Тәжірибелі психолог бақытты отбасы құрудың құпиясымен бөлісті - Ашық әңгіме|04 Маусым 2017, 21:36
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Тәжірибелі психолог бақытты отбасы құрудың құпиясымен бөлісті Эксклюзив

Фото: Абзал Қалиев

Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, елімізде некелескен жұптар саны азайып, ажырасқан отбасылар саны өсіп келе жатыр екен. Мысалы, 2016 жылы Қазақстанда 140 840 неке тіркелген. Алайда, оның 51 775-і ажырасып кеткен. Осы сандарға қарап, отбасының жиі ойран болуыне не себеп деген сұрақ туындайды ? Үйленгенше есіл дертін алған сүйгенінен жыл өтпей-ақ суық жылан көргендей неге жерінеді? Бауырында бала қалған жалғызбасты әйел мен соқа басы сопайған ер-азаматтың артуы қоғамды алаңдатарлық жайт. Осы мәселеге байланысты Baq.kz тілшісі тәжірибелі психотерапевт, отбасы психологы Гүлшат Хасеновамен сұқбаттасты.

- Гүлшат Жәмелқызы, сіз тәжірибелі мамансыз. 25 жыл психология саласында еңбектеніп жүрсіз. Елімізде үшінші жыл қатарынан некелескен жұптар саны азайып, жеті жыл қатарынан ажырасқан отбасылардың өсіп барады. Бұл өте алаңдатарлық жайт. Сізден ажырасқысы келетін отбасылар көмек сұрады ма?

- Бірден айтайын, отбасы мәселесі өте күрделі. Ондай жанұя маған келді. Жігіт шымкенттікі, ал қыз солтүстік өңірден. Екі жастың арасында түсінбеушілік болған. Жігіт «Апай көмектесіңізші! Отбасымнан береке кетті. Әйелім менімен тұрғысы келмейді. Бірақ мен жанұямды сақтағым» келеді деп ағынан жарылды. Мен келістім. Сөйтіп екеуін қабылдадым. Нәтижесінде әйелінің күйеуіне деген өкпесі қара қазандай екен. Күйеуі асаба болып жұмыс істеген. Отбасына көп қарамаған көрінеді. Ол «әйелім мен балам бар» деп ештеңеге алаңдамай жүре берген. Мәселенің мұншалықты ушығатындығы оның ойына да келмеген. Мен оларға өз ақыл-кеңесімді бердім. Соған қарамастан ерлі-зайыптылар ажырасып кетті.

- Кешіріңіз, мәселенің мұншалықты ушығуына не себеп болған екен? Сіз оларға қандай көмек көрсеттіңіз?

- Психолог ретінде, мен отбасындағы қиындықтарға қарамастан оларды қосуға тырысамын. Ақыл-кеңесімді бермес бұрын біз сеанстың мақсатын айқындап аламыз. Метафора ретінде айтайын. Отбасы мұхитқа шыққан кеме сияқты. Кемеде біреу тізгінді ұстайды. Ал екіншісі оған көмектеседі. Ол мұхитқа жүзген сәтте оның астында көзге көрінбейтін айсбергтер болады. Бұл – өмірдегі қиындықтар. Екеуі кемеге отырған сәтте «барлығы жақсы болады» деп ойлайды. Бірақ олар өз жолында айсбергтің тұрғандығын білмейді ғой. Мен маман ретінде отбасыларға «осы қиындықты бағындырсаңдар, бір-біріңе деген сенімдерің артады, қарым-қатынастарың жаңа деңгейге көтеріледі» деп ақылымды беремін.
Өкінішке қарай, екі жас бірін-бірі сүйіп қосылғанымен арадағы қатынастары берік болмады.

- Екі жас бірін-бірі сүйіп қосылғанымен, біраз уақыттан соң араларында түсінбеушілік орнайды. Осыған не себеп?

- Екі жас «болашағымыз жарқын, бір-бірімізге тірек, бақытты боламыз» деген оймен отбасын құрады. Бірақ олардың жолдарында қиындықтар болады. Мысалы, олар бірін-біріне сүйіспеншілікпен қарағанмен әрбір ерлі-зайыптының осыған дейін көрген тәрбиесі бар. Осы тәрбиенің негізінде екі жұп өз отбасын құрғысы келеді. Олар «өздері көрген отбасы тәрбиесін бізге де сай келеді» деп ойлайды. Салдарынан екі жұптың арасында түсінбеушілік орнауы мүмкін.

Беделді америкалық психолог, психотерапевт Вирджиния Сатир отбасы құрылған сәтте "екі жастың өз ережесі болуы" керек дейді. Ереже екі жаққа да қолайлы болуы керек. Неге? Себебі, отбасы өмірінде көптеген өзгерістер болады. Мысалы, сәби дүниеге келеді. Ол өседі. Балабақшаға барады. Сол сәтте екі жұптың арасындағы қарым-қатынас та өзгеріске ұшырайды. Сондықтан олар осыған дайын болуы қажет. Мұны АҚШ-тың танымал психологы Эрик Эриксон «отбасының өмірлік циклі» дейді. Ол осы мәселе бойынша арнайы зерттеу жүргізіп, отбасының да сәби сияқты өсетіндігін айтқан.

Тағы бір алтын ережені есте сақтаған жөн. Біздің отбасымыздағы қарым-қатынасымыз күн сайын кірпіш сияқты қаланады. Егер олар қиындыққа шыдаса, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас берік болады. Нәтижесінде, екі жұп бірін-бірі түсініп, өмірдегі өзгерістерге дайын болады.

Сонымен қатар, ерлі зайыптылар көңілдерінде не жүргендігін бір-біріне айтып отырғаны абзал. Іштегі ренішті ұзақ ұстамаған жөн.

- Еліміздегі тағы бір күрделі мәселелердің бірі – суицид. Мұндай жантүршігерлік жағдай жанұяда да кездеседі. Кейбір жандар немесе балалар отбасындағы қиындықтарға шыдамай өз-өзін өлімге қияды. Сізге осындай отбасылар келді ме? Оларға көмектесе алдыңыз ба?

- Менің еңбек тәжірибемде бір оқиға болды. Онда мектепке баратын бала анасына «мама, мен алай-пұлай болып кетсем, ренжимейсің ғой» депті. Тіпті, бір күні бала машинаның астына түсе жаздаған көрінеді. Абырой болғанда, ата-анасы құтқарып қалған. Бұл оқиғаны естігеннен кейін мен оларға «баланы маған алып келіңдер» дедім. Сеансқа келгеннен бастап, психолог отбасындағы жағдайдың қандай екенін сезеді. Біз сеансты бастадық. Бірақ баланың шешесі шұғыл жұмыстармен кетіп қалды. Себебі, ол медбике екен. Бала әкесімен қалды. Оның өте тынышсыз екенін байқадым.
Мен баланың әкесімен ұзақ сөйлестім. Психотерапевт мамандарда «зри в кронь» деген термин бар. Яғни сеансқа келген азамат сізге көп нәрсе айтуы мүмкін. Бірақ одан мәселенің негізгі түбірін шығару керек. Бұл оқиғада кішкентай оқушыда «мектепті жаман оқығаннан кейін мені ешкім сүймейді. Мен жаманмын. Сондықтан менің ешкімге керегім жоқ» деген түсінік қалыптасқан. Салдарынан оқушы өзін-өзі өлімге итермелейтін әдеттер пайда бола бастаған. Ал ата-анасы оны білмеген. Тіпті байқамаған.

Мен оған «сен сабағыңды оқымасаң да әкең мен шешең сені жақсы көреді» деп балаға түсіндірдім. Арасында психолог ретінде кейбір әдістерді қолдандым. Бұл сөз балаға қатты әсер еткен болуы керек. Кейін оның оқу үлгерімінің де жақсарғанын естідім.

Тағы бір мысал келтірейін. Бірде маған 4 баласы бар ана келді. Тіпті, соңғы баласы 1 жасқа да толмаған. Өзінде психологқа келуге ниет те болмапты. Ата-анасы алып келген. Ол өз-өзіне қол жұмсапты. Біз ұзақ әңгімелестік. Сөйтсек, оған күйеуі қол көтерген, қорқытқан. Мұндай жайт үйде жиі қайталанған. Бір сөзбей айтқанда, ол агрессор болған. Ал әйел 4 баласы мен балалардың әкесін ойлап, отбасын тастап кете алмаған. Өте ақылды, көзі ашық, көкірегі ояу, жоғары білімді әйел. Менімен әңгімелескен кезде ол «ата-анасымен бірге тұрып, қайтадан өз күйеуіне баруды ойлады. «Не болсада, балаларым үшін барлығына төзем» деген пікірді ұстанды. Психологтар бір басталған суицид ары қарай жалғаса береді дейді. Себебі, оның негізгі қозғаушы факторы бар. Ал ол мәселе шешілген жоқ. Мен барлық отбасы мүшелерін жинап, өз ақылымды бердім. Нақты пікірімді айттым. Себебі, оның күйеуі агрессор. Ол өз әрекетін одан әрі жалғастыра береді. Ал бұл жайт қайғылы аяқталуы мүмкін. Кейін ол әйелдің күйеуімен ажырасқанын естідім. Ол балаларын басқа қалаға алып, көшіп кетті. Сонда жақсы қызметке орналасып, 4 баласын өз қолына алды. Кейін бұл әйелдің отбасысы маған өз алғысын білдірді.

- Жалпы Қазақстанда азаматтар отбасы психологының қызметіне жиі жүгіне ме?

- Менің қызметіме сұраныс жоғары деп айта алмаймын. Маған отбасы мүшелері қиын сәттерде көмек сұрап келеді. Оның өзінде олар 2-3 сессия ғана келеді. Соған қарамастан жақында Көкшетау қаласында Хасен Бижанов атындағы медико-психологиялық орталығымды аштым. Мақсат азаматтарға сапалы медициналық әрі психологиялық көмек көрсету. Отбасы психологы ретінде бір жарым сағат үшін 5 мың теңге аламын.

- Неге елімізде ерлі зайыптылар отбасы психологының көмегіне көп жүгінбейді?

- Біріншіден Қазақстанда отбасы психологтары аз. Екіншіден, ерлі-зайыптылар іштегі мәселені сыртқа жайғысы келмейді.
Үшіншіден, психологқа оқу да арзан емес. Мысалы, мен АҚШ-тың танымал психологы, психотерапев Стивен Гиллиген мен Роберт Дилтстар дәріс алу үшін Ресейге бардым. Ол үшін өз қалтамнан шамамен 1 млн теңге жұмсадым.
Төртіншіден, отандық психологтардың жалақысы өте төмен. Олар 40 – 45 мың теңге көлемінде табыс табады. Ал ең жоғарғы жалақы – 65 мың теңге.
Бесіншіден, Қазақстанда психологтарды сапалы оқытатын оқу орны аз. Мен отбасыларға кеңес беретін психологтар жайында айтып тұрмын.
Сонымен қатар, біз отбасындағы туындаған мәселені психологпен шешіп тастағымыз келеді. Яғни бірден нәтиже болғандығын қалаймыз. Алайда психологпен кездесуден кейін бірден нәтиже болмайды.

- Гүлшат Жәмелқызы, соңғы сұрақ. Бақытты отбасы құру үшін не істеу керек? Отбасын құрғысы келіп жүрген жастарға өз кеңесіңізді берсеңіз.

- Екі жұп қиын сәттерде бір-біріне көмек қолын созып, шыдамдылық танытса, қолдау білдірсе бұл да бақыт. Ең маңыздысы екі жастың арасында сезім, ақыл, сенім мен түсіністік болуы керек. Бақыт дегеніміз отбасының бірлігі ғой. Оны қастерлей білген жөн.

Сұқбатыңызға рақмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
25 Желтоқсан 2018, 21:56
ҰЙҚЫДАҒЫ ҚҰБЫЖЫҚТАР
Пікірлер