Ғазиза Құдайберген: Кітаптың иісін сезініп, қайырып қойып оқығанға ешнәрсе жетпейді - Ашық әңгіме|01 Шілде 2017, 15:00
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ғазиза Құдайберген: Кітаптың иісін сезініп, қайырып қойып оқығанға ешнәрсе жетпейді

Фото: автор

Алматы қаласында кітапханалар баршылық. Әрқайсының өзіндік оқырманы, өзіндік жолы бар. Талай жылдан бері ұлт руханияты мен ел игілігіне қызмет етіп келе жатқан Ұлттық кітапхананың өзінің еңбегі ауыз толтырып айтарлықтай. Бірақ, одан басқа да кітап ордалары атқарып жатқан орасан еңбектер еленбей қалуға тиісті емес. Мәселен, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы креативке толы іс-шаралары, түрлі акцияларымен бұл күнде оқырман жүрегін жаулап алған, менмін деген мықты ақын-жазушылардың әдеби кештерін өткізеді. Қашан барсаң тіршілігі қайнап, рухани кештердің ұйытқысы болып жататын кітапхананы Ғазиза Құдайберген атты білікті кітапханашы басқарып отыр. Тіпті танымал әдебиетшілердің өздері Ғазизаға «еліміздегі ең белсенді кітапханашы» деген атақ берген. Ол «жұртшылық кітапханашы қызметіне мамандық ретінде қарау керек» дейді. Айтуынша, кітапханашылық қызмет - руханият алдындағы абыройлы міндет. Ал оның алып жүрудің жүгі тым ауыр әрі жауапты. Бұл күнде 400 мыңнан астам кітап қорын сыйғызып, күн сайын қатарын жаңа әрі тағылымды кітаптармен толықтырып отырған ұжым басшысымен сұхбаттасудың сәті түсті. Былтырдан бастап Алматы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрамына кірген ұжым басшысының оқшау ойлары мен пікірлеріне құлақ түрелік.

Ғазиза апай, кітапхананың қазіргі тыныс-тіршілігі қалай? «Қазір кітап оқылмайды, кітапханаға көп ешкім бара бермейді» деген қасаң пікірлермен қалай күресіп жатырсыздар?

  • Менің ойымша кітапханаға деген көзқарас заманға, кезеңге бөлінбейтін сияқты. Өйткені кітапханаға деген көзқарас әрбір адамның кітапқа деген көзқарасынан келіп туындайтын нәрсе. Бұрын қызығушылық жоғары еді, қазір төмендеп кетті деп салыстыруға да болмайтын секілді. Жалпы, егемендік алған жылдар кезіндегі экономикалық қиындық еліміздің қай саласына да әсерін тигізді ғой. Сол кезде адамдар нан табамыз деп, барлық нысандар мен мекемелер жаппай жекешелендіруге ұшырап жатқан кезде кітап пен кітапхананың айдалада қалғаны жасырын емес. Бірақ, мұны да ақтап алуға болады. Себебі кезінде ашаршылық болып бір уыс бидаймен күн көрген кезде де қазақтың әдебиеті өлген емес. Адамдар кітапты соғыста окопта жатып та оқыған. Сондықтан халық жағдайы түзелгеннен кейін қайтадан рухани ортаға бет бұра бастады. Ал негізінде кітапханалардағы оқырмандардың азаюын жекелеген кітап дүкендерінің, әрбір оқу орындарындағы кітапханалардың көбейгендігінен көру керек. Мәселен, 92 жылдары экономика мен заң саласындағы студенттер кітапханаларда ұзын-сонар кезекте тұратын. Өйткені, ол кезде бізде кітап саудасымен айналысатын дүкендер болмады, оқу орындарында кітапхана жасайтын қор мүмкіндігі болмады. Біз қазіргі таңда көпшілік кітапхана болғандықтан оқырмандарға кітап береміз, олардың келіп отырып оқуына да жағдай жасаймыз, түрлі әдеби шаралар өткіземіз деген сияқты. Біздің кітапханаға мектеп оқушысынан бастап 70-80-дегі қарияларға дейін келеді. Әрине, көбінесе кітапханамызға жақын тұратын, осы ауданның тұрғындары. Қазір кітап оқу қайтадан сәнге айналып келе жатыр. Келушілердің қарасы соңғы жылдары қайта артты. Көбісі айтады, қазір неше түрлі электронды нұсқадағы кітаптар шыққанына қарамастан, оны қолға ұстап, иісін сезініп, қайырып қойып оқығанға жетпейді. Ол расында солай. Негізі оқырман кітапты үйіне алып кетіп оқу үшін келеді. Ал арнайылап кітапханаға келіп, біраз уақытын осында өткізетін оқырмандар тобы да бар. Олар өздеріне тыныштық жер іздеп келіп кітаппен достасады, біреулері газет-журнал тігінділерін ақтару үшін келеді, енді бірі баяндама, реферат жазу үшін материалдар іздейді. Мұғалімін ертіп келіп осы жерде сабаққа дайындалатын, азаннан кешке дейін ноутбугына шұқшиып ғылыми жұмыс жазатын оқырман болады. Сондықтан біздің кітапханада оқырманның түр-түрі бар деп айта аламын.

Қазір көптеген кітапхана электронды жүйеге көшіріліп жатыр ғой. Жамбыл атындағы сіз жетекшілік ететін мекеме бұл көшке қаншалықты ілесе алып жатыр?

  • Астанада Ұлттық академиялық кітапхана барлық кітаптың электронды нұсқаларын көшіріп қойған. Ал бізде ол мәселе жоспарда тұр. Біз қазір Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне кіреміз. Бізден бөлек бұл жүйеде Бегалин атындағы балалар кітапханасы бар. Қазір енді кітаптардың барлығын штрих-кодтап шығу процесі жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалпы қала бойынша қолға алынған. Сондықтан заманауи үлгіде кітапхана жүйесін қалыптастыратын күн де алыс емес. Жалпы, өз кітапханамыздың ішінде электронды база қолданылады. Сол жерге керек кітабыңыздың атауын жазып, кітапханада бар-жоқ екендігін анықтай аласыз. Және кітапхана қызметкерлері де оны уақыт жоғалтпай сол база арқылы оңай тауып бере алады.

Бізде кітапханаға әдетте тек шығармашылық адамдары немесе ақын-жазушылар келетін сияқты көрінеді ғой. Ал шын мәнінде мүлде басқа саланың адамдары қаншалықты жиі бас сұғады?

  • Негізінде кітапханаға нағыз оқырман көркем әдебиет оқуға келеді. Оның ішінде кітапқа құмар мүлде басқа саланың адамдары өте көп келіп жатады. Мәди деген бір кісі бар. Ол кісі көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Үнемі келіп, ағылшын тіліндегі кітаптарды түпнұсқадан оқиды. Шекспирден бастап әлем әдебиетінің небір жауһарларын тапжылмай отырып оқып шығуға бар. Сосын 90 жылдардан бері менің оқырманым болып келе жатқан Аида есімді стоматолог келіншек бар. Ол апай да көбінесе көркем шығармалар оқиды. Тұрақты түрде айына 5-6 кітап алып кетіп, уақытылы түрде тапсырып тұрады. Сонымен қатар, біздің кітапхананың оқырмандары ретінде ұрпақтар сабақтастығын сәтті жалғастырып жүргендер де бар. Бұрын өзі келген, кейін баласын әкеліп үйреткен. Енді немересін кітапхананың тыныс-тіршілігімен таныстырып жүрген әулеттер де жиі кездеседі. Ата-аналардың балаларын ертіп кітапханаға келуі көз қуантарлық жағдай. Қазір адамдар барлық заманауи жетістікпен сусындап, қайтадан руханиятқа біртіндеп қайтып жатқандай әсер қалдырады. Бұл ретте балаға кітап оқы деп айтып, оны кітап әлеміне қызықтыру үшін кітапханашылардың талпынысы жеткіліксіз. Себебі қазір баланы еліттіріп әкететін неше түрлі ермек көп. Сондықтан бұл жерде ата-ананың рөлі, солардың берген тәрбиесі маңызды. Егер олар кітаптың маңызын түсіндіріп, үгіттеп отырса, бала кітапханамен бітеқайнасып өсер еді. Ал мен әлі күнге кітапқа ғашық болып, кітапхананың ауасымен тыныстаған баланың жаман болғанын көрген де, естіген де жоқпын.

Өздігінен келіп кітап оқып немесе жаздырып алып кетіп тұратын балалар саны қаншалықты қалың?

  • Өздігінен келетін балалар аз, әрине. Сол себепті біз оқырман тарту мақсатында түрлі акциялар, конференциялар ұйымдастырамыз. Одан шығып жатқан нәтиже бар. Қазір небір керемет шығармалар, сыртқы дизайны әдемі кітаптар шығып жатқанына қарамастан балалардың ықыласы төмен. Оны арттыру үшін біз болып, сіз болып, жалпы қоғам болып үлес қосқанымыз дұрыс секілді. Сосын кітап оқу үшін баланың көзін қызықтыру керек. Қазіргі кітапханалардың көрінісі сол бұрынғыдай, тура мектептегідей парта мен орындық. Сондықтан кітапханаларға жаңа, заманауи инфрақұрылым керек-ақ. Біздің кітапхананың сондай заманауи үлгідегі нұсқасы жасақталып дайын тұр. Қалалық әкімдік биылдан бастап модернизациялаймыз, жаңа интерьер қоямыз деп жатыр. Соның басталуын асыға күтіп отырған жайымыз бар. Біз төрт жыл бұрын кітапханамызда жазғы лагердің жұмысын бастадық. Мұны өте қарапайым түрде қолға алған болатынбыз. Ұжыммен бірге көпқабатты үйлердің ауласына, көшелерге ақ қағазға «кітапханамызда жазғы лагерь жұмысын бастайды» деп іліп шыққан едік. Мұны көрген ата-аналар қуанып, балаларын ертіп келе бастады. Содан бері дәстүр үзілмей жалғасып келе жатыр. Біз оларға барынша қызықты әдістер қолдануға тырысып келеміз. Әдеттегідей жаттанды «сен кітап оқу керексің», «кітап оқысаң ғалым боласың» деп емес, соған өздігінен жетелейтін, өзі-ақ кітапқа ықыластанатын әрекеттер жасауға тырыстық. Осы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Жарқын жаз» деген жобасы бар. Осы жобаның да балалардың рухани дамуына тигізіп жатқан көмегі өте көп.

Сіздердің кітапханада әдеби кештер өте жиі өткізіледі. Бұл авторларға да, оқырмандарға да ерекше тиімді, пайдалы шара. Және кітапханаға да. Осындай әдеби тағылымды кештердің кітапхана өмірінде алатын орыны қандай?

  • Көпшілік әдеби іс-шаралар кітапхананың айнымас бір бөлігі, бұрыннан келе жатқан игі дәстүр болып саналады. Бұл автор мен оқырмандарды байланыстыру үшін таптырмас мүмкіндік. Бір кеште кем дегенде 70-100 оқырман жиналады. Соңғы жылдары арнаулы орта білім беретін оқу орындары тарапынан ұсыныс тіпті көп. Яғни, олардың басшылары оқушылар тек ғана кәсіби білім алып шықпасын, рухани тұрғыдан да сусындасын деген ниетпен бізге жиі жіберіп тұрғылары келеді. Әрине, мұндай ұсыныстарды біз қуана қабыл аламыз. Сонда әр кешке 70-100 адам қатысса, жоқ дегенде соны оншақтысы кітапхананың оқырманына айналып жатады. Сондықтан аталмыш әдеби шаралардың берері өте мол. Ол авторға да пайдалы, өзін насихаттай түсуге мүмкіндік алады. Ал оқырмандар өздерінің сүйікті авторларымен кездесіп мәз-мейрам болады. Кітапхана сол екі тарапты тоғыстырып отырған орталық ретінде міндетті түрде ұтады дер едім. Сол себепті біз мейлінше жиі осындай кештерді ұйымдастырып тұруға тырысып келеміз. Сосын осы ретте бір мәселені айта кеткім келеді. Кешті көбінесе күндізгі уақытта емес, аты айтып тұрғандай кешкі уақытта ұйымдастырған тиімдірек пе деймін. Себебі біз көп жағдайда түскі уақытқа қоямыз, ал ол уақытта көп адам жұмыстарынан сұранып келіп, сосын қайта кетуге асығып отырады. Не болмаса атқаратын басқа да шаруалары бар дегендей. Бір-екі мәрте әдейін сынақ ретінде кешкі уақытта ұйымдастырып көрдім. Бірде «Ымырттағы кітапхана» деген атаумен Ерлан Жүністің кешін өткіздік. Кешкі сағат 22:00-ге белгілегенбіз. Адамдар өте көп келді және ешқайсы асықпай-аптықпай әдеби кешті айыздары қанғанша тамашалап, сұрақ қойып, пікір алмасып, аяқталғаннан кейін де біраз уақыт әңгімелесіп барып қайтты. Мысалы, түрлі музыкалық концерттердің барлығы дерлік кешке қарай ұйымдастырылады ғой, сол сияқты әдеби жиындарды да кешкі мерзімге лайықтаған дұрыс деп ойлаймын. Бірақ, кітапхананың жұмыс уақыты кеш батысымен тәмамдалатындықтан үнемі қызметкерлерді соған бейімдеу оңай емес. Бұл ретте айта кету керек, шет мемлекеттерде «түнгі кітапхана» деген ұғым бар. Күндіз жұмыстан қолы тимеген, күнделікті тіршіліктен босамаған адамдар кешке келіп асықпай кітап оқиды. Сол жүйе бізде де енгізілсе, дұрыс болар еді. Кем дегенде кешкі 10-11-ге дейін кітапхана есігі ашық тұрса, келушілердің қарасы көп болатынына мен өз басым сенемін. Жалпы, кітапхана тек кітап таратып, сосын қайта жинап алып отыратын орталық деген түсініктен арылуымыз керек. Біз қазір шамамыз келгенше тәрбиелеуге, ағартуға күш салып жатырмыз. Кітапхана бұрыннан қалыптасып, қатып-семіп қалған функцияларын өзгерту керек. Олай істемесе болмайды. Міндеттеріміз бен мақсаттарымызды өзгерту арқылы заман көшіне ілесе аламыз, жаңашыл ұрпақтың санасын рухани дүниемен жаңғырта, байыта аламыз. Биыл Алматыда «Жастар жылы» деп жарияланып отыр. Осыған орай орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бес жоба берген. Оның алғашқыларын бастап та кеттік. Өткен жолы Медеу ауданы әкімдігінің қолдауымен «Жастар кітап оқуды таңдайды» деген атаумен оқушылар сарайының алдында көлемді іс-шара өткіздік. Келушілердің де, қатысушылардың да қарасы өте көп болды. Алдағы жазда «Алматы – оқырман қала» деген атаумен акция бастағалы отырмыз. Ең бастысы қызықты жоспарлар баршылық. Тек соны ретімен іске асыру қажет.
  • Мәтіндегі суреттер интернеттен

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер