Шығыс топырағына Ислам нұрын сепкен медреселер: Әйгілі «Көкілташ» ілім ордасы - Тарихи нысандар|11 Мамыр 2017, 13:27
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шығыс топырағына Ислам нұрын сепкен медреселер: Әйгілі «Көкілташ» ілім ордасы

Фото: Ұларбек Дәлейұлы

Мамыр айының басында «Алаш жолы» экспедициялық тобымен бірге Өзбекстанның біраз қалаларын аралаған едік. Біздің назарымызды ерекше аударған шаһарлардың бірі Бұхара қаласы болды. Қаланың біздің дәуірімізге дейінгі алғашқы мыңжылдықта «Нумижкат» деген атауы болған екен. Бұхара атауы араб елдерінде және Қытайда сақталған жазба деректерде V ғасырдан бастап атала бастайды. Мұнда сол ғасырлардан бері бүгінге дейін сақталып, аман жеткен 140-қа жуық архитектуралық ескерткіш бар екені таңдай қақтырмай қоймайды.

Ташкенттен Бұхараға беталған «Афросяб» жедел пойызы көздеген жерімізге демде жеткізіп салды. Вокзалдан түсе сала, бала күнімізден тарихи-әдеби кітаптардан оқып өскен атақты «Көкілташ медресесін» сұрай бастадық.

Көкілташ медресесі – әлемге даңқы кеткен, әйгілі тарихи архитектуралық ескерткіш. Бұхара шаһарында 16 ғасырда салынған. Көлемі өте үлкен, екі қабатты, биік ғимарат екен.

Бұнда ескерте кететін бір жайт - «Көкілташ» медресесі Өзбекстанда екеу. Тағы біреуі Ташкент қаласында орналасқан. Көп жағдайда жұрт екеуін шатастырып алып жатады.

1983 жылы шыққан Г.А.Пугаченкованың «Кеңес Одағының өнер ескерткіштері. Орта Азия» атты нұсқамалық-сөздігінде: «Бұхаралық медресенің салынған уақыты 1568/69 жылдар делінсе, Ташкенттікі XVI ғасырдың 60-жылдары» деп көрсетілген және суреттері де жарияланған.

Бұхара шаһарын 709 жылы арабтар басып алған кезге дейін Орталық Азиядағы ірі сауда және өркениет орталығы болыпты. Кейінірек осынау төңірекке ислам діні өркен жайған соң, сан түрлі мешіттер мен медреселер салынып, мәдениет пен ілім, сауда мен өркениет одан әрі дами түскен екен.

Бұхара шаһары сол ғасырда ислам дінінің таралуымен бірге Орталық Азиядағы халықтардың ең ірі діни орталығына айналды.

Мұнда Азияның әр төңірегінен, татар, қазақ, қырғыз секілді елдерден білім іздеп келіп, медреселерде дін ғұламаларынан сабақ алған шәкірттер мыңдап саналған.

Ескі жазба деректерге жүгінсек, Бұхарада кезінде 103 медресе, 200-дей үлкенді-кіші мешіт болғандығын көреміз. Ал бұл күндері медреселер өз жұмысын негізінен тоқтатқанымен, 300-ге жуық мешіт әлі де өз міндетін мүлтіксіз атқарып тұр. Осы қалада көп жылдар бойы білім алған Садриддин Айни де Бұхарада 100-ге тарта ірілі-ұсақты медресе болғандығын тамсана жазады. Олардың басым бөлігі сол ғасырларға тән сәулет өнерінің ең озық үлгілерімен салынып, осы күнге дейін өз бояуы мен сәнін жоғалтпай, әлемге асқақ қарап тұр.

Белгілі журналист Марфуға Шапиянның жазуынша: «Әбдуләзиз хан» медресесіне қарама-қарсы орналасқан, кезінде Самарқанды Әмір Темірдің немересі Ұлықбек басқарғанда салдырған «Ұлықбек» медресесі де бар. Ол мұндағы оқу орындарының ең көнесі болып табылады.

«Ұлықбек» медресесінің іргесі 1417 жылы қаланған. Оның жобасын сызған Әмір Темірдің бір жорығында тұтқынға түскен парсы ұстасының ұрпағы деседі. Медресе Абдуллахан заманында, яғни 1586 жылы қайта жөндеуден өткен» деп жазады.

Бұндағы қалың медреселердің бүгінге қажеттігі азайған соң Өзбек үкіметінің бұйрығымен бұндағы барлық медресе музейлерге, сауда орындарына айналыпты.

Бұл мұнара – Бұхара шаһарындағы ең биік ғимараттардың бірі. Биіктігі 46,5 метрге жетеді. Ертеректе бұл мұнара азан шақыруға, жау шапқыны болғанда қала төңірегін анық бақылау үшін де қолданылған екен.

Сонымен қатар Мәрфуға Шапиян: «Бұхарадағы «Ұлықбек» және «Көкілташ» медреселерінен өзге танымал медреселердің қатарында «Қош», «Әмір-Әлімхан», «Надир Диуан бегі» медреселері кіреді. Олардың ішінде әсіресе, «Көкілташ» медресесі қазаққа жақын. Дәл осылай аталатын медресе Ташкент қаласында да бар. Бірақ біздің дін қайраткерлеріміздің негізінен Бұхара қаласында білім алған соң, олардың өмір тарихында айтылатын «Көкілташ» медресесі осы Бұхарадағысы болар деген жорамал жасаймыз. Көкілташ медресесі туралы Мәшһүр Жүсіп бабамыздың: «Көкілташта сытқамыт қылған адам не бай болып, не әулие болып, не молда болып шығады, құр алақан шықпайды», – деген тамаша сөзі бар.

Солай деген Мәшһүр Жүсіп Көпеев те осы Бұхара медреселерінен білім алған. Ал белгілі дін қайраткері, Ислам дінінің Қазақстанның солтүстік өңіріне кеңінен жайылуына ықпал еткен атақты теолог-ғалым Наурызбай Таласов (Науан хазірет) 15 жылға жуық Бұхара медреселерінен дәріс алып, осында ұстаздық еткен. Тек кейін Қазақстанға да дін жаятын адам керек болғаннан кейін қайтқан.

Әмір ордасы маңындағы биік қорған. Сол қалпы сақталған

Ал белгілі ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлы болса, осы қаладағы 1896-1899 жылдары Мір-Араб медресесінен, кейін 1899-1905 жылдары Көкілташ медресесінен білім алған. «Көкілташ» медресесінде тәжік жазушысы Садриддин Айнимен достасып, қабырға газетін бірге шығарған. Тіпті Қожа Ахмет Яссауидің Бұхара қаласындағы Юсуф Хамаданидан діни білім алғаны туралы дерек кездеседі.

Ал ел ішінде тараған кей деректерде атақты Мәшһүр Жүсіп бұндағы оқуын тәмәмдаған соң, еліне кетер кезде оны қимаған ұстаздары мен қатар оқыған өзге ғалымдар Мәшһүр бабамызды Қазақ жеріне, Балқаш көліне дейін жеткізіп тастаған дейтін әңгіме бар.

Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлы «Аламан» атты кітабында, «Бұхарадағы Көкілташ медресесінің салынуы туралы әпсана» деген еңбегінде: «Бұхара мен Ташкент тұрғындарының арасында Бұхарадағы атақты Көкілташ медресесін салдырған қазақ деген аңыз тараған», – дейді.

Төменде Алаш арысы жазған деректі толықтай ұсынамыз.

Көгілташты салған Көкі жайлы

Бұхар хандығында Шәмсі Мұхаммед есімді молда өмір сүріпті. Осы молда ханға келіп, «сахарада көшіп-қонып жүрген қазақ деген халық Мұхамбет пайғамбардың дінін шала біледі. Шариғат заңын дұрыс орындамайды. Сондықтан бұл халықты дінсіз деп танып, шетінен ұстап базарға құл қылып сатуға жарлық беріңіз» дейді.
Хан кеңесі болып, «қазақ халқының бір өкілінен шариғат заңынан емтихан алайық. Одан өте алмаса, құл етіп сатуға жарлық береміз» дейді. Шабармандардан хабарды естіп, қазақтар жиналып кеңеседі. Ортаға Көкі есімді жігіт шығып: «Бұхарға барып сауалдарына жауап беріп, елімді құлдықтан құтқарамын» дейді.
Елдің батасын алып, жолға шығады. Көкі Бұхарға бесін кезінде келіп, Шәмсі Мұхаммед қызмет ететін мешітке кіріп, жұртпен бірге намазға жығылады. Намаз аяқталып, соңғы бата берілген кезде Көкі қолын жеңінен шығармай бетін сипайды. Осыны байқаған Шәмсі Мұхаммед жендетіне:

– Ана адамды шариғат заңын бұзғаны үшін сазайын бер, – деп бұйырады. Сол кезде Көкі:
– Молдеке, тұра тұрыңыз. Құдайға құлшылық еткен кезде қолымызды ашық қалдырып, басқа денемізге киім кимейміз бе? Қасиетті Құранда «Алла Тағала тек киім киіп құлшылық еткендерге құлақ асады» деген емес пе? Сол себепті қолым да денемнің бір бөлшегі болған соң жеңіме жасырып едім. Қате десеңіз, ханға барып төрелік сұрайық, – дейді.

Ханға келіп мән-жайды түсіндіреді. Хан оның жауабына риза болып, сарайына барлық бұқаралық ғалымдарды жинайды. Көкі ислам шариғатының бүге-шігесіне дейін жетік білетін білімдарлығымен Бұхара ғұламаларының таңдайын қақтырады. Оған тәнті болған хан:

– Қандай тілегің бар, орындайық, – дегенде Көкі:

– Мен осы Бұхардың ортасынан медресе салып, бала оқытсам деймін, – дейді. Бұл тілегіне бұхарлықтар келіскен соң:

– Тек бірнеше шартым бар.

1. Өмір бойы бес уақыт намазын қаза жібермеген;
2. Дәретсіз жер баспаған, ешкімге ешқашан зұлымдық ойламаған;
3. Ешқандай зинақорлық жасамаған, ғұмыр бойы тақуашылығынан айны­маған;
4. Есігінен қараған қайыршының меселін қайтармаған;
5. Мұсылмандық парызды бұлжыт­пай орындаған;
6. Үйіне келген қонақты қайдан келгенін сұрамай қонақасы берген;
7. Ешкімнің атақ-дәрежесіне қара­мастан шындықты бетке айтқан;
8. Ешқашан Құдайдан басқаға құлдық ұрмаған адамға ғана мешіт құрылысын бастауға рұқсат етемін.

Сонда мұсылмандығымыз өзгеге өнеге боларлықтай дәрежеде деп астам ойда жүрген дүйім Бұхар жұртынан бұл шартқа сай келетін бірде бір адам шықпайды. Сөйтіп Көкі сол медресені жалғыз өзі салған екен деседі.

Медресені салған кезде де, ханнан бірде бір қаржы алмапты. Өзі сыпырғыш жасап, базарға әкеп сатып, содан түскен ақшаға медресенің кірпішін сатып алады екен. Тойып тамақ ішпей, тапқан ақшасын мешіт құрлысына жұмсайды. Алты жыл дегенде мешітті бітіріпті. Кірпіш дайын болған соң мешіт салуға рұқсат сұрайды.

Бұхар халқы мұнарасы аспанмен тілдескен мешітті көргенде таң-тамаша боп қалады. Көкінің тақуалығына риза болып бұл қасиетті мешітті оның құрметіне «Көкі тас» деп атайды». Кейін келе ол мешіт «Көгілташ» аталып кетіпті. Сан ғасыр бойы бүкіл Орта Азия руханиятына қызмет еткен сол оқу орны дәстүрлі қазақ мұсылмандығына орнатылған ескерткіш ретінде күні бүгінге дейін тұр. Бұл мысал қазақ халқының діни-ұлттық бірегейлігіне сынмен қарап, сына қаққысы келгендерге берілген тарихи жауап іспетті.

Суреттер: Ұларбек Дәлейұлы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер