BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ЭКСПО қонақтары ұмыт болған ортеке биін тамашалады

Фото: Майгүл Сұлтан

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арнап салынған «Этноауыл» мәдени қалашығында Жамбыл облысының шеберлері көрме өткізді. Көздің жауын алатын ұлттық бұйымдар әлемдік көрмеге келген қонақтардың назарына ұсынылып қана қоймай, шеберлер қала қонақтары мен тұрғындарына өнерлерін көрсетіп, шеберлік сабақтарын өткізді. Солардың арасында ағаштан түйін түйетін шебер Қазым Аманқосовтың қолынан шыққан ұлттық аспаптар жұрт назарын аударды. Әсіресе, ұмыт болған ортеке биіне таң қалғандардың қатарында біз де болдық.

Ортеке ‒ қазақтың көне қуыршақ театры. Ағаштан жасалған тау тағысын тек домбырамен ғана емес, ішекті аспаптардың барлығында ойнауға болады. Бүгінгі күні ұмыт болған сол тарихи мұраны жаңғыртып, халық арасында танытып жүрген шебер тараздық Қазым Аманқосов ортекенің жетілдірілген нұсқасын жасап, ЭКСПО қонақтарына ұсынды.

– Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақтың ұлттық аспаптарын жасаймын деп шештім. Сөйтіп қылқобыздар жасап жүрдім. Кейіннен ұмытылған ортекені жасағым келіп іздеп едім, таппадым. Механизмін Өмірғали деген күйші біледі екен. Сол кісінің айтуы бойынша алғаш рет ортеке жасадым. Мынау 1996 жылы жасалынған ортекенің үшінші нұсқасы, - деген шебер бұл ортекенің Қазақстандағы бірден-бір дамытылған нұсқасы екенін айтты.

Оның айтуынша, ортеке көбінесе 1-2 буыннан аспайтын көрінеді. Жамбылдан келген қолөнер шебері оған 3 буынға дейін қосып, физиканың тепе-теңдік заңдылығын 2 еселей отырып жасапты.

– Әдетте, ортеке 1-2 буынмен ғана жасалып, бір қырынан ғана билейді. Мен табиғи қозғалысты сақтай отырып, әр аяғына 3 буыннан қостым. Бірнеше жыл ізденуімнің нәтижесінде оны 360 градусқа айнала алатын етіп жасадым. Бұнда физиканың тепе-теңдік заңдылығы қолданылады. Ал мен сол физикалық заңдылықты екі есеге дейін арттырып қолдандым, - дейді Қазым Бейсенұлы.

Ортеке арнайы жасалған тұғырға орнатылады да, домбырашының саусағына жіппен байланады. Күйші аспапта ойнай бастағанда, перне басқан саусақтардың қозғалысымен қуыршақ әсем биге баса жөнеледі. Бірақ, көне көз қарттар ерте кездерде күйшілердің бір жолда 5-6 ортекеге дейін тұғырсыз билеткенін жеткізеді. Бірақ, Қазым Бейсенұлы бүгінгі күні соның барлығы ұмыт бола бастағанын, мақсаты сол – ортеке өнерін жас ұрпақтарға жеткізіп, ұмыт болған ұлттық мұраны насихаттауға үлесін қосу екенін айтады.

– Ортекені әлі де көп адамдар біле бермейді. Мен Таразда Мәдениет және өнер колледжінде сабақ берген кезімде жастарға оның жасалуы мен қолданылуын үйреттім. Менен көріп жасап жүрген шеберлер Алматы мен Астанада да бар, - дейді шебер.

Бұдан бөлек, кескіндеме, сәндік және мүсін өнерінің шебері Қазым Аманқосов қос ішекті қылқобыздар жасаумен және суретшілікпен де айналысады. Оның қолынан шыққан ұлттық аспаптар Еуропаның Франция, Германия, Испания және АҚШ сияқты бірнеше еліндегі жеке коллекцияларда сақталған.

Фото, видео: автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер