BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Зайнолла Самашев, тарихшы-археолог

Зайнолла Самашев – археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, жалпыұлттық тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, Герман археология институтының корреспондент мүшесі.

Ол 1947 жылы 17 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бестерек ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Өскемен педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша аяқтап, археология саласындағы ғылыми еңбек жолын бастаған. Отандық және көршілес өлкелердің археологиясы тақырыбында жазылған 400-ден астам ғылыми еңбектің, 37 кітаптың авторы.

Зейнолла Самашев Қазақстанның әр өңірлерінде орналасқан, тас дәуірінен қазақтардың этнографиялық суреттеріне дейінгі уақытты қамтитын жүзден астам петроглиф ошақтарын зерттеуші және алғаш ғылыми айналымға енгізуші.

Зайнолла Самашұлы Қазақ даласын ерте темір дәуірінде мекен еткен және дүниежүзілік тарих толқынына әсер еткен сақ, сарматтардың бірегей ескерткіштерін кешенді түрде, барлық жаратылыстану ғылымдарының соңғы жетістіктерін қолдана отырып, тұңғыш зерттеуді бастаған ғалым.

Отандық археология ғылымына қосқан айрықша үлесі ретінде – Қазақ Алтайындағы тоң басқан Берел обаларын ашуы мен зерттеуін ерекше атауға болады. Бұл ескерткіш бүгінде мәдени ландшафтысымен бірге жаңғыртылып, елдің көзайымы мен мақтанышына айналған «Мемлекеттік Берел музей-қорығы» құрылып, нәтижелі жұмыстар жасап келеді. Сонымен қоса Қарақаба тау аңғарындағы тоңның астындағы ежелгі түркілік бес қарулы жауынгерлерінің ашылуы мен сол замандағы қобыз тәрізді музыкалық аспаптың табылуы да әлемдік сенсациялық жаңалықтар қатарына жатады.

Зайнолла Самашев өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап Қазақстанның батысында кешенді зерттеулер ұйымдастырып, энеолиттік Тоқсанбай қонысынан бастап сарматтық Бәйте, Қызылүйік, Тасастау және ортағасырлық астана - Сарайшық қаласын және т.б. зерттеулердің басында тұрды.

Жайық бойындағы Алтын Орда хандарының жазғы ордасы мен Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қаласының бүгінде табиғи әсерден сақталып, зерттеулердің жалғаса түсуі мен объектілердің қайта жаңғыртыла бастауы ғалым еңбегінің жемісі іспетті.

Зайнолла Самашұлының жетекшілігімен Қазақстанның ежелгі мәдениеті мен тарихы, мемлекеттілігі, тау-кен ісі тақырыптарында көптеген халықаралық жобалар атқарылып, бірлескен экспедициялар (қазақ-француз, қазақ-герман, қазақ-моңғол, қазақ-корей) ұйымдастырылып, өзінің тиімді ғылыми нәтижелерін беруде.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер