Көкбел қорымына жерленген ақмолалық атақтылар (ФОТО) - Асыл қазына|05 Шілде 2016, 11:35
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкбел қорымына жерленген ақмолалық атақтылар (ФОТО)

Фото: Ержан Жаубай

Астана қаласының «Жастар» шағын ауданында көне қорым бар. "Көкбел қорымы" деп аталатын ол жерге елімізге белгілі тұлғалар көп жерленген. Құлпытастағы жазбалар бойынша қарасақ, 1609-1962 жылдарды қамтитын көне қазақ қорымының тарихын зерттеушілердің, шежіре-кеуде қариялардың пайымдауынша, оның тарихы тым әріден басталады.

Оған осындағы кейбір құлпытастарда 1609 жылы дегенді 1668 жылы қойылды деп оқитын ғалымдар да кездеседі. Бұл жазулар туралы кезінде әртүрлі пікірлер де айтылған, қорым шежіресі 1800 жылдан бастау алған деп те жазылған.

Сонда Хабай Хасенұлы дейтін қорым қорықшысы қарсы пікір айтып: «Ескі араб жазуында (6) саны қазіргі қолданыстағы (9) санына ұқсас жазылады. Сол себепті, тастағы мына сандар (1668) болып оқылуға тиісті. Өйткені, бұл қорым 1962 жылы жабылған. Мына құлпытастағы жазу: «Ғайша бибі 1668 жылы фәниден бақиға көшті», - деп жазылған» - деп, сұрағандарға оны түсіндіріп те берген-ді.

2013 жылы ақпарат және тарих саласында сенсация қозғаған атақты Кенесары батырларының құлпытасы да осы Көкбел қорымнан табылды.

1-жол: Ережеп айының соңғы оразасында

2- жол: 1838 жыл Сармырза

3-жол: Қарулы күпарлар қолынан

4-жол: жекпе-жекте шаһит... Саржан өкілі

5-жол:50 жасауыл... Ақмола...

6-жол: Ханның өкілі төрелер 200 сардар

7-жол: көшті Алла тағала шаһит

8-жол: тердің жанын жаннаттың...

Құлпытастың сол жақтағы тігінен жазылған жазуда «Иманқұл, руы – Қаракесек» - деген сөз бар. Мұнда көп нүкте қойылған жерлердегі жазулар соншама алыс уақыттар ішінде күн қақтап, жел мүжіп өшіп кеткені өкінішті.

Кенесары хан сарбаздарының Ақмола бекінісін қалай шапқаны, 200 сардардың қалай шаһит кешкені, оларды полковник Шубинның алдап, қақпанға қалай түсіргені, әсілгі Ақмола мен қазіргі Ақмоланың нақты орны қай жерлер екені жайында Ресей мұрағаттарында сақталған нақты құнды деректер сақталған.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың зерттеуінде: «Кенесары 1837 жылы Чириковтың жазалаушы отрядының бетін қайтарып, Симоновтың жазалаушы әскерін шөлге қамап, Рытовтың отрядын талқандады, сөйтіп қол астына Ақмола, Қарқаралы және Баянауыл округтерінің аумағын қаратты. 1838 жылдың басында бытыраған қазақ жасақтары Кенесарының қол астына бірігеді. Көктемде ол Батыс Сібірдің губернаторы Горчаковқа Ресей өкіметінің саясатына қарсы арнайы қарсылық хатымен елші жібереді, қазақ аумағындағы Ақмола сияқты бекіністерді жоюды, тартып алынған жайылымдарды қайтаруды талап етеді. Сұлтанның жіберген өкілдерін жазалаушылар орта жолда ұстап алады, содан кейін Кенесары Ресейге қарсы қарекетке белсене кіріседі.

1838 жылы мамыр айының 20-сы шамасында Кенесарының әскерлері Ақмола бекінісінің түбінде шоғырлануы осы себепті. Саққұлақ шешеннің шежіресіне қарағанда Кенесары қолы Ақмолаға қаржас ауылдары арқылы келген. Бұл шамасы Шорманның Қаракөлі аталатын жерлер болса керек. Бұл көл Нияз тауларының баурайында. Нияз тауларынан Есіл өз бастауын алады. Егер қалың көш Ақмолаға тіке тартса, шамамен 50-60 шақырым, яғни бір күндік жол. Қаржас Азынабайдың Сейтен, Тайжан деген Кенесарыны жақтаған балаларының жері Есілдің бойында Жалғызағаш екен

Шежіреде: «Сол күн бейсенбі еді. Қаржас ауатын бетіне қарай қозғалды. Өсіп-өнген жерді қию қайдан оңай болсын...Ел улап-шулап, азан-қазан болып жатыр...Күн бата қол тұс-тұстан ала туды көтеріп, Қаржасты аударып ала жөнелді...Түн бойы жүріп отырып, күн шығып келе жатқан кезде, қол тынығуға түсті. Кенесары бар қолды жинап алып, «Ақмола қаласына жақындадық, менің ойым қаланы шауып, сұлтаны Қоңырқұлжаны өлтірмек. Сендер өз ойларыңды айтыңдар» деп әмір ескертті» дейді. Қарапайым есеппен жылдам жүрген көш бір түнде 50 шақырым жолды еңсеріп тастауы әбден мүмкін.
Адам мен мал осы жерде тынығып алған соң алға жылжыған көш қалаға жақындағанда тағы да тоқтап, жауынгер жағы сапқа тұрды. Бұл 25 мамыр күні болуға тиісті. Кенесарының бұйрығымен «сап үшке бөлініп, әрқайсысы бір-бір төбенің басына шоғырланды». Бірінші қолға бекініске Қызылжардан келетін қаражол жағынан тиюге бұйрық берілді. Ол жасаққа Ағыбай батыр қолбасы сайланды. Жалпы Ағыбай Кенесары әскерінің ішінде «батыр басы» деген атақпен белгілі, яғни бас қолбасшы саналды.
Екінші қолды Басықара батыр басқарып, ол Қараөткелді шығыс жағынан шабуылдады. Негізгі әскер «Ұлы ту» аталып, ол Есілді жағалай Ақмоланың түстік-шығыс жағынан шабуылдайтын болды» - деп жазады..

Балуан Шолақтың ғашығы Ғалия жерленген бұл ескі қорымда көп адам мәңгі ұйқы құшағында жатыр. Алғашқыда «мұнда 50 мыңнан астам адам жерленген» деп есептелетін еді, кейін «мұнда 100 мыңнан астам адам жерленген» деген болжам бой көтерді. Оған 1916-1917 жылдары Ақмола қаласында оба ауруының бұрқ етіп, мыңдаған адамдардың қырылуы, жұқпалы кеселден шейіт болғандарды топ-тобымен осы қорымда арнайы қазылған үлкен орларға беттерін жерге қаратып жерлегені басты дәлел және себеп болса керек. Қорым қорықшысының, мамандардың айтуынша, обадан өлгендердің беттерін жерге қаратып жерлеудегі мақсат – аурудың ауаға тарап, сыртқа шықпауы үшін жасалған шара көрінеді. Әйтеуір, кезіндегі оба ауруынан қайтыс болғандарды осындағы бауырластар бейітінде жерлегенде, оның айналасына дөңгелетіп топырақ үйіп, оны киіз пішімінде биіктетіп, әбден таптапты. Жалпы, бұл зиратқа кейін мәйіттер 1962 жылғы шілде айына дейін жерленген.

Ақмола қаласының байырғы тұрғыны, жазушы Әскең Нәбиұлының, басқа да қариялардың айтып кеткен әңгімесімен ой қорытсақ, сол бір халық басына қасірет әкелген оба ауруы тараған жылдары осы қалада өмір сүрген Ахмет Ғұсманұлы дейтін дін қайраткері, ел арасында Ақтамақ халфе атанып кеткен қажы атамыз қасына тоғыз молданы ертіп алып, бұл қорымның ортасына келіп, күні-түні қатым оқып, оба ауруының бетін қайтарыпты. Ақтамақ халфе (Ахмет Ғұсманұлы) негізінен, 25 жасында қажы атанған, Қоржынкөлде Мешіт үйін салдырған, атақты Сәдуақас – Ғылмани Сәкен халфенің ұстазы болған кісі. Ақтамақ халфе де кейін осы көне зиратта жерленіпті. Ендігі міндет: оның да бейітін тауып, қай жерде екенін халыққа айтып көрсету.

Астана қаласының «Жастар» шағын ауданында орналасқан көне қазақ қорымында жерленгендер жөнінде әлі де зерттеуді қажет ететін әңгімелер көп. Солардың бірі – 1918 жылы Колчак әскерінің Ақмоланы басып алғанында жергілікті коммунистерді аяусыз жазалағаны, комиссар әйел бастаған бір топ чекистің қанжоса болған мүрделерінің осындағы бауырластар бейітінде жерленгені, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаладағы госпитальде қайтыс болған мұсылман халықтары өкілдерінің де сүйектерінің осы қорым қойнына берілгендігі туралы әңгіме. Кезінде көзіміз көрді, құлағымыз естіді, осында жерленген аға, әке, аталарына құран оқып қайтуға Мәскеуден, Петербургтен, Омбыдан, Кавказдан, Қазаннан, Болгария мен Албаниядан да талай адамдардың келіп, кетіп жатқанын.

Ақиқатын айтар болсақ, Астанадағы көне мұсылмандар қорымында Балуан Шолақтың ғашығы Ғалияның жерленгенін алғашқылардың бірі болып айтқан, оны балаларына, таныстарына көрсетіп кеткен кісілердің бірі жазушы Әскен Нәбиев болатын. Бұл жөнінде 2008 жылғы 28 мамырда «Егемен Қазақстан», 2012 жылғы 10 тамызда «Инфо-Цес» газеттерінде де айтылды. Белгілі қаламгер Жылқыбай Жағыпарұлы өзінің «Егемен Қазақстан» газетінде 2008 жылғы 28 мамырда жарық көрген «Елордадағы ескі қорым ескерілсе» деген мақаласында тіпті, бұл жөнінде былай деп те жазады: «Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі жазушы Әскен Нәбиевтің айтуынша, бұл зиратта еліміздің тарихына қатысты біраз тұлғалар бар көрінеді.

- Қазақтың халық композиторы, жауырыны жерге тимеген балуаны, атақты Балуан Шолақтың (Нұрмағамбет) халық арасында кең тараған «Ғалия» әнін білмейтін қазақ жоқ. Бұл – нәзік сезімді, мөлдір махабатты асқақ сазбен жырлаған ғашықтық лирикасы. Ән өнерінің дүлдүлі Балуан Шолақ ғашық болған сол Ғалия осы Ақмолада қымызхана ұстаған екен. Ол өзі асқан өнерпаз, көркіне көз тойғысыз адамзаттың сұлуы болған деседі. Әйел затының символы саналатын сол Ғалия да осы қорымда мәңгілік қоныс тепкен, - дейді Әскен ағамыз.

Мұндай қала ортасындағы үлкен қорым Қазақстанның басқа ешбір қалаларында жоқ. Бұрынырақта бұл зираттың маңайы күйдірілген қызыл кірпіштеп өрілген биік дуалмен қоршалып тұратын. Іші сыңсыған қалың орман болатын. Соғыс жылдарында сол кірпіштерді бұзып, Ресейден осында көшірілген, қазіргі Уәлиханов көшесінің бойында тұрған сорғы зауытын салды. Ағаштарын қиып отқа жақты. Көптеген құлпытастарды қопарып, диірмен салуға пайдаланды. Сонау бір жылдары ақсақалдардың аузынан көне ғасырлардан сыр суыртпақтаған небір жазулар мен белгілер салынған табиғи сом гранит тастардан жасалған талай-талай құлпытастарды преске салып, уатқанын көзімізбен көрдік деген әңгімені талай естідік.

Бақытсыз келте ғұмырында Балуан Шо­лақтай ел арысының жүрегін сағынышпен өртеп, өлмес ән кейіпкеріне айналған ару ақыр соңында айықпас сырқатқа ұшырап, 1922 жылы 23 сәуірде 48 жасында қайтыс болады. Осыдан кейін Ғалы бір жыл қаза соңын күтіп, жылын беріп, басына құл­пы­тас орнатқаннан кейін өздерімен бірге тұ­рып жатқан Нұртайды Семейге өзімен бірге алып кетеді. Нұртай Ғалияның би болып, ел басқаруға қатысқан Жырынбек Қожабайұлы деген немере ағасының баласы. Ағасы 1916 жылы қайтыс болғанда, соңында Сартай, Нұртай деген екі ұл қалады. Ғалия оларды өзімен бірге Жаңаарқадан Ақмолаға алып келеді. Оның басына орнатыл­ған құлпытасқа: «1922 жылы 23 апрельде. Руы Қалыбек. Ғалия Ғалыжамағаты Тіле­у­қызы 48 жасында фәниден бақиға рахат айлады. Алла Тағала рахмет айлап, жанын Жәннаттан айласын. Қалғандары әруағына бір дұға еткізді», деп шағатай тілі үлгісін­де төте жазумен таңбаланған екен. Ескерт­кіш тасты Ғалияның күйеуі Ғалы Құрақбаев орнатыпты» – деп жазады тарих ғылымдарының докторы, ғалым Марат Әбсеметов.

Көкбел қорымына Алашорда қайраткерлерінің бірегейі Смағұл Сәдуақасов та жерленген. Смағұл Сәдуақасов (1900-1933) – кеңестік мемлекет, саяси, мәдениет қайраткер. Бұрынғы Көкшетау облысы, Ленин ауданы, Жарқын ауылында туған.

Он жасына дейін «Ғалия медресесін» бітірген өз әкесі Сәдуақас хазіреттен тәлім-тәрбие алып, одан кейін Әбіл молда мектебінде білімін жалғастырады. 1912-1915 жылдары Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіріп, бір жыл мұғалім болады да, Омбыдағы ауылшаруашылық мектебіне түседі.

1918-1920 жылдары «Центросибирь» кооперативтер бірлестігінде қызмет етеді.

1920 жылы Орынборда Қазақстандағы алғашқы жастар ұйымының хатшысы болып сайланады.

Сол жылы жаңа құрылған Қазақ Автономиялы республикасының үкімет басшылығына қызметке алынады. 1925-1926 жылдары «Еңбекшіл қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты шығарушысы, әрі «Қызыл Қазақстан» («Ақиқат») журналының редакторы, 1925-1927 жылдары Қазақ АССР Халық ағарту комиссары, 1927-1928 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректоры қызметтерін атқарды.

1928-1932 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті.

Мемлекеттік, қоғамдық қызметпен қоса әдеби-ғылыми шығармашылықпен айналысып, сол кезде шығып тұрған қазақ, орыс тілдеріндегі көптеген газет-журналдарда саясат, шаруашылық, ел ісі, мәде­ниет, әдебиет, өнер, тарих мәселелерін сөз еткен мақалалары жарияланды.

Көркем әңгімелері де жарық көрді. Оның «Жастармен әңгіме» (Орынбор, 1925 жылы), «Ұлт театры туралы» (Қызылорда, 1926 жылы), «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» (Қызылорда, 1927 жылы) деген үлкенді-кішілі кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ Қазақстандағы ұл-азаттық көтеріліс пен Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірін арқау еткен «Сәрсенбек» атты романы да бар. «Салмақбай, Сағындық» (1923 ж.), «Күміс қоңырау» (1927 жылы) повестері қазақ әдебиетіндегі проза жанрын дамытуға қосылған үлес болып табылады.

С. Сәдуақасов «Еңбекшіл қазақ» («Егемен Қазақстан») басылымды екі рет (1921 жылы қаңтар – 1921 жылы ақпан және 1925 жылы қаңтар – 1926 жылы сәуір) басқарған кісілердің бірі.

Смағұл Сәдуақасовтың бүкіл қайраткерлік, азаматтық болмысы жарқырай танылған кезең 1925-1927 жылдар еді. Бұл кезде ол республика халық ағарту комиссары, әрі өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі болды. Бұл кезең сонымен бірге Ф.И.Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетін басқару кезімен дәлме дәл келеді.

С. Сәдуақасов мен Ф.Голощекиннің арасындағы келіспеушілік, қақтығысты тарихшылар төрт түрлі мәселеден сабақтап жүр. Олар біріншіден, мекемелердегі іс қағаздарын қазақыландыру, екіншіден, қазақтың оқыған, көзі ашық зиялы қауымына деген көзқарас, үшіншіден, байлар мен орташаларға деген көзқарас, төртіншіден,өнеркәсіпті дамыту.

Асыл азамат 33 жыл ғана ғұмыр сүріп, 1933 жылы Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысындағы апатта қайтыс болды. Араға 77 жыл салып, Смағұл Сәдуақасов мәйітінің күлі азат Қазақстанның астанасына жеткізілді.

Осында жерленген атақты адамдардың ішінде қазіргі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың нағашы атасы Кәрім Әжібеков те жерленген.

Кәрім Әжібеков 1900 жылы бұрынғы Семей уезінде, қазіргі Павлодар облысы, Лебяже ауданындағы Корт ауылында, қазақтың Мәшһүр-Жүсіп пен Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді ұлы ақындары жырлаған ақ қайыңдар мен мөлдір көлдер өлкесінде, сол аймаққа кеңінен танымал ұста, қару-жарақ шебері, Уақ руынан шыққан атақты Ер Көкше мен Баян батырлардың ұрпағы болып табылатын Әжібектің үйінде дүниеге келді. Қазақ Ордасының ханы Абылайдың атынан Қытай императоры Цянь Лунмен келіссөзге қатысқан Баян баһадүрге күллі түрік поэзиясының тарланы Мағжан Жұмабаев тұтас поэма арнаса, ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов қазақ батырлары жайлы ғылыми мақаласында Баян батырға кеңінен тоқталады.

Ауылдағы молдадан араб тілін үйренген Кәрім Алтай өлкесінде оқуын орыс тілінде жалғастырады. Тағдыр Кәрімнің жолын ұлы тұлғалармен тоқайластырды. Бозбала кезінде ол қазақтың ірі жазушысы Жүсіпбек Аймауытовпен, Томск университетінің студенті Қаныш Сәтбаевпен танысады, павлодарлық ақын Павел Васильевтің өлеңдерін құмарлана тыңдайды. Сондай-ақ ол Павлодарда өз сүйіктісін кездестіреді. Әйгілі татар көпесінің қызы Файка Мірқадамқызы Айтикинамен танысып, 1931 жылы соған үйленеді.

1921-27 жылдары К.Әжібеков Семейдегі Казпедтехникумде және ІІ-деңгейдегі совпартшколада оқиды. 1920-30 жылдары ол партия тапсырмасымен сауатсыздықты жоюмен, аштықпен күреседі. Жауапты партиялық тапсырмаларды орындау үшін Семейге, Павлодарға, Қарқаралыға, Оңтүстік Қазақтан облысының Арыс ауданына, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына, Лениногорск қаласына жіберіледі.

Кәрім Әжібеков адал да таза адам ретінде көшпелі халықтың малын тәркілеу кезінде жаппай ашаршылық пен халықтың аштықтан қырылуына апарып соққан партиядағы «асыра сілтеушіліккке» қарсы ашық күреседі. 1929 жылдың 31 тамызында Павлодар округтік партия комитетінің жабық мәжілісінде Кәрім Әжібеков қатты сынға алынса, 1933 жылы Жарма ауданының хатшысы кезінде аштыққа ұрынған көшпенді халықтың заңды талабын қолдағаны үшін партия қатарынан шығарылады. Бірақ үш айдан кейін қайта қабылданады. Оның қуғын-сүргін мен зұлматтан аман қалуы таңқаларлық жағдай.

1933-39 жылдары Қазақ ССР Халық комиссариаты Кеңесінде жұмыс істеген К.Әжібеков үкімет тапсырмасымен Түрксібке жіберіледі. 1942 жылдың ақпанынан 1943 жылдың шілдесіне дейін ол осы жолдың Шымкент бөлімшесінің басшысы болып қызмет атқарады. Өзіне «бронь» берілгеніне қарамай, сұранып жүріп майданға аттанады. Алдымен 2-Белорусь майданында, кейінірек Жапонияның Квантун армиясына қарсы Забайкал майданында артиллерия батареясын басқарған Кәрім Әжібеков Отанының ер жүрек ұлы ретінде көзге түсіп, «За боевые заслуги», «За победу над Германией», «Берлинді алғаны үшін», «Кеннигсбергті алғаны үшін», «Будапешті азат еткені үшін», «За победу над Японией» және басқа да көптеген жауынгерлік медальдарға ие болады.

Армиядан қайтқан жас офицер 1947-48 жылдары Ақмола облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары болып қызмет істейді. Жалындап тұрған жас бар қайратымен бейбіт өмірге белсене араласады. 1948 жылдың күзінде Кәрім Әжібеков Қарағанды теміржолы саяси бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Соғыс жылдары теміржол көлігінде Жоғарғы Басқолбасшының бұйрығымен енгізілген бұл саяси жоғары қызмет 1948 жылғы қыркүйекте ВКП(б) ОК Қаулысымен қайтадан ашылды. Саяси бөлімнің басты міндеті – мемлекеттік және еңбек тәртібінің сақталуын қадағалау, теміржолшылардың саяси және еңбек белсенділігін арттыру, тасымалдың мемлекеттік жоспарын орындауды және асыра орындауды қамтамасыз ету болып табылатын. Өз жұмысында жоғары кәсіби деңгейімен, жылы сөзімен, сабырлы мінезімен ерекшеленген, жаңалыққа жаны құмар, әрқашан істің тиімділігін көздейтін Кәрім Әжібеков теміржолда алғашқылардың бірі болып селекторлық кеңес өткізуді енгізді.

Сондай қызу күндердің бірінде Қарағанды темір жолының бастығы Николай Элагин мен Кәрім Әжібеков Алматыдағы Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Шаяхметов ұйымдастырған шұғыл кеңеске шақырылды. Күн тәртібінде экономикасы дамыған солтүстік облыстарды республиканың оңтүстігімен және Орта Азия республикаларымен қосу мәселесі тұрды. Ол кезде Қарағандыдан Алматыға жету үшін Ақмола-Көкшетау-Петропавл-Омбы-Барнауыл арқылы жүру керек болатын. Осы жолды 1300 шақырымға қысқартып, Транссібір мен Түрксіб магистральдарын қосу үшін Мойынты-Шу желісі салынатын болды. Қазақстан Компартиясы ОК және республика үкіметі «халықтық құрылыс» деп жария еткен бұл құрылысты Қарағанды темір жолы жағынан Кәрім Әжібеков, Түркісіб жағынан Мұстафа Қазыбеков, ал республикалық комиссияны сол кездегі ҚазССР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары Дінмұхамед Қонаев басқарды. Құрылыс өте қиын климаттық жағдайда жүзеге асырылды. Темір жолмен қатар оның бойына өнеркәсіптік және мәдени тұрмыстық инфрақұрылымы бар Сарышаған, Шығанақ, Мыңарал, Қияқты, Хантау сияқты стансалар салынды. Құрылыста істеген халық арасында Кәрім Әжібеков жауапкершілігі мол, қайырымды, кішіпейіл басшы ретінде көзге түсті. 1953 жылы 25 қазанда іске қосылған бұл темір жол желісі құрылысшыларының қаһармандық еңбегі үшін белгілі қазақ ақыны Хамит Ерғали «Үлкен жолдың бойында» деген поэма арнады.

Кәрім Әжібеков сондай-ақ Ақмола-Павлодар теміржол құрылысына белсене атсалысты. Қарағандыны Кузбаспен, Магнитогорскімен қосқан, тың өлкесі үшін өте үлкен маңызға ие бұл жол 1952 жылы 16 ақпанда салынып бітті. Солтүстік және Орталық Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеру Ақмола қаласын Кеңес одағындағы ең үлкен теміржол торабының біріне айналдырды. Тыңды көтеру кезеңіндегі Қарағанды магистралі теміржолшылар арасында жүргізген нәтижелі саяси жұмысы үшін Кәрім Әжібековті мемлекет басшылығы «Тыңды игергені үшін» медалімен марапаттады.

Қарағанды теміржолының комиссары ретінде Кәрім Әжібеков тұрғын үй және мәдени-тұрмыстық нысандардың салынуын қатаң партиялық бақылауда ұстап отырды. Ақмолада сол кездегі республикадағы ең үлкен теміржолшылар сарайы (қазіргі Астанадағы Опера және балет театры), емхана, мектептер, демалыс үйлері салынды. Оның назарынан Қарағанды мен Павлодардың, Бурабай мен Атбасардың, Құсмұрын мен Ерейментаудың, Ағадырдың, Жезқазған мен Балқаштың темір­жол­шылары да тыс қалған жоқ.

Кәрім Әжібеков тамаша ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Үміт – МГУдің философия факультетін үздік бітірді, қазір профессор. Екінші қызы Элеонора Омбының теміржол институтын бітірді. Ұлы Әділ – Мәскеудің көлік институтын бітірді, бүгін білікті профессор. Ол тәрбиелеп өсірген жиені Роза Хұсайынқызы да қазір профессор, медицина ғылымының докторы.

Ата жолын қызы Элеонорадан туған, атасының құрметіне Кәрім аталған жиен немересі де қуды. Еліміздің астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілген кезде Көлік және коммуникация министрі, жап-жас Кәрім Мәсімов Ақмоладағы бір кездегі өзінің атасы отырған кабинетке жайғасып, қызмет жолын бастаған Кәрім Мәсімов қазір ҚР Үкімет басшысы қызметінде.

Кәрім Әжібеков 1961 жылы Целиноград қаласында қайтыс болды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер