Ерлік пен ездік - Мақал-мәтелдер|10 Ақпан 2017, 14:28
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ерлік пен ездік

Фото: Қостанай таңы

Ердің ісін ауыр қылма,

Сәйгүлікті жауыр қылма. (М.Қашқари)

***

«Алыс» деме, жүріп кетсең жетер ерсің,

«Ауыр» деме, иыққа алсаң көтерерсің. («Алтын шежіре»)

***

Тыныш кезде бұзаудай момын бол, ұрыс кезінде аш қасқырдай шап! (Рашид-әд-дин)

***

Зәріне шыдамайды екенсің – шаянның ініне саусағыңды сұқпа. (С.Сарайи)

***

Аяқтың астында жатсаң, басың аман қалады. (Құтып)

***

Алып – жауда көрінер,

Байсалды – дауда көрінер. (М.Қашқари)

***

Ер адам кек сақтамайды. (С.Сарайи)

***

Ер адам – қазынамен бірдей. (Көне ұйғыр жазуы ескерткіші)

***

Күшті кісі – құт көзі. (Ю.Баласағұни)

***

Опа қылу – ерлік нышаны. (Құтып)

***

Ер шекіспей бекіспес,

Жел айдамай бұлт кетпес. (М.Қашқари)

***

Ердің құты – белеңде,

Судың құты – тереңде. (Көне ұйғыр жазу ескерткіші)

***

Ер біреудің көңілін қақпас,

Айыбын көрсе, басқаға шақпас. (С.Сарайи)

***

Алпыс батпан көтерген кісі бес батпан қосқаннан қорықпайды. (Құтып)

***

Батыр – жауда сыналады,

Жуас – жайда сыналады. (М.Қашқари)

***

Ердің аты айқаста шығады. (Ю.Баласағұни)

***

Ердің ұлы – соғыста. (Көне ұйғыр жазуы ескерткіші)

***

Қиын іске сыналған ерді жібер. (С.Сарайи)

***

Өз нәпсісін жеңе білген адам – ер адам. (С.Сарайи)

***

Ерлер бектің қанаты мен құйрығы,

Құс қанатсыз ұшпайды: сол – алланың бұйрығы. (Ю.Баласағұни)

***

Қайраттанса, ерлікпенен кей кез ер,

Биік таудың басын жерге тигізер. (Ю.Баласағұни)

***

Ер игісі ел жүгін көтереді. (Ю.Баласағұни)

***

Қатардан қалу – ердің ісі емес. (Құтып)

***

Қашарға жол таппаған – қылышқа жармасады. (С.Сарайи)

***

Қылышты тот басса – істің қарсыққаны,

Ерді қара басса – күштің қырсыққаны. (М.Қашқари)

***

Батырлардың мықтысы қарушы болады,

Жігіттердің сұлуы бауыршы болады. (Құтып)

***

Жаныңнан кешпей жеңбек жоқ. (С.Сарайи)

***

Құты қашқан құдыққа құласа, үстіне құм құйылар. (М.Қашқари)

***

Осал адам не ерте өледі, не жер тепкілейді. (Ю.Баласағұни)

***

Етіңе ерік берме,

Мойыныңды име. (Ю.Баласағұни)

***

Ердің сөзі – біреу,

Ердің көгі – үшеу. (М.Қашқари)

***

Қас батыр тәкаппар келеді. (М.Қашқари)

***

Қару-жарақ сайланса – ат табылар, қаруын ұмытса – қапасқа түсер. (М.Қашқари)

***

Нағыз ер кім? Еркек көп қой, мейілі,

«Ер» де соны – таза болса пейілі.

Ел мақтаған жомарт жанды ер деп біл.

Құлқын құмар сараңды сөк жерлеп бір. (Ю.Баласағұни)

***

Жұдырық жұмсау – ерлік емес. (С.Сарайи)

***

Нағыз ер болсаң, сол атаққа ие бола біл. (С.Сарайи)


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер