Қазақтың қобызшылық өнері - Деректер|11 Қаңтар 2017, 12:59
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақтың қобызшылық өнері

Қобыз – қазақ халқының музыка аспаптарының үлкен бір түрі. Ол пішіні, дыбыс бояуы мен дыбыс ауқымы, ойналуы мен жасалуы жақтарынан ерекше сапалы аспаптар қатарының негізін құрайды. Ол қазақ халқын қалыптастырған байырғы ру, ұлыс, этностардың ұзақ тарихи даму тіршілігінде, өзінің түрлі-түсті қоғамдық болмысқа сүйініш-күйінішін, арман-тілегін, ерлігін бейнелеуге пайдаланған қастерлі де қасиетті байырғы баба мұрасы.

Біздің қолымызға әуелгі тумыстық пішінін, тарту дәстүрін өзгертпей жеткен көнекөз аспаптардың бірі болса да бірегейі.

Қазақтың қобызшылық өнері қобыз жасау, қобыз тарту, қобыз шығармашылығы секілдіүш үлкен өнерден тұрады. Ерте заманғы қобызшыларда осы үш өнер, көбінде бір адамның бойынан табылатын болған. Оларды «абыз», «бақсы», «сәуегей-әулие» деп атаған. Олар қобызбен озан айтуға (қисса-дастан, жыр-терме, толғау т.б. шығармалар), сарын салуға (шипагерлык ем-дом істетуге арналған әуендерді салуға), күй тартуға пайдаланған. Өз тұсының саңлақ өнерпаздары, кемеңгер дәнішпандары болған.
Осы заманғы қобыз өнері қобызды арнаулы шеберлер жасап, кәсіптік біліммен тәрбиеленген өнерпаздар тартып, композиторлар жағынан шығарма жазып, көркемөнер сахналарында күн сайын кемелденіп келе жатқан көрнекті өнер болып қалыптасты.

Қобыздың жасалуы аса қарапайым. Оған шеберлеріміз үйеңкі, қайың, қарағай, тобылғы, ырғай сияқты ағаштарды, түйе, сиыр терілері мен жылқының жал-құйырығы т.б. материалдарды пайдаланған. Ескі өлең жолдарындағы: «Ақ қайыңның безінен ойып шапқан қобызым, ақ атанның терісін сойып тартқан қобызым» дегеніндей, оны шеберлер аталған ағаштардан қобыздың негізгі тұлғасын бітеу ойып шауып жасайды.

Қобыздың құрылысы шанақ, мойын, бас сынды негізгі үш бөлек және жамық (ысқыш), ішек сияқты қосымша дыбыстағыш мүшелерден құрам табады.

Шанақ – аспаптың негізгі мүшесі. Ол шұңғыл ойылып, жоғары жағы ожау, қосбас ожау, қос саптаяқ формасында дөңгеленіп келеді де, төменгі жағы сопақша болады. Төменгі жағының беті терімен қапталады, көкірек жақ беті ашық болады. Соңғы кездері қобыздың шанағын 7-5 шанақшалардан қиуластырып, жоғары бөлегіне ағаштан қақпақ жауып жасайтын да болды. Шанақтың тұғыр жағына ішектерін тартатын кішкене құлақ орнатылады. Оны «тұғыр түйме» деп атайды. Шанақтың тері қапталған бетіне ішектерді көтеріп тұратын тиек қойылады.

Мойын – шанаққа тұтасқан 20-18 см келетін, қобыздың ішектерін қолмен басып күйге келтіретін бөлегі. Қобыз мойыны алдыға сәл имек келеді де, бір жағы баспен тұтасады.

Бас – аспаптың ішегін керіп-тартып тұруға арналған 18-12 см келетін алақанша. Оған екі құлақ орнатылып, аспапты күйге келтіруге қолданады. Қобыздың құлақтарын хайуанның мүйізінен, тас жарған, үйеңкі сияқты қатты ағаштардан жасайды.

Жамық – жылқының ту құйырығы мен тобылғы, ырғай сияқты ағаштардың қатқан шыбықтарынан садақ тектес керіп жасап, аспаптың ішектерін ысқылау арқылы дыбыс шығаратын қосымша жарақ. Ішек пен жамықтың үйкеліс кедергісін арттыру үшін оларға үнемі қарағай сағызы жағылып тұрады.

Ішек – жылқының ту құйырығынан жеке-жеке 70-100 талын кір-майдан әбден тазартып, екі басын шашырап кетпестей етіп өріп, тұғыр түймемен құлаққа тұтастырып бекітеді. (Соңғы кездегі жетілдірілген жоғары дауысты, төмен дауысты қобыздарға арнаулы жасалған болат сым ішектер тағылатын болды).

Әспеттеу – аспаптың негізгі тұлғасы жасалып болған соң, істелетін жұмыс тәртібі болып, майдалау, өрнектеу, бояу және қосымша зейнет бүйымдармен әспеттеу. Мысалы, шамандық бақсылардың аспаптың басына, шанағына әр түрлі металдар мен асыл тастарды, қоңырау-шолпыларды асып, жанама дыбыс шығаруы т.б.

Қобыздың шығу тегі жайлы «Қобызды қаратушы да, таратушы да Қорқыт ата» деген пікір дәстүрлі танымға айланып қалғандай. Оның ұстанған негізі–халық аңыздарыныда айтылатын: «Бала Қорқыт желмаясына мініп, қараңғы түнде келе жатып, айдалада өзінен өзі сарнап жатқан қобызды көреді. Қорқыт желмаядан түсіп, қобыздың сарынын тыңдап, қасында көп уақыт отырады. Қобыз сарыны басылған кезде «бүл менікі» деп қатты қуанады, қобызды бауырына қысады. Содан бастап Қорқытқа күй өнері дарыпты» деген аңыз бар («Қазақ әдебиет тарихы», 206-бет).

Қытайдың тарихи жазбаларына үңілсек, тарихта олар батыс өңір халықтарын хулар (胡人), музыка аспаптарын хучиы (胡琴) атағаны бар. Сол себепті хучинге қатысты анықтамаларды тексергенімізде: «Ху аспабы Таң, Сұң дәуірінде батыс солтүстік пен солтүстіктегі аз ұлт халқтарынан Орта жазыққа тараған музыка аспабын меңзейді. Мысалы, пипа, кұңху, ушиянт.б.».

Мұнан басқа ысқымалы музыка аспабы Сұң дәуіріндегі әйгілі ақын Шын Коның «Мың ши естелігі, шаттық жыры» бөлімінде: «Хан арбасы ала келген қыл ішекті ху аспап, Тәңірқұты айбатындай күй әуені тым асқақ» деп жазғанындай, қыл ішекті музыка аспабының жалқы есімі екенін дәлелдейді. Дәл осындай Юан патшалығы тарихи музыка шежіресінде: «Хучинның жасалуы қобызға ұқсайды. Басы айдаһар тәрізді, екі ішекті, ішегі мен ысқышы жылқы құйырығынан жасалады. Оның атын түркі тіліндегі құнбұс (浍不似), қубұс 虎拨思), убүс (吴拨似) деп аталуынан тілімізге аударылған. Демек, ол сырттан кірген музыка аспабы...» дей келіп, қобыздың мойыны түзу шертпелі түрі, яғни, «Шертер аспабы» жайлы да мәлімет берілген («Қытай музыка сөздігі», қытайша басылымы 159-180-беттер).
Біз осындай деректерге негізделіп, қобызшылық өнеріміздің тым ертеден өркен жая дамыған мәдениет екенін түсінеміз және мақтаныш етеміз.

Алайда қобыз мелодиялық, техникалық даму мүмкіндіктерінен ұзақ уақыт тоқырағанымен, халықтық аспаптың мақсат-міндетінен біржола айырылған емес. Әр дәуірдің өз тұсында нелер саңлақ дарындылар шығып, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отырған. Айталық, Қорқыттан бергі бізге аты мәлім қобызшы композиторлар Әбу-Насыр әл-Фараби, Нысанбай, Қойлыбай, Маралбай, Балақай, Асанғайғы, Жанақ, Майқы би, Кетбұға, Дүкенбай, Ықылас, Жаппас қатарлылар.

Олардан қалған «Тәңір күйі», «Желмая», «Сыр дәрия», «Тарғыл тана», «Тоқсан қыз», «Ақсақ құлан», «Қорқыт күйі», «Саймақтың сары уайымы», «Сары өзен», «Ел айырылған», «Қапты қақ», «Жошы хан», «Азамат қожа», «Көк бұқа», «Боз айғыр», «Боз інген», «Жез киік», «Қоңыр» т.б. қобыз күйлері бар.

Сұлтанғазы Іскендіров

«Қытай ұлыттары» журналынан

Дайындаған: Ұларбек Дәлейұлы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер