Тіл өнері - Мақал-мәтелдер|10 Ақпан 2017, 14:44
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тіл өнері

Отыз тістен шыққан сөз барлық ордаға жайылар. (Қорқыт)

***

Ескі киімнің биті ащы,

Жетім баланың тілі ащы. (Қорқыт)

***

Ат аяғы ақсауық,

Ақын тісті қақсауық. (Қорқыт)

***

Тіліңді ноқталасаң, басың сақталады. (Ю.Баласағұни)

***

Әдіптің басы – байқап сөйлеу. (А.Йүгінеки)

***

Кісі көңілін танытатын – тіл мен сөз, ол ала болса, кімге нала? (Ю.Баласағұни)

***

Керексіз сөз күйдірер от сияқты. (Ю.Баласағұни)

***

Әдемі сөйлегеннің ісі әйбат. (Ю.Баласағұни)

***

Ақылды орнымен сөйлер де, жауабын күтер. (С.Сарайи)

***

Тіз өзара сырласады,

Өсек-аяң сыбырласады. (Көне ұйғыр жазу ескерткіші)

***

Ақыл мен білімнің тілмашы – тіл. (Ю.Баласағұни)

***

Тілмен түйгенді тіспен шешпейді. (М.Қашқари)

***

Сөз айтып бітірмеген – еркек емес. (Құтып)

***

Сөзге сүйінген – сол сөздің құлы. (М.Қашқари)

***

Қатты айтты деп қайғырма. (Құтып)

***

Тәтті сөздің ішінде у да болады. (Құтып)

***

Сөз сөйлесең – байқап сөйле. (Құтып)

***

Жаза айтылған бір сөзбен де жүректі жаралауға болады. (С.Сарайи)

***

Тіл сыйлы етер, қатты қылар, өсірер,

Бас та жарар, қадір-құтты ол өшірер. (Ю.Баласағұни)

***

Тіл – арыстан күзететін босаға,

Басынды жер тығылсаң да тасаға. (Ю.Баласағұни)

***

Болса, данам, көңіл – тура, тіл – майда,

Ризығың таусылмайды ондайда. (Ю.Баласағұни)

***

Тіл баққан – тыныштық бір өмір еді,

Бір күні басыңды тіл кеміреді. (Ю.Баласағұни)

***

Көп сөйлеген қалай да жақсы емес. (Құтып)

***

Жаққанда түтін шалынады,

Айтқанда сыр алынады. (М.Қашқари)

***

Тіл пайдасы – ұшан-теңіз,

Зияны да сонша деңіз. (Ю.Баласағұни)

***

Қамшы жарасы тез бітер,

Сөз жарасы бітпес. (Ю.Баласағұни)

***

Тіл біреуді көтерсе, біреудің түбіне жетеді. (А.Йүгінеки)

***

Тіл сақтанғанды сақтайды. (А.Йүгінеки)

***

Көп тыңдап, көп көйлеме, көріп отыр,

Сөзіңді білімменен өріп отыр. (Ю.Баласағұни)

***

Тіл мен сөз – көңілдің айнасы. (Ю.Баласағұни)

***

Айтылады тілменен сөз, сыр – ішің,

Жақсы сөз де білсең – бедел, ырысың. (Ю.Баласағұни)

***

Игі істің басы – тіл. (М.Қашқари)

***

Сөздің бәрін тыңда, керегін ал. (Ю.Баласағұни)

***

Ойлы сөз көпті ұтады,

Ойсыз сөз басты жұтады. (А.Йүгінеки)

***

Сөз білгенге патша тағы тиеді,

Көп сөз басты жерге әкеліп иеді. (Ю.Баласағұни)

***

Көп сөз құлаққа жақпайды,

Ақылды адам аз сөйлейді. (Ю.Баласағұни)

***

Дәмді сөз үлкен-кішінің бәрін де елітеді. (Ю.Баласағұни)

***

Тіліңді аузыңда сақта. (С.Сарайи)

***

Айтар сөз ді алдымен ойлап ал. (Қорқыт)

***

Тамақ тәнді семіртеді,

Сөз жанды семіртеді. (Ю.Баласағұни)

***

Тіл жарасы көп жүрер. (Ю.Баласағұни)

***

Үндемей тұрған адамның өнері де білінбейді, кемшілігі де көрінбейді. (С.Сарайи)

***

Қате сөйлеп, кейін өкінгеннен гөрі тек тұрған жақсы. (С.Сарайи)

***

«От» - дегеннен ауыз күймейді. (М.Қашқари)

***

Тіл – қылыштан өткір. (Ю.Баласағұни)

***

Тіліне шамасы келмегеннің беделі болмайды. (Ә.Науаи)

***

«Ешкімге айтпа!» - деп кісіге сөз айтпа. (С.Сарайи)

***

Тәрбие басы – тіл. (М.Қашқари)

***

Ойлап айтқан сөз де оралмайды,

Ойнап айтқан сөз де оралмайды. (Рашид-әд-дин, Қ.Жалаири)

***

Көп сөйлеген көп жеңілер,

Көп жеген көп жығылар. (Ә.Науаи)

***

Айтар сөзді айт,

Айтпас сөзден қайт. (Ә.Науаи)

***

Шын сөз – нұсқа,

Жақсы сөз – қысқа. (Ә.Науаи)

***

Тіліңді жаман сөзден сақта, жақсы сөзге үйрет. (М.Қашқари)

***

Ағаш басына жел тиер,

Көрікті кісіге сөз тиер. (М.Қашқари)

***

Сөзіне сүйсінсең, өзіне құл боласың. (М.Қашқари)

***

Ақынның тілі – қылыштан өткір, қылдан жіңішке. (Ю.Баласағұни)

***

Өмірден баз кешкен көңілдегісін айтады. (С.Сарайи)

***

Көп сөйлеген дәмсіз сөйлейді. (Бабыр)

***

Сөз – ойдың көрінісі. (Ю.Баласағұни)

***

Дүние тез өтеді,

Сөз мәңгілік қалады. (Ю.Баласағұни)

***

Сөз адамды ұлы да қылады, масқара да қылады. (Ю.Баласағұни)

***

Жанды сөздің жалынын білім маздатады. (Ю.Баласағұни)

***

Бақытыңды қорғасаң – жаман сөзді қолданба. (Ю.Баласағұни)

***

Адамның өзі өледі, сөз қалады. (Ю.Баласағұни)

***

Алтын, күміс жиған – бай емес, сөз білген адам – бай. (Ю.Баласағұни)

***

Сөзде де у болады. (Ю.Баласағұни)

***

Жақсылық та, жамандық та – бәрі сөзден. (Ю.Баласағұни)

***

Айтылған сөзді қайтарып ала алмайсың. (Ю.Баласағұни)

***

Ердің жүзін күйдіретін нәрсе – тіл. (А.Йүгінеки)

***

Ауыз бен тілдің көркі – сөз. (А.Йүгінеки)

***

«Қисық отырып түзу сөйлейін» депті бір кісі. (Құтып)

***

Тілді көп ойнатпа. (Құтып)

***

Тілін тыя білмеген басын ерте жоғалтады. (Ю.Баласағұни)

***

Тіл – елшінің қылышы. (Ю.Баласағұни)


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер