Сарайшық: «Қолымызды мезгілінен кеш сермеп қойған жоқпыз ба?» - Тарихи нысандар|03 Сәуір 2017, 14:49
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сарайшық: «Қолымызды мезгілінен кеш сермеп қойған жоқпыз ба?»

Фото: Абзал Қалиев

Елбасының өзі «Еліміздегі алғашқы Пантеон» атаған Сарайшықта Алтын орда ханы – Тоқта, Жәнібек, Бердібек; Ноғайлының билеушісі – Оқас; Қазақ тарихында «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен әйгілі болған Қасым ханның мүрдесі жатыр.

Көреген бабаларымыз Жайық өзенінің сұғымын табиғи бекініс ретінде пайдаланып, сұғымға кірер ауызды қалаға кірер қақпа ретінде пайдаланғаны тарихи шаһардың қалпына келтірілген макетінен анық көрініп тұр. Алайда, бір кездері Еуразия даласының ең маңызды қалаларының бірі болған Сарайшықтың табиғи бекінісі жылдар өте өз басына сор болды. «Жайық тасып баралды жардан асып» дегендей, Жайық арнасы қаланың бір бөлігін кеміріп, таусуға айналған. Араға 6 ғасырға жуық уақыт салғанда Дешті Қыпшақтың дәуірлеген шәһарының дәурені бітер деп ешкім ойламаса керек.

Уақыт пен табиғи өзгеріс өз дегенін істеп, бүгінде алып шағардың тек жартысынан астамы Жайықтың жылымына жұтылып барады.

Мамандар осыдан 15-20 жыл бұрын талпынғанда тым болмаса, қаланың біраз бөлігін аман алып қалуға болатын еді дегенді айтады. Дегенмен, ештен кеш жақсы дегендей, биылғы жылы жарға соққан Жайықтың бетін қайтарып, қаланың қалған бөлігін аман алып қалуға қаржы бөлініпті.

«Бұл жұмысқа 1 млр 600 млн теңге бөлінді. Бұл қаржығы қала аумағында 1,5 шақырым жерді жөндейміз. Құрылыс жұмыстары өткен күзде басталған. Келесі жылы, Алла бұйырса бітіреміз» - дейді Атырау облысын әкімі Нұрлан Ноғаев.

Иә, бұл жұмыста бітеді, Құдай бұйырса. Бірақ осы қаланы қайта қалпына келтіруден не ұтамыз? Уақыт өз дегенін істеп, әлдеқашан жермен жексең болған құм қабырғаларды сақтағанда бізге келер пайда бар ма?

Бұл сұрақтарға да облыс басшысы Нұрлан Ноғаев бүгін Астанада өтіп жатқан «Сарайшық: ұлы қала тарихы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жауап берді.

«Біз неге осыншама көңілімізді бөліп, бұл қаланы қайта жаңғыртамыз, қайта қалпына келтіреміз деп жатырмыз? Оның себебі неде? Бұл керек пе бізге? Керегі болмаса несіне осыншама алыс-жақын елдерден халықаралық конференция жасап жатырмыз? Бүгінгі конференцияда осы мәселелер тереңінен талқыланады... Елбасының жергілікті атқарушы билікке қойып отырған тапсырмалары бар. Солардың бірі - Сарайшықты қалпына келтіру. Сол арқылы өскелең ұрпақтың бойына ұлттық қасиеттерді, дәстүрді, мәдениетті орнату. Қазіргі жаһандану заманындағы келеңсіз қылықтарға, келеңсіз әдеттерге төтеп береретін бірден бір нәрсе Сарайшықты көтеріп, бұрынғы дәрежеге жеткізу. Екіншіден біз қаншалықты көшпенді мәдениетті дамытқан халық болсақ та, бізде де қала мәдениеті болғанын осы Сарайшық дәлелдеп отыр. Алтын Орданың бірегей қаласы кезінде ұлы даланың беделін қалай көтерсе, бүгінгі Мәңгілік елдің де мәртебесін солай асқақтатуы керек» - деді облыс басшысы.

Халықаралық конференцияға келген алыс-жақын шетелдік ғалымдар өз пікірлерін айтып, тарихи жәдігерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те артық болмайтынын, тіпті заңмен қорғауға алу керектігін де тілге тиек етті.

Бұл тұрғыда ресейлік археолог, Санкт-Петербург заң шығару жиналысының депутаты, тарих ғылымдарының докторы, саясат және қоғам қайраткері Алексей Ковелевтің пікірі осы сала мамандарына ой салғаны анық.

Оның айтуына қарағанда қазір кәсіби археологтардан, кәсіби тарихшы-зерттеушілерден гөрі «көлеңкелі археологтардың» дәурені жүріп тұр.

«Ресейде де, Қазақстанда да археология саласының көлеңкелі жағымен айналысатындардың алдына тосқауыл бола алмай отырмыз. Бұл тұрғыда да екі елдің заңында осалдық бар. Қазіргі кезде кедендік бақылау жоқ. Бұл да өз кезегінде «черный археологияның» үдеуіне үлес қосып отыр. Сондықтан екі ел арасында қазба жәдігерлерге қатысты нақты заң бекітілу керек» деді «Археологиялық мұра және заң шығару мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған ғалым.

Ковелевтің пікірімен келіспеске болмайды. Расымен біздің елде қазба жәдігерлерді сақтауға, қорғауға қатысты заңның солқылдақ екені жасырын емес.

Ал Сарайшықтың тағдыры бір жылдан кейін шешіледі. Әрине, біз үшін оның бір кірпішінің болса да тарихтың көне көзі болып сол орнында қала бергені маңызды. Дегенмен, хакім Абай айтқандай Сарайшықтың тарихына қатысты «Қолымызды мезгілінен кеш сермеп қойған жоқпыз ба?» деген алаң көңіл де жоқ емес. Әйтеуір, «игіліктің ерте кеші жоқ» деп өз өзімізді жұбатып үйренген халықпыз ғой, Сарайшыққа бөлінген сан миллион сары қағаз Жайықтың толқынында тербеліп кетпесе болғаны.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
11 Қаңтар 2018, 19:43
АЛМАТЫДА "ҚЫЗЫҚ КӘНСЕРТ"
Пікірлер