BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әуезов Мұхтар Омарханұлы

Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) – 1897 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Шыңғыс болысында көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген. Семей қаласында медреседе, онан соң бес кластық орыс мектебінде, ал 1915-1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік - Кебек» пьесасын жазады. Бұл қазақ ұлттық драмасының қарлығашы еді. Осы пьесасы мен 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Сол жылдарда Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты басқа да белгілі әдебиет және мәдениет қайраткерлерімен танысады.

«Абай» журналын шығаруға атсалысады. Алашорда қайраткерлері өкімет орындарынан, ресми саясаттан ығыстырыла бастаған соң, 1923 жылдан бастап көркем әдебиет саласына бар күш-қуатын жұмсап, өнімді еңбек етуге кіріседі. 1923-1926 жылдары «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімелері жарық көреді. 1923-1928 жылдары Ленинград университетінде оқып, тіл мен әдебиет факультетін бітіреді. Одан кейін Ташкентте Ортаазия мемлекеттік университетінің аспирантурасында шығыс фольклоры бойынша маманданады. Ленинградта оқыған соңғы жылында «Қараш-Қараш» пен «Көксерек» атты повестерін дүниеге әкеледі. Саяси қызметтен бас тартып, бірыңғай зерттеуге ойысқан кезде, ол әдебиетшіге де сол саясаттың шырмауынан шығу қиын екенін ұға білді. Ондаған жылдар бойы оған ұлтшылдық, байшылдық идеяларды жақтаушы деген кінә тағылып, 1930-1932 жылдары қамауда болды. Әуезовтің тарихи тақырыпқа баруының тамыры тереңде жатыр. Тұңғыш көркем туындысы «Еңлік - Кебек», онан кейін «Хан кене» мен «Қилы заман», «Айман - Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды» драмалары да осыны аңғартады. Бұлардың кейбіреуі ел арасында кең тараған, бұрыннан белгілі сюжетке құрылса, «Хан Кене», «Қилы заман» тарихта болған нақтылы оқиғаларды арқау еткен. Жазушы 20-жылдардың өзінде проза мен драматургияда келелі туындылар жазып, қазақ әдебиетінің классигіне айналды. 30 жылдарда Абай мұрасына әр қилы баға беріліп, онан кейін де қым-қиғаш пікірлер айтылып жүргенде, Абайды тереңдеп, кеңінен тануды өзіне өмірлік мақсат ету ол кезде біліктілік, даналық қана емес, үлкен ерлікте болғаны хақ. Кесек, кең тынысты, сан миллион оқырмандардың жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Әуезовтің дүние жүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді. 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Татьянаның қырдағы әні» атты прозалық үзінді жарияланды. Бұл - болашақ романның бір тарауы еді. Мұхтар Омарханұлы 15 жыл бойы «Абай жолы» атты өзінің 4 томдық даңқты тарихи роман-эпопеясын жазды. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді. «Абай» романының екі кітабы 1949 жылы 1-ші дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алса, 4 кітаппен біткен эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. «Абай жолы» 30 тілге аударылып, дүйім дүние оқырманынан өте жоғары баға алды. Көркем тәржіме жұмысына да белсене атсалысып, И.Тургеневтің «Дворян ұясын» аударды. Қырғыздың «Манас» эпосы туралы монография жазды. Әуезовтің шығармашылық мұрасының аса қомақты бөлігін ғылыми-зерттеу еңбектері құрайды. Ғалым қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклордың теориялық және проблемалық мәселелері іргелі еңбектер жазған. Сан алуан мақалаларымен ағымдағы әдеби үдеріске дер кезінде үн қосып отырған. «Әдебиет тарихы», «Әр жылдар ойлары», «Уақыт және әдебиет», т.б. кітаптарында ұлы жазушының ғылыми зерттеулері мен философиялық, эстетикалық ойлары жинақталған. Ол қоғам және мемлекет қайраткері ретінде дүниежүзілік аса маңызды мәселелерді шешуге, халықтардың рухани ынтымақтастығын дамытуға елеулі үлес қосқан. 20-дан астам шет елдерде болып, адамзат қоғамының дамуы, рухани ынтымақтастық үшін өз көзқарасын білдірген. Әуезовтің озық ойы, таным-парасаты қолдау тауып отырған. Жазушы суреткерлігіне тәнті болған шет ел жазушылары мен әдебиетшілері де оның шығармаларында қазақ қоғамының өзіндік сипаты мол, қайшылыққа толы өмір-тұрмысы, әдет-салттары әсерлі бейнеленетіне ерекше көңіл қойған. әлем әдебиеттерінің өкілдері Әуезовтің шығармашылығын жоғары бағалаған. «Абай жолы» роман эпопеясына Луи Арагон «20 ғасырдағы ең ұлы шығармалардың бірі» деп баға берген. 1961 жылы 27 маусымда қайтыс болғаннан кейін, республика үкіметінің қаулысымен Қазақ КСР ҒА Әдебиет және өнер институтына, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді. Жазушының әдеби-мемориалдық музейі ашылды, Алматы қаласының бір ауданы, бірқатар мектептер, көшелер қаламгер есімімен аталады. Туғанына 100 жыл толуына орай мерекесі ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер