BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елордадағы тарихи нысандардың «Киелі Астана» атты картасы жасалмақ

Фото: yvision.kz

Елорда әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтің төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуы бойынша жиналыс өтті. Бағдарлама жобаларының бірі – Қазақстан астанасының тарихи-мәдени мұраларын біріктіретін «Киелі Астана» картасы болмақ. Ермек Аманшаев Астана өлкесінде көне түрік кезеңіне жататын археологиялық нысандар барын айтты. Бұл барлық ескерткіштер «киелі картаға» енуі керек және тарихи-мәдени мұраларды тереңінен зерттеу үшін жұмыс тобы құрылуы тиіс. Оның құрамында біздің ғалымдар, археологтар, тарихшылар, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері болады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елорда әкімінің орынбасарының сөзінше, «Киелі Астана» елорда өмірінің бірнеше компоненттерін біріктіреді.

«Киелі Астана» – бұл бір жағынан, өлке тарихын зерттеудің баға жетпес көзі, екіншіден, өз жеріне, елордасына деген сыйластық пен патриоттық сезімнің қалыптасуына негіз болады. Үшіншіден, туристік кластердің креативті құрамы болуы керек», - деді Ермек Аманшаев.

Әкімнің орынбасары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттелігі туралы айтып, бағдарламада көрсетілген барлық бағыттарды жүзеге асыруға арналған шараларды белгіледі.

Мұндай шаралардың ішінде «Бозоқ» қалашығына мәдени-ғылыми экспедиция жасау, жас өлкетанушылардың қалалық слеті мен форумы, білім мекемелерінде «Туған жер – рухани жаңғыру» тақырыбында сынып және кураторлық сағаттар өткізу сияқты жұмыстар бар.

Сонымен қатар жиналыста Астананың жас патриоттар клубы мен қаланың «Рухани жаңғыру» шығармашылық интеллигенциясының кеңесін құру айтылды. Топ құрамында мәдениеттанушылар, тарихшылар, өнер қайраткерлері, археологтар, және қаланың талантты, жасампаз жастары болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер