Тәуелсіздік ойын оятқан. Кенесарының Қараөткелді шабуы - Асыл қазына|04 Шілде 2016, 17:02
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тәуелсіздік ойын оятқан. Кенесарының Қараөткелді шабуы

Қазақтың ұлт-азаттық қозғалыстарының ішінде Кенесары көтерілісі ерекше орын алады. Оның өзге қозғалыстардан айрықшалығы – саяси бағдарламасының болуында. Мәселен, Қазақ хандығын қайта жаңғырту, Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы қарым-қатынасты Абылай кезеңіндегі шектеулі протекторат қалпында сақтап қалу, Түркістан, Арал маңы мен Жетісуді иелене бастаған Қоқан мен Хиуаға тойтарыс беру т.б. Ендеше біз Кенесары қозғалысын бағалауда әлі де кеңестік замандағы идеология таңған танымнан шығып, оны ұлттық мемлекет үшін ұлы күрес есебінде бағалауымыз қажет.

Кенесары қозғалысына қатысты қазақ шежіресінде ерекше айтылатын оқиғалардың бірі – көтерілісшілердің Қараөткел бекінісін шабуы. Қазақ «Қараөткел» деп атайтын бұл бекініс Ресей құжаттарында «Ақмола» деген атаумен белгілі. Біз бұл мақалада қос атауын қатар қолдана береміз. Бұл мәселенің өзіндік тарихы бар, әрі ол 1832 жылы Тайтөбеде ашылған Ақмола дуанының Қараөткелге көшуіне байланысты оқиғалармен байланысты. Бұл жеке бір мақалаға татитын әңгіме.

Жалпы Қараөткел өңірінің тарихында толып жатқан беймәлім немесе сыры толық ашылмаған оқиғалар жетерлік. Жаңа ғана қанат жая бастаған көтерілістің алғашқы ірі қарқынды қарекеті болған Қараөткелге шабуыл тарихшылар тарапынан терең үңілуді талап етеді. Себебі осы күнге дейін, өкініштісі, шабуылдың дәл қай уақытта жасалғаны да белгісіз болып келді.

Е.Бекмахановтың «Казахстан в 20-40 гг.ХІХ века» монографиялық еңбегінде «1838 жылдың 7 тамызында таң атарда бекініске қиян-кескі тіке шабуыл басталды. Мергендер садақтарының жебелеріне майға былғанған шүберектерді бекітіп, оны жағып атты. Барлық құрылыстар өртеліп жіберілді» деп жазады. Кенесарының Ақмола бекінісін өртегені рас, бірақ шабуыл 7 тамызда емес, 25-26 мамырда болғанын анықтаймыз. Осыған дейін Ресей әскерлерімен бірнеше рет шайқасып үлгерген Кенесары әскерінің шабуылға Ақмоланы таңдауы да бекер емес. Бұл жерде Ақмоланың тек қазақ көшпелі шаруашылығының маңызды орталығы ғана емес, сонымен бірге қазақтың хан-төрелеріне қоныс болғанын да есепке алу керек сияқты.

Ақмола өңірі – қазақ хандарына мекен болған жер. 1825 жылғы Демидов жазбаларында «По р.Нура вниз до р.Ишима к тому месту, где, по показаниям Шангина и Назарова, обе реки сии и теперь уже почти соединяются, где у горы Ак-Мулы кочует известный в степях хан Вали...» деген мәліметтер бар. Ақмоланың теріскейінде Бұланды Моншақ (Макинка мен Алексеев арасы) аталатын шөбі шүйгін, нулы, шалғынды алқап бар. Осы алқаптағы белгілі үлкен көлдердің бірі – Жарлы көл. 1901 жылы Ақмола уезінде жерді пайдалануды зерттеген Васильев деген маман: «В Пермской губернии, выходцами из которой положено в 1889 году основание п.Никольскому давно слухи ходили про ханские земли. Крестьяне рассказывают: «Хан тут жил какой-то, сказывают: всеми этими землями заведывал...Будто он, хан ли, царь ли, кто его знает, а был у них тоже земледержавец, король, киргизами (қазақ-Ж.А.) правил. Кайсар ли, Кенсар ли звали его. В Верном дворец его был. Постепенно сюда народ русский подвигался. Перва Макенкое населились, а потом Половинное, село большое Курганского уезда...» деген ауыз екі мәліметті жазған екен.

Өзі шала сауатты орыс мұжығынан ғылыми дәлдікті, қазақты сыйлауды талап ету мүмкін емес, дегенмен ХХ ғасырдың басында өздерінің бос жерді емес, ханы мен қарасы бар елдің жерін иеленіп жатқаны қараңғы мұжықтың да санасына жеткені тарихи дерек түрінде көрініс тапқан. Қазақ жерін құнсыздандыру, қазақты өз жерінен жатсындыру Кеңес дәуірінде іске асты.

Ақмола өлкесіне танымал өлкетанушы Клара Әмірқызы осы бір деректі алға тарта отырып «Кенесары ханның жас шағындағы алғашқы отау тіккен қонысы осы Жарлыкөлдің жағасындағы Жарлы ауылы болды ма екен ?» деп бізге бір сұрақтың шетін шығарып еді. Өкініштісі, Есіл мен Нұра арасындағы ғажайып тарихи деректер ғылым назарынан тыс қалып келеді. Бүгінгі күні ауыз екі мәліметтер беретін жады зерек ақсақалдар да жоқ. Осы мәселелерді ескере отырып әлі күнге дұрыс ашылмаған тарихи оқиғалардың бірі Кенесарының Қараөткелді шабуын баяндап көрейік. 1822 жылғы шыққан, қазақ арасында «Жаңа низам» аталған «Устав о сибирских киргизах» жарғысына сәйкес 1832 жылы 22 тамызда Ақмола дуаны ашылды. Осыған орай Тайтөбенің солтүстік қапталынан кигіз үйлер тігіліп, мереке-думан өтеді. Ақмола деп қазақ осы Тайтөбенің басындағы ғұн дәуірінен қалған ескі құрылысты атайтын.

Маңайдан Ақмоланың алғашқы аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы бастап келеген Тоқа, Тінәлі, Қаракесек, Төртуыл, Ораз Темеш, Бөрші, Айтқожа, Тама, Алшын-Жағалбайлы, Алтай, Тарақты, Қарпық болыстары сый-сияпаттарын алып, бәйгені қызықтап елдеріне қайтты. Ақмола дуанының ең алдымен Тайтөбеде ашылғаны, сол себептен оның Ақмола атанғаны мәлім, ал не себептен дуан орталығы қазіргі орнына, яғни Қараөткелге көшірілгенін көпшілік біле бермейді. Біздің қариялар осы мәселені Қоңырқұлжа сұлтанмен ұстасып, Нұра жағасынан бекініс салуға қарсылық жасаған ағайынды Сейтен, Тайжан Азынабай ұлдарымен байланыстырады.

Ақмоладан Қараөткелге қоныс аударған дуан Есілдің оң жағасынан орын таңдады. Подполковник Шубиннің Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға Ақмола сыртқы округін ашу туралы 1830 жылғы баянатында бұл жөнінде мынадай дерек бар: «Место сие состоит над самой рекою Ишима, и оно безопасно от наводнения во время весны, где весьма можно свободно расположить построение казенных зданий и подле онаго пролегает караванная дорога, по которой из всех мест как то – Бухарии, Ташкении, Кокании, с Семи рек и прочих азиатских владений проходят торговцы с караванами на Петропавловск и из оного в те владения. Караваны сии имеют всегда при урочище Карауткуль, которое отстоит от предпологаемого места только в 4 верстах. Они находятся тут по одному месяцу, а иногда и с половиною, разменивают один другому свои товары и напоследок так случается, что некоторые сбыв избыток свой или товар возвращаются в свои отечества».

Қазіргі Қараөткел Қорғалжын жолына шығар ауызда орналасқан Есілдің баяу бұлықсып, жайыла ағып қайраңдаған тұсы. Қараөткел мен бекіністің арасында Шұбардың жары бар. Орыстар «речка Чубаровка» дейді. Бекініске орын таңдаған уақытта да бірнеше мәселе ескеріледі. Оның біріншісі өзен тасыған уақытта құрылыстардың су астында қалып қоймауы, екіншісі сыртқы жаудан қорғануға ыңғайлы табиғи қалқаның болуы т.б. Ақмола бекінісін салғанда да Есілдің дәл жағасынан салмай, құрылысшылар Шұбардың жарын оңстүстігінен қалқа қылып, қазық қаққан. Сонымен бірге ерсілі-қарсылы жолаушыдан арылмайтын өткелден сәл алысқа орналасқанды жөн көрген, бірақ өткелдегі сауданы бақылауды ұстаған. Дуан орталығын салған инженер-подпоручик Попов бастаған құрылысшылар Ащыөзекті де мүмкіндігі келгенше ескеруге тырысқан. Орыстар ертеде Соляная балка, кеңес заманында Гребной канал, қазіргі уақытта Ақбұлақ атанып жүрген осы терең өзек солтүстік-шығыс жақтан табиғи шеп сияқты.
Деректерге қарағанда Ақмоланы шабуға дайындық ертеден басталған. Есіл мен Нұра арасындағы шүйгінді алқап – Сарыарқа қазақтарының ең қымбат қазынасы. Ерте кезде Есілдің суы да арнасынан асып-тасып жатқанын, жағасы тоғай, көк шалғын болғанын қазақтың ауыз әдебиетінен білеміз. Кенесары ханның жанында болған Досқожа жырау көтерілісшілер Сарыарқадан Жетісуға қарай ауғанда:


Бұл қоныстан кеткен соң,

Көреміз бе, дүние-ай,

Мына жатқан Есілдің,

Көк орай тартқан өзенін ?! – деп жылап қоштасатын өзені осы Есіл.


1837 жылы көктемде Кенесары аз ғана жасағымен Түркістан өңірінен Ақмола округінің шекарасына келіп жетеді. Қазақтар оның туының астына жаппай ағыла бастайды. Жекеленген жасақтардың басында Кенесарының жақын туыстары – Наурызбай, Әбілғазы, Бопай ханымдармен бірге халық батырлары – Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұқарбай тұрды. Кенесары бастаған көтерілісті Сарыарқаның атақты байлары Азынабай, Сапақ, Алдажұман, т.б. қолдады. Сондай-ақ әрі өз мүдделерін көздеп, әрі Кенесарыдан қорыққандықтан орыс қызметіндегі сұлтандар мен билер де көтерілістің алғашқы кезеңдерінде қосылғандай сыңай танытты.

Кенесары 1837 жылы Чириковтың жазалаушы отрядының бетін қайтарып, Симоновтың жазалаушы әскерін шөлге қамап, Рытовтың отрядын талқандады, сөйтіп қол астына Ақмола, Қарқаралы және Баянауыл округтерінің аумағын қаратты. 1838 жылдың басында бытыраған қазақ жасақтары Кенесарының қол астына бірігеді. Көктемде ол Батыс Сібірдің губернаторы Горчаковқа Ресей өкіметінің саясатына қарсы арнайы қарсылық хатымен елші жібереді, қазақ аумағындағы Ақмола сияқты бекіністерді жоюды, тартып алынған жайылымдарды қайтаруды талап етеді. Сұлтанның жіберген өкілдерін жазалаушылар орта жолда ұстап алады, содан кейін Кенесары Ресейге қарсы қарекетке белсене кіріседі.

1838 жылы мамыр айының 20-сы шамасында Кенесарының әскерлері Ақмола бекінісінің түбінде шоғырлануы осы себепті. Саққұлақ шешеннің шежіресіне қарағанда Кенесары қолы Ақмолаға қаржас ауылдары арқылы келген. Бұл шамасы Шорманның Қаракөлі аталатын жерлер болса керек. Бұл көл Нияз тауларының баурайында. Нияз тауларынан Есіл өз бастауын алады. Егер қалың көш Ақмолаға тіке тартса, шамамен 50-60 шақырым, яғни бір күндік жол. Қаржас Азынабайдың Сейтен, Тайжан деген Кенесарыны жақтаған балаларының жері Есілдің бойында Жалғызағаш екен

Шежіреде: «Сол күн бейсенбі еді. Қаржас ауатын бетіне қарай қозғалды. Өсіп-өнген жерді қию қайдан оңай болсын...Ел улап-шулап, азан-қазан болып жатыр...Күн бата қол тұс-тұстан ала туды көтеріп, Қаржасты аударып ала жөнелді...Түн бойы жүріп отырып, күн шығып келе жатқан кезде, қол тынығуға түсті. Кенесары бар қолды жинап алып, «Ақмола қаласына жақындадық, менің ойым қаланы шауып, сұлтаны Қоңырқұлжаны өлтірмек. Сендер өз ойларыңды айтыңдар» деп әмір ескертті» дейді. Қарапайым есеппен жылдам жүрген көш бір түнде 50 шақырым жолды еңсеріп тастауы әбден мүмкін.
Адам мен мал осы жерде тынығып алған соң алға жылжыған көш қалаға жақындағанда тағы да тоқтап, жауынгер жағы сапқа тұрды. Бұл 25 мамыр күні болуға тиісті. Кенесарының бұйрығымен «сап үшке бөлініп, әрқайсысы бір-бір төбенің басына шоғырланды». Бірінші қолға бекініске Қызылжардан келетін қаражол жағынан тиюге бұйрық берілді. Ол жасаққа Ағыбай батыр қолбасы сайланды. Жалпы Ағыбай Кенесары әскерінің ішінде «батыр басы» деген атақпен белгілі, яғни бас қолбасшы саналды.
Екінші қолды Басықара батыр басқарып, ол Қараөткелді шығыс жағынан шабуылдады. Негізгі әскер «Ұлы ту» аталып, ол Есілді жағалай Ақмоланың түстік-шығыс жағынан шабуылдайтын болды.

Саққұлақ шежіресінде Кенесары өзі де, оның соңына ерген елдің көпшілігі, оның ішінде қопарыла көшкен қаржас қолы да осы Ұлы туда болған делінеді.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинаған қазақтың ауыз екі деректерінің бірінде Тайтөбенің басында тұрып Кенесары күлдір-мамай мылтығымен орыстың қарауылшысын атып өлтірді делінген. Бұл бұдан әрі екі жақтың да соғысуға шарт түйінгенін білдіреді. Ханның кеңесі ақылдаса келе Кенесарыға ерген бейбіт елді Күйгенжардың өткелінен өткізу туралы шешім қабылдады. Шежіреде бұл өткел «қуандықтың өткелі» аталады және оның Күйгенжар атануы Кенесарының осы жолғы шабуылымен тікелей байланысты-мыс: «Шеру тартып жүріп келеміз. Мал мен жанды көшті бірінші өткелден өткіздік. Жардың жағасына салынған маңгөз үйлер, барақтар бар екен. Соларды өртеп, бірен-саран малын малға қосып алдық. Есілдің жарына міне біткен тал жанғанда өзен жанып жатқан сықылды көрінді. Бұл өткелдің осы күнгі «Күйген жар» атанып кетуінің себебі осыдан еді» .

Бұдан әрі «Ұлы ту» өзенді қуалай бекініске қарай бет түзейді: «Қараөткелге жақындап әудем жер келгенде алдымыздан атылған мылтық күркіреген күндей шатырлатып күрсілдете бастады. Онымен қатар, тізілген солдаттың қарасы да көрінді». Егер бекініс Қараөткелден төрт шақырымдай жерде деп есептесек бекіністі қорғаушылар қазақтарды қалаға жақындатпай-ақ өткел түбінен қарсы алуы мүмкін. Осы жерде кәрі-құртаң, қойшы-жалшы, жас бала Есілден өткізіледі де, жауынгерлер Наурызбайдың бастауымен өткелдің қала жағынан шеп болып тұрды делінеді.

Кенесары қолы жан-жақтан бекіністі қоршаған уақытта Қызылжардағы Ресейдің әскербасыларына хабар бермек ниетпен Қоңырқұлжа боз арғымағына казак-орыстардың бірін мінгізіп аттандырды: «Қараөткелге өрт салған күні бір орыс мінген Қоңырқұлжаның боз арғымағы таңертең Қараөткелден шығып, күн бата Қызылжарға барыпты. Екі арасы бес жүз шақырым деседі». Бірақ Ақмола дуанының аға сұлтаны Қоңырқұлжаның белсенді қимылынан шошып қалған Чириков оған сенімсіздік білдіріп, оны тұтқындап, үш казак-орысты күзетіне қойды. Бір жағынан Қоңырқұлжаның казак-орыс арасында бекіністің ішінде болуы оның жанын сақтап қалған болуы керек. Шабуылдаушылардың ішінде Қоңырқұлжаға жаны қас небір батырлар болатын, олардың қолына түскенде аға сұлтанның талқаны таусылушы еді.

Бекініске күншығыстан шабуылдаған Қыпшақ Басығара батырдың дәл қай жерде оққа ұшқаны белгісіз. Бұл оқиға бекініске жетпей болған сияқты. Саққұлақ шежіресінде: «Қолдың келе жатқанын біліп, қарсы шыққан солдаттар төбенің үстінен тұрып атты. Бір ұзынша біткен төбе екен. Осыны тұрақ қылып алыпты. Бұлар жоғарыдан атып беттетпей жыға берген соң, батыр лап қойып, араласуға бұйырды. Батырдың өзі алдында еді, атысып отырып, адырға шықтық. Сол жерде өзі оққа ұшты. Қалған қол бытырап қырдан қайта түсті. Біздің оғымыз жетпейді. Олардікі алыстан тиеді».

Саққұлақ шежіресінде сипатталатын көлденең адыр Бидайық деген төбе Ақмолаға Қарағанды жақтан келгенде алдыңыздан шығады. Саққұлақ шежіресінде бұл адыр осы шабуылдың құрметіне Басықара атанды дейді, бірақ бүгінгі күні оның атын атап, түсін түстеп жүрген ешкім болмағандықтан бәрі ұмытылған. Төбе басында қалған Басығара батырдың денесін Тама Танаш батыр алып шықты дейді Мәшһүр шежіресі: «Басқа шапқан батырлардан Қыпшақ Басығара батырға оқ тиіп, қан майданда қала берген екен. Тама Танаш батыр Басығарамен құшақтасқан дос екен:

– Өлсем өлейін, Басығарамен сүйегім бір жерде қалсын! – деп, қайта шауып барып, батырды алдына алып өңгеріп келгенде, Кенесары хан айтқан екен: «Дос болсаң Тама Танаш батырмен дос бол!» деп. Көп заманша бұл сөз жұрт аузында қалды».
Басығара батыр өлгеннен кейін шығыс тараптағы жасаққа Кенесары хан жанындағы кеңес Наурызбай батырды жібереді, Ұлы қолға жетекшілікті Тайжан батыр жүргізді дейді.
Ақмола бекінісіне солтүстік жағынан тиген Ағыбай жасағы Қызылжарға поштаны жеткізіп, енді жағасы жайлауда, бейқам келе жатқан урядник Пириденов бастаған тоғыз казак-орысты Ақмола бекінісінің қорғаушыларының көз алдында жусатып салады. «Истреблены варварами в виду всех живших тогда в Акмоллах, т.е. самого Чирикова, чиновников, казаков и прочих». Деректерге қарағанда бекіністе ол кезде жүзге жақын казак-орыстың әскері болған, олардан басқа да қарулы қызметкерлер болған делінеді.
Почта күзетіндегі казак-орыстардың басшысы соңынан қуған қазақтардан қашып келе жатқанында, Ақмола бекінісінің дәл түбінде, Есіл өзенінің жағасында, бекіністің қорғаушыларына ондаған сажын жер қалғанында өлтірілді. Оның өлім халіндегі жанталас айқайы бекінісіке естіліп тұрады. Осы кез Ақмола отрядының басшысы есауыл Чириков дуандағы әйелдерге Құдай тағаладан «жаудан қорғай көр!» деп дұға оқытқызып үрейі ұшып тұрды дейді.

«1838 жылы 26 мамыр күні таң ата екінші шабуыл басталып, солдат атып отырып қалаға кірді, соңынан «Абылайлап» жер жаңғырықтырып қол да кірді. «Ұлы сәскенің кезінде Ұлы қолмен бірге шығыс жақтан Наурызбай, солтүстіктен Ағыбай батыр қолдары қалаға бір мезгілде кірді» дейді Саққұлақ шежіресі.

Қаланың сыртында қорған болғанын Мәшһүр шежіресіндегі мына бір деректен аңғаруға болады: «Қараөткелді қамағанда...Тама Танаш батыр бір шапанды майға бұлғап-бұлғап алып, бір шетін отқа жандырып, найзасының ұшымен көтеріп барып, атып тұрған оқты керек қылмастан, апарып тастай берген екен». Бұл бекіністің қамалы болғанын көрсетсе керек. Чириковтің жоғарыға жолдаған баянатында бекініс ішіндегі тілмаш А.Чанышевтың, урядник А.Морожниковтың, казактар П.Таңататаров пен И.Алексиевскийдің т.б. ағаш үйлердің өртеніп кеткені жазылады. Бекініс маңындағы малдың бәрі көтерілісшілердің қолына түскені онсыз да белгілі.

Шабуылшылар казармадан басқа құрылыстың бәрі алған, көпшілігі өртенген. Казак-орыстар казармаға тығылып, көтерілісшілерді оқпен жасқап жолатпай қояды. Қазақ қолы өрт құшағындағы бекіністен қолдарына түскен нәрсені алып Есілге қарай шегініп, Қараөткелден әрі өте шықты. Қала тұрғындарының ішінен көтерілісшілердің қолына тірідей олжа болған екі орыс қана.

Осыдан кейін мың қаралы көтерілісші Қоңырқұлжаның жылқысын алуға аттанады. Жасақ сұлтанның он екі мың жылқысын бір тайын шашау шығармастан қопарып алып, таң ата ханның малына қосады.

Бұдан кейін күз бойы қазақтар Ресейге жақтас сұлтандардың ауылдарын тонап, байланыс тораптарын үзіп, приказдарға, пикеттерге және разъездерге жүйелі шабуыл жасайды. Күзде Кенесары ауылдары Торғай мен Ырғыз бойына кетеді. Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс кезінде қазақтардың Ресей бекіністеріне талай шабуылдағанын білеміз. Олардың ішінде Ақтауға, Елизаветинка (Адырлы) т.б. аталады. Бірақ бекініске шабу әскери дәстүрлері Ақмоладан басталады және сол жолы көтерілісшілер бекінген жауды алудың қыр-сырын әбден меңгерген.

Бір ғасырдан астам уақыт қазақ азаматтары Ресей сияқты алпауыт империямен жанпидалықпен күресті. Осы күрестің қаншалықты ауыр, қанқұйлы жүргендігін Ресейдің бүкіл Орта Азияны үш-ақ жылдың ішінде тізе бүктіргенінен-ақ көруге болады. 130 жылға созылған қарсылық майданының тұтас бір кезеңін алып жатқан Кенесары мен оны қолдаған азаматтардың жанкешті күресінің мәнін түсіну үшін осындай салыстырмалы деректерді білген де жөн. Ата-бабаларымыздың ерлігін көзге басқаша елестету де қиын болар.
1922 жылы Қазақстанда Кеңес үкіметі жаңа орнап жатқан аласапыран тұста қараөткелдік қазақ азаматтары қаланың солтүстік жағында, Қараменді батырдың бейіті маңында Кенесары мен Наурызбайдың қаза тапқанына 75 жыл толуына арнап ас беріп, ат шаптырып үлкен жиын өткізген екен. Осы аста қазақтың Хан Кенесі, оның соңынан ерген серіктері Наурызбай, Ағыбай, Жанайдар, Жеке батыр, Бұғыбай, Танаш, Басығаралардың аттары аталып, олардың аруақтарына дұға оқылыпты.

Ас соңында қазақ азаматтары Ақмоланың сол кездегі көрнекті көшесінің бірі Базарнаяны Кенесары-Наурызбай көшесі деп атаған екен. Кейін Кеңес өкіметі есін жиып, қазақты бұғауға қайта салған уақытта бұл көше К.Маркс көшесі атанып кетті. Бірақ қазақ маңдайында бағы бар халық, ақыры өлдік-тірілдік дегенде аталарымыз армандаған, басын бәйгеге тіккен, тізеден қан кешкен тәуелсіздікке де жеттік. Сол тәуелсіздіктің бір көрінісі К.Маркс көшесі қайтадан Кенесары атына берілді. Ал ежелден хандар жайлаған жер болған Ақмола өңірінде жаңа Астана бой көтергелі Есілдің көрікті жағасында Кенесарының еңселі ескерткіші де көзтартып тұрады.

Тарих осы сияқты қарапайым да қызықты және өз заңдылығымен қайталанып отыратын оқиғалардан құралады.

Жамбыл Артықбаев , тарих ғылымдарының докторы, профессор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер