BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ерлан ҚАРИН: Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанға дейін ұзақ дайындық жұмыстарын жүргізген Эксклюзив

Еліміздің Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы ішкі және сыртқы геосаяси жүйе, ел болып қалыптасудағы Қазақ елінің ұстанған бағыт-бағдары жайлы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры, саясаткер Ерлан Қаринмен сұқбаттасудың сәті түскен еді. Еліміздегі беделді институттың тізгінін ұстаған қоғам қайраткері саяси тұрғыда біз әлі күнге дейін Тәуелсіздіктің қадіріне жете алмай келеміз деген ойда.

- Қазақстанның Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарындағы геосаяси ахуалы қандай еді?

- 1991 жылы әлемдік геосаяси жағдай өте күрделі болатын. Ол қазіргі күні біреуді таңғалдыратындай жаңалық емес. Дегенмен, тәуелсіздік алған жылдардағы жағдайды түсіну үшін сол кездегі әлемдік геосаяси ахуалды да ұмытпауымыз керек. Кеңес үкіметінің күйреуімен екі полюстік геосаяси жүйе ыдырап, жаңа күш орталықтары құрыла бастады.

Былай қарасаңыз, әлемдегі жаһандық текетірес, салқын соғыс дәуірі аяқталғанымен, Кеңес одағының күйреуімен жаңа саяси конфликттер пайда болды. Ол егемендігін енді алған жаңа мемлекеттер үшін аса қауіпті еді.

Қазақстанның Тәуелсіздік алуы оңайға түспегенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Кейде мен БАҚ беттерінен «Біз ең соңынан алдық, қаласақ та, қаламасақ та тәуелсіздік алатын едік, бізбен қатар тұрған қырғыздар мен өзбектердің өзі бізден бұрын алды» деген сан түрлі пікірлерді оқып қаламын. Бұл жаңсақ пікірлер.

- Тәуелсіздік алу, дербес ел болу оңай емес. Дегенмен, Қазақстан бұл баспалдаққа тосыннан келмегені белгілі. Ал Тәуелсіздік алуымыздың саяси алғышарттары деп нені атар едіңіз?

- Сол кезде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңес мәжілісін жабық түрде өткізіп, депутаттардың барлығына: «Мен барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен табанды түрде осы шешімді қабылдап, Семей палигонын жабамын» - деді. Міне, дербес, тәуелсіз мемлекеттіктің өлшемі осындай қадамдардан тұрады.

Сонымен қатар, еліміздің тәуелсіздігі жолында шешуші рөл атқарғанымен, тағы бір елеусіз қалған оқиға бар. Жақында ғана өзіміз оның 25 жылдығын атап өттік. Алайда оған әлі күнге дұрыс баға бере алмай келеміз. Ол – 1991 жылы қабылданған «Көші-қон туралы» заң. Яғни, елімізден жырақтағы қандастарымызды елге қайтаруға негіз болған заң бұл. Әлем бойынша дүние жүзіндегі өз қандастарын атажұртына қайтару үшін жағдай жасаған үш-ақ мемлекет бар. Соның бірі – Қазақстан (қалған екеуі – Германия мен Израиль – авт). Айта кету керек, бұл заң Тәуелсіздігіміз ресми түрде жарияланбай тұрғанда қабылданды.

- Бірнеше жыл бойы, алдын ала, саналы түрде, жүйелі түрде мемлекеттіліктің алғышарттарын жасау бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Ал бұл жұмыстар шын мәнісінде аса күрделі геосаяси жағдайда жүріп жатты.

- Біреулер айтып жүргендей, біздің елімізге Тәуелсіздік тосыннан келген жоқ дейсіз ғой?

- Иә, Тәуелсіздік Қазаққа тосыннан келген жоқ. Дәл осы пікір жаңсақ әрі өте қауіпті пікір дер едім. Және мен онымен келіспеймін. Себебі Тәуелсіздік ешқашан да қай елге, қай мемлекетке келсе де төтеннен келмейтіні анық. Ол үлкен жеңістің, үлкен жұмыстың нәтижесімен келеді. Бір ғана мысал айтайын:

Бұның барлығын мысал етуімнің себебі, біз әбден шешілген соң, оның саяси драмасын көрмеген соң, бәрі өздігінен бола салғандай қабылдаймыз. «Е, олар онсызда келісім береді ғой, шешім шығарады ғой» дейміз. Алайда ол мүлде ондай болмады.

Мына тұрған Украинаның тағдыры көрсетіп отыр ғой. Бірі шешті, бірі шешпеді (шекара мәселесі – ред.). Немесе іргемізде отырған Өзбекстанды алайық. Әрине, Өзбекстанның алғашқы президенті – Ислам Кәрімовтің өзбек елін аяқтан тұрғызудағы еңбегі өлшеусіз. Дегенмен, қанша жыл бойы мемлекет басқарып отырса да, көршілерімен шекара мәселесін шешіп кете алмады, соңынан келер ұрпағына шешілмеген мәселелер қалдырып кетті. Атап айтар болсақ, Өзбекстан мен Қырғызстан арасында 500 шақырымға созылған шешімін таппаған шекара мәселесі бар. Соның осы ширек ғасырда анықталғаны – 12-ақ шақырым. Екі елдің үкіметаралық шекара комиссиясы соңғы 5-6 жылда ортақ шешімге келу бойынша бір де бір отырыс өткізбеген. Ал кейін сайланған басшы бір айдың ішінде 30 дан аса шекаралық учаскені анықтап үлгерді. Осыдан шығатын түйін, мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен саяси өмірі мемлекет басшысының ерік-жігеріне тікелей байланысты.

- Бір кезде еліміздің дамуына үлкен ықпал етеді деп жоспарланған «Көп векторлы саясат» доктринасын қабылдаған болатын. Осы доктрина бүгінде көп айтылмайтын болды.

- Біз үшін негізгі мақсат – мемлекеттіліктің алғышарттарын қалыптастыру. Сондықтан, о бастан Мемлекет басшысы жақын көршілермен жақсы қарым-қатынас орнату және нығайтуды ең негізгі мақсат етіп қойды. Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасты нығайтуымыздың мәнісі де сол болатын. Себебі бұл – мемлекеттің, мемлекеттіліктің, егемендіктің қауіпсіздігінің бірден-бір алғышарты. Осыдан барып «Көп векторлы саясат» ұстанымы пайда болды.

Сондықтан да көп векторлы саясат алдағы уақытта да өз міндетін ақтайтын докториналардың бірі болмақ.

- Біз өзімізді өзге елмен салыстыруға құштармыз. Бұл қаншалықты дұрыс. Жалпы, кез келген мемлекетті бір-бірімен салыстырудан пайда бар ма?

- Бір жағынан алып қарасаңыз, бұл өте дұрыс. Себебі ұмтылыс болу керек. Біз – ашық әрі әлемнің кез келген елімен тереземіз тең елміз. Маңайымыздағы мемлекеттерге, оның ішінде озық мемлекеттерге қарап бой түзеуіміз керек. Себебі алдымызға үлкен мақсаттар қоя білмесек, ешқашан жетістікке жетпейміз. Осы тұрғыдан алғанда, мен ондай пікір иелерін кінәламаймын да. О бастан Еуропа, оңтүстік-шығыс Азия, Парсы шығанағындағы мемлекеттердің стандарттарына қарап бой түзеуіміз дұрыс стратегия. Сол арқылы біз өзімізге жоғары талаптар қойып келдік. Соны кейде байқамай қаламыз. Себебі:

- Біз зайырлы мемлекетпіз. О баста, мемлекет дін істеріне араласпайды дедік. Бірақ, мемлекеттің осы бір саясаты қате қадам болмады ма?

- Негізгі қателік немесе негізгі себеп онда емес. Мемлекет қатты араласса тағы болмайды, араласпаса мүлдем болмайды.

Иә, қоғам да, Қазақстан да 25 жылда адам танымастай өзгерді. Кей кезде құрылымдық өзгерістер дүниетанымдық өзгерістерден жылдам дамып жатады. Ал қоғам, қоғамдық сана оған ілесе алмайды. Осыдан барып түсініспеушіліктер, қате ұғымдар, теріс тұжырымдар пайда болады. Бұл мәселенің тағы бір үлкен себебі – адамның, азаматтың, қоғамның, мемлекеттің өз келбетін анықтауы. Және өзін кіммен болмаса немен байланыстыра білуі. Яғни, қоғамдағы өзгерістердің жылдам болғандығы соншалық, кей кезде нақты бағыт-бағдарлардың өзі шайқалып кеткендей болады.

Әйтпесе, көп уақытқа дейін әлемдегі саясатқа, көршілерге Кеңестік дәуір сүзгісімен қарап келдік. Ұлттар арасындағы достық, интернационализм, т.б. Ал әлем – прагматикалық қағидаттармен өмір сүріп жатыр. Біз осындай эмоционалды өмір салтынан рационалды түсініктерге жақындап келеміз. Бұл – табиғи объективті процесс. Сондықтан қоғамдағы мұндай өзгерістер күрделі, жылдам қарқынмен жүзеге асқан кезде, осындай ішкі қайшылықтар орын алып отырады. Бірақ оған объективті, адекватты жауап таба білу керек.

(1939 жылы жасалған карта. Ерлан Қариннің жеке қорынан)

- Тәуелсіздікті алған алғашқы жылдары Ұлттық мемлекет құруға мүмкіндігіміз бар еді. Егер дәл сол кезде ұлттық мемлекет құрып жібергенде, қазіргі күйіміз қандай болар еді?

- Мен бұл пікірмен келісе алмаймын.

- Неге?

- Себебі дәл осы пікірді айтқан кезде сонау Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары – 1990-1991 жылдардағы – ішкі-сыртқы саяси ахуалды естен шығарып аламыз. Өзіңіз ойлап қараңыз, біз Тәуелсіздік алған жылдардағы елдің ішкі жағдайы қандай күйде еді? Сырттағы жағдайымыз қандай еді? Сол уақыттағы Өзбекстан мен Қазақстанның ішкі-сыртқы жағдайын мүлде салыстыруға келмейді.

Яғни, осының барлығы да келесі кезеңнің алғышарттарын дайындау. Осыдан кейін ғана біз жаңа кезеңге, жаңа бір жағдайға өтетін боламыз.

- Тіл мәселесіне тоқталайықшы? Қазақ тілінің...

- Қазақ тілі үшін ешқандай қауіп жоқ. Объективті жағдай да, демографиялық жағдай да өзгеріп келеді. Ол өзгеруге тиісті де. Осыдан 10-15 жыл бұрын жағдай, әрине, мүлде басқаша болатын. Қазір мүлде басқаша. Естеріңізде болса, 2012-2013 жылғы Жаңа жылдағы Ұлттық арнаның жаңажылдық шоу бағдарламасы медиа-рейтингте алғашқы орынға шықты. Бұл еліміз тарихында бірінші рет орын алған жағдай еді. Бұған дейін медиа-өлшем бойынша өзге телеарналардың өнімдері алдыда тұратын. Осы арқылы ішкі аудиторияның қазақ тіліне, мемлекеттік арналарға түбегейлі бет бұрғандығына көз жеткіземіз. Және бұл үрдіс жалғасып келеді. Яғни, кез келген дүниенің өлшемін қазақ аудиториясы жасай алатын деңгейге жетті деген сөз.

- Осынша құрбандықпен, осынша еңбекпен басымызға берілген бостандықтың, елімізге тиесілі Тәуелсіздіктің қадіріне жете алдық па? Жалпы, біз Тәуелсіздік деген ұғымға қандай баға беріп жүрміз?

- Бәлкім біреулерге ұнайтын шығар, біреулерге ұнамайтын шығар, бірақ мен бұл пікірді бұрын да айтқам, әлі де айтып жүрмін. Себебі, өзімді зиялы қауым өкілі ретінде санайтындықтан, айтуға міндеттімін деп есептеймін.

- Ол қандай пікір?

Яғни, біздер білімге, ғылымға, озық тәжірибеге, т.б. осындай мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де дамудың кілтіне ұмтылуымыз керек. Заман күн сайын өзгеруде. Тәуелсіздікті алу бір бөлек, оны қолда ұстап қалу бір бөлек. Осы жайлы айтатын Елбасының: «Тәуелсіздік үшін күрес, Тәуелсіздікті алумен аяқталмайды, керісінше, екі есе қарқынмен жүре береді» деген сөзі маған ұнайды. Себебі біз осындай тең дәрежелі қарым-қатынас орнағаннан кейін жаңа бәсекелестіктің ортасына тап келдік. Сондықтан басқа озық мемлекеттермен тең болу үшін, өз орынымызды сақтап қалу үшін біз әрқашан дамып отыруымыз керек. Әрқашан алдымызға жаңа мақсаттар қойып отыруымыз керек. Өзіммізге қояр талабымызды күшейтіп отырыуымыз керек. Міне, біздің Тәуелсіздікті сақтап қалу жолындағы басты мақсаттарымыз осындай болмақ.

- Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер