Мемлекет биыл медициналық сақтандыру реформасын қайта қолға алғаны белгілі. Қазір жаңашыл жүйені түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп отыр. Осы жүйенің арқасында енді елімізде медициналық қызмет көрсету сапасы жақсара түспек. Ал бұл дегеніңіз медициналық мекеме, ондағы қызметкерлер мен қызметті енді бастаған ақ халатты абзал жандардың еңбегін шынайы бағалауға алып келері сөзсіз. Осылайша әрбір аурухана, емхана мен жеке клиникалардағы сапа мәселесі өздігінен бірінші орынға көтеріліп, халық өзі таңдаған әрі дұрыс деп тапқан емхана табалдырығынан аттай алады. Және бұрынғыдай буат-буат ақшасын кетірмей, жарна жиынтығында тұрған қаражаты есебінен еркін емделеді. Бұл Қазақстан билігінің ел-жұрттың сапалы медициналық көмек алып, бұл саладағы жемқорлық пен түсініспеушіліктерді жоюға бағытталған жарқын қадамы деп бағалауға толық негіз бар. Міндетті медициналық сақтандыру реформасының аясында енді Астана мен Алматыдағы ірі мекемелер ғана емес, өңір-өңірлердегі емханалар да етек-жеңін жинап, замана көшіне ілесе бастайды немесе өзін бұрынғыдан да жетілдіре түседі. Осылайша үлкен қалаларға баруға мүмкіндігі бола бермейтін, шалғай ауылдар мен аудандардағы халық та сапалы, деңгейі жоғары медициналық қызметтің тұтынушысына айналмақ. Осы ретте аймақтардағы медициналық мекеменің өкілі ретінде Ақмола облысы Астрахань аудандық ауруханасының бас дәрігері Елубай Құрмановпен пікірлескен едік.
1. Қазір елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық жүріп жатыр. Осы реформаның артықшылықтары жайлы айтып берсеңіз.
- Маман ретінде айтарым, бұл реформаның бізге берері көп. Ең алдымен, міндетті сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласындағы қызметтің сапасын жақсартуға, халықты медициналық қызметпен қамтамасыз ету деңгейін көтеруге бағытталған. Екіншіден, бұл салаға бөлінетін қаржыны реттеуге бағытталған. Өкінішке орай, қазір денсаулық сақтау саласына бөлініп отырған мемлекет қаражатын бақылау күн сайын қиындап барады. Дәрі-дәрмек бағасы мен тарифтердің жыл сайын өсуі де қаражатты еселеуді талап етеді. Міндетті медициналық сақтандырудың әлеуметтік әділеттілік, жалпыға ортақ жауапкершілік сынды принциптерін ерекше атап өтуге болады. Әділетті дейтініміз жүйе азаматтарды бөліп жармай, бірыңғай пакет негізінде елдің бәріне теңдей қызмет көрсетуге негізделген. Былайша айтқанда, жүйеге қатысушылар жарнаны өз мүмкіндігіне қарай төлейді. Бірақ медициналық көмек жиналған ақша шеңберінде емес, қанша қажет болса сондай көлемде көрсетіледі. Жылына 15-16 мың теңге төлеу арқылы жоспарлы түрде емделуге, лабораториялық талдаулар мен диагностикалық тексеруден өтуге, дәрі-дәрмектің көптеген түрлерін тегін алуға болады. Қажет болған жағдайда тіпті, құны бірнеше миллион теңге тұратын операцияларды жасатуға болады. Бұған мемлекет, жұмыс беруші мен жұмыскерлердің ортақ жауапкершілігі мәдениетін қалыптастыру арқылы қол жеткіземіз.
2. Қазір мемлекет халықты медициналық көмектің белгілі бір түрлерімен тегін қамтамасыз етіп отыр ғой. Ендеше, сақтандыру жүйесін енгізу не үшін қажет болды?
- Өте орынды сұрақ. Мемлекеттің тегін медициналық көмекпен белгілі бір деңгейде қамтамасыз етіп отырғаны рас. Бірақ оның көлемі шектеулі ғана. Міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу арқылы біз көрсетілетін медициналық көмек аясын кеңейту жоспарланып отыр. Бүгінгі күні аталған базалық пакет шеңберінде 47 сырқат тегін емделеді. Ал, Жапония, Оңтүстік Корея сынды алдыңғы қатарлы елдерде бұл тізімге 120 сырқат түрі кіреді. Сондықтан бұл тізімге енбеген науқастардың наразылығы басым. Тегін көмек пакетіне енбегендіктен олар ақылы түрде емделуге, дәрі-дәрмекті де өз ақшасына сатып алуға мәжбүр. Тағы бір мәселе, біздің елде жоғары тенологиялы көмек түрлеріне зәру адамдар өте көп. Өкінішке орай, буын, ағза ауыстыру сынды күрделі операцияларға берілетін мемлекеттік тапсырыс та шектеулі. Міндетті сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін сақтандыру жарналарының есебінен осы мәселені шешуге де мүмкіндік туады деп ойлаймын. Сол себепті, сақтандыруды денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың қосымша көзі деуге болады. Жалпы, жүйенің артықшылықтары өте көп.
3. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін қызмет сапасы көтеріледі деп отырсыз. Сапа қалай қамтамасыз етілмек?
- Ең алдымен бәсекелес орта қалыптасады. Бәсеке бар жерде сапаның да болары даусыз. Сапа ғана емес, медициналық қызмет бағасы да төмендейді. Міндетті сақтандыру пакеті шеңберінде медициналық қызмет көрсету үшін емдеу мекемелерімен келісімшарттар бекітіледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры келісімшартты тек мемлекеттік емханалармен ғана емес, жеке меншік клиникалармен де бекітеді. Бәсеке болғандықтан емдеу орындары пациенттер үшін күресетін болады. Ал, адамдар өздеріне ұнайтын, заманауи қондырғылары бар, білікті де тәжірибелі мамандары бар клиникалар мен емханалардың дәрігерлеріне қаралады. Бәсекеде ұтылмас үшін жабдықталу немесе білікті маман жағынан осалдау мекемелер жақсы мамандарды жұмысқа тартуға күш салады. Бұл пациенттерге қолайлы жағдай жасау сынды қарапайым сервис жағынан да көрініс таппақ. Осындай шаралардың арқасында адамдар қазіргідей кезекте сарсылып тұру, белгілі бір тексеру түрінен өту үшін айлап күту сынды машақаттардан құтылады.
4. Сөзіңіз орынды. Бірақ бізде бір ғана емдеу ұйымы бар аудандар мен үлкен ауылдар да бар ғой...
- Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі ауылда да табысты жұмыс істейді деп ойлаймын. Әрине, ауылда тұратын адамдар емхананың шалғайлығы, тіршілік деңгейінің қаладағыдан төмендігі сынды проблемаларды жақсы біледі. Онда үлкен шаһарлардағы сияқты клиника таңдау мүмкіндігі де шектеулі. Бірақ қалай болғанда да сақтандыру есебінен түсетін қаржының арқасында аіудандық ауруханалардың, дәрігерлік амбулаториялардың материалдық базасы біртіндеп жақсарады. Ең бастысы – егер жарнаны азаматтардың бәрі болмаса да басым бөлігі төлеп, қорға тиісті қаржы түсіп тұратын болса дәрігерлерге түсетін салмақ та азаяр еді. Мысалы, қазір біздің елде әр дәрігер шамамен 2200 адамға қызмет көрсететін болса, Қор алдағы уақытта осы жүктемені сәл де болса азайтып, 1500-ге дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл өте жақсы нәрсе. Қарайтын пациент қысқарған соң дәрігердің жұмысының сапасы да артады. Сонымен қатар, қазір мемлекет ауылдық жерлерде халықтың денсаулығын тексеру, диагностика, скрининг жүргізуге аз ақша бөліп отырған жоқ. Мысалы, қандағы холестерин, қант мөлшерін анықтау, ЭКГ, маммография, ультрадыбыстық зерттеулердің бәрі қазір тегін жасалады. Бірақ осының бәрі тегін бола тұра біз адамдарды осыдан өтші деп үгіттеуге мәжбүрміз. Шынында, адамдар мұның бәрін саналы түрде өтуі керек. Өйткені, әркімнің өз денсаулығы алдымен өзіне керек қой. Яғни, бізде денсаулыққа деген ортақ жауапкершілік жоқ. Сақтандыру медицинасы енгізілгеннен кейін адамдардың денсаулыққа деген жауапкершілігі артады деп үміттенемін. «Судың да сұрауы бар» демекші, ол ақша төлегеннен кейін оны тиімді пайдалану жағын ойластырады. Жауапкершілігі оянып, емханаға дер кезінде барады. Белгіленген медициналық көмек түрлерін көрсетуді талап етеді. Ал, тегін болған соң адамдар оны дұрыс қабылдамайды. «Мемлекет төлеуге тиісті» деп ойлайды.
5. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге әлі ерте деген пікір де айтылып қалады. Денсаулық саласының қазанында қайнап, күн сайын оның қызығы мен шыжығын көріп жүрген маман ретінде осыған қатысты не айтар едіңіз?
- Медициналық сақтандыруды денсаулық саласына аса қажетті реформа ретінде енгізетін уақыт келді деп ойлаймын. Оны енгізіп, жан-жақты насихаттаған жөн. Оның артықшылықтарын халыққа түсіндіріп, біртіндеп енгізетін уақыт жетті. Кейінге тарта бермей, үздік медицинаға қарай ұмтылуымыз керек. Алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесінің өзімізге пайдалы тұстарын алуға тырысқанымыз жөн. Уақытты созып, мемлекетке қарап қол қусырып отыра беруге болмайды.
6. Қарапайым халық ұтады делік. Ал, бұл жүйе жеке меншік клиникаларға не береді? Жаңа реформа өз күнін өзі көріп үйренген оларға не бермек?
- Меніңше, жеке меншік клиникаларға бұл реформадан қорқудың қажеті жоқ. Олар бұдан ұтпаса ұтылмайды. Неге? Өйткені, олар қазір сіз айтқандай «өз нанын өзі тауып жүр». Міндетті сақтандыру енгізілгеннен кейін олар үшін бюджеттік емханалармен қатар мемлекеттік тапсырыс алуға мүмкіндік туады. Әлеуметтік сақтандыру қоры олармен келісімшарттар бекітеді. Сөздің шыны керек, бүгінгі күні жеке меншік клиникалардағы қызмет бағасы шектен тыс жоғары. Міндетті сақтандыру шеңберінде медициналық қызметке бірыңғай тариф енгізу жоспарланып отырғандықтан, олар осы жағынан аздап ұтылуы мүмкін. Бірақ олар келетін пациенттердің саны жағынан ұтады. Мысалы, қазір білікті дәрігерлердің көбі күндіз емханада, түстен кейін жеке меншік клиникада жұмыс істейді. Клиникада ол 5 адамды қабылдаса, мемлекеттік мекемеде 20 адам қабылдайды. Әрине, мұндайда жұмыстың сапасы ақсайтыны рас.
7. Жалпы, Қазақстанның медицинасы міндетті сақтандыруды енгізуге дайын ба?
- Осы сақтандыру тақырыбы қозғалғанда көпшілік 1996-1998 жылдардағы алғашқы реформаның сәтсіздіктерін алға тартады. Дегенмен елде экономикалық дағдарыс күшейіп тұрған ол заманмен қазіргі кезді салыстыруға болмайды. Ол кезде ақпараттық технологиялар, тиісті инфрақұрылымдар болған жоқ. Жарна төлеуге жұртшылықтың шамасы жетпегені де рас. Қазір жағдай басқаша. Заманауи қондырғылардың түр-түрі бар жеке меншік клиникалар желісін былай қойғанда, мемлекеттік емдеу мекемелерінің өзі қондырғылардың минималды стандартымен қамтамасыз етілген. Әлбетте, техника күн сайын дамып жатқан бүгінгі заманда қондырғыларды жаңартқанға не жетсін? Бірақ қосымша қаржы көзінсіз оған қол жеткізу мүмкін емес. Бюджеттің шамасы жетпейді. Бүгінде денсаулық сақтау саласына ішкі жалпы өнімнің 2-ақ пайызы бөлінеді. Ал, дамыған елдерде бұл көрсеткіш өте жоғары. Мысалы, Германияда ІЖӨ-нің 7,5 пайызы, Словакияда 10 пайыз. 1 шілдеден бастап енгізілгелі отырған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны арттыруға көмектеспек. Әлбетте, мұның бәрі бір ай немесе бір жылда іске асатын дүние емес. Себебі, сақтандыруды осыдан ондаған жыл бұрын енгізіп, бүгінде оның жемісін көріп отырған елдердің өзі жүйені әлі күнге дейін жетілдіріп келеді.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!