Тоғым хан және оның заманы - Деректер|06 Ақпан 2017, 09:02
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тоғым хан және оның заманы

Әлбетте, қазақ хандарының тарихы – қазақ халқының тарихы емес. Солай десек те, қазақ халқының тарихы сол хандармен біте қайнасып, солар арқылы өрбіді, солар арқылы елдік келбетін қалыптастырды. Сондықтан да, осынау, циклді мақалаларымызда өткен ғасырларда қазақ халқын билеп, оны елдік дәргейге көтерген, бар Алаш баласын бір тудың астына біріктірген хандардың ел үшін атқарған еңбектері мен талас-тартысқа толы ғұмырбаяндық жолдарын рет-ретімен жазбалап, олардың тарихтағы алар орнын хал-қадірімізше екшеп бермекпіз.

Бұл жолғы жазбамыз 1523-33 жылдар аралығында Қазақ Хандығының тағына отырған Тоғым ханға арналмақ.

Тоғым хан қазақтың алғашқы хандарының бірі – Жәнібектің тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның баласы. Тарихшылар осы Тоғым ханның кезеңін – Қазақ Хандығының «әлсіреу кезеңі» деп атайды. Негізінде «әлсіреу кезеңі» Тоғым хан тұсында емес, 1520 жылы Қасым хан қайтыс болғаннан соң оның орнын басқан Момыш хан кезінде басталған. Ол Қасым ханның бел баласы. Осы тұста бір ескерте кететін жәйт, қазақ тарихын жазатын тарихшылардың басым бөлігі Алаш балаларының қай кездегі де қожырау, болмаса осал тартқан әлсіреу кезеңін қазақтың алауыздығынан туындаған кесел деп бағалаудан ажырамай келеді. Бұл енді өз халқын төмен тартатын пиғылдың немесе кейінгі орыс отаршылдары санаға тықпылаған кері түсініктің табынан арылмаған байлам-өлшемдердің көрінісі. Біз өткен ғасырлардағы әлсіреу мен қожырау кезеңдеріне саналы да дұрыс көзқараспен қарауға міндеттіміз. Сол міндетімізге сайсақ, Қасым ханнан кейін басталған қазақ елінің «әлсіреу кезеңі» ең алдымен таққа таласқан хан-сұлтандардың кінәсінен туындаған кесел. Мұнда қара қазақтың еш кінәсі жоқ.

Убайдулла хан Бадам өзенінің жоғарғы тұсындағы Қазығұрт тауының теріскей бетіне 30 мыңдық қол жиып, Тоғымға қарсы соғысқа дайындалады

Бұрынғы Түркі қағанаты кезінде қалыптасқан, кейін соның жаңа бір буыны ретінде тарих сахнасына шыққан қазақ хандығында хан сайлаудың ерекше тәртібі болған. Ол тәртіп бойынша, тақ билігі әкеден балаға тікелей көшпеуі ләзім. Тақ – ағадан ініге көшуі керек. Ағаның орнын басқан ініден кейін бұрын хан болған әлгі ағаның балалары таққа отыруы міндет. Әлбетте, оған ақылы мен қажыр-қайраты сай келсе. Қасымнан кейін аз ғана уақыт хандық шенге жеткен оның інісі Әдікке дейін осы дәстүр берік ұсталынған. Әдіктен соң таққа Қасымның ұлы Момыш (кейде Мамаш, Мамыш) отырған. Осы Момыштың уағында хан-сұлтандар арасында билік үшін талас-тартыс белең алып, соның кесірінен қазақ хандығының жоғарыда айтылған «әлсіреу кезеңі» басталған. Оған біріншіден, Момыштың әкесі сияқты адуынды да айбынды тұлға бола алмауы себеп болса, екіншіден, күні кеше Орда құрамына қосылған Ноғайлы жұрты Қасым өлімінен кейін бірден қазақтан теріске айналып, жеке елдік мұратты көздеген қадамы кінәлі болды. Одан соң бұрынғы Бұрындық пен Қасыммен талай жыл алысқан Шайбани әулеті билеген Бұқар-өзбек хандығы мен Ташкент аймағын дербес уалаят ретінде басқарған Сүйінішқожа ханның да қаупі арта түскен. Шығыс жақтан Сайд хан иелігіндегі Моғолстан да оқтын-оқтын қазақ жеріне көз алартып отырған. Осылайша, Момыштың кезінде қазақ жұртын төрт тараптан жау қысып тұрған. Момыштың сорына орай осындай қысылтаяң шақта оған туыс сұлтандар бірігіп, ел мүддесін қолдасып қорғаудың орнына әрқайсысы әр тарапқа тартты. Осы Момыштан бастап қазақ хандығы тағының билігі Жәнібек ханның ұрпақтарына біржолата орнықты. Содан былай бар Алаштың тұтқасын қолына алған Ақназарға (Хақназар) дейін Жәнібектің немере-шөберелерінің мықты шыққан кейбіреулері ортақ ханға бағыныштылық танытпай, сайын далаға жұрттың әр тарапына хан дәргейінде пәрмен жүргізді әрі ағайын арасындағы қырғиқабақ қақтығыстарға мұрындық болды. Сондай тайталастардың бірінде таққа отырғанына бір жыл аспай жатып-ақ, Момыш хан ажал құшты.

Момыштан соң оның орның Тайыр (Таһир) хан басты. Кейбір деректерде Тайырдың билігі бар қазақққа жүрмей, Жетісу тарапты – Бұйдаш, орталық бөлікті – Ахмет хан басқарып, Алаш жұрты бір-біріне бағынбайтын үш бөлікке бөлінді делінеді. Бірақ бұл жаңсақ дерек болса керек. Өйткені Бұйдаш Тоғымнан кейін билік басына келген. Қалай десек те, Тайыр аттай он жыл (1522-32 жылдарда) хандық құрды. Алайда билігі баянды болмады. Ол Момыштың кезінде әр сұлтанға бағынып, ыдырай бастаған жұртты бір орталыққа біріктіре алмады. Бойына ханға тән пайым мен парасат қонбаған ол, ел мүддесі үшін салиқалы саясат жүргізу керектігін ұқпады. Барлық тараптағы мәселелерді тек соғыс арқылы шешу керек деген пиғыл ұстанды және сыртқы дұшпанмен қатар ел ішіндегі беделді, сөз ұстар, ел бастар игі жақсылармен де жауықты. Осы себепті хандықтың күші әлсіреді, сыртқы жаулар баяғы Қасым уағында қазаққа қосылған өлке-аймақтарды басып алды. Тайырдың билігі тұсында Орданың күші тым қожырап, сұлтандар арасында алауыздық жайлап кеткені былай тұрсын, маңайындағы ең жақын деген серіктерінің өздері одан безіп кетті. Ақыры өз елінде жанашыр жаны, тыңдар ағайыны қалмаған Тайыр соңына ерген азғана нөкерлерімен қырғыздар арасына барып паналады. Сол жақта жүріп, аянышты, күйікті халде дүние салды.

Ол тәртіп бойынша, тақ билігі әкеден балаға тікелей көшпеуі ләзім. Тақ – ағадан ініге көшуі керек. Ағаның орнын басқан ініден кейін бұрын хан болған әлгі ағаның балалары таққа отыруы міндет.

Тайыр дүние салған соң бір жыл өткенде, нақтысы 1533 жылы қазақ Ордасының ханы болып, Жәнібектің баласы Жәдік сұлтанның ұлы Тоғым сайланды. Тоғым таққа отыра салысымен Тайыр кезінде бытырап кеткен қазақ ұлыстарын біріктіріп, бір ортаға ұйыстыруға барынша күш салды. Әйтсе де, Тайыр кезінде әр сұлтанға бағынып, бытырап кеткен ұлыс-аймақтарды толық біріктіре алмады. Бәлкім осы кезде сырт жаулар біраз жыл тыныш тұрғанда біріктірерде ме еді. Бірақ тағдыр оның еншісіне тым аз уақыт бөлді. Бұл кезде шығыс жақта ойраттар кемеліне келіп, батыс жаққа, яғни Алаш даласына дүркін-дүркін шабуыл жасауды әдетке айналдырған. Олармен қоса, Бұқар-өзбек пен Моғолстан да үш Арыстың иелігіне жиі-жиі ат ойнақтатып, мазасын алып тұрған. Қасымнан кейінгі дәуірде бүкіл Батыс Қазақстан жерін елімен қоса өзіне қаратып, қақ желкеден қадалып отырған Еділ-Жайық бойындағы Ноғай хандығы да осал жау емес-ті.

Қажырлы да қайратты Тоғым жан-жақтағы басқыншылармен ірілі-ұсақты майдан жүргізе отырып, қазақтың саяси бірлігін орнықтырумен қатар оның әскери қуатын арттыруға да жанталасып бақты. Ноғаймен екі-үш мәрте жағаласып жеңіліс тапқанымен, беті қайтпады. Бәрінен бұрын оған ең үлкен қауіп шығыс пен түстіктен төнді. Қазақ хандығы орнағалы бері онымен үздіксіз соғысып келе жатқан әрі өздеріне таяу қазақ жерлерін бауырларына басып алып, Алаш жұртын біржолата жоюды ойларынан еш шығармаған түстіктегі Бұқар ханы Убайдулла мен шығыстағы Моғол ханы Әбдірашид бір мезгілде Тоғымға күйрете соққы беру жоспарын ойластыра бастайды. Бұ шақта ертеректе Бұрындық пен Қасым хандар қазақ иелігіне қаратқан Сыр бойындағы қалалардың бірсыпырасын және қазіргі Оңтүстік Қазақстанның Сайрам аймағын өзбек хандары өз қарамағына қайта қаратып алған болатын. Сол шақтағы Қазақ хандығының құзырына түстігі – Түркістан, батысы Ырғыз-Жайық, теріскейі – Торғай, Есіл, шығысы – Балқаштан Тарбағатайға дейінгі және Жетісудың батыс жағы мен қазіргі қырғыз жерінің солтүстік тарапы түгел қараған. Әлбетте, жер аумағы да, ондағы әлімсақ халық – үш Арыс өрендері де, тіпті, қазаққа бағынышты қырғыз да аз емес. Тек дер кезінде Тоғым пәрменіне мойынсұнған, оның туы астына топтанып жинала қойған қауым жеткіліксіз. «Бас-басына би болып», әр рудың бір орталыққа бағынуына кедергі келтіруші сұлтандар көп. Бұра тартып, хандық таққа отырғысы келетін қырсық кеселді керпартпалар көп. Келешекке өресі жетпейтін, ел қамынан гөрі өз пайдасын ойлайтын пасықтар одан да мол. Иә, бұл кезеңді «әлсіреу кезеңі» емес, «қазақты әлсіреткен жетесіздер кезеңі» деп айтуға тиіспіз. Өйткені қара халық өзінше алауыз болмайды. Оларды бағындырған, бөліп-бөліп билеген өресіз сұлтандардың кесірінен ел ішін берекесіздік жайлайды. Тоғым бір мезетте сыртқы дұшпанмен қатар ел арасындағы осындай іші тарлармен де алысуына тура келген. Бірақ ол қанша қайратты, қанша өжет, қанша алғыр болса да бәріне бірдей уақыт табуына мүмкіндігі болмады. Соған қарамастан, Тоғым өзін қазақ тарихындағы ең бір айтулы тұлғалардың бірі ретінде көрсете алды.

Оңтүстік Қазақстанның Сайрам аймағын өзбек хандары өз қарамағына қайта қаратып алған болатын

Со замандағы қазақтың ең қатерлі қос жауы – Бұқар мен Моғол хандары өзара келіседі де, 1537 жылдың жазына салым Убайдулла хан Бадам өзенінің жоғарғы тұсындағы Қазығұрт тауының теріскей бетіне 30 мыңдық қол жиып, Тоғымға қарсы соғысқа дайындалады. Убайдулла қолы әбден дайын болған кезде соңына 25 мың қол ерткен Әбдірашид хан Шығыс Түркістаннан Жетісуға қарай жылжиды. Бұл хабарды естіген Убайдулла тау етегімен Ыстықкөл тарапқа аттанады. Қазақ Ордасы үшін осындай сын сағаты соққанда Тоғым да қарап жатпай, өзіне ерген біріккен қазақ-қырғыз әскерін бастап Ыстықкөлге таяйды. Моғол мен өзбек қосындарының Ыстықкөл маңындағы Сантас деген жерде бастары түйісіп, Тоғымды күтеді. Соғысқа бар дайындықпен, беті қайтпайтын қайсарлықпен келген Тоғым 1537 жылдың 27 шілдесі күні өз әскерінен екі есе көп жау қосынына жүрегі шайлықпай атойлап, лап қояды. Содан бір-бірлеріне деген қанды кек үш-төрт аталарынан бері жалғасып келе жатқан төрт тараптың аламандары қиян-кескі шайқасқа кіріседі. Таң азаннан басталған сұрапыл да табандасқан соғыс түн қараңғылығына дейін жалғасады. Әйтсе де, көптің аты – көп. Тоғым әскері қаншама жанқиярлық көрсетсе де, ұлт бостандығы, қала берді, намыс жолында барлығы дерлік қаза табады. Қазақ-қырғыздан құралған әскерімен бірге Тоғым ханнан бастап, оның тоғыз ұлы және осы соғысқа қатысқан Жәнібек әулетінен өрбіген біршама сұлтандар да түгелімен опат болады. Тарихи деректер бұл соғыста 20 мыңдай қазақ-қырғыз, 37 сұлтан шейіт кетті деп көрсетеді.

Жалпы, Тоғымның билік дәуірі ұзаққа созылмаса да, оны Қасымнан кейін бар қазақты біріктіруге, тұрлаусыз сұлтандарды бір ортаға жұмылдыруға өлшеусіз еңбек сіңірген ерекше тұлға деп мойындаған жөн. Сантастағы соғыстан соң өз жеңістеріне масаттанып, өзгеше елірген Убайдулла мен Әбдірашид қолы Шу-Талас, Қаратау, Ұлытау, Жетісу, Балқаш, тіпті Сарысудың солтүстік бетіндегі қазақтарды қатты қырғынға ұшыратады. Бұл қырғында Тоғымға ермей, өз бастарын күйттеп, соғыстан сырт қалған талай опасыз сұлтандардың да бастары кесіледі. Сол заманда алыс елдерге «Қазақ хандығы мүлдем жойылыпты» деген хабар да жетіпті. Бірақ Мұхтар Мағауиннің сөзімен айтсақ, «…Қазақ Ордасының жері шалқар, байтақ еді, халқы қисапсыз көп еді. Жеңіліс көрсе де, Орда өзінің тәуелсіздігінен айырылмады, қансыраса да тізесі бүгілмеген Алаш ұлы мойымады, күш жиып, қайрат тауып, өткеннің орнын толтыруға бет қойды…»

Тоғым ханнан бастап, оның тоғыз ұлы және осы соғысқа қатысқан Жәнібек әулетінен өрбіген біршама сұлтандар да түгелімен опат болады

Расында, ол соғыс кезекті бір жеңіліс болса да, қазақ жер бетінен құрып кеткен жоқ. Тоғым арманын іске асыруға ұмтылған данагөй көсемдердің бас көтеруімен ұзамай-ақ ес жиған. Күллі Орта Азия мен Қазақ тарихында өшпестей із қалдырған айтулы хандардың, батпанды баһадүрлер мен қайсарлы батырлардың заманы туған. Алайда, алдағы уақыттарда да қазақ халқын сол айтулы тұлғалармен бірге нешеме зұлматтар күтіп тұрды. Сөйтіп, батыр бабаларымыз Тоғымнан кейінгі сұрапыл замандардың да талай сойқандарын бастарынан өткерулеріне мәжбүр болды.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,

жазушы, Қазақстан педагогика академиясының профессоры

Фото: top-news.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер