BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ғалым Пернебаев: Атажұртқа қызмет етуге мүмкіндік берсе болды Эксклюзив

Ғалым Пернебаев Өзбекстаннан атажұртқа ат басын бұрған қандастарымыздың бірі. Алғаш келген кезде егінмен айналысқан. Кейін сиыр бағып, одан кейін базарда сауда сатқан көп қазақтың бірі болатын. Өзінің оқыған мамандығы тіс дәрігерлігі болғандықтан, қарап жатпай, 2008 жылдан бастап осы салаға шындап ден қоя бастайды.

Бүгінгі таңда дәрігерлердің біліктілігін арттыру Республикалық медицина университетінің ректоры қызметін атқарып отыр. Ендігі мақсаты мемлекет тарапынан ешқандай қаржы шығармай, осы университетті халықаралық академия дәрежесіне көтеру. Осы мәселе бойынша екі жылдан бері халықаралық ЖОО ашу үшін лицензия ала алмай келеді. Бүгін біз Ғалым Пернебаевпен Қазақстанда халықаралық ЖОО ашу мәселесіне нелер кедергі болып отырғанын білмек болып әңгімелесіп қайтқан едік.

- Халықаралық академия ашу идеасы қайдан туындады, әңгімені содан бастасаңыз?

- Біздің елде инвестиция тартудың, жаңа технология мен иновацияға қол жеткізудің бір ғана көзі бар. Ол - халықаралық конференция ұйымдастырып, соның негізінде көрме өткізу. Мен де әуелі осы жолды таңдадым. Өз салама келген соң 2009 жылы халықаралық конференция өткіздім. 22 мемлекеттің басын қостық. Астанадағы Медицина академиясы көмектесті. Көрме де ұйымдастырдық. Осы іс-шарадан кейін неге тіс дәргерлерін университеттен кейін қайта даярлау орталығын ашпасқа деген ой келді. 2010 жылы мен бұл орталықты тіркедім. Яғни, тіс дәргерлерін маман ретінде дипломнан кейін қайта даярлау орталығы ашылды Астанада. Ақырындап осы салаға араластым. Жұмыс жақсы нәтиже бере бастады. Мен тоқтап қалмадым, енді жалпы медицина саласында бақ сынап көргім келді. Сол үшін еліміздегі медицина саласындағы олқылықтарды зерделей бастадым.

- Сонда жалпы денсаулық сақтаудың қай саласында олқылық көп деп көрдіңіз?

- Медицина саласында тоқтап қалу деген болмайды. Себебі ол күнделікті жетіліп, күнделікті дамып отыратын сала. Ағып, төгіліп жатқан су секілді, су қанша таза болса, сонша жақсы. Медицинада да сондай, қаншалықты жаңа білім болса, сонша жақсы. Қандай мықты дәрігердің өзі медицинаның даму жылдамдығына ілесе алмайды. Сондықтан медицинадағы кез келген саланың қайта даярлауы, семинар-тренингтер өткізу мәселесі тоқтаған емес. Соны ескере отырып, енді тек тіс дәргерлерін ғана емес, жалпы денсаулық сақтау саласындағы дәрігерлер мен медбикелерді дипломнан кейін қайта даярлау орталығы ретінде лицензиямды жаңаладым. Яғни, қайта тіркедім.

Менің жұмысым екі есеге ұлғайды. Және нәтижесі де сондай болды. Мен шет елден осы саланың үздіктерін шақырып, лекциялар, мастер-кластар ұйымдастырдым. Осы салада алғашқылардың бірі болып қашықтықтан оқытуды қолға алдым. Бұған дейін Астана аумағында ғана жұмыс істеген орталық, енді республикалық деңгейге тарала бастадық. Қазіргі кезде 16 филиалымыз жұмыс істеп тұр.

- Жылына қанша дәрігерді қайта даярлап шығасыздар?

- Біз орта есеппен есептеп көрдік. Сонда бүгінге дейін 30 мыңнан астам дәрігер мен медбикені дайындаған екенбіз. Ал алдағы жылы Үндістаннан және Пәкістаннан филиал ашуды көздеп отырмыз. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік болмақшы. Қазақстандық бір университет әлемдік деңгейге шығып, филиал ашып жатуы қуантарлық жағдай емес пе?

Ал алғаш осы істі бастағанда қолға алған халықаралық конференция өткізуді жалғастырып келемін. Осыған дейін 11 рет өтті бұл жиын. 11 рет көрме де ұйымдастырылды осы салаға қатысты.

- Сонда бұл конференцияға кімдер келеді?

- Алматыда өткен бір конференциямызға Дүниежүзілік тіс дәрігерлер федерациясын басқаратын Кетрин Келлді шақырдық. Одан бөлек әлемнің 20-дан астам елінен 2000-нан астам тіс дәргерлері келіп қатысты. Кетрин Келл осы конференцияның ашылу салтанатын жасап, лентасын өзі қиды.

Сонымен не керек, барлық мүмкіндігім бар, мамандарды шет елден алдырамын, енді неге халықаралық институт ашпасқа деген ой келді. Әрі бұған дейінгі жұмыстан жақсы нәтиже көріп отырмын. Керек техника, құрал-сайман барлығы бар. Филиалдар да бар. Әрі 2015-2016 жылдары өз саламыз бойынша салық төлеуден көшбасшы болдық. Республикада екінші орынға тұрақтадық.

- Қаржыны қайдан аласыздар?

- Бұған дейін біз мемлекет тарапынан ешқандай қаржы алмастан орталық құрдық, оны институтқа айналдырдық. Бұл жолы да біз мемлекеттен бір теңге сұрамастан, өзіміз тапқан қаржымен халықаралық академия ашуды көздеп отырмыз. Үндістанда халықаралық медицина мектебі бар. Солар бізге Астанаға келіп, кездесті. Біз солармен келісім-шарт жасадық. Олар қазіргі таңда 100 млн доллар көлемінде инвестиция құюға дайын. Ал біздің есебіміз бойынша жылына 3000 студент оқитын болса біздің академияда, біз жыл сайын Қазақстанның қалтасына 21 млн доллар көлемінде инвестиция құя алады екенбіз. Оның ішінде жаңағы ұшақ билетінен бастап, қарапайым ғана 3000 студентке ақ қалат тігетін цехқа дейін.

- Бұл академияда қай елдің студенттері оқиды сонда?

- Үндістан, Пәкістан, Бангладеш азаматтарын оқытуды қолға алмақпыз. Ал 5 пайыз қазақстандық студент тегін оқиды. Біз олар үшін арнайы гранттар бөлеміз. Бізден оқып шыққан қазақстандық студенттердің дипломы кез келген шетелде жарамды болады. Оқытушылар басында шетелден келеді. Ал 4-5 жылдан кейін біз даярлаған мамандар сабақ бере бастайды. Бізге қазіргі уақытта мемлекеттен қолдау болса болды, қалғанының барлығын өзіміз жасай беруге шамамыз жетеді.

- Ал университеттік ваза, оқу ғимараттары, жатақхана мәселелір шешілген бе?

- Қазіргі кезде 4000 шаршы метрлік 5 қабатты ғимаратты сатып алып, оған күрделі жөндеу жасап қойдық. Егер бүгін лицензия берсе, мен 10 күннің ішінде шеттен 1000 студент әкеліп, жұмысымды бастай беруге дайынмын. Оларды орналастыру, жатақханамен қамтамасыз етуге менің мүмкіндігім жетеді. Онымен қоса Астанадағы ең ірі деген ауруханалармен келісім жасап қойғам. Біздің ЖОО студенттері сол ауруханалардан іс-тәжірибеден өте алады.

- Сонда сіз қашаннан бері лицензия ала алмай жүрсіз?

- Екі жыл болды.

- Бұл мәселе бойынша кімдермен жолықтыңыз? Министрлік, Үкімет басшысы, Елбасы бұл әрекетіңізден хабардар ма?

- Бұл сұрақ бойынша еліміздің үш Денсаулық сақтау министрімен – Салидат Қайырбекова, Тамара Дүйсенова және қазіргі министр Елжан Біртановпен кездестім. Бұл тараптан, яғни денсаулық сақтау саласынан маған қарсылық жоқ. Бірақ бұл кісілер қанша келісіп отырса да, олардың құзырында емес. Бірнеше сенатордың қабылдауында болдым осы мәселе бойынша.

Сонымен бірге, БҒМ-ның жауапты хатшылары Әмірхан Рахымжанов пен Арын Өрсариевпен кездестім. Екеуі де жақсы қабылдады, көзқарастары дұрыс. Бірақ маған лицензия беру екеуінің де қолында тұрған жоқ. Сосын мен БҒМ вице-министр Бибігүл Асыловамен де жолықтым. Ол да қолдау білдіріп отыр. Осы Бибігүл Асыловамен бірге министрліктің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасы Ахметжан Пірімқұловпен және ол кісінің орынбасары Талғат Ілиясұлымен кездестім. Олар да менің мәселемді шешіп бере алған жоқ.

Ал министрдің өзмен екі рет осы сұрақ бойынша кездестім. «Нұр Отан» партиясының қабылдау кеңесінде жолықтым, екіншісінде өзінің жеке қабылдауында болдым.

- Елбасымыздың атына мәселені түсіндіріп, жағдайды айтып хат жолдаған жоқсыз ба?

- Жоқ. Бұл мәселе осы БҒМ құзіретінде-ақ шешіледі деп ойлаймын. Дегенмен екі жылдың көлемінде БҒМ жазған хаттарыма 15 рет лицензия берілмейді деп қайтарды. Қазіргі уақытта Президентіміздің атына хат дайындап қойғамын. Тіпті шешілмейтін болса Елбасымызға жолдайтын боламын.

- Сонда сізге қойып отырған талаптары қандай? Неге лицензия бермей отыр?

- Олардың қойып отырған талаптарына, шарттарына толықтай келісіп отырмыз біз. Ал лицензия мәселесінде нақты ашып айтып, «осындай себеппен сізге лицензия бере алмаймыз» деп айтқан жоқ. Негізге алып отырғандары еліміздегі кейбір оқу орындарын қысқартып, бірнешеуін біріктіріп, 160-тан астам ЖОО-ның 125-130-ға жуығын ғана қалтырды. Бұл негізінен саннан гөрі сапаға өту үшін жасалған қадам ғой. Мен де бұл ұстаныммен келісемін. Соның да салдары біздің жұмысымызға кедергі келтіріп отырған секілді. Сонымен қатар, аздаған түсінбеушілік болып жатқан болар.

- Ол қандай түсінбеушілік?

- Бұл жұмысты тезірек қолға алып, тезірек жүзеге асырып жіберу керектігін бағаламай отырған сыңайлы министрлік тарапы. Білім және ғылым министрлігінің менен нақты не талап етіп отырғанын өзім де түсінбеймін. Шын мәніне келсек біз ашамыз деп лицензиясын ала алмай жүрген академия ішкі саясатқа, ішкі білім беру жүйесіне оң әсер етеді. Тек қана еліміздің білім сапасын жоғарлатады. Олай дейтінім Елбасының өзі қазір үш тұғырлы тіл мәселесін көтеріп отыр. Ал негізгі басымдық мемлекеттік тіл мен ағылшын тілі. Біздің академия осы екі тілге ерекше мән береді. Сонымен бірге Президентіміздің өзі маңыз беріп отырған халықаралық бағдарламамен оқытамыз. Ұстаздарымыз шет елдіктер. Сондықтан да біздің ЖОО ішкі білім беру нарқына, ішкі білім беру саясатына әсер етпейді. Сонымен қатар, біз өзімізде қолданатын үздік бағдарламаларды еліміздің басқа ЖОО-ларына беріп, бағдарлама алмасу жағын қарастыра аламыз.

- Мұндай тәжірибе халықаралық тәжірибеде бар ма?

- Бар. Қырғызстанда, Грузияда, Тәжікстанда шетелдік студенттерді оқыту бұрыннан жолға қойылған. Мысалы Қырғызстанда 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 13 жыл болды. Тура осы біз ұсынып отырған университет олар да да жұмыс істеп тұр. 3000 студентті оқытады. Солардың мәлметтеріне қарайтын болсаңыз, Қырғызстандағы халықаралық университетте оқыған студенттер, өз елдеріне барып жұмысқа орналасу емтиханын тапсырғанда бірінші тапсырыстан-ақ 83 пайызы өтіп кетеді екен. Ал біздікілер шет елде сондай тестілеуден өткенде нәтиже 18-ақ пайыз болған.

- Сіз халықаралық академия аштыңыз, онда шетелдік балаларды оқытасыз. Сонда Қазақстанға келер қандай пайда бар?

- Жаңа жоғарыда айтым, біріншіден 5 пайыз қазақтсандық студент болады. Олар тегін оқиды. Екіншіден біздің оқу орнымыз ашылар болса, жылына Қазақстанның қоржынына 21 млн доллар көлемінде қаржы құйылады. Оны әрине, ешкім тұтастай қолға ұстата салмайтыны белгілі. Түрлі жолмен келетін ақша ол. Мысалы шет елден келетін 3000 студенттің әр оқу жылы басталғанда және аяқталғанда оқуға келіп-кету жол ақысы, киімі, тағамы, жатар орны барлығының ақшасы Қазақстанның қалтасына түседі. Үшінші Қазақстанның білімі шет елде жарнамаланады. Төртінші Қазақстан мемлекетінің имиджі өзге елдерде танылады. Елбасымыздың өзі осы мәселе бойыншы жиі айтады. Қазірдің өзінде әлем алдында Астанамыз ЭКСПО-2017 көрмесін өткізіп, қазақтың бай мәдениетін, қонақжай көңілін, бейбітсүйгіш пейілін танытып жатыр емес пе. Біз де соған өз үлесімізді қосып, еліміздің танымалдылығын арттыра түсуге жұмыс жасағымыз келеді. Соған мүмкіндік берсе болғаны.

- Әңгімеңізге рахмет! Тезірек мақсатыңызға жетіңіз


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер