Қазақтың шілдехана күзету дәстүрі - Асыл қазына|11 Тамыз 2016, 11:46
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақтың шілдехана күзету дәстүрі

Бала дүниеге келген күні ақшамнан, яғни, анасы толғатып жатқан кезде толғағы жеңіл болсын деген ырыммен өтелетін жарыс қазанның соңынан іле ـ шала шілдехана думаны басталады. Келесі күнге дейін ауылда шілдехана күзетіп, ауыл өнерпаздары, дүниеге келген баланың кіндік шешесі, жақын ـ жанашыр, туысـтуғандары, көрші-қолаңдар бала туған отбасына «Баланың бауы берік болсын» айтып, амандық тілеп шілдехана тілеуіне қатынасады.

Қазақ дағысында әйелдің жүкті кезінен бастап, босанған әйелге сойып беріп сорпалап, шілдехана тойына жиналғандарға «қатындардың қалжасы ортақ» деп, құрметтеп асып беруге арнайы бір мал дайындап, мұны қалжалық мал деп атайды.

Қазақ қалжалық малды арнаулы өлшеммен дайындайды: қалжаға іріқара, ешкі түліктері сойылмайды. Түсі ақсарбас, күйлі, еркек (құнан, дөнен) қой әзірленеді. Семіз еркек қойдың, соның ішінде күйлі құнан, дөнен қойдың еті мен сорпасы өте қуатты, нәрлі болатындықтан, босанған ананың әлـқуатын толықтап, тезірек сергуіне пайдасы зор болады. Бұл талғам қазақтың асـтағам даярлау даналығын танытады. Ал, қалжалық малдың түсінің ақсарбас болуы – қазақтың өзіндік танымـсенімінен туындаған.

Қазақ халқы қуанышқа, жақсы тілеу, тойـтомалақтарға ақсарбас мал (қой) дайындайды. Қара түсті, әсіресе, шымқай қара қой, ешкіні қуанышты ырымға соймайды, ондай малды көбінесе, қаралы өлімـжітім, тасаттық беруге істетеді.

«Шілдехана тойында жаңа босанған әйел үшін қалжаға сойылған малдың еті ортаға келгенде жөн білетін бір әйел омыртқаны қолына алып, оның етінен әйелдердің бәріне ауыз тыйгізіп, әбден мүжіп, мойын сүйекті тобылғыға тізіп, үй ішіндегі биік жерге іліп қояды. Мұнысы баланың мойыны тез бекісін деген ырымды меңзейді.

Шілдехана күзетінде домбыра шертіліп, айтыс оздырылып, әнـжыр, қиссаـдастан, тақпақ, жүмбақ, жаңылтпаш айтылып, күндіз ат ойындары, түнде ақсүйек, жасырнбақ, алтыбақан қатарлы тұрмысـсалттық, спорттық ойын түрлерін өткізеді. Шілдеханаға жиналған көпшілік жағымды кеңестер, жаңа туған нәрестенің болашағы туралы болжамдар айтып, дүние есігін ашқан ұрпаққа жақсылық бағыштайды. Қазақ салтында ұрпақтың дүние есігін ашуы – бала туған отбасының ғана қуанышы болып қалмастан, бүкіл ауылـаймақтың ортақ қуанышы ретінде есептеп, дүниеге келген ұрпақ жайлы: «Қызы бар үйдің құты бар», «Қыз бар жерде сыр бар», «Ұл туғанға күн туар», «Ұлы бардың туы бар», «Ұлы бардың өзі бар, қызы бардың ізі бар», «Екеуі бардың көзі бар» деп ағынан ақтарылып, баланың бақытын барлық қуаныштың биігіне қойған.

Шілдехана тойын өткізу – баланың өмір есігін ашқан балзәм сәтіне орай өткізілетін шаттық тойы болумен қатар, өзіндік киелі себептерді де қамтып жатқан. Оның бірі, дүниеге келген ұрпақты құттықтау, қарсы алу. Екіншісі, дүниеге келген ұрпаққа амандық тілеу. Шілдехана атауының түп мәні парсының чілтін (чіл – қырық, тін – тән, дене) сөзінен келіп шыққан. Қазақтар «Чіл» атауын «Шілтен» деп, оған қырық санын үстеп, «Қырық шілтен» деп атаған. Себебі, шілтеннің саны қырық болады дейді. Байрығы қазақ ұғымында шілтен атты рух (көзге көрінбейтін киелі бейне) болады, олар мазарларда, кесенелерде мекендейді. Құдайға құлшылық жасайды, мұсылман баласына медет береді, құлшылық жолға түскендерге жөн сілтеп, қиыншылыққа ұшырағандарға, мүсәпірлік жолдағы жолаушыларға қол үшін береді деп аңыз етеді. Сондықтан қазақтар айдалада жолаушы жүрген кездерінде молаларды пана тұтып, мазарларға түнеген. Қазаққа тән киелі күш сол қырық шілтеннің бірі, қыдыр ата деп қарайды.

Біздің шілдехана атауымыздағы әне сол, шілтен атауынан келген. Шілдехана күзетуді кей өңірлер «Шілделік күзету» деп те атаған. Жас босанған әйелді түн бойы жынـшайтан жағалап жүреді деп ырымдап, босанған шеше мен оның жаңа туған нәрестесін ауылдың саркідір әйелдері мен қызـкеліншектері үш күн бойы жынـжыбырдан қорғап күзеткен. Мұның астарындағы ғылымилық жас босанған шеше мен оның жаңа туған нәрестесін ұдайы неше күндей (күніـтүні) жақсы күтімдеп, денсаулығын қадағалап, зиянды жәндіктер мен қатерлі жағдайлардан қорғау мақсатын атқарған.

Жас босанған әйел мен жаңа туған жас сәбиді күн батқаннан, таң атқанша ұйықтамай күзетіп отыру барысында түнімен өлең айтылып, әнـбимен, ойынـсауықпен ортаны думандатып, босанған шешенің жан сарайын шаттыққа бөлеп, жаңа туған нәрестенің құлағына жағымды әуен, тәтті тілек, аталы борыштар мен алқаулы сөздерін ұялатқан.

Қазақ халқының салтында бала педагогикасы нәрестенің ана құрсағында жатқан кезінен ойластырылып, ғылыми жүргізіліп келген. Қазақ ұғымында, бала іште жатқанда отбасының жаңжалы мен ұрысـқағыстарын естісе, ауыраяқ ана аштық пен ашـжалаңаштықтың, қасырет пен қайғыـшердің алапатын тартқан жағдайда іштегі ұрпақ сәлемет туылмайды. Есейгенде жетелі бола алмайды деп, ал, оның оңынша, бала іштегі кезінен бастап бала тәрбиеісін жүйелі жүргізіп, екіқабат әйелді ренжітпей, көңілділікке шомылдырып, толық күтімдеп, іштегі балаға ақырын да, сазды үнмен тілдесіп, оның аманـесен өмір есігін ашуын, тамаша болашақ, жарық дүние, қормал әкеـшешесі, жанашыр туысқандары, туған ауылы құшақ жая күтіп отырғанын баяндап, іштегі баланың келешекте өте білікті, текті ұрпақ болатындығына сенім білдірсе, мұндай баптау көрген нәресте қуатты, сапалы, тез, толық жетіледі деп таныған.

Қазақтың іштегі нәресте тәрбиесін көбінесе әкеـшешесі, әжесі жүргізіп келген. Осындай ұнасымды да, ғылыми тәрбие мен балаға мейірـшапағаттың жалғасымы нәрестенің дүниеге келген құрметіне арналған шілдехана тілеуімен ұласып жатады.

Халқымыздың рухани әлемде дүниеге жаңа келген сәбиге қырық шілтеннің де ықыласын кіріктіреді. Бала дүниеге келген уақыттан бастап, қырық күнге дейін қырық шілтен сәбиді күзетіп, қорғап, қоршап пәлеـқаза, жынـшайтандардан аман сақтап жүреді деп қарайды әрі бала туғаннан қырық күн ішінде бөлекше қорғап, сыртқа шығармай, жат адамға көрсетпей, табиғаттың алуан құбылыстары мен балаға берілетін асـтағамдарда сақтықты күшті ұстайды.

Бала дүниеге келгеннен кейінгі қырық күннен соң, «Қарақұлақтанды, қатарға қосылды деп», ырым жасаған. Құттықтап, бір малын атап сойып немесе бір жілігін кәделеп асып, қырық шелпек пісіріп, көршіـқолаңдарды шақырып шай беріп, қырқынан шыққан баланың қарын шашын алған.

Баланың қарын шашын, ит жейдесін шешесі бала есейіп азамат болғанға дейін киелеп сақтап қояды.

Қазақ ұғымында адам дүниеден өткен қырық күн ішінде қырық шілтен қазалы отбасында, мазар басында болып аруақтарға сауап жолдарын жасайды деп қараған әрі әруақ шыққан отбасы мен ауылы адам пендесі дүниеден өтіп, жерленген күннен бастап, қырық күнге дейін, отбасындағы мәйт жатқан жерге қырық шырақ жағады. Әруақ аттанған отбасының шамын (отын) қырық күнге дейін өшірмей жағып, аруақтың қайтыс болғанына қырық күн толғанда мал сойып, ас дайындап, көршіـқолаң, туысـтуғандар жиналып, құран хатым оқытып, әруақтың қырқын берген.

Осындай салтـдәсүрлерге байланысты шілдехана күзету, ұзатылатын қыздың тойы (қыздың өз төркінінен аттануы оліммен бірдей делінуден) қырық күнге ұласып жататын салтанат, ырымдар болған. Мұның барлығы қазақтың өлгенге құрмет етіп, тіріні ардақтайтын асыл салты саналады.

Шілдехана тойы көлемі шағын болғанымен мәні терең, қазақтың тойـтомалақ салтында салтанатпен аталатын ұлттық богенайы бөлек, мәртебесі үстем тұрмыс ـсалттық қимылы болып табылады.

«Шілдехана, бесік той,

Тұсау кесер, сүндет той»

– деп шырқалатын «Қазақ дастүрі» әні міне, осындай мәйегі мығым ұлттық салтымызды әнـжыр әлемінде марапаттаған.

Табысбек Шариғат

Қаламгердің «Қазақтың асыл салт-санасы» жинағынан.

Дайындаған Ұларбек Дәлейұлы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер