BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тараздағы 86 жылдық тарихы бар көне музей тарихтан сыр шертеді

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақстандағы ең көне және танымал тарихи орындардың бірі. Музей қоры бірегей әрі құнды 65 мыңнан аса жәдігерді құрайды.

Тасын түртсең тарихы көрінетін Әулиеата жері мен Көне Тараз шаһары өткеннен сыр шертетін тәлімі мол бабалар мұрасын қастерлеп келе жатқан қасиетті өлке. 1931 жылы 25 тамызда Жамбыл облысында өлкетану музейін ашу туралы шешім қабылданған болатын. Нақты деректер бойынша ең алғаш Әулиеата өлкетану музей кеңесінің бірінші отырысында алғашқы директор, яғни ол кезде музейдің меңгерушісі лауазымына тағайындалған Петр Романович Косивцев музейдің алғашқы экспозициясымен және қойылған жәдігерлері туралы мәліметтер келтірген.

1931 жылдың 27 тамызындағы Музей кеңесінің екінші отырысында қабылдаған шешімде былай делінген: «Қала және аудан тұрғындарына музейдің ашылғандығы жөнінде листовкалар мен жергілікті газеттер мен радио желілері арқылы хабарлансын. Археологиялық қазба байлықтарын музейге өткізу және табылған археологиялық қазба байлықтардың маңызы жөнінде археолог Михаил Массонға хабарлап отыру міндеттелінсін» делінген.

Бұдан ары Музейдің алғашқы археологиялық жәдігерлеріне ғылыми паспорт толтыру, мерзімдеу жұмыстарымен археолог Михаил Евгеньевич айналысқан. Сонымен қатар, музей жұмысын ұйымдастыруға тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстандық археолог Г.И.Пацевичтің еңбегі орасан.

Бүгінде Музейдің жалпы экспозициялық алаңы 2010 шаршы метрді құрайды, музей қорында 65 мыңнан аса жәдігер сақтаулы. Жылына Канада, Ресей, Қытай, Италия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен 300 ге жуық шетелдік туристтерге қызмет көрсетеді.

14 зал және музей ауласында орналасқан «Көне түркі жазулары және тас мүсіндері», «Л.В.Брюммердің көркемсурет музейі», «Тараз 2000» музейі жұмыс жасайды. Тас мүсіндер қойылған «Көне түркі жазулары және тас мүсіндері» музейің құрылысы ерекше. Дөңгелене салынған ғимараттың пішіні – заманауи архитектуралық шешім көшпелілердің киіз үйін еске салады.

Тас мүсіндер тарихын Василий Бартольд, Иосиф Кастанье, Александр Бернштам, Әлкей Марғұлан сынды белгілі ғалымдар зерттеп, ғылыми еңбектер арнады. Ғылыми экспедиция барысында облыс территориясынан жүзге жуық тас мүсін тауып, жинастырылған. Олар келешекте бүлініп немесе іс-түссіз жоғалып кетпес үшін облыстық музейге елуге жуық тас мүсін қойылған. Көбінесе көздері үлкен, алып денелі адамдардың сомдалуына қарағанда, олар билер мен абыздар, батырлар болса керек. Сонымен қатар, бұл залдан «Ұмай ананың» тасқа қашалынған бейнесін кездестіруге болады. 1960 жылы археологиялық қазба жұмыстары барысында Талас ауданы Билікөл жерінен табылған.

Қазақ халқының мәдени-тарихи мұраларын сақтап, болашаққа жеткізу мақсатымен, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде жинақталған қор негізінде, арнайы тас мүсіндер музейі ашылған. «Тараз 2000» облыстық тарихи өлкетану мүзейінің негізгі бөлігінің бірі. Мұнда б.з.б. І – ғасырдан бастап б.з. ХІІ ғасырына дейінгі экспонаттар қойылған және мұнда кірген адам ежелгі Тараз шаһары туралы толық мәлімет ала алады. Мұнда Қазақстандағы ең ежелгі қалалардың бірі Тараз қаласының көне тарихы, осы өңірде өмірге келген түрік қағанаты, түркеш, қарлұқ және қараханид сияқты аты әлемге әйгілі мемлекеттердің саяси және экономикалық орталығы болғандығын растайтын көптеген тарихи мұралармен таныса алады.

Музей қоры бірегей әрі құнды 65 мыңнан аса жәдігерлерді құрайды. Музейдің қор жинағы нумизматикалық, археологиялық, этнографиялық, кітаптар, құжаттар, бейнелеу өнері, фотосуреттер және тағы басқа қорды қамтиды. Атап айтқанда, нумизматикалық қорда ақша белгілері, тиындар, орден, медальдар, белгілер; археологиялық қорда палеолит, неолит, қола, темір дәуіріндегі, ерте және кейінгі ортағасырлардағы жәдігерлер; этнографиялық қорда шаруашылық және тұрмыстық бұйымдар, ұлттық киімдер, әшекей бұйымдар, музыкалық аспаптар; кітаптар қорында Жамбыл өңіріндегі ақын, жазушылардың шығармалары және музей қорына сыйланған қолтаңбасы бар кітаптар, бүктемелер, плакаттар; құжаттар қорында Тараз топырағына танымал құрметті азаматтардың және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құжаттары, сондай-ақ белгілі өнеркәсіп саласының үздік қызметкерлерінің құжаттары; бейнелеу өнері қорында Қазақстан Республикасының Суретшілерінің туындылары мен өңірге танымал суретшілер мен Тараз суретшілерінің туындылары; фотосуреттер қорында танымал, өндірістік кәсіпорындардың және жеке азаматтардың фотосуреттері сақталған.

Ел мәртебесін асқақтатқан «ЭКСПО 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне облыстық музей жан-жақты белсене атсалысуда. Осы ретте «Астана-сердце Азии», «Лидер нации» атты көрмесі жасақталды, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетімен бірлесе отырып суретшілердің туындыларымен «Бала өркениеті» атты және Тараз суретшілері мен қолөнер шеберлері, фотосуретшілердің қатысуымен «ЭКСПО-2017-болашақтың мекені» тақырыбында көрмелер ұйымдастырылды. Музей қызметкерлері қоғамның ең кішкентай бүлдіршіндерін де назардан тыс қалдырмады. Қалалық бірнеше балабақшаларда «Музей жәдігерлері ЭКСПО 2017 көрмесінде», «Тәуелсіздіктің түндігі-Астана» т.б. тақырыптарда дәрістер, жылжымалы көрмелер өткізді, оған 300-дей бүлдіршін қамтылды.

Жамбыл жерінің мәдениетін, тарихын Астана жұртшылығына, алыс және жақын шетелден келген туристерге көрсету үшін 2017 жылдың шілде айында Астана қаласында «Хан шатыр» ойын-сауық орталығының алдында, ашық аспан астында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі «Тараз -тарихымыздың алтын діңгегі» атты көрме жасақтаған болатын. Онда көрермендер ЭКСПО көрмесіне келген шетелдік заманауи инновациялық шешімдерді ғана көріп қоймай, бірнеше ғасырлық тарихымызбен, музей қорындағы бірегей құнды жәдігерлермен таныса алады.

Жақында «ЭКСПО 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне үш тілде музей қорындағы құнды жәдігерлерін қамтыған «Жауһар жәдігерлер» атты сувенирлік кітапша жарық көрді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер