BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«EXPO-Women» төрайымы: Ұлттық қолөнердi брендке айналдырамыз Эксклюзив

Астанада «EXPO-Women» Халықаралық ұйымы мен «Kazbrands» Қоғамдық қоры қолөнер шеберлерi бұйымдарын брендтеу бағдарламасының тұсауын кестi. Осылайша, қос ұйым отандық шеберлер мен олардың өнiмдерiн брендке айналдырып, елiмiздiң ұлттық өнерiн әлемге паш етпек. Мәселен, қолөнер туындылары шетелде өтетiн EXPO көрмесi мен басқа да халықаралық алаңдарда көрсетiлмек, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«EXPO-Women» Халықаралық ұйымының Басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекованың айтуынша, өзi жетекшiлiк етiп отырған ұйымының мақсаты - Қазақстандағы үздiк жобаларды, үздiк жетiстiктердi болашақта EXPO алаңдарында көрсету.

«Мысалы, бiз EXPO-2017 көрмесi өтер алдында «Ұлы дала жәрмеңкесiн» өткiзiп, үздiк қолөнер шеберлерiнiң атын шығарған едiк. Ендiгi кезекте қолөнермен айналысып жүрген Қазақстан азаматтарының атын дүниежүзiне танытуды көздеп отырмыз. Мiне, жақында Бейжiңде EXPO көрмесi өтейiн деп жатыр, ал 2020 жылы Дубайда өтетiнi баршаға мәлiм. Соған жақсылап дайындалу үшiн осындай үлкен iстi бастағалы отырмыз. Яғни, 2018 жылдың 3-4 наурызында тағы да «Ұлы дала жәрмеңкесiн» өткiземiз. Сол жәрмеңкеге қатысатын шеберлердi өнiмдерiн брендтеуге шақырамыз. Осы орайда, бiз «Kazbrands» қорымен бiрлесе отырып, қазақстандық қолөнершiлердi брендке айналдырғымыз келедi. Елбасымыз 2017 жылғы Жолдауында Қазақстаннан түрлi салада брендтер шығуы керек деп айтқан болатын. Ендi осы қолөнер саласынан да брендтер шығарсақ, ол өзiмiздiң қосқан зор үлесiмiз болар едi. Брендтелген заттарды әрi қарай EXPO-ға шығару бiзге де жақсы», - дедi Салтанат Рақымбекова тiлшiге берген сұқбатында.

Салтанатты шара «Hazifa» брендiнiң негiзiн қалаушы Қазипа Мұханбетқалидiң шеберханасында өттi. Алғаш рет ұйымдастырылған iс-шарада елiмiздiң танымал қолөнершiлерi өз өнiмдерiн көрсеттi. Мысалы, алтын және асыл тастармен жұмыс iстейтiн зергер Iлияс Сүлейменов, күмiстен бұйым жасайтын зергер Берiк Әлiбай, үйге қажеттi ұлттық нақыштағы текстиль өнiмдерiн тiгетiн Қазипа Мұханбетқали мен басқа да танымал шеберлер қатысты.

«Елiмiзде қолөнершiлер өте көп. Олар өз бетiнше жұмыс iстеп жатыр. Бiз осындай шаралар арқылы жұмысымызды бiр iзге салуды көздеп отырмыз. Осылайша, үздiк шеберлердi анықтап, алға жылжытып, олардың өнiмдерiн брендке айналдырамыз», - дедi Қазипа Мұханбетқали.

Ал, «Kazbrands» Қоғамдық қорының президентi Жанна Қайкенова елордада басталған маңызды шара алдағы уақытта өңiрлерде де өткiзiлетiнiн айтты.

«Бiздiң қорымыздың мақсаты - Қазақстан брендтерiнiң дамуына үлес қосу. Өкiнiшке орай, елiмiзде танымал сауда маркаларын брендке айналдыра алатын менеджерлер тым аз, ал брендмейкерлер мүлде жоқ. Осы себептен брендинг процестi дамытып, брендмейкер мамандарды дайындауды көздеп отырмыз... Елiмiзде «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздiк тауары» деген сыйлықтар бар, бұл әрине тамаша. Дегенмен, елiмiз өзiнiң бiрегей мәдениетiмен, тарихымен ерекше. Сондықтан, бiздiң қор қолөнер шеберлерi үшiн де аталым белгiлеу керек деп есептейдi. Себебi, осы өнер адамдары елiмiздiң мәдениетi мен тарихын паш етiп жүр. Негiзiнде, Қазақстанда қолөнер саласында бренд көп. Бiрақ, ресми түрде брендтеу процесi жоқ. Ал, бiздiң мақсатымыз - халқымыздың таланты мен мәдени құндылығын паш ете алатын бiрегей өнiмдер табу. Оларға қойылатын талаптар мен таңба бекiту жағын да қарастырып жатырмыз. Дегенмен, шетелдiк тәжiрибеге сүйенсек, бренд заң аясында бекiтiлмейдi, ол құқықтық нормаларға бағынбайды. Бренд - бұл қоғамның көңiлiнен шыққан өнiм. Елiмiзде сондай бренд өнiмдер көбеюi керек. Осы мақсатқа жету үшiн үлкен жұмыс бастап отырмыз», - деп түйiндедi Жанна Қайкенова.

Фото: автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер