Әбу Насыр Әл-Фарабидің еуропа ғылымына ықпалы - Деректер|01 Наурыз 2017, 19:43
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әбу Насыр Әл-Фарабидің еуропа ғылымына ықпалы

Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында "Екінші Ұстаз" атауына ие болды. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор (150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар), ал оның айналысқан ғылыми салалары ол – философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат" деп аталады. Оның атақты “Музыка туралы үлкен трактат” деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.

Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды.

Б.э. VІІ ғ. ортасынан бастап Орталық Азия мен Қазақстанның жартысы орасан зор Араб халифатының құрамына қосылды. ІХ-ХІІ ғғ. халифат мәдениеті сол кездегі еуорпалықтан әлдеқайда жоғары дәрежеде болды. Оның тарихи зор еңбегі еуропалықтардың Шығыс халықтарының жетістіктерімен танысуын қамтамасыз еткен шығыс ғалымдарының еңбектері мен іс-әрекеттерінде меңгеріліп, шығармашылық тұрғыда өңделген көптеген антикалық дәстүрлердің (әсіресе, жаратылыстану ғылымдары мен философия саласы) кең таралуы деп есептуге болады. Фараби, Бируни, Ибн Сина және көптеген басқа да ойшылдар тек халифаттың ғана емес, бүкіл адамзат мәдениеті мен ғылымына аса ірі үлес қосты. Медициналық шығармалар мен математикалық трактаттар, астрономиялық кестелер мен түрлі тілден (ең алдымен антикалық) аударылған араб аудармалары Батысқа жетіп, жүз жыл бойы орасан зор абыройға ие болды. Батысеуропалық әдебиеттің дамуында да Шығыстың рөлі айрықша.

Белгілі қазақстандық ғалым-фарабитанушы А.Х. Қасымжанов айтқандай, әсіресе «араб ғалымдары эксперимент пен өлшемге жолды көрсетіп, қазіргі ғылымның өкілдеріне айналды. А. Гумбольдт сол кезең мен аймақтың ойшылдарын нағыз жаратылыстану ғылымының жаратушысы деп бағалаған».

Орта ғасыр кезеңінде әсіресе аль-Фараби өзінің философиялық жүйелі ойларымен, ғылым тарихында,логика, музыка теориясы, астрология, теоретикалық медицина, математика, мемлекет іліміне қатысты өзінің жарқын ойларын таныта отырып әлемдік ғылымға өзіндік ізін қалдырды. Оның ойлары ибн Сина және ибн Рушд сияқты кейінгі философтармен жалғастырылып, Спиноза философиясына және ол арқылы француз философиясына айтарлықтай өз ықпалын тигізді. Демек, әл-Фараби философиясы тек Орта және Таяу Шығыстағы әлеуметтік-философиялық идеялардың дамуына әсер етіп қоймай, Батыс Еуропаға да өз ықпалын тигізді деп айта аламыз. Академик М.М.Хайруллаев айтқандай, «әл-Фараби философиясы Ибн Баджа, Ибн Туфейль және Ибн Рушд секілді аса көрнекті ғалымдарды дүниеге әкелген XI-XIII ғ.ғ. «араптық» Испания және Солтүстік Африкадағы алдыңғы қоғамдық-философиялық ойлардың дамуына шешуші ықпалын тигізді».

Белгілі философ Ибн Баджа (XI ғ. аяғы – 1138ж.) әл-Фарабидің бірсыпыра идеаларын дамытты. Оның индивидтің мінезін кемелдендіруі мен бақытқа жету жолдары баяндалған «Жалғыз өмір сүру салты туралы» атты басты еңбегі әл-Фарабидің әсерімен жазылған.

әл-Фараби философиясы мен логикасы Ибн Туфейльге де (1110-1185) әсер етті, «Хай және Якзан ұлы туралы роман» деген еңбегінде ғылыми ойдың дамуына әсерін көрсетеді.

әл-Фараби есімі көптеген еуропа елдеріне ертеден танымал болып, ХII-ХIIIғғ. өзінде-ақ оның философиялық трактаттары ежелгі еврей және латын тілдеріне аударылды. Бірақ әл-Фараби мұрасын жүйелі әрі нақты зерттеу оның трактаттарының мәтіні мен аудармаларын басып шығарумен қатар зерттеу жұмыстары шыға бастаған ХVIII-XIXғғ. ортасында шыға бастады. Ортағасырлық Еуропа классикалық ежелгі грек фиолософиясымен көп жағдайда әл-Фараби еңбектері арқылы танысты. Тек XIIғ. кезінде оның «Ғылымдар классификасы» деген еңбегі латын тіліне екі рет аударылды. «Альфарабиуса» - «Сананың мәні туралы», «Сұрақтар негізі» және Аристотельдің «Физика», «Поэтика» еңбектеріне түсініктемелері, «Бақыт жолы туралы» және логикаға байланысты трактаттары мен басқа да еңбектері XIIғ. бастап XVIIғ. дейін латын тіліне бірнеше рет аударылды. әл-Фарабидің кейбір трактаттары осы күнге тек латын тіліндегі аудармалар арқылы жетті, ал араб тіліндегі кейбір қолжазбалары өкінішке орай сақталмаған.

әл-Фарабидің еуропа ғылымына әсері оның ізбасарлары ибн Сина, әсіресе ибн Рушд арқылы көрініс тапты деп айта аламыз. Аверроизм, негізінен XIII-XIVғ.ғ. прогрессивті француз және итальян философиясына қатты әсер етіп, оның негізі болды. Батысеуропа ортағасырының ірі ойшылдары Р.Бэкон, Д.Скот өздерінің теориялық шығармаларында әл-Фараби, ибн Сина, ибн Рушд еңбектерін қолданды. Спинозаның кейбір трактаттарында құрылымы мен бағытына қарай әл-Фараби еңбектеріне жақындық сезіледі. Осман Әмин әл-Фараби мен Спинозаның ұқсас концепцияларын айтады. И.Мадкур екі ойшылдың зерде мен пайғамбарлық жайлы идеялық ұқсастықтарын көрсетеді. Олардың ішіндегі ең ұқсасы әл-Фараби мен Спинозаның әлеуметтік-саяси концепциялары жөніндегі ойлары. Мысалы, бақытқа жетудің жолдары, мақсаты, мемлекетті басқарудың формасы мен функциясы т.б. Спиноза, әл-Фараби секілді өзінің қоғам туралы ілімін адамның «шынайы» табиғатынан шығарады, мемлекеттің мақсаты әрбір адамды ақылмен басқарып, бақыт пен бостандық сыйлау дейді. Әл-Фарабидің адамдардың индивидуалды армандарының бірлігі ретіндегі социум ұғымы Ж.Ж. Руссоның «әлеуметтік келісім» идеясына сәйкес. Сондай-ақ әл-Фарабидің «білім – интуицияға негізделген» деген ойы Николаустың, Шеллингтің, Бергсонның және Штейнердің еңбектерінде өз көрінісін тапты. Әл-Фарабидің адам туралы негізгі идеясы микрокосмос және макроадамдар әлемі ретіндегі ойлары Николаус, Лейбниц, Спенсерден бұрын болды. Әл-Фарабидің зердеге негізделген этикалық жүйесі Еуропада тек ХIХ ғ-да И.Кант философиясында өз көрінісін тапты. Атақты неміс шығыстанушы ғалымы Ф.Детриций сынды зерттеушілердің айтуынша: Шығыста Аристотель әл-Фарабидің еңбектерінің арқасында ғана Аристотель атанды дейді. Көптеген ортағасырлық ғалымдардың айтуынша әл-Фараби ортағасырлық еуропалық ойдың қалыптасуына әсер еткен перепатетизмнің негізін қалағандардың бірі. Шығыс перепатетиктері әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн-Сина, Ибн Рушт сындылар Аристотель еңбектерін талдап, Еуропаға кеңінен танытты.

Сондықтан да араб тілді ортағасырлық философия көнегректік философияның алғашқы мұрасы ретінде шығармашылық жағынан дамытып, жаңа деңгейлерге көтерді. Әл-Фраби Шығыс пен Еуропа мәдениеттерін байланыстырушы «көпірге» айналды.

Белгілі қазақстандық фарабитанушы-ғалым А.Х.Қасымжанов: «Әл-Фарабидің түрлі мәдени дәстүрлерді сіңіруі, еуропацентризм мен азияцентризмді жоққа шығарады, түрлі мәдениеттердің дамуында тек аналогия ғана орын алмайды, сонымен қоса бір-бірін қамту, ықпал ету, қабылдау, күрес т.б. орын алады. Байланыстар тек көп жақты ғана болып қоймай, ең бастысы олар бір-біріне ықпал етіп, толықтыра түсті».

Қазақстандық философ А.Нысанбаевтың пікірінше: «Әл-Фараби түсіну мәселесіне үлкен мән беріп, көне антика дүниесі мен ортағасырлық араб мәдениеті сұхбаттастығына үлкен үлесін қосты. Ол мәдениеттердің қарсы дәстүрлерін үйлестіретін талантқа ие болып, өзіндік жүйе құрды. Бұл Екінші Ұстаздың талдау әдісі еді».

Өз кезегінде әл-Фараби мұраларын тануда Х1Х – ХХғғ. Еуропалық ғалымдарды да айта кеткен жөн. Олар: Х1Хғ. екінші жартысында ортағасырлық араб тілді Шығыс рухани мәдениеті жайлы еңбектер жазған неміс ғалымы М.Штейншнейдер, 1890ж. әл-Фарабидің сегіз философиялық трактатын Лондондық, Лейдендік және Берлиндік жазбалардан жариялаған Фридрих Детриций, неміс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Ислам философиясының тарихы» еңбегінің авторы, голландық ғалым Де Бур болды. Ортағасырлық араб философиясын зерттеген француз ғалымдар, соның ішіндегі фараби танушылар: И.Форгет, С.Дугат, Л.Лутхер, С.Мунк, Э.Ренан, И.Финнеген т.б. айтуға болады. Э.Ренанның «Аверроэс и авероизм»(Париж,1952) еңбегінің маңызы зор. Танымал француз шығыстанушысы Р.Эрланже 1930-1935жж. әл-Фарабидің музыкаға қатысты «Китаб әл-мусика әл-кабир» («Музыканың үлкен кітабы») кітабын Парижде түпнұсқадан аударып, жарыққа шығарды. Бізге белгілісі, ХХғ. басында шығыстың рухани мәдениетін зерттеуде әл-Фараби мұраларын зерттеу өз жалғасын тапты. Көптеген шығыстанушы ғалымдардың, А.Мец, Л.Массиньон, Р.Блашэр, А.Массэ, Ф.Габриели, Э.фон Грюнбаум, Ф.Коплстон т.б. еңбектері жарыққа шықты. Сондай-ақ, ресейлік: И.Крачковский, Е.Бертельс, В.Бартольд сынды шығыстанушы-философтардың да қосқан үлестерін атап өткен жөн.

Әл-Фараби жайлы еңбектер Англия, Испания, АҚШ сынды мемлекеттерде де жарыққа шықты.

Сөзімізді қорытындылай келе келесі ойды айтқымыз келеді: ұлы адамдардың шығармашылығына зейін салып қарасақ, олар өздері өмір сүрген дәуірдің айқындаушы бейнесі болып табылады. Бірақ, Әбу Наср әл-Фараби өз заманының келбетті ғана болып қоймай, адамзатты кемелдікке үздіксіз ұмтылысын бейнелейді. Оның көтерген мәселелер қазіргі кезде де өз маңыздылығын жоғалтпаған, ал бұл мәселелердің шешімі адамдарға Батыс пен Шығыстың өркениеттер аралық сұхбаттастық идеалына жақындай түсуіне жағдай жасайды.

Жақыпбек Алтаев

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, философия ғылымдарының докторы, профессор.

әл-Фараби орталығының директоры


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер