BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мәулен Бектұрғанов: Автоматты түрде басқарылатын жасанды қол жобасын жасап жатырмыз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасы қолға алынған болатын. Жас өнертапқыш, зерек ойлы жас Мәулен Бектұрғанов та осы тізімге кіруі мүмкін талапкерлердің санатында. 23 жастағы қазақ жігіті бірнеше жыл бойы тер төгіп, бионикалық протез қол жасап шыққан. Елімізде жыл сайын шамамен 300-ге жуық адамның аяқ-қолдарына ампутация процедурасы жасалады екен. Олардың арасында балалар да бар. Қазірге дейін 22 мыңнан астам мүгедек адамға протездік-ортопедиялық көмек көрсетілген. Бірақ олардың аяқ-қолын толық алмастырып, кәдімгідей қозғалып, тұрмыста пайдалануға болатындай технология біздің қоғамда жоқ. Жас өнертапқыш Мәулен осы олқылықтың орнын толтырмақ.

Мәулен бізге таңсық болған бионикалық протез қол туралы идея қалай туындады, мұндай жаңалық ашуға не себеп болды?

- Өзім о бастан есеп-қисапқа, одан өсе келе, IT саласына жақын болдым. Өскемен қаласындағы Жәутіков атындағы физика-математика мектебін бітіргеннен кейін Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін тәмамдадым. Бұл менің дипломдық жұмысым болатын. Протезді электромиография сигналымен басқару маған қызық болды. Әрине, мүмкіндігі шектеулі мүгедек адамдарды көргенде қап, олар да толыққанды қоғам мүшесі атана алғанда ғой деп ойлайтынымыз рас. Сондай жандарға көмек бергім келіп, арманымды сүйікті мамандығыммен байланыстырдым. Осы күнге дейін еліміздегі ондай жандарға көмекті тек шетел клиникалары, шетел технологиялары ғана бере алатын. Мысалы, шетелде жасалатын бионикалық протез қолдар 30 мың доллар, тіпті одан да жоғары бағада тұрады. Ал біздің өнімдер бірнеше есе арзан. Әрине, ол клиенттің денсаулық, организм ерекшеліктеріне тікелей тәуелді екенін ұмытпау керек. Енді қолынан айырылған мүгедек жандар мен шығарған бионикалық протез қолды салдыру арқылы қалыпты өмірге орала алады. Біз осы ісімізді заңдастыру мақсатында бионикалық протез қолға авторлық құқық алып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашқан едік. Қазір шағын топ болып жұмыс істеп жатырмыз. Ұсынып отырған өнімдеріміз де сапа тұрғысынан шетелдік аналогтарынан кем түспейді.

Өзіңмен бірге орталықта тағы кімдер жұмыс істейді, көмекшілерің бар ма?

- Иә, мен жалғыз емеспін. Мұндай іргелі шаруаны өз ісінің шеберлерімен біріге отырып қана жүзеге асыруға болады. Бұл ретте біздің орталықта менен бөлек электронщик, бағдарламашы, 3D дизайнер-конструктор және хирург бар. Тиісінше керек кезде алматылық протез орталығынан қажетті кеңестерді, көмектерді алып тұрамыз.Одан бөлек 3D моделін басып шығаратын арнайы компаниямен де серіктестік жасағанбыз. Бізден көмек сұрап келген клиенттің денсаулық жағдайын толыққанды тексеріп, оның қол бұлшық еттерінің мүмкіндігін зерделей отырып, соның ыңғайына қарай бионикалық протезді жасауға кірісеміз.

Қазіргі кезде бұл идея еліміздің денсаулық сақтау органдарына ұсынылды ма? Қаншалықты пайдаланылып жатыр?

- Денсаулық сақтау министрілігімен және Алматы протез орталығымен ынтымақтаса жұмыс істеу туралы меморондумға қол қойдық. Сонымен қатар, бізге үлкен қолдау білдіріп отырған «Нұр Отан» партиясына да алғыс білдіреміз. Денсаулық сақтау министрлігі бізге теориялық тұрғыдан үлкен көмек көрсетіп жатыр. Әрине бұл өнімнің әлемде аналогы бар. Бірақ отандастарымыз үшін бұл қолжетімсіз. Сондықтан мен жасап жатқан бионикалық протез қазақстандықтар үшін қолжетімді бағада болады. Бұл ретте бір протездің бір адамға әдейілеп арналып жасалатынын ескеру керек. Әрбір адамның қолының зақымдануы, жаралануы және бұлшық еттерінің сезімталдылығы әртүрлі болады. Бастапқыда бір протез қолды зерттеп, жетілдіріп, жасауға 8 ай уақытымыз кеткен. Енді қазір барлық жабдығымыз түгелденіп, бағдарлама қалыптасқаннан кейін бір өнімді екі апта ішінде жасап бітетін болдық.

Алдағы уақытта жетілдіру үшін қандай функциялар қосу жоспарда бар?

- Әдеттегі протездерде 20-дан астам функция болғандықтан, оны басқаруға да, ауыстыруға да мейлінше көп уақыт кетеді. Енді сол кететін көптеген уақытты үнемдеу үшін қазіргі таңда автоматты түрде басқарылып, өздігінен қозғалатын жасанды қол жобасын реттеп жатқан жайымыз бар. Яғни, автоматты басқару дегеніміз бионикалық қол сенсор арқылы басқарылады деген сөз. Ол жағдайда компьютер тышқаны арқылы басқарылып, жасанды қол ашып-жұмылып, білек қозғалып, тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтарды ұстай алады. Жаңа айтып өткен сенсор технологиясын Германиядан алдырып істейміз.

Тапсырыстар қаншалықты жиі түсіп жатыр. Сұраныс көп пе?

- Иә, қазірдің өзінде бірнеше тапсырыс бар. Ол тапсырыстардың барлығы дерлік Қазақстаннан, оның ішінде Алматыдан көп. Шамамен төрт ай бұрын біз семейлік 15 жастағы балаға протез қол салып берген едік. Өткен жылы мемлекет тарапынан 2 миллион теңге грант алған болатынмын. Сол ақшаны осы ойға алған шарамыздың жолына жұмсап, керек-жарақтарды сатып алып жатырмыз.

Мұндай дүние жасап, науқастарға ұсыну үшін саған медициналық білім қажет емес пе?

- Бұл жерде негізінен медициналықтан гөрі протездеу жобасын меңгеру маңыздырақ болып саналады. Ресейде протез жасау мамандарын дайындайтын колледж бар. Өкінішке қарай, бізде әлі ондай оқу орны жоқ. Дегенмен осы салаға қатысты әдебиеттерді, ғылыми еңбектерді оқып, әрдайым өзімнің шеберлігімді арттырып отыруға тырысамын. Оқу мен ізденіс қана мені маман ретінде шыңдай түседі. Өйткені, бұл өте жауапты жұмыс. Отбасым мені әркез қолдап, қолдарынан келген көмектерін аямайды. Жалпы, мен үнемі білімді, білікті мамандардан кеңес алып, өзімнің түзу жолда келе жатқаныма көз жеткізгенді жөн санаймын. Себебі бұл да кәсібиліктің бір белгісі іспетті. Бұл менің жақсы көретін жұмысым. Әр адам өзі жасаған өнімнен, оны жасау процесінен ләззат ала білуі керек қой. Бұл тұрғыдан істеп жатқан жұмысым өзімнің көңілімнен шығады деп айта аламын. Ең бастысы жасап шыққан бионикалық қолдар мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілінен шықса болғаны. Әрбір бионикалық протез қолға 2 жыл кепілдік беріледі. Содан кейін протез жүйесі бойынша өзгерістер енгіземіз. Ол ретте клиентіміздің денсаулық жағдайы қалай, нені алу қажет, нені қалдыру керек, соны талқылаймыз. Келешекте бионикалық қолдармен ғана шектеліп қалмай, адамдардың аяқтарын салуды да меңгерсек деймін. Бізде әлі ешкім аяқ протездерін жасаған жоқ. Дегенмен ондай протездер жасап шығу өте қиын. Сондықтан оған дейін басып өтетін, бағындыратын кезеңдер бар. Алдағы уақытта біз протездің бесінші нұсқасын жасауды жоспарлап отырмыз. Біртіндеп тек саусақ білезіктерін ғана емес, иыққа дейінгі адам қолының орнын баса алатын технология жасасақ па деймін. Әрине, бұл мүлде басқа механизм.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер