Қ.Мұхамедиев: Полигондағы жарылыс кесірінен ауыл маңындағы екі көл жер астына кетті - Ашық әңгіме|24 Тамыз 2016, 17:25
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қ.Мұхамедиев: Полигондағы жарылыс кесірінен ауыл маңындағы екі көл жер астына кетті

Фото: altaynews.kz

Ядролық сынақтарға қарсы күрес күніне және Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ядролық қарусыз әлем» тақырыбын арқау еткен дөңгелек үстел барысында ҚР Мәдениет қайраткері, суретші Қоңыр Мұхамедиев өз көзімен көрген оқиғаларды әңгімелеп берді, деп хабарлайды Baq.kz.

«Мен бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданында ядролық полигонның жанында дүниеге келіп, сол жерде балалық және жастық шағым өтті. Әке-шешеміз полигондағы жарылыстарды көрген, бізге айтып отыратын. Бастапқыда білмеген халқымыз кейіннен барып қана мұның қандай қасірет екенін түсінді», - деп әңгімеледі Қ.Мұхамедиев.

Оның айтуынша, ядролық жарылыстар адамзатқа ғана емес, бүкіл табиғатқа орны толмас қасірет әкелді. Сынақтардың зардабынан экологиялық мәселелер туындады.

«Мен туып өскен ауылымның жанында екі көл болатын. Сол жерде малымызды жайып, өзіміз суға түсіп, демалып, балық аулап жүретінбіз. 1963 жылдан бастап сынақтар жердің астында өткізілді. Жер асты жарылыстардың кесірінен екі көліміз жердің астына кетіп қалды. Қазір сол жерде үңірейген екі шұңқыр ғана қалды. Маңайында тіршілік жоқ», - деді ол.

Семей ядролық полигонындағы сынақтардың куәгері айтып өткендей, ауылға орталықтан дәрігерлер келіп, адамдар мен малдарға зерттеу жұмыстарын жүргізген.

«Бала кезімізде Семейден ақ халатты дәрігерлер ауылға келіп, адамдардан, малдардан анализ алып, өлшеп-қарайтын. Сонда бізге «бруцеллез ауруын тексеріп жатырмыз» деп айтатын. 1991 жылы халық көтеріліп, полигон жабылып, оң-солымызды білген уақытта бруцеллезге қарсы зертхана аяқ асты жабылып, онда құмыс істеген адамдар бір түнде Ресейге қашып кетті. Сөйтсек, бұл жабық жасырын әскери зертхана екен. Полигон маңайында тұратын халықты тексеріп, соны ғылыми жұмыстарға пайдаланады екен. Ол жұмыстардың барлығын алып кетті. Енді қазір егемен еліміздің ғылымы дамып жатыр ғой. Бәрін зерттеп, шаралар қолданып жатыр», - деп әңгімеледі Қоңыр Мұхамедиев.

Суретші бірқатар туындыларына ядролық жарылыстардың зардабын арқау еткен.

«Өз жұмыстарымның бір тобын осы тақырыбына арнадым. Бірақ бұл туындылар әлі толық аяқталған жоқ. Бүгін шағын ғана бөлігін ұсынып отырмын. Бұл бес-алты жұмыспен тоқтайтын дүние емес, ауқымы, қасіреті үлкен, ар жағында орасан философиясы бар тақырып деп түсінемін. Әр туындыда өмірде болған оқиға баяндалған», - деп тұжырымдады сөзін ол.

Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толып отыр. 1991 жылы 29 тамызда еліміз үшін тарихи шешім қабылданған еді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа зор қасірет төндірген Семей полигоны жабылды.
Жалпы, 1949 жыл мен 1989 жыл арасында 456 ядролық сынақ (616 жарылыс) жүргізілген. Мұнда 1951 жылы 18 қазанда атом бомбасын ұшақтан тастап жару, ал 1953 жылғы 12 тамызда термоядролық құрылғы сыналды. 1955 жылы 22 қарашада сутегі бомбасы жарылды. 1961-1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналды, 1963–1988 жылдары жыл сайын 14–18 сынақ өткізіліп, жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Осылайша, Семей аймағында 40 жыл бойы сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен.

Суреттер интернеттен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер