Қазақстан халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды (ФОТО) - Асыл қазына|31 Мамыр 2016, 16:47
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстан халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды (ФОТО)

Фото: Надежда Лыкова

Бүгін Қазақстан халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып жатыр. Ақмол ауылындағы «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешеніне жиналған жұртшылық солақай саясат кесірінен жапа шеккен азаматтардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Baq.kz.

Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алуға арналған шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар, тар жол тайғақ кешкен тақсіретті кезеңдердің де аз болмағанын айтты.

«Өткеннің өкінішті кезеңдерін еске салсақ, 1925 жылы елімізді басқаруға келген Филипп Голощекин Қазақстанда кіші қазан төңкерісін жүргізу сасатын ұстанды. Соның салдарынан ұлт зиялылары жаппай қуғындауға ұшырады. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қазақ елінен қудалады, олардың көзін жоюды қолға алды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділер республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды», - деді Г.Әбдіқалықова.

Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына араға жарты ғасырға жуық уақыт салып, әзер дегенде жетті.


Мемлекеттік хатшы атап өткендей, Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек» деген сындарлы сөзі тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық рухтың өрлеуіне жол ашты. Егемендіктің ширек ғасырында ел тарихының көмескі беттері қайта ашылып, мемлекетіміздің соңғы жүз жылдықта жүрген сүрлеуіне жаңаша баға беріліп жатыр.

Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясаты мен зұлмат әрекеті ешбір елді таңдап, ешбір адамды талғаған жоқ. 1920-1950 жылдары Кеңес одағында миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақтың қаншама қабырғалы тұлғалары сол солақай саясаттың құрбандарына айналды.

«Қанды қасап кезеңінде қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды. Жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанға миллиондаған адам күшпен көшіріліп әкелінді. Олардың қатарында кәрістер, финдер, немістер, поляктар, күрттер, түріктер, кавказдықдар және басқа да көптеген ұлттар болды. Үздісіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын-сүргіннен есін жия алмай жатқанына қарамастан, қазақ халқы тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлыстарды бауырына басты. Кеңестік биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған сол этнос өкілдерінің барлығы бүгінде тату-тәтті өмір сүріп жатыр», - деді сөзінде Г.Әбдіқалықова.


Сталиндік репрессия жылдары Қазақстанда 11 арнайы лагерь құрылғаны белгілі. КарЛаг, СтепЛАГ, АЛЖИР секілді лагерлерде 2 миллионға жуық тұтқын жапа шекті. Қазақстанға жиырмасыншы ғасырдың басынан бері 5,6 миллион адам қоныс аударған. Ал ол кезде қазақтардың саны бар болғаны 6 миллион еді.

1921-1954 жылдары кеңес елдерінде 3,7 миллион адам сотталып, 640 мыңнан астамы атылды. Ал 1937-1938 жылдары республикада 100 мыңнан астам адам сотталып, 25 мыңы атылу жазасына кесілді. Оның ішінде елдің бүкіл дерлік басшылығы – 650 адам бар. Қазақ интеллигенциясының қаймағы – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, сондай-ақ кеңестік халық комитетінің басшылары, партия обкомдарының хатшылары, облыстық атқару комитеттерінің төрағалары, басқа да көптеген адамдар жазықсыз атылып кетті.


1997 жылы Елбасының Жарлығымен 31 мамыр саяси репрессия құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бүгінде халық қуғын-сүргін кесірінен жапа шеккен қайраткерлерінің есімдерін еске алып, олардың рухына құрмет көрсетуді әр уақытта есінен шығарған емес.

«Бұл тарихтан тағылым алып, биік мақсат – Мәңгілік Елге бет алған халықтың ұлағатты ісі», - деп түйіндеді сөзін Мемлекеттік хатшы.

Фото: Надежда Лыкова


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер