Тимур Рахимов: Адалдық – марапаттан да маңызды - Ашық әңгіме|05 Мамыр 2018, 22:17
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Тимур Рахимов: Адалдық – марапаттан да маңызды Эксклюзив

Фото: Нұржас Жақсыбай

Биыл қаңтар айында Астана қаласында бейтаныс қызды тонап, қашып кетпек болған Өзбекстан азаматы ұсталған. Оқиғаның жалғыз куәгері Тимур Рысқалиұлы күдіктіні ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырған. «Отан қорғаушылар» күні қарсаңында Baq.kz тілшісі Тимур Рахимовпен сұхбаттасты.

- Тимур мырза, қай өлкенің тумасысыз? Әскери қызметке қалай келдіңіз?

- Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Белокаменка ауылында 1985 жылы дүниеге келдім. Жас ұлан лицейіне түсуді анам ұсынды. Егер сол кезде анам айтпағанда бүгін кім болатынымды мүлде елестете алмаймын. 11 жасымнан бастап өмірімді әскери қызметпен байланыстырдым. Семей қаласындағы Ш.Уалиханов атындағы «Жас Ұлан» мектебінде үш жыл оқыдым. Отбасылық жағдайларға байланысты оқуымды қарапайым мектепте жалғастыруға тура келді. Мектеп бітірген соң, Петропавл қаласына әскери училищеге оқуға түстім. 2003 жылы «Командирдің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар бойынша көмекшісі» мамандығымен училищені тәмамдадым. Содан кейін, училищені аяқтаған жас әскерилерді аймақтарға қызметке бөлді. Мен Павлодар қаласына жұмысқа орналастым.

- Майор шенін алған кезге дейінгі жүріп өткен жолыңызды айтып берсеңіз?!

- Үш жыл бойы Павлодар қаласындағы әскери бөлімде жұмыс істеген соң Өскемен қаласына ауыстым. Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында қызметте жүріп, капитан шенін алдым. Одан кейін Өскемен қаласында тәрбие жұмыстары бойынша батальон командирінің орынбасары болдым. 2015 жылы қызметім Астана қаласына ауысып, 2016 жылы майор шенін алдым. 2017 жылы Ұлттық ұланның бас қолбасшысы 3660 әскери бөлімінің командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметіне кірісуімді бұйырды.

- Қыста болған оқыс оқиға жайлы өз аузыңыздан естісек...

- 29 қаңтар күні бөлімдегі жұмыстардың кеш аяқталуы себебінен сол күні үйге кеш қайттым. Түнгі 12-ге қарай үйге кірмес бұрын телефонмен сөйлестім. Сол кезде бейтаныс қыз бен жігіттің ұрсысып жатқанын естідім. Жігіт қызды жұлқылап, қыз болса айқалап жатты. Кез келген ер азаматтың баратынындай мен де олардың қасына жүгіріп бардым. Сол кезде жігіт қыздың бетінен ұрып жіберді. Құлап қалған қыздың жағдайына көз жеткізген соң күдіктінің соңынан қудым. «Тоқта», - деп қанша айқаласам да болмады. Алдымыздан біреу шығып, көмектесер деп ойладым. Бірақ қақаған қыстың түнінде ондай ешкім болмады. Әйтеуір, жетіп, ұстап алдым. Жасақ келіп, қолына кісен салды. Оқиға орнына келгенде жерде қыздың сөмкесі мен пышақ жатқанын көрдім. Қызды жедел-жәрдем қызметі алып кетіпті. Менің жеке деректерімді полиция қызметкерлері жазып алды. Куәгер ретінде бөлімшеге шақырғанда оның Өзбекстан азаматы екені және оған қатысты Ресей федерациясында қылмыстық бап бойынша іс қозғалғаны анықталды. Жақында Сарыарқа аудандық сотына куәгер ретінде шақырды. Қылмыскер сол күні қыздан бөлек екі азаматты тонаған екен. Қарақшылық бабымен бес жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.

- Алған марапаттарыңыз сіз үшін қаншалықты құнды?

- «Отан қорғаушылар» мерекесі қарсаңында басшылық «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Қыста болған оқиғада істеген ісімді қандай да бір ерлік деп ойламаймын. Себебі, мен секілді еліміздің өзге азаматтары да істей алар еді. Дегенмен, бұл марапатты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Фатихұлы Жақсылықовтың, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі бас қолбасшының орынбасары Мухаметқали Сатовтың маған білдірген сенімі деп білемін. Өскемен қаласында қызмет істегенде «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны» үшін және «Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық» институтының 25 жылдығы медальдарымен марапатталған едім. Иә, әрине, әрқайсысы мен үшін қымбат. Марапаттан да маңызды дүние – адалдық дер едім. Қиын сәттерде оңтайлы шешім қабылдай білсең, мамандығыңа адал болсаң – сол қымбат.

- Әскери кафедра мен әскерге барудың теңесуі туралы не айтасыз?

- Әскери кафедраны бітірген азаматтың белгілі бір деңгейде өз дәрежесі және әскери білімі болары анық. Бірақ, әскерге барған адамның «өмірдің үлкен мектебінде» тәжірибе жинап, шыңдалып келері сөзсіз. Демек, екеуінің арасында айырмашылық көп. Нағыз ер азамат ретінде қалыптасу үшін, яғни қиындықты көру арқылы жетілу үшін әскерге бару керек.

- Отбасыңыз туралы айтсаңыз? Ер азаматты қалай тәрбиелеген дұрыс?

- Аль-Таир және Нұр-таир есімді екі ұлым бар. Отбасында кез келген әке секілді балаларымның анасын және ұлдарымды жақсы көремін. Жұмыстағы қым-қуыт тіршіліктен шаршап келгеніңде ұлдарың мойныңа асылып, құшақтаса бар шаршағаныңды ұмытасың. Бірақ, бір өкінштісі, жұмыстан тыс тек демалыс күндері ғана балаларға уақыт бөлемін. Қызметте қанша қаталдық керек болса да, ұлдарыма жұмсақпын. Маған қарағанда, аналары Сабина қатты талап қояды. Ер азаматты жығылған-сүрінгеніне шағымданбайтындай және ызақорлық пен көрсеқызарлықтан аулақ етіп тәрбиелеген жөн.

- Тимур Рысқалиұлы, алтын уақытыңызды қиып, сұхбат бергеніңізге алғыс айтамыз. «Отан қорғаушылар» мерекесімен құттықтаймыз!

Видео: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер