы Әлiбекке ақыл сұрай келгенiн жазады. Әлiбектiң кеңесiмен Ондан сұлтан басына төнген қатерден құтылады. Ондан сұлтанға қысылғанда ақыл берiп, жөн көрсеткен Төле бидiң әкесi, осы Әлiбек би болатын.

Екiншi мәлiмет кезiнде «Дала уалая­ты газетiнде» басылды, онда былай дейдi:

«... Тәуке хан Күлтөбе деген жерде жетi бидi жиып алып, iшiнде атағы шыққан Әлiбек би бар, бұрынғы Қасым ханның, Есiм ханның рәсiм жолын, жөнiн қазақ халқының жаңа рәсiмiне қосып жаздырыпты...».

Құдайбердi бидiң орнына Әлiбектiң “ұлыс бегi” болғанын, Есiм ханның оған әкесi қайтыс болғанда «көңiл» айтқанынан да байқауға болады:

... Мына сәлем ханыңнан,

Қабыл көргiн жаныңмен.

Құдайбердi баласы –

Әлiбек деген Жанысқа,

Әкеңнiң берсiн иманын.

Аман едi барыста,

Шалқайма жатып алыста...

«Аман едi барыста...». Яғни, осында айтылған 1626 жылы, яки барыс жылы Құдайбердi би әлi өмiрден өтпеген. Ал келесi қоян жылында Есiм ханның ордасынан Әлiбек бидi көремiз:

...Би сайланған Әлiбек,

Құдайбердi биден соң... (Қазанғап Байболұлы. «Төле би», 1993 жыл).

Әлiбек Есiм хан мен Тәуке ханның тұсында солармен бiрге кесiмдi пiкiр айтып, билiк шешiмдер шығарған. Қарт баба 1608 жылы дүниеге келiп, 1684 жылдың шамасында бақи дүниеге аттанған. Бұл мағлұматтар Әлiбек­тiң атақты би болғанын көрсетедi.

Әлiбектiң әкесi Құдайбердi де би болған. Тоғыз ұлды Құдайбер­дiнiң кенжесi осы Әлiбек би едi. Одан туған Төле би кемеңгерлiгiмен Ташкенттi он екi жыл билеген. Одан Қожамжар, Жолан туған. Бiреуi Ташкенттi билесе, екiншiсi елшi болып Қытайға барды, батырлығымен құрметке бөлендi. Оның ұрпақтары Шойбек датқа, Қасымбек болыс, Момынбек болыс аттары сонау Қоқан мен Ресей патшалығына дейiн жетiп өз заманының тарланбоздары атанды. Майлықожа ақынның мына өлең шумағының үзiгiне көңiл аудара­йықшы:

Ер Төле Әлiбектен әзiз туған,

Бектiгi тоғыз ата тұқым қуған...

Төле би баба өмірінде қандай болған?

Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы Төле бабаның сырт тұлғасын: «Ұлы жүздiң кiсiлерiнiң iшiнен ұзын бойлы, нар жонды, шекпендi, ер қара кiсi түрегелiп тұрып сөйледi», – деп сипаттайды. Ал Абылай хан: «Шатақ шықса байқаңдар. Ұлы жүздiң оң бетiнде бiр ноқаты бар Төле биiнсiз мәселе шешiлмейдi», – дейдi екен.

Төле бидiң Қожамжар деген ұлының немересi болып келетiн Шойбек деген атақты, аты алысқа жайылған кiсi болған. Жаныстардың iшiнде Қоқан хандығынан алғаш рет датқа деген атақты иеленген де – осы Шойбек. Шойбек арабша сауатты болыпты. Ол кiсiнiң Ұлы жүздiң шежiресi мен Төле би туралы жазған жазбасы бар. Шойбек Төле бидi былай суреттеген: «Иықтарына екi кiсi мiнгендей қапсағай денелi, ұзын бойлы, басы үлкен, шашын үнемi тықырлап алып жүре­тiн, көз­дерi от шаш­қан, оң жақ бе­тiн­де түймедей қалы бар, қы­зыл шырайлы кiсi бол­ған. Мен мұны өз атам Қо­жамжардың айтуы бойынша жазып отырмын...».

Атақты суретшi Тоқболат Тоғыс­баев ағамыздың салған суретi Төле би бабамыздың барлық қасиетiн, кемең­герлiгiн ашып тұрғандай болып көрiне­дi өз басыма. Өйткенi Т.Тоғысбаев Төле бидiң суретiн саларда көп iздендi.

1982 жылы ғұлама ғалым Ә.Марғұлан шәкiртi Самат Өтениязовқа Ташкенттегi М.Массонға бiр хат тапсыруды жүктеген. Мен бұл хатты Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттiк мұрағатынан таптым. Онда Ә.Марғұлан Төле бидiң Шайхантаурда жерленгенiн нақтылаған. Әлекең сынды ғұламалар дерексiз нәрсеге бас ұрмайтыны да белгiлi.

Қарлығаш би кесенесiнде 1972 жылдың 18 ақпанында археологтар зерттеу жүргiзудi бастады. Антрополог Т. Юнусовтың анықтауы бойынша, бас сүйектердiң санына қарай онда үш еркек және екi әйел жерленген.

Төле бидің мазары. 1900 жылдары Я.Окуневтың Ташкентте түсірген суреті (Серікбол Хасанның жеке парақшасынан алынды)

Үлкен орданың астанасы да, орталығы да Ташкент шаһары болған. Сондықтан қазақтың көптеген айтулы азаматтары осындағы мазарларда жерленген. Оны мынадай құжаттық жазбалар барынша растай түседi.

«...Қаладағы (Ташкенттi айтып отыр) үкiметтi бұрын шаһар тұрғындары ұстап тұрған екен, бiрақ кейiн олар­ға Ұлы орданың (жүздiң) қазақтары үстемдiк құратын болған. Бұл орданың билеушiлерi көбiне осы қалаға қоныстанады». Бұл – XVIII ғасырдағы патша шенеунiгi П.И.Рычковтың берген мәлiметi.

Ендi мына бiр дерекке көңiл қойыңыз:

«...один из знаменитейших биев киргизского народа Толебий Алибеков (Дулат, отделение Жаныс) фактически повелевавший Старшей Ордой, жил у самого Ташкента...».

Ташкент қаласын көп зерттеген патшаның тағы бiр офицерi Александр Александрович Семенов былай дейдi: «Бұл жерде XVIII ғасырдың бiрiншi жартысында Ташкенттi басқарған атақты қазы Төле бидiң сүйегi жатыр».

Орыс деректерiн қытай деректерi онан әрi нақтылай түседi:

«Қазақтың Төле би, Қойгелдi және Сасық би сынды көсемдерiнiң барлығы Ташкент қаласына жақын жерде тұрады».

Ресей мемлекеттiк архивiнде сақталған, 1742 жылы жазылған мына дерек те Төле би туралы оң ақпарат бередi: «Қазiргi уақытта қырғыз-қайсақтың үлкен ордасында Әбiләз хан болды. Ол Ташкент қаласында тұрды. Бiрақ ордада би мiндетiн Төле би ат­қарды».

Шайхантаур мазаратында атақты әулиелер, хан-сұлтандар, билер жерленетiн болған. Мұнда 1487 жылы 74 жасында қайтыс болған Моғолстанның ханы Жүнiс хан, 1712 жылы дүниеден озған Ұлы орданың басшысы Рүстем Мұхаммед Баһадүр хан және Шейбани ханның әйелi Жамал ханым, Қоқан хандығының соңғы билеушiсi Насраддин, Шайхантаур ұрпақтарының бiрi Жүнiс қожа, Ташкенттi генерал М.Г.Черняевтiң әскерiнен ерлiкпен қорғаған және 1865 жылы 9 мамырда Шортөбеде (Зортөбе) болған ұрыста ауыр жарақат алған Қоқан қолбасшысы Әлiмқұл жерленген екен. Әлiмқұл­дың сүйегiн кейiн туыстары Ферғанаға алып кеткен.

Абылай ханның ұрпағы Тентек төре – Рүстем сұлтан 1864 жылы Черняев бастаған орыс әскерлерiне қарсы соғыста Әулиеата қаласында қаза тапты. Сүйегi Ташкент қаласындағы Төле би мазарының қасына қойылған. Бұлардан басқа да Шайхантаурда қаншама қазақтың тұлғалары жатыр десеңiзшi?!

Қазақта сақталған ескерткiштердiң басым көпшiлiгiнiң күмбездi болып келетiнi, ал күмбездiң белгiлi бiр дәрежеде киiз үйдiң қанқасына ұқсайтыны белгiлi. Төле би кесенесiн зерттеуде бұл да ерекше маңызға ие. Өз басым Төле бидiң осында жерленуiне байланысты талай өзбек ғалымдарымен пiкiр алыстым. Ешбiр өзбек ғалымы мұнда Қарлығаш бидiң (өзбекше – Қалдиргоч) жатқанын нақтылай алмады. Барлығының сүйенетiнi – Хафиз Таныштың «Абдулла-нама» шығармасы. Бiрақ онда Қалдиргоч би туралы ешқандай сөз жоқ. Ескерткiштердi зерттеушi Г.Пугаченкованың бұл мәлiметтердi қайдан алғанын бiлмеймiн...

Шайхантаур мазаратындағы көптеген ескерткiштер бұзылып кетiптi, қалайша Төле би сағанасы аман қалған? Мiне, мәселе қайда? Iздеушiсi, сұраушысы жоқ болса, баба кесенесi баяғыда-ақ бұзылар едi. Шайхантаур мазараты үлкен аумақты алып жатқан. Мұнда сандаған мазарлар, талай күмбездi кесенелер болған. Қазiр олардың бiрi де жоқ. Бұған еш таңғалмаңыз. Бүгiнгi күнге Жүнiс ханның, Шайхантаурдың және Төле бидiң (Қарлығаш бидiң) кесенелерi ғана жетiп отыр.

Менiң өз бағамдауымша, кесененiң бұзылмауына бидiң ұрпақтары атақты Шойбек, Қасымбек, Момынбек датқалардың үлестерi зор болған. Олар қоқандықтармен де, орыстармен де тiл табысып, осы өңiрде өз билiктерiн жүргiзгенi баршаға аян.

Ескерткiштердiң сақталуына, бұ­зыл­мауына ерекше қамқорлық таныт­қан ғалым М.Массон екенiн де естен шығармағанымыз жөн. Оның кесене­лер­дi (аталған үш кесененi) сақтап, жөндеп архитектуралық ескерткiш ретiнде тiркеуге алу туралы хаттары да сақталған.

Төле би кесенесі қалай салынды?

Түркiстан Республикасының басшысы, көрнектi мемлекет қайраткерi Тұрар Рысқұлов жоғарыдағы ескерт­кiштердi мемлекеттiк қамқорлыққа алу жөнiнде «Среднеазкомстариске» (Орта Азияның көне заттарды қорғау комитетi) ұсыныс жасаған. Сөйтiп, бұл ескерткiштер республикалық дәре­жедегi ескерткiштер тiзiмiне алынған. Тұрар Рысқұлов бұл кесенеде бабасы Төле бидiң жатқанын бiлген. Жоғарыдан тапсырма болмаса қайдағы бiр жоқтаушысы жоқ Қарлығашты кiм елер едi. Әрине, жермен-жексен етер едi...

1993 жылы Қазақстан президентi Н.Назарбаев пен Өзбекстан прези­дентi И.Каримов Төле би бабаның мазарына келiп, зиярат жасады. Құран оқытып, кiлемдерiн төсеп кеттi. Сол күннен бастап 26 мамыр ұлы бидi еске алу күнiне айналды.

Баба кесенесiне күрделi жөндеудi 1995 жылы Төле бидiң тiкелей ұрпағы, атақты математик, академик Тынысбек Қалменов және сол кездегi Оңтүс­тiк Қазақстан облысының әкiмi Зауытбек Тұрысбеков жүргiздiрдi. Кесене жанынан бар жағдайы жасалған зияратхана салынды. Жақын жылдары тағы да жаңғырту жұмыстары жасалды».

Бұл күндері қазақ жұртының ғана емес, күллі түркі халықтарының тәу ететін киелі орнына айналған Төле би кесенесін Өзбек үкіметі арнайы қорғауға алыпты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер