Қасірет болмағанда қазақ саны кемінде 45-50 миллионға жетер еді - Асыл қазына|31 Мамыр 2016, 20:05
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қасірет болмағанда қазақ саны кемінде 45-50 миллионға жетер еді

Қарт тарихтың қатпарына қарасаң, қаралы қазақ жеті басқыншылықты бастан өткеріп, талай тауқыметті артта қалдырыпты. Қойша қырылып, ел-жерінен жырылған да, мына біздің ұлт. Мұның барлығын ел болғаннан кейін, сұм саясаттың сұрқия астарын біліп-танығаннан кейін айтып отырмыз.

«Енді осыдан тағлым алсақ, қанекей?» деген түпкі ойға ден қоятын кез жетті. Етек-жеңді жиып, дербес ел атанған соң, өткенді түгендеу - біздің парыз. Есті ұрпақ, бабасы көрген нәубетті ауыр мен жеңілге баламаса керек-ті. Өйткені ұлтқа төнген қасірет - қашанда жүрек сыздатады. Айтпағымыз, 31 мамыр - ашаршылық және қуған-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қазақты қынадай қырған қара таңдақ құрбандарына Құран бағыштап, есімдерін жаңғырту үрдісі қазір қалыптасып келеді. Шүкір делік. Бұл әуелі кейінгі ұрпақ үшін ауадай қажет. Өйткені олар тәу етер тәуелсіздігіміздің оңай келмегенін, ақжем ашаршылықтан миллиондаған қандастарының шейіт болғанын, көш басында жүрген алыптарынан айырылғанын біліп жүруі тиіс.

Қазақ тарихында біз білетін талай нәубет болды. Қолдан жасалғаны 1930-1933 жылдар аралығындағы ашаршылық. Сол қасіреттен 4 миллионға жуық қандасымыз бақилық болыпты. Біздегі тарихшылардың санағы осы. Ол санға 1937 жылы оспадар қандықолдардың орынсыз қару кезенуінен қаза тапқан арыстарды қосыңыз. Қабырға қаусатады, әрине. Мысал келтіруге шебер елміз ғой. Ендеше, біле жүріңіз. Кеңес Одағы құрамында болған Украина билігі, бабалары көрген ашаршылықты баяғыда-ақ «геноцид» деп тапқан. Тіпті, ондағы сот Сталиннен бастап, бұрынғы КСРО басшылары мен Украин Кеңестік Социалистік Республикасы жетекшілерін де осы алапат қылмысты жасаған қылмыскерлер деп үкім шығарды. Ал, біз жұмған ауызды әлі ашпадық. Құдды, құм толтырып алғандаймыз.

Алматылық ағайын, ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін жылда Тұрар Рысқұлов ескерткішінің алдына жиналады. Гүл шоқтарын сол орынға қояды. Бірақ бізде тәу ететін тастұғыр болған. Иә, бұрын болған, қазір жоқ. Өйткені Наурызбай батыр мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы саябақ қазір жекенің меншігінде. «Ақжағалылар ақшадан қысылып, сатып жіберген» деседі әлгі жерді. Мұны текке айтқаным жоқ. Президенттің өзі қаралы бұл күнге арналған іс-шараларды қажетті деңгейде ұйымдастыруды Үкіметке тапсырған еді бір жылдары. Бірақ сол пәрменге құлақ түрген жанды көрмедік әлі күнге. Жауаптылар ұмытқанымен, жалпы жұрт ұмытпайды бұл күнді.

Шаужайдан шап ұстаған қара таңдақ... Елден босқан мұқым ел... Бозінгендей боздаған қара шеше... Арқада анасынан айырылып аңыраған шақалақ... Қолқа қабар қолаңса иіс... Маңайды тегіс жапқан адам мәйіті...

Қандықолдардың қасақана жасаған нәубеті қазақтың тең жартысын тұқырта шеңгелдеді. Тажал тырнағынан аман қалғандары жота безіп, қыр асты. Ал безуден қап, орта белде берілуге барған бейбақтар қойша қырылды. Кеңестік қуғын-сүргін дегенде есімізге 1937-38 жылдар түседі. Алайда нәубәттің бастауы арыда. Азаматтық соғысты қоспағанда қудалау 1918 жылдан басталып, «көсемнің» көзі кеткенше, 1953 жылға дейін жүргізілген. 1921-1922 жылдардағы аштықта 1 жарым миллион адам шейіт болған. Бұл қазақтың жартысын жалмаған ашаршылық «Қызыл террор» деген атаумен тарихта қалды.

"1921 жылы болған аштық. Оның себебі 1918-21 жылдар болған азамат соғысындағы қызыл әскерге азық керек деді де, малды тартып алды. Ал, 1921 құрғақшылық болды да, ел аштан қырылды",- деді Саяси қуғын-сүргін қауымдастығының президенті Жұмабек АШУҰЛЫ.

Зұлматтың екінші кезеңі 1928-29 жылғы кәмпескілеу, байларды итжеккенге айдау. Үлгергендері, астында көлігі барлары шаңырағын тастап, Қытай мен Өзбекстан асты. Одан кейінгісі 1930-33 жылдардағы Голошокиндік қолдан жасаған аштық. 31 мамырды 19 жылдан бері атап келе жатқанымызбен, ашаршылықтағы адамдар саяси қуғын-сүргіннің астарында әлі атаусыз қалып келеді. Алайда репрессияға қарағанда ашаршылық жылдары қырылған халық саны үш есеге көп. Бес жасында ашаршылықтан без бен терінің пұшпағын жеп жан сақтаған жанды сөйлетсек.

"Бір жас келіншекпен 25 жастағы Биби деген, екеуміз қайда қалғанымызды білмейміз. Бір уақытта сені аштан өлтіріп аламын-ау деп жылағаны есімде. Содан бір ауылға жолықтық. Сол кезде теріңнен берші, бездерін берші дегені есімде. Сонда безді жедік. Сол бездің дәмі аузымнан әлі кетпейді",- деді ақын-аудармашы Әубәкір НІЛІБАЕВ.

Ашаршылық пен тәркілеуге тоқсан жылдан асса да, әлі саяси баға берілген жоқ. Бірінші және екінші ашаршылық үш миллион үш жүз мың жанды жалмапты. Саяси қуғын-сүргін құрбандары саны мен демографиялық жағынан ашаршылықтан әлдеқайда аз. Әрине, рухани тұрғыдан халқымыздың бетке ұстарларын жоғалту ауыр азап. Бірақ қайта-қайта жасалған ашаршылық қазақты түп-тамырымен тып-типыл ете жаздады. Халықтың тең жартысын жоғалту - ұлттық қасірет. Сондықтан Алашқа келген азапты жылдарға арнайы күн белгіленіп, саяси баға берілуі тиіс. Мәселен, Украина, Сталинді халық жауы санап, КСРО-ның және өздерінің сол кездегі жетекшілерін қылмыскерлер деп атады. Жауыздықты «Геноцид» деп жариялады. Грузиндер мен армяиндар ажал құшқан азаматтарын Ресей ресми мойындауы керек деп санайды. Ал, біз аузымызға құм құйылғандай қақалып әлі отырмыз.

"Қандай асыл жандарымыздан айырылып қалды сол кезде. Біз өткен ғасырымызды толық зерттемей, болашақтың фундаментін қалап жатырмыз. Ол болашақты жасай алмаймыз. Өйткені өзімізді-өзіміз тануымыз керек қой. Кімбіз біз мына тарих алдында? Жер үстінде",- деді режиссер Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ.

Сарысүрдек саясаттан пікірі бөлек, ойлауы озық, елді білімге бастағандарды бұғаттаудың шарықтау шегі 1937-38 жыл. Жар салғандар «халық жаулары», «Отанын сатқандар», «шетел шпиондары» деген жаланың үш түрі еркін қолданды. Ауыр қылмыстылар «Халық жауы» ретінде 107, 111 статьямен сотталып атылды, ал «жеңіл жазаға» ілінгендері 5-тен 25 жыл аралығында түрмеге тоғытылды.

Саяси қуғындалған қазақты саусақпен санай алмайсың, түгендесең тізімің таусылады. Кең даланың сайларында сайрап жатқан, қанға бөккен бабалардың бейіті. Дәуірінің дүлей күшіне бағынбағандарды мылтықтың дүміне қойды. Сәйкесінше, көмусіз, белгісіз, зиратсыз қалғаны қанша ма? Сөйлетейін десең, сандары сандырақтай бастайтын жердің бірі - осы Боралдай сайы. Тарихшылар Сталин өзі өмірден өткенге дейін қазақтың қаймағын қойдай қырғызып, топырлатып осында тастатқызған дейді. Ал, біз жылына бір рет еске алатын уақыт жақындағанда осындай белгілі жерлерді ғана сырлап, әктеп, гүл қоюдан ары аса алмай отырмыз.

Қанды сай атанған аумақта нақты қанша адамның жерленгені белгісіз. Өйткені бұл жер атылып, жаназасыз жеткізілген аяулы жандардың мекені ретінде 1950 жылға дейін қолданылған. Тек 1937-38 жылдары жүз мыңнан астам адам ұсталса, бетке ұстар, көшбасшы, ағартушы деген 25 мыңының желкесіне оқ тиді.

"1938 жылдың ақпаны мен 15 наурыздың арасында екі күн демалған. Он үш күннің ішінде 641 адам атылған. Қазіргі Алматы қаласындағы Наурызбай мен Қарасай батыр көшесінде атақты НКВДның КГБ үйі бар. Соның ішкі түрмесі бар. 25 ақпанада 39 адам атылған. 39 адамның 18-і үкімет мүшесі болған. Соның ішінде С.Сейфулин, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов сияқты қазақтың біртуар азаматтары болған",- деді Саяси қуғын-сүргін қауымдастығының президенті Жұмабек АШУҰЛЫ.

Оның сыртында аштықтан егіс алқабынан бір уыс бидай алып, атуға кесілген адамның саны санаға ауыр тиеді. Құны бір пұттық бидайға жетпей ату үкіміне жеті жүз төрт адам кесіліпті. 1918 бен 53 жыл аралығында көрге кіргені, қиындық көргені бар, тоз-тозы шыққан қазақтың санын бес жарым миллионға жеткізеді. Қарағанды, Алматы, Ақмола сынды өзге де өңірлерде азаппен жасырын өлтірілген адамдардың санын бір жылдың 365 күніне орташа бөлсек, бір түнде атылған адамдардың саны жетпіске жуықтайды екен. Айдалып, қамауға кеткендерді қоспағанда. «Жаудың баласы» деген көзге шұқуды көп көрген адамның бірі - Саят аға. Әкесі Ілияс оның жеті жасында атылып кетсе де, бірнеше жыл Жансүгіров тірі деп сеніп келген. Кейін түртпектеуден мектептен де қашыпты.

"Атты да, осында атып, анау Жаңалыққа алып кетеді. Бірақ бізге де, туыстарға ол атылған жоқ, ол тірі. Оны анау Сібір жаққа айдап жібердік. Хат жазысуға болмайды деп. Сөйдеп алдады ғой бізді. Көпке дейін біз соған сеніп жүрдік",- деді Ілияс Жансүгіровтың ұлы Саят ЖАНСҮГІРОВ.

Зерттеушілер қазақ сол кезде қасіреттен аман болғанда кемінде 45-50 миллион болар еді дегенді айтады. Мәселен, түріктер сол кезде 10 миллион шамасында болса, қазақтар алты миллионнан асқан. Ал, түрік халқы арада ғасырға жуық уақыт өткенде жетпіс миллионға жетсе, қазақ он миллионнан әрең асты. Қасіреттің кесірі. 20 жыл ішінде топалаң қайта-қайта келмегенде, жендеттер халық жауы атаған игі қазақ пен олардың ұрпағы аман болғанда, қазіргі қазақ қоғамындағы зиялылық пен ұлтжандылық ұғымдарының мазмұны, Ұлы даланың өркениетті дамуы бәлім қазіргіден басқа бола ма еді?! Ал, арманда атылған, қапаста қиналған Алаштың сол кездегі аяулы ұл-қыздары бүгінде мәңгілік сағыныша айналған аяулы азаматтар болып қала бермек.

Дерек көз: Алматы ТВ

Фото: blogtime.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер