Фото: ашық дереккөзден
Өскелең ұрпақты, соның ішінде, ұл балаларды патриоттық сезімге тәрбиелеуді отбасынан бастау керек. Бұл жөнінде Baq.kz ақпарат тілшісіне берген сұхбатында Тараз қаласындағы №85 әскери бөлімінің Идеологиялық жұмыстар және арнайы үгіт-насихат пен мемлекеттік құқықтық дайындық жөніндегі офицері, майор Бекболат Жандарбеков мәлімдеді.
«Жалпы, Өскелең ұрпақты, соның ішінде, ұл балаларды патриоттық сезімге тәрбиелеуді отбасынан бастау керек. Себебі, патриоттық сезімнің адам бойында қалыптасуы өзінің бауырларына, ата-анасына деген қамқорлықтан, жауапкершілікті сезінуден басталады. Мұндай тәрбиемен өскен ұл бала әскерге келгенде оның патриотизмін ояту, Отан алдындағы борышын ұғындыру да оңай болады», - деген майор өзінің дәл осындай тәрбиені көргенін айтты.
Сонымен қатар, идеология жұмыстары жөніндегі әскери маман Отаны мен отбасына деген сүйіспеншілігі, батылдық пен жауапкершілік әскери адамның бойында болуы тиіс басты қасиеттердің бірі екенін айтты.
«Мойындау керек, қазіргі уақытта әскерге келгендер арасында тым сезімтал ер-жігіттер де кездесіп жатады. Яғни, олардың психологиясы әскердегі қатаң тәртіпке сәйкес келе бермейді. Сонымен қатар, олар көбіне ашушаң болып келеді. Жағдайды талдамастан, ашуға беріліп, эмоцияға ерік береді. Бұған әскерде жол жоқ. Қарап отырсаңыз, бұл да үйдегі тәрбиенің салдары. Ата-ананың баланы бетінен қақпай өсіруі, еш жағдайда "жоқ" демей, қалағаны мен сұрағанын алып беруі, жалпы, шамадан тыс еркелік ұл баланың бойындағы ер-азаматқа тән мінез-құлықтың қалыптасуына кедергі болады», - дейді майор Жандарбеков.
Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстан үкіметі тарапынан елдегі әскери қызметті беделді сала ету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр.
«Заман талабына сай тәуелсіз еліміздің өз әскері де қалыптасып келеді. Сонау он жыл бұрынғы Қазақстан әскері мен қазіргі Қазақстан әскерінің айырмашылығы үлкен. Сол сияқты, мемлекет тарапынан әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға көп шаралар қабылданып жатыр. Мұның дәлелі ретінде әскери саладағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету, түрлі әлеуметтік төлемдер, балабақшадағы орындардың кезектен тыс берілуін атауға болады», - деді әскери қызметкер.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!