BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Берік Уәли: Эфир ұстанымы — ешкімді алаламау Эксклюзив

Осыдан бір жыл бұрын Елбасы «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Осыған орай, «Қазақстан» Ұлттық арнасында «1-студия» қоғамдық-саяси ток-шоуы өз жұмысын бастаған болатын. Басында алдын ала түсіріп алып дайындалса, көп ұзамай тікелей эфирге ауысқан бағдарламаның жүргізушісі, белгілі журналист Берік Уәлимен сұхбаттасқан едік.

Бір жылда неше рет эфирге шығып үлгердіңіздер?

— Алғашқы бағдарлама осыдан тура бір жыл бұрын Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай эфирге шықты. Және алғашқы шығарылым осы мақалаға арналды. Содан бері 44 бағдарлама дайындап, патша көңілді көрерменнің алқасына салыппыз. Алғашқы бірнеше айда бағдарлама алдын ала таспаға түсіріп алып берілсе, кейіннен телеарнаның жаңа маусымында яғни, күзден бастап тікелей эфирге шықты. Нақтырақ айтар болсам, бүгінге дейін 30 бағдарламаны көрерменге тікелей эфирде ұсындық, 14-ін жазып алып көрсеттік. Тікелей эфир болған соң оның жауапкершілігі де үлкен, көрерменнің қызығушылығы да басым. Тағы бір ерекшелігі – тікелей эфирде «айтылған сөз, атылған оқ» - монтаждап алып тастау, қию деген жоқ. Кім қалай айтты, кім не айтты, барлығы солай кетеді. Қысқасы, үлкен тәуекелге бел байлайсың. Дегенмен бұған халық та, өзіміз де үйрендік. Сондықтан шығар, тікелей эфир болмаса ток-шоудың өзі қызықсыз секілді болып тұрады.

Бағдарлама барысында еліміздегі мемлекеттік арналардан біраз жылдан бері көрінбей кеткен саяси тұлғалар эфирге шықты. Бұл, өзіңіз айтқандай, үлкен тәуекелді қажет ететін жағдай. Жоғарыдан қалай рұқсат берді бұған?

— Бұл бағдарламаның көрерменмен қауышуы Ерлан Қаринның Ұлттық арнаның басшылығына келуімен тікелей байланысты. Бір жыл бұрын Ерлан Тынымбайұлы басшылыққа келген соң, мені шақырып, елдің әлеуметтік-саяси өміріне барлау мен талдау жасайтын бір саяси ток-шоудың керектігін айтты. Маған сол бағдарламаны жүргізуге ұсыныс жасады. Осылайша біз эфирге қайта шыға бастадық. Бұл жерде басшының батылдығын айта кеткен дұрыс. Ақыры қоғамдық-саяси ток-шоу болса, қоғамда орны бар, саяси пікірі қалыптасқан азаматтарды шақыруды ұсындым. Төрағаның көздегені де сол еді.

Біздің ұстанымымыз — ешкімді алаламау. Эфирге шығатын тақырып бойынша кім өткір, өзекті пікір айта алады, ол мейлі оппозициялық көзқарастағы азамат па әлде мемлекеттік қызметкер ме, маңыздысы ол емес, маңыздысы – өз көзқарасы мен қоғамдағы мәселені нақты қозғай білсе болғаны.

Осы принциппен, халық өзі куә болғандай, Әміржан Қосанов, Ермұрат Бәпи, Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Абзал Құспан, Расул Жұмалы, Ерлан Саиров, Берік Әбдіғали т.б. қатарлы қоғамда өзіндік орны бар, халық мүддесі үшін айтары бар азаматтарды шақырып, мәселені талқылап жүрміз. Кейбір азаматтар екі-үш рет эфир қонағы болды. Сондықтан, біз Қазақстан халқын, азаматтарын алалап, пікірі біздің билікке ұнамайды екен деп ешкімді шетқақпай жасаған жоқпыз.

Тағы бір мәселе, мысалы, бұрын мен 31 телеарнада «Доданы» жүргізгенде халықтың бағдарламаға қатысты пікір айтуы шектеулі еді. Яғни, ол кезде әлеуметтік желіде талқылау жоқ еді. Ал қазіргі кезде ерінбегеннің бәрі отырып алып кез келген бағдарламаға өз пікірін ашық айтып, талқыға салуына мүмкіндігі бар. Одан қалса, ақпараттық порталдар да хал-қадырынша талқылап жатады. Егер біз жоғарыда айтылған азаматтарға алаң ұсынбай, олардың «аузына қақпақ» болатын болсақ, бірінші өзімізге сын келетіні анық. Сондықтан, қазір қандай да бір сөз бостандығына, пікір еркіндігіне шектеу қойып отырған жоқпыз деп айта аламын. Айтары бар, шынайы, мінді түзейтін сын болса, оның барлығы эфирден беріліп жатыр. Бәлкім шығармай қойсақ, сонда сынға ұшырауымыз мүмкін еді. Сондықтан да, бізге ананы шығармадың, мынаны шығармадың деген сөз жоқ. Халықтың көкейінде «осы азамат эфирден сөйлесе» деген азаматтың барлығына кемінде бір рет, әйтпесе үш-төрт рет тікелей эфирге шығарып ойларын елге жеткізуге мүмкіндік беріп жатырмыз.

Тағы бір айта кететін жағдай, эфирге кімді шақыру керек, кім осы жолғы тақырыпты толығырақ біледі деген мәселені Ерлан Тынымбайұлымен және шығармашылық топпен үнемі ақылдасып отырамыз. Мұндайда салмақты ой, сарабдал пікір айтады-ау деген үлкен-үлкен лауазымды тұлғаларға Ерлан Тынымбайұлының өзін салатын кездеріміз болады.

Тікелей эфирде Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Энергетика министрлігі қатарлы бірнеше министрлікті қатты сынадыңыздар. Бұрын мұндай болмаған. Осыдан кейін сіздерге ескерту жасаған жоқ па, бұларың не дегендей?

— «Сөз бостандығына шектеу бар ма?» дегің келіп тұр ғой. Шыны керек, «1-студия» саяси ток-шоуына келген қонақтардың еркін ойы, кез келген мәселеге шынайы, бүгінгі күннің көзқарасымен қарауы, соған сай өз ойларын ашық білдіруі, біздің қоғамда бұрыннан қалыптасып қалған «пікір алуандығына, еркін сөзге шектеу бар» деген пікірді жоққа шығарады деп ойлаймын. Себебі, біз бағдарламаға барлық министрліктің өкілін, тіпті министрлердің өзін шақырамыз. Солардың қатысуымен бағдарламада көтерілген тақырыпты талқылаймыз. Дегенмен кейбір министрліктер өздерінің жауапкершілігінен жалтарып, эфирге келмей қоятын кездері болады. Мысалы біз бір рет Сыртқы істер министрлігіне арнайы хат жазып, бағдарламаға қатысуға шақырдық. Олардан ешкім келмеді. Мен эфир барысында осыны айттым, бағдарламаға шақырып едік келмеді деп. Содан кейін олар бізге өздері хабарласып, кез келген бағдарламаға, қай уақытта шақырсақ та, қалмайтын болды. Одан кейін Ұлттық экономика министрлігін сынға алдық. Бағдарламада айтылған мәселеге жауапты адам жібермегені үшін. Еліміз бойынша біраз сынға ұшыраған Білім және ғылым министрлігі де біздің сауалдарға толық жауап бере алмағаны үшін сынға ілінді. Дегенмен олар келесі бағдарламада вице-министрдің өзін жіберді. Елімізде орын алған төтенше жағдайлар бойынша Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының бірінші орынбасары келді. Тікелей эфирде комитет жұмысының олқылықтарын айттық.

Әрине, біз кімді сынасақ та, ойдан шығарып немесе жалған жала жауып отырған жоқпыз. Халықтың ойын айттық. Ал біздің сынымыз негізсіз болатын болса, олар сотқа беруге құқылы ғой. Сондықтан да, біз кімді қалай сынау керегін, қай жерде нені айту керегін, сын шын болу керектігін білеміз. Сол себепті де, олар өз қателіктерін түсінді, айтқанымызбен келісіп отыр. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қатысты бағдарламаға шақыру жіберіп, Өмірзақ Шүкеевтің атына хат жаздық. Вице-министр Арман Евниев қатысуы керек болатын. Алайда, эфир уақытына тура бір сағат қалғанда бас тартты. Тікелей эфирде оны да айттық және сынға алдық.

Сондай-ақ, эфирге шығуға, өз ісін халыққа көрсетуге қаймықпайтын министрлер де бар. Солардың бірі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс-министрі Тамара Дүйсенова. Ол ешқашан бас тартқан емес. Екі рет эфирге келіп, өз ойын ортаға салды. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек те өз саласына қатысты бағдарламаға арнайы келіп, көтерілген мәселе бойынша сауалдарға жауап берді.

Негізі үкімет пен халық арасындағы сенімді нығайту үшін, өздерінің атқарып жатқан жұмысын халыққа түсіндіру үшін Үкімет мүшелері тұрақты түрде келіп, халыққа есеп беріп тұруы керек деп ойлаймын. Егер олар біз ғана емес, кез келген эфирге келмесе, демек көзқарас біржақты болады деген сөз. Біржақтылық қашан да халық пен үкімет арасын алыстата беретіні анық. Сондықтан, болашақта да бағдарламаларға қатысып, халық алдында эфир арқылы есеп беруге міндетті болуы керек. Үкімет отырыстарында да осы мәселелені қадағаласа деген ұсынысымыз бар. Себебі, атқарылған жұмыстың қалай жүзеге асқаны бір бөлек те, оны халық-көпшіліктің білуі, сараптауы деген бар ғой. Осы жағына да көңіл бөлінуі керек деп санаймын.

Сондықтан, сұрағыңа қарай айтайын, әзір бүгін бізге ешкім «ананы айтпа, мынаны эфирге шығарма, олай сөйлеме, былай сөйле» деп отырған жоқ. Ондай шектеулер алдағы уақытта да болмайды деп үміттенемін.

Бір тақырыптың эфирден бірнеше рет талқыланған кезі де болды ғой?...

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзіне 8 эфирді арнаппыз. «Латын әліпбиіне ауысу», «Туған жер» бағдарламасы, «Қасиетті Қазақстан» картасы деген секілді жеке-жеке бағдарлама арнадық. Өткен аптада ғана «1-студия» мен «рухани жаңғырудың» бір жылдығына арнап арнайы шығарылым жасадық.

Мұнда мемлекетіміздің атқарып жатқан жұмысы бойынша, жалпы қоғамда өзекті деген мәселелер бойынша бағдарлама дайындаймыз. Мысалы өздеріңіз білетіндей, қоғамда «журналистерді оқытудың қажеті жоқ» деген мәселе талқыға түсті. Біз соны тікелей эфирде талқыға ұсындық. Осы сала бойынша айтары бар, әлеуметтік желіде қоғамдық талқылауға үн қосқан азаматтарды эфирге шақырдық.

Бағдарламаға қатысамын деген Астанадан басқа жақта тұратын азаматтарды, арнайы алдырып, жол-қаражатын төлеп, тікелей эфирге қатыстырып, қайтадан шығарып саламыз.

«1-студияда» талқылайтын тақырыптарыңызды қалай таңдайсыздар?

— Жаңа жоғарыда да айттым, аптадағы ең өзекті, қоғамда ең көп талқыға түскен мәселені бағдарлама тақырыбы етіп алуға тырысамыз. Ал ондай болмаған жағдайда Ерлан Қаринмен, кейде ток-шоудың шеф-редакторы Дәулетхан Жиенқұловпен бірлесе отырып, әлеуметтік желі қолданушыларына сауалнама жолдаймыз. Мысалы осы аптада қандай тақырыпты талқылағанымызды қалайсыздар деген секілді. Сол арқылы бізге ішкі-сыртқы жағдайларға байланысты көптеген ұсыныс түсті. Мысалы, мемлекеттік заңдық құрылымдарға, сот жүйесіне қатысты бағдарламалар арнадық. Жоғарғы сот мәселелеріне арналған бағдарламаға Абзал Құспанды шақырдық. Көп адам, тіпті сол Абзалдың өзі, әріптестері адвокаттарға тікелей эфирден алаң ұсынады дегенге сенбеген екен. Эфирге келіп, қазіргі сот жүйесіндегі адвокаттардың мәселесін ашық көтерді.

Жалпы, «1-студия» саяси ток-шоуында өз істерінің нағыз кәсіби шеберлері жұмыс істейді деп айта аламын. Шеф-редакторы әрі сценарий авторы – Дәулетхан Жиенқұлов, продессері – Мақпал Бұралқиева, режиссері – Айсұлу Жақыпова, режиссердің ассистенті Сәуле Омарова және кадрдың сыртындағы қыруар жұмыстарды атқаратын Әйгерім Мақажан, Сымбат Досмахан сынды білікті мамандар бар. Әрине, бұл жерде Ерлан Қарин мен Ерлан Атамбайдың еңбегі де ұшан теңіз.

Иә, барлығы дұрыс, барлығы орынды. Осынша уақыт жұмсап, тікелей эфирдің жауапкершілігін арқалап, бағдарлама жасағанда, бір нәтиже бар ма осыдан? Мысалы, эфирге дейін мынадай еді, эфирден кейін мынадай амалдары жасалды дейтіндей.

— Қарапайым ғана, жаңа жоғарыда айтқанымдай, кейбір министрлік өкілдері басында эфирге келмей, біз оларға ескерту жасағаннан кейін, келесі бағдарламаларға арнайы келіп, өз пікірлерін ашық айтуының өзі біздің басты жетістігіміз. Бұл биліктің біз арқылы қоғаммен, халықпен санаса бастауының белгісі. Сонымен бірге, бағдарламаға министрлердің, вице-министрлердің қатысуы, олардың өзінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы есеп беруі немесе қарсыластарының пікірі, олар айтқан олқылықтар міндетті түрде сол салаға қатысты мамандарға жетті және арнайы тапсырмалар берілді деген сөз. Әрине, біздің бағдарламаға қатысқан министрлік өкілдері қайта айналып келіп бізге есеп беруге міндетті емес, дегенмен, олар өз ішінде бағдарламада көтерілген кемшіліктерді жоюға жұмыс істейтіні белгілі. Себебі, олар эфирде, халықтың көзінше айтылған мәселелермен жұмыс жасайтындықтарына уәде береді. Демек, елге, халыққа жарияламаса да олар өз ішінде сала бойынша тиісті деңгейде жұмыс жасап жатыр деген сөз. Бұл да біздің жеткен нәтижелеріміздің бірі екенін нық сеніммен айта аламыз.

Биылғы «Тұмар» бәйгесіне неге қатыспадыңыздар?

— Бір жыл болса да қоғамдық-саяси бағдарламаның эфирге тұрақты шығып келе жатқаны қуантады. Шынын айтуымыз керек, бізде мұндай хабарлардың болмағандығынан саяси ток-шоудың тікелей эфирде шығу дәстүрі үзіліп қалған. Оны жоққа шығаруға болмайды. Себебі, үнемі бұрқ-сарқ қайнап, ақпарат қазанында қоғамдық мәселелерді үнемі талқылап жатқан кезде ғана пікір алуандығы, көзқарас дамуы, қоғамға деген шынайылық дамиды. Мен өз басым дәл осындай ток-шоулар басқа арналарда да ашылғанын қалар едім. Себебі шығармашылық бәсекелестік болған жерде ғана өсу болады. Сонда ғана журналиске ұмтылыс, ізденіс болады.

Шыны керек, «Тұмар» телевизиялық жүлдесіне бағдарламаны ұсынғымыз келді, бірақ, «жалғыз шапқан ат жүйрік» дегендей, осы қоғамдық-саяси ток-шоу бойынша бізден басқа бағдарлама жоқ екен. Соған орай, байқаудың 14 номинациясының ішінде саяси ток-шоуға арналған номинация да жоқ болып шықты. Өз басым болашақта осы бағытта бағдарламалар саны да артып, бір аталым саяси ток-шоуға беріледі деген сенімдемін.

Бір кезде «Доданы», «Бетпе-бетті» жүргіздіңіз. Ол кезде албырт, жас кезіңіз еді. Енді толысқан, жан-жағыңызды бағдарлай алатын, бағамдай алатын кезде «1-студияның» тізгінін ұстап отырсыз. Не түйдіңіз?

— Жалпы «1-студия» саяси ток-шоуы қоғамдағы пікір алуандығын тікелей эфирден көрсете алды. Оған дәлелді жаңа жоғарыда келтірдім. Осыған қарап отырып, бір түйгенім – қазіргі уақытта әр журналистің өзінің ішкі сүзгісі, орысша айтқанда «сама цензурасы» қалыптасқан. Былайша айтқанда, ішкі сүзгі бар. Яғни, кез келген жағдайда дәйекті, нақты дәлелдермен, шынайы сынай отырып, сол мінді түзеу жолдарын көрсетіп отырсаң, ешқандай шектеу жоқ. Міне, бүгінгі журналистер осыны меңгере бастаған.

Тағы бір байқағаным, қазіргі кезде «журналистердің орнын әншілер алып қойды, қайда барсаң солар» деген пікір айтылады ғой, бірақ оған әншілердің еш кінәсі жоқ. Оларға эфирдің төрін беріп қойған журналистердің өзі. Өзің есікте отырып, төрге шығып кеткен адамды күстаналау дұрыс емес, одан бұрын төрде өзің отырсаң, саған қой деген адам жоқ қой. Демек, барлығы журналистердің өз қолында.

Үшінші бір түйгенім – сұхбат алу дәстүрінен ажырап барады екенбіз. Әсіресе тікелей эфирдегі сұхбат. Себебі қазіргі заман – тікелей эфирдің заманы. Әлемде барлығы да тікелей эфирде өтіп жатыр деуге болады. Жаңалықтардың өзі баяғыдай таспаға жазып алып, монтаждап отыратын емес, кез келген жерден тікелей қосылатын деңгейге жетті. Сұхбаттар да тікелей эфирге көшті. Сондықтан кез келген ток-шоу тікелей эфирде өрбуі керек. Қазір сіз тікелейге шығып мәселені жеткізбесеңіз, кез келген әлеуметтік желі онлайн түрде сіздің алдыңызды орап кететіні анық. Қарапайым ғана, өзімнен мысал келтірейін, мен бүгінге дейін жүргізген 44 бағдарламаның 14-і таспа, 30-ы тікелей болды. Алғашқы 14 пен соңғы 30-дың арасы жер мен көктей. Салыстыра алмайсың. Себебі, тікелей эфирде экранның арғы жағында бәлен миллион адам сені көріп отырғанын, солардың алдында айтар сөзіңе, әрбір қимылыңа жауап беретініңді ойлағаннан кейін жауапкершілігің екі есеге ұлғаяды. Бұл өзі бір жағынан арқаңды қоздырып, бәйгеге шапқан аттай қылатын адреналин әрі мотивация береді.

Ал біз бұл тұрғыда, жауапкершілікті сезіне отырып, халықтың көкейінде жүрген ойларды айтамыз, соны атқармай отырған билік өкілдерін сынаймыз. Мемлекеттің мойындарына қойып берген міндетін дұрыс атқармағандарды сынаймыз. Сын қай кезде де шын болса, саған ешкімнің тісі батпайды.

Біз алдағы уақытта да халықтың көкейінде жүрген, қоғамның бүгінгі күнгі мәселесін ертеңге қалдырмай талқылауға дайынбыз!

Әңгімеңізге рахмет! Істеріңіз сәтті болсын!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер