BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ләйлә Сұлтанқызы: Бала тәрбиесін тек «Балапан» арнасына артып қою дұрыс емес Эксклюзив

«Қазақстан» РТРК-ның қарамағындағы «Балапан» телеарнасы жұмыс істеп келе жатқанына алты жылдан астам уақыт болды. Алты жылда арнаның жеткен жетістіктері аз емес. Көрермен тарапынан бұл арнаға сын да айтылып қалады. Ал жақын күндері арнада орын алған жаңа, тың өзгерістердің бүлдіршіндерімізге берері қандай деген сауал төңірегінде арна директоры Ләйлә Сұлтанқызымен сұқбаттасқан едік.

- Әңгімені төтесінен бастайық. Соңғы кезде отандық мультфильмдер жоқ деген әңгіме жиі айтылады. Сол отандық мультиктерді «Балапаннан» қашан көре аламыз?

- Дәл осы жүкті бір ғана «Балапанға» артып қоюға мен қарсымын. Анимацияны шығаратын жекеменшік компаниялар. Ал «Балапан» телеарна екенін ұмытпауымыз керек. Иә, отандық анимацияны қолдауға біз әрқашан дайынбыз. Бірақ сол анимацияның бағасына келейікші. Мысалы ол жақсы сападағы 2D, 3D болатын болса сәйкесінше құны да жоғары. Ал мұндай жағдайда арнаның жылдық бюджеті қандай болуы керек? Бізде мұндай қаржы болмағандықтан барлығын керемет қыламыз деу артық болады.

Ал бүгінге дейін «Балапанның» отандық анимацияға сіңіріп келе жатқан еңбегі бар. Салт-дәстүрімізге, оқу-әдістемеге, танымдық анимацияларды ұсынып келдік. Бұл үрдіс жалғаса береді. Бірақ «Балапан» таңнан кешке дейін тек қана анимация көрсетіп отыратын арна емес екенін де ескерген жөн. Бұл арнадан балалар өздері секілді баланы, өздері секілді күнделікті өмірде бар жандарды көруі керек.

Көбінде бізді Ресей арналарымен салыстырады. Себебі бізде әзірше қолжетімді солар ғана. Ал шын мәнісінде «Балапанның» бағдарламалық форматы әлемдік балалар арналарының тәжірибесі бойынша жасалған. Мысалы Ресей арналарының өзі дубляжға ғана ақша шығындап отыр. Ал сұранысқа ие төл өнімдері дейтін – «Маша мен аю» ғана. Оның өзіне 10-15 жылда қол жеткізді.

Біздің арнаны алар болсақ, алдағы 5-6 жылда жоғары нәтиже көрсете аламыз. Соған жайлап қадам басып келеміз. Себебі бізде анимацияға, отандық анимацияға қаржы құятын инвесторлар жоқ. Себебі қаржы ақталмайды, қазақ тілінде жасалған анимацияға балалар бармайды деген қорқыныш бар. Расымен солай шығар. Ал біз отандық анимацияны дамытамыз десек, оған қаржы бөлуді меңгеруіміз керек. Ресейдегі толықметражды анимациялардың көбін жеке инвесторлар қаржыландырады. Біздің инвесторлар оған жетемін дегенше, ұлттық құндылықтарға қаржы құямын дегенше әлі біраз уақыт керек. Бұдан бөлек отандық анимацияны дамыту үшін тілдік ерекшелікті де естен шығармағанымыз абзал. Қазіргі кезде екі көрермен тарту үшін екі тілде жасауымыз керек. Бұлай жасау да қаржыға тіреледі, оның сыртында тілдік сынға ұшыраудан қашқақтайтындар да жоқ емес. Ал шын мәнісінде отандық анимацияға өзге отандық арналар да қолдау көрсетуі керек қой.

- Қазіргі уақытта жас аниматорлар бар елімізде. Соларды қолдау мақсатында, соларды насихаттау мақсатында отандық анимацияға өздеріңіз тапсырыс беріп жатырсыздар ма?

- Елімізде жақсы анимация жасай алады-ау деген аниматорлар онға жетер-жетпес қана. Барлығымен байланыстамыз. Бірақ барлығының жасаған дүниесі бізге сақадай сай келе бермейді. Дайын өнімнің көрсету құқығын ғана ала аламыз. Оның барлығы келісімшарттармен реттеліп қойған. Ал еліміздегі жақсы анимация жасай алады деген 10 студияның әр мультигін сатып алу үшін қаншама қаржы керек. Дегенмен біз қарап отырған жоқпыз. Біз ата-аналар, балалар арасында «Балапанның» кейіпкерлері қандай болғанын қалайсыздар?» деген конкурс жарияладық. Онда ата-аналар, балалар өздері экраннан көргісі келетін кейіпкерлердің суретін жолдауы керек болатын. Жіберген суреттерге, шыны керек, көңілім толмады. Өйткені барлығында «өрмекші адам», «спайдерман», секілді кейіпкерлерді жіберген. Ал неге өзі батырларымызды, чемпиондарымыз Данияр Елеусіновті, Генаны, Қанатты т.б. көзіміз көріп жүрген батыр ұлдарымызды ұсынбайды? Егер халық қаласа, біз де әрі қарай сол идеяны шыңдауға дайынбыз. Дәл осы таңдауды халыққа бергеніміз де сондықтан болатын.

Бұдан бөлек еліміздегі біраз анимациялық компанияларға хат жазып, әлеуметтік желілерде жариялап, анимациялық байқауға шақырдық. Байқауға 20-ға жуық студия қатысты. Іріктеуден өткен 4-5-і ғана келіп өздерінің жобаларын қорғады. Арнайы комиссияның дауыс беруімен Астанада тұратын жас балалардың жобасы жеңімпаз атанды.

Ал "Қазақстан аниматорларының ассоциациясы" ҚБ-нің, басқа да танымал анимациялық компаниялардың ең мықты деген мультфильмдері бізде. Бүгін сіздің алдыңызда екі анимациялық студия бізге ұсыныспен келіп кетті. Бірақ біз өз талабымызды қойдық. Бағыт-бағдар бердік, ой бөлістік. Кейбіреуінен үйренеміз дегендей.

- Анимацияның әңгімесін қоя тұрып балалар сериалына келейікші. «Томпақтан» басқа қандай сериал бар бізде?

- Бұл да қаржыға келіп тіреледі. Соған қарамастан «Балапан» «Томпақтың» 25 сериясын жарыққа шығарды. «Санжар мен Қайсарды» көрсетті. Енді осы жылы «Қалқанқұлақ» деп аталатын балалар фильмі жарыққа шығады. Алдағы қыркүйекте көрермендерге жол тартады деп жоспарлап отырмыз, Құдай қаласа.

- Іске сәт дейміз! Ал енді «Балапанның» ішкі тірлігіне бір көз жіберіп көрейікші. Жүргізушілер жайлы, бағдарламаның жаттандылығы жайлы сын көбірек айтылатын секілді?

- Мынаған көңіл бөлгеніңізді қалар едім, әуелі. Мысалы 300 баланың ішінен жүргізушілікке екі-ақ бала өтеді. Бұл нені білдіреді? Бұл – қаладағы балалардың қазақылықтан алыстығы, қазақтың төл дыбыстарын толық айта алмауы. Кейде балалардың жасы жетпей жатады. Жаттау, есте сақтау қабілеті де ескеріледі. Ал жаңағы өтпей қалған балалардың ата-анасы бізге ренжиді. Бірақ бала мұнымен тоқтап қалмауы керек. Ата-ана баласын әрі қарай дайындап, кемшіліктермен жұмыс істеп, үнемі шыңдап отыруы керек деп ойлаймын.

- Онда неге ауылдарды аралап көрмейсіздер?

- Күнделікті эфирге шығатын бала қалада тұруы керек. Ал ауылдағы баланың ата-анасының қалаға келуге мүмкіндігі жоқ. Оларды баспанамен қамтамасыз ете қояр бізде де шама жоқ. Кейбір маусымдық эфирлерді ауылға барып, сол жерде түсіріп аламыз, немесе жазғы уақытта демалыста балалардың студияға келіп түсуіне мүмкіндік жасаймыз.

- Мүмкін осы жүргізушілерді өздеріңіз тәрбиелеп көрмейсіздер ме?

- Мұндай тәжірибе әлемдік телеарна саласында бар. Мысалы АҚШ-та «Микки маус клубы» деген бар, ал Ресейде «Непоседы» жобасы бар. Ресейлік атақты әншілердің көбі осы «Непоседыдан» шыққан. Олар баланы жастайынан даярлайды. Талантының танылуына мүмкіндік береді. Бізде мұндай жоба жоқ. Болса бірен-саран байқаулар ғана. 11-12 жасқа дейін жетелеген баланы, одан әрі үлкен өмірге қамқорлықсыз, қолдаусыз жібереміз. Ал осы 12 мен 18 жас аралығында балалар не істерін білмейді. Осы кезде оларға ресейлік арналарды көруден басқа түк қалмайды. Әрі кетсе ғаламторда отырады. Олар үшін арнайы контент даярлайтын ешкім жоқ. «Балапан» 3 жастан 12 жас аралығындағы балаларға ғана арналған.

- Дәл осы тұста жаңа маусымда «Балапанның» балақайларға ұсынар тың дүниелеріне тоқталып кетсеңіз.

- Ағымдағы жыл «Қиялымдағы қаһарман» атты сурет сайысы, ертегілер бәйгесімен басталды. Ең үздік шығармалар «Менің ғажайып ертегім - 2» жинағына енеді.

2017 жылға арналған тележобалар арнайы байқау нәтижесінде анықталды. Телехикая, оқу-танымдық анимация, музыка, юмор сияқты жанрлық бағыттар қамтылды. Әрбір телеөнім психолог, педагог, жазушы, көпбалалы ана, композитор, анимация режиссері сынды сарапшылардың сынынан өтті.

«Балапан» арнасында көрсетілетін контенттің (мультфильм, бағдарлама, кино) 47%-ы отандық өнімді құрайды. Ал Disney, Dreamworks, SONY, Nickelodeon, ZDF, Studio 100 Media, PGS entertainment сияқты әлемдік ірі анимациялық компаниялардан алынатын өнім – 53%.

«Күлдір-бүлдір» атты әке мен кенже бала арасындағы қызықты ситуациялық қысқаша комедия көрермен назарына ұсынылуда. Негізгі идея – бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін айшықтау.

Кішкентай көрермендердің сүйікті бағдарламасына айналған «Шытырман» спорттық – интеллектуалдық жобасы өз жалғасын табады. Өткен жылы аталмыш спорттық сайыста жеңіске жеткен 9 жасар Қанат Қатырбата «Диснейлендке» жолдама ұтып алып, ғажайып қалашыққа саяхат жасап келген болатын. Биылғы маусымда да «Балапан» арнасы жарыс жеңімпазына ертегілер елін аралауға мүмкіндік береді!

2014 жылы «Балапан» арнасы елімізде тұңғыш рет «Алтын құлын» деп аталатын халықаралық жас жыршылар бәйгесін ұйымдастырған болатын. Балалар батырлар, тұрмыс-салт жырларын жатқа оқып, домбырамен терме орындады. Моңғолия, Қытай мемлекеттерінен кішкентай бауырларымыз келіп қатысып, өнерімен тәнті еткен еді. Жоба 20 бөлімнен тұрады. Әлі күнге дейін қайталап эфирден беріп тұрамыз. Алдағы уақытта осындай ауқымды ұлттық жобалар жалғасын табады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Балапан» телеарнасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет Қазақстандағы балалар премиясы өткізілді. Шалғайдағы ауыл, алыс-жақын елдімекен, қалалардан 2000-нан астам өтінім келіп түсті, соның ішінде ең үздік деген 25 балаға «Балапан жүлдесі» табысталды. Жүлдеге тек таланттылар ғана емес, адам өмірін құтқарып, ерлік жасаған жас батырлар да ие болды. Бұл жобаны дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар. Мүмкіндігі шектелуі балалар да «Балапан» арнасының назарында. Олар «Балапан жұлдыз» музыкалық бағдарламасында үлкен сахнадан көрінеді. «Балапан» әр баланың арманын орындауға көмектеседі!

- Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер