BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елордадағы ескерткіштер елдігіміздің айғағы

Фото: Абзал Қалиев

Астана қаласы Экономикалық Кеңес шешімімен Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы жанынан Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция ашылып құрамы қалалық мәслихаттың шешімімен келісілген Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі қалалық комиссия құрылды.

«...Кенесары ханның айбынды ескерткішін ашу рәсімінде монумент іргесіне гүл шоқтарын қойып тұрып, бостандық пен тәуелсіздікке жан ұшыра ұмтылған Кене ханын мәңгілік ұмытпай жүрген өз ұлтыма ішімнен мың алғысымды арнадым».

Н.Назарбаев. «Еуразия жүрегінде», 2005 ж.

Сонау көне замандардан арғы ата-бабаларымыз ат үстінен түспей жүріп, ел игілігі үшін сақтап қалған байтақ даламызда қаншама жүрек тебірентерлік және жан түршігерлік оқиғалар болды десеңізші! Сол оқиғалардың барлығы дерлік азаттықты аңсаған елдің аяусыз күресімен және осы жолда құрбан болған азаматтардың ерліктерімен байланысты емес пе. Азаттық жолында мерт болған жандарды жау жүрек мың баламен қосып, үстірт атап өткеннің өзінде, жүз мыңдап топталатыны айдан анық.

Тәуелсіздіктің тегеурінімен кемеңгер ерлердің ерліктері мен есімдері ел есінде жаңғырды. Туған халқы олардың даңқтарын көтеріп, ескерткіштер тұрғызып, ән-жырларына қосып келеді. Тәуелсіздікпен бірге Сарыарқа төрінде бой көтерген, тамыры терең ел астанасы – Астана күннен-күнге көркейіп, қанатын кеңінен жайып, халықаралық дәрежедегі бас қалалардың бірі болды. Жас қала, Астананың өзі ел мен жер тарихын айшықтайтын жылнама-қалаға айналды. Астанада орналасқан ескерткіштермен тарихи-мәдени мұра объектілері арқылы еліміздің ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі тарихын танып, зерделеуге болады.

Осыдан жиырма бес жыл бұрын қалада ұлт тарихына байланысты жалғыз С.Сейфуллиннің ескерткіші тұрды. Одан өзге осы мазмұн-сипатта мемлекеттік дәрежеде танылған бірден-бір ескерткіш болған жоқ.

Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бұл бағытта, келешекке жоспарлау арқылы өркениетті мемлекетті сипаттайтын ауқымды іс-шаралар атқарды.

Астана қаласы Экономикалық Кеңес шешімімен Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы жанынан Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция ашылып құрамы қалалық мәслихаттың шешімімен келісілген Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі қалалық комиссия құрылды. Комиссия құрамында тарихи-мәдени мұра саласында елімізге аты танымал - А.Ш.Чиканаев, Р.О.Чекаева, С.И.Рүстембеков, М.К.Хабдулина сынды ірі мамандар, қалалық мәслихат тарапынан С.С.Хамхоев, А.Қ.Байгенжиндер көптеген жылдар бойы қоғамдық негізде жұмыс атқарып келеді. Комиссияның жұмысына қала әкімінің орынбасарлары төрағалық етіп келді, он жылдан астам хатшысы, осы жолдардың авторы болды.

Бірінші кезекте, жергілікті халықтың мүддесіне сәйкес ел мен жер тарихына қатысты объектілерді іздестіріп табу қажет болды. Олардың тізімдерін құрастырып, зерделеу және тарихи-мәдени құндылығын анықтап, ескерткіш мәртебесіне ұсыну, осы мәртебеде заң жүзінде бекіту жұмыстары үздіксіз жүрді. Бұл іс-шаралармен бірге тізімдерді Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің келісімінен өткізіп, қалалық мемлекеттік мекемелермен ресімдеу жұмыстары қатар жүрді. Тарихи-мәдени мұра саласындағы мамандардың сараптамасымен құндылықтары анықталған объектілер қала әкімдігінің қаулысымен жергілікті маңызы бар ескерткіштер мәртебесіне ие болды. Нәтижесінде астаналық ескерткіштердің алғашқы мемлекеттік тізімдері қалыптасты.

Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі қалалық комиссияның мәжілістеріне көнекөз ақсақалдарды, жергілікті тұрғындарды, басқа да ұлт мәселелеріне байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерін, БАҚ өкілдерін және ескерткішке зақым келтірген, күтіп ұстау міндеттемесін бұзған пайдаланушылары мен меншік иелерін, ескерткіштің қорғау аймағында жүріп жатқан құрылыс басшыларын және күн тәртібіне қойылған мәселелерге қатысы бар жеке және заңды тұлғаларды шақыру дәстүрге айналды. Алып құрылыс күні-түні жүріп жатқан қалада тарихи құндылықтарды анықтаумен бірге сақтап қалу мәселесі оңайға түскен жоқ.

Кезінде ескерткіш-ғимараттарды арзан бағаға сатып алып, күтіп ұстауды қажетсінбеген немесе ескерткіш мәртебесін мойындағысы келмей міндеттемелерден бас тартқан, кейбіреулері қызметін алға ұстап немесе білмегендіктен ескерткіштерге зияндық жасалған жағдайлар аз болған жоқ. Қала әкімдігінің және арнайы мекемелердің араласуымен мұндай дау-жанжалдар оң шешімдерін тауып отырды.

Бүгінде Астанада мемлекеттік тізімге енген Республикалық және жергілікті маңызы бар ескерткіштер саны-46, тарихи-мәдени құндылығы анықталған және болашақта ескерткіштер қатарын толықтыратын объектілердің саны -37, археологиялық ескерткіштер саны -12. Құрылыс шекарасы күннен-күнге кеңейіп отырған жаңа қала-астанада археологиялық ескерткіштерді қорғау аймақтарымен бірге сақтап қалу жолындағы іс-шаралар ерлікпен тепе-тең болды десек қателесперміз.

Қала құрылысы және сәулет өнері ескерткіштерінің қатарында

Қыз және ер балаларға арналған екі ағаш үйден құралған Бұрынғы мұсылман мектебі, ХІХ ғ. басы; Акмола қ. қазақ көпесі Б.Қосшығұловтың қаражатына тұрғызылған Мұсылман жастарына арналған Б. Қосшығұловтың мектебі, ХІХ -ХХ ғ. басы;

Акмола қаласында көпес Нұрмұхамед Забировтың қаражатына салынған, қазақтар оны «татар» немесе «жасыл мешіт» деп атаған, бүгінде қоршауы ғана сақталып қалған Жасыл мешіттің қоршауы, 1895 ж.;

Құрылысы алғашқы орнында 1854-1856 жж. жүргізілген, кейінірек 1900 жылы қазіргі орнына көшірілген, ағаштан салынған Константин-Елена шіркеуі;

Ресейлік Николай атындағы Бас обсерваторияның тапсырмасымен Екатеринбург обсерваториясы салған, бүгінгі күнге дейін бастапқы мақсатында пайдаланылып отырған Метеостанция үйі, 1914-1916жж.;

Тың және тыңайған жерлерді игеру тарихымен тығыз байланысты Тың игерушілер сарайы, 1963ж.;

1954 жылы алғашқы тың игерушілер келген вокзал;

Ордерлі системаның классикалық тәсілімен салынған Теміржолшылар сарайы, 1954 ж.;

Пионерлер үйі, 1958ж. (Қалалық білім беру басқармасы, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы);

Кеңес дәуірінің 40-50 жж. сәулет өнеріне тән эклектикалық бағытта салынған «Есіл» қонақ үйінің ғимараты, 1958-60 жж.;

Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетіне арнайы салынған ғимарат – үш қабатты Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің ғимараты, ХХ ғ. 50-шы жж.;

А. Құнанбаев, Қ. Шәкәрім, М. Әуезов, С. Сейфуллин, Т. Шевченко, В. Маяковский сынды ақыл-ой шеберлері жеткізген баспасөз еркіндігін негізгі идеясы мен тақырыбына айналдырған «Космос» және «Баспасөз» мозаикалық паннолары, 1972 ж.;

Акмола қаласының басқармасына арналып салынған Қалалық басқарма ғимараты, ХІХ ғ. соңы және басқалары.

Ақмола дан Астанаға жеткен жәдігерлер

Астана қаласының өзі біртіндеп тарихқа айналып жатқанын бірінші кезекте ескерткіштер мәртебесін алған ғимараттар әңгімелеп береді.

Олар - Астана қаласы әкімдігінің бірінші ғимараты, 1958 ж. 1999-2005жж.;

1997-1998 жж. Қазақстан Республикасының астанасын көшіру жөніндегі комиссия штабы орналасқан, бүгінде Беларусь Республикасының Елшілігіне берілген Көпес И.С. Силиннің үйі (ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басы).

ХІХ ғ.-ХХ ғ.басында Акмола қаласының дамуына әрқайсысы өз үлестерін қосқан көпестер - С.А.Кубрин, В.М.Кубрин, М.К.Кубриндер әулетінің, И.С.Силиннің, Д.В.Егоровтың, П.Г.Моисеевтің үй-жайлары, сауда дүкендері, ауруханасы, С.Сейфуллин музейінің әкімшілік үйі орналасқан дәрігер Ф.И.Благовещенский үйі ескерткіштер тізімінде мемлекеттік қорғауда сақталып тұр.

Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының осындай жүйелі ауқымды жұмыстарының нәтижесінде қаланың бұрынғы тарихы қатталып, ескерткіштердің бір-бірден құжаттары ресми түрде қалалық мұрағатқа өткізілді.

1994 жылы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, астана Ақмолаға көшпей тұрғанда, қалада С.Сейфуллиннің жүз жылдық тойының құрметіне жаңа ескерткіші ашылды. Туған халқы кеңестік жылдары азаттық күрестің басында тұрған, қазаққа қазақ атын, қазақ тілін қайтаруда орасан зор еңбек жасаған Сәкенін тағы бір рет еске алды. 1995 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығына, соғыстан оралмаған жауынгерлерді еске сақтау мақсатында Победа көшесінде (кейін Жеңіс даңғылы) Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне ескерткіш тұрғызылды. Осылай, тәуелсіз жаңа заманның жаңа ескерткіштерінің астанадағы шеруі басталып кетті. Бүкіл әлемнің назары қиын-қыстау өтпелі кезеңде астанасын тұрғызып жатқан бейбіт тұрмыстағы қазақ елінде болды.

Тәуелсіздік тарту еткен тарих

Астанамыз Ақмолаға көшіп келгеннен кейін, 1998 жылы Арт центр «Номад» қоғамдық қорының президенті М.А. Мансұровтың ұйымдастыруымен Қазақстан мен Германия қалаларынан халықаралық симпозиумға қатысқан 20-дан астам мүсіншілер Астанаға өздерінің жұмыстарын сыйға тартты.

Бұл мүсіндік жұмыстар - «Балық», «Есіл-Іле-Рейн», «Таңба-Тас», «Шаман», «Барыс», «Ата-баба елітетін күй», «Аңшы», «Қыпшақ», «Бесік», «Адам ізі», «Шахар қақпасы», «Ұмай», «Буйвол», «Балбал», «Ана мен бала», «Жұлдызшоқ», «Шабыт», «Диірмен», «Періште», «Бота» -атауларымен тарих қойнауына саяхаттағандай әсер береді.Олар ерекше қызғылықты және құпиялы формаларымен тұтас бір тас мүсіндер саябағын құрады. Бүгінде осы саябақты «Астана» концерт залы (Конгресс-холл) ғимаратының жанынан тамашалап көруге болады. Жалпы осы оқиғадан кейін қазақ елінің жаңа астанасына тарихи-мәдени мұра объектілерін сыйлау тамаша дәстүрге айналды.

1999 жыл Юнеско шешімімен дүние жүзінде А.С.Пушкин жылы болып жарияланды. Осы жылы Қазақстанның астанасына А.С.Пушкин ескерткішін Ресей атынан швейцарлық “Merkata Traiding” фирмасының президенті Виктор Столповский сыйға тартты. Осы жылы Астана бейбітшілік қаласы болып жарияланды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында астанада Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің монументі (2001 ж.) бой көтерді. Хандар мен билерді халыққа қарсы қойған кеңестік жасанды саясаттың сол заманмен бірге ұшты-күйлі жоғалған тарихи кезеңдер басталды. Астанаға жан-жақтан жиналып жатқан жұршылықтың Үш бидің монументіне тәу етіп келгендеріне талай рет куә болдық. Сол кезде жаңа қалада, жаңа тұрмыс бастап көпшіліктің алғашқы қадамдары С.Сейфуллин музейі мен Үш би монументінен басталатын тамаша дәстүр болды. Халық туған тілі мен ділін, қадір-қасиеттерін асқан қуанышпен, еркін көңілмен қарсы алып жатты.

2000 жылы Астанада Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамы Ауғанстанда қаза болған 761 жауынгердің есімі қашалып, мәңгілікке жазылған мемориал орнатты.

Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының бірегей тұлғасы Кенесары ханның ескерткіші (2001 ж.) тұрғызылғанда халықтың көңіл-күйі көтеріліп, азаттық рухы асқақтады, тәуелсіздіктің нығайып, тарихи әділеттіліктің орнағанына сенімдері артты. Кенесарымен бірге Ақмолаға тіке шабуыл жасағанда ерен ерліктер көрсеткен, екі ғасырдан астам аталмай келген батырларының есімдері елге оралды.

Тарихының тамырына одан әрі, тереңінен бойлаған жас астана, биіктігі 97 метр, ел астанасын Ақмолаға көшіру жылымен байланысты «Астана-Бәйтерек» монументін (2002 ж.) тұрғызды. Жас Астананың «Бәйтерегін» көруді және елбасы Н.Назарбаевтың «қолын алып», амандасуды армандап жеткен халық астанаға лек-легімен құйылып жатты.

2002 жылы жас және сұлу Астананың өзіне арналған «Астана» мүсіні ашылды. Астана мүсіндік композициясы - ұлттық киім киген, қолында домбыра ұстаған жас қазақ қыздың бейнесінде орындалған.

2006 жылы «Чернобыль апатының құрбандарына» қара түсті шытынап кеткен тастан, ортасында құрыштан жасалған атом символы орнатылған ұмытылмас белгі тұрғызылды. Кеңес Одағы құрамындағы Қазақ Кеңестік Социалистік республикасының тарихында «интернационалдық борышты өтеу» түсінігінде болған қаралы осы екі оқиға бүкіл әлемді сақтандыратын ескерткіш-белгілерге айналды.

2007 жылы халықаралық аэропортқа барар жолда діни танымына, әдет - ғұрыптарына және мәдениетіне қарамастан барлығына бірдей, ортақ ғалам «Жұлдыз» монументі жарқырап тұрды.

2007 жылы «Бөгенбай батыр» қоры XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласын қорғауда қамал бұзар қайратымен ерекшеленген батыр әрі дана елші Қанжығалы Бөгенбай ескерткішін орнатты.

Мерейімізді асырған мерейтой

2008 жылы Астананың 10 жылдығына, алғашқы мерейтойына қала тұрғындары мен қонақтарының асыға күтетін қала күніне Қарағанды облысы Цирк алаңында балаларға танымал және қызғылықты кейіпкерлерден - Маймыл, Есек және Қораз, Итбалық, Кішкене піл, Қонжық, Сайқымазақ, Бота және Бүркіт, алан, Эквилибрист, Қаңбақ шал, Тазша бала, Алдар көсе, Қожанасыр, Мақта қыз, Күнекей қыз, Гимнастка, Күш иесінен жинақталған Субұрқақ композициясын сыйлады.

Тура осы жолы Алматы облысы жанында киесі - қызыл жолбарыс жайғасқан Жамбыл ескерткішін тарту етсе, Ақтөбе облысы - Әлия- Молдағұлованың мемориалдық кешенін, Жамбыл облысы - Бауыржан Момышұлының ескерткішін салтанатты түрде сыйлады.

Басқа облыстар астананың көшелері мен аулаларын абаттандыруға ат салысты. Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама

Астананың алғашқы мерейтойына әлемге аты әйгілі мүсінші Даши Намдаков «Ханшайым» мүсіндік шығармасын арнады. Суретшінің идеясы бойынша Алматыда орнатылған «Алтын адамдағы» Сақ жауынгері және Ханшайым ұлттық рухани құндылықтардың қорғаушылары санатында екі астананы біріктіріп тұрады.

Астана қаласының әкімдігі Астананың туған күніне 2010 жылы ұлы Абай ескерткішін, 2012 жылы күй құдіреті Құрманғазы ескерткішін орнатты.

Көшбасшы қолтаңбасы

Тәуелсіздік жылдары бой көтерген Елордадағы ескерткіштің барлығында дерлік Елбасының қолтаңбасы бар. Бәрі де ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен және өз қолымен салып берген сурет-жобалары арқылы бой көтерді. Олардың қатарында: «Отан қорғаушылар» мемориалдық кешені. (2001ж.);

«Астана-Бәйтерек» монументалдық құрылысы, (2002 ж.);

«Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды-мұражай кешені, (2007ж.);

«Қазақ елі» монументалдық кешені, (2008ж.);

«Атамекен» мемориалдық кешені, (2009ж.);

Қазақ хандығын құрған Керей және Жәнібек хандардың монументтік-мүсіндік композициясы, (2010ж.);

«Мәңгілік Ел» Салтанатты қақпасы, (2011 ж.);

«Әзірет Сұлтан» мешіті, (2012ж.);

«Ашаршылық құрбандарына ескерткіш», (2012ж.).

И.В. Панфилов монументі (2015 ж.);

Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың (2015ж.) ескерткіші қатарлы ерекше мүсіндік-кешендер бар.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына -архитектуралық конструкцияның биіктігі 20 метрге тең және жас республиканың алғашқы 20 жылдағы қалыптасуы мен дамуын символдармен көрсеткен «Мәңгілік ел» салтанатты қақпасы ашылды.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін алған жылдың тарихи белгісі санатында, биіктігі 91 метр «Қазақ Елі» монументалдық кешені бой көтерді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы орналасқан Монумент биіктігі 97 метр, ол Қазақстан астанасын Ақмолаға көшіру жылымен байланысты.

Мұнан бөлек, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2016 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Тәуелсіздік монументін ашу салтанатына қатысты.

«Астана-Бәйтерек», «Атамекен», «Қазақ Елі», «Мәңгілік Ел» Салтанатты қақпасы, «Тәуелсіздік монументі» - Тәуелсіз Қазақ Елінің символдары санатында техникалық бірегейліктерімен бірге тарихи, саяси-қоғамдық, көркемдік маңыздылығымен ерекше роль атқарады.

Тәуелсіз жас мемлекет осылай жыл сайын бүкіл әлем алдында мемлекеттілігінің тарихын, оның бастауларында тұрған ірі тұлғаларын, халқының басынан өткен сабақ болар оқиғаларды, алғашқы ірі жетістіктерін, көршілес және басқа мемлекеттерге ашықтығын, бейбіт ынтымақтастыққа даяр екендігін риясыз көңілмен білдіріп отырды.

Астана монументтері мен ескерткіштері көз алдымызда қазіргі заманғы тәуелсіз Қазақстанның тарихын, деректер мен дәйектемелердің негізінде мәңгілікке жазып жатыр.

Астананың еңсесін және мәртебесін көтеріп тұрған осы ескерткіштер мен монументтерді күтіп ұстау, олардың жанында ашық сабақтар, кездесулер, кештер өткізу арқылы ұлттық тарихқа бойлау, оларды болашаққа жеткізу мәселелері әрине ұланғайыр жұмыстарды қажет етеді. Әсіресе олардың қазіргі тамаша қалпында сақталуын қамтамасыз ету мәселесі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде ерекше назарда болуы тиіс.

Астана қаласының әкімдігі осы мақсатта, 2015 жылдың басында көптен күткен Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекция кәсіпорнын құрды. Бұл кәсіпорын ұжымы астананың тарихи-мәдени мұрасына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, техникалық жай-күйін зерттеуге, жөндеу-реставрациялау жұмыстарын жүргізуге және қадағалауға, оларды пайдалану мәселелерін шешуге және көпшілікке насихаттау мақсатында экскурсиялар жүргізуге, лекциялар оқуға, баспа өнімдерін шығаруға міндеттелген.

Сонымен бірге, бұл мәселелердің халыққа ортақ екендігін, әсіресе жас ұрпақ өкілдерінің есте сақтағаны жөн болар. Себебі, бүгінгі күнге дейін ескерткіштердің жай-күйлеріне зақым келтірген бейбастақтық жағдайларды көзімізбен көріп жүрміз. Сондықтан, тарихи-мәдени мұраның халықтың рухани қазынасы екендігін қолдайтын және болашаққа сақтап қалуды ойлайтын азат қоғамның сана-сезіміне үміт артамыз.

ҚР Мәдениет қайраткері, Астана қаласы

Тарих және мәдениет ескерткіштерді қорғау жөніндегі

қалалық комиссиясының мүшесі К.Кабепқызы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер