BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Айсұлу Молдабекова: Ата-ананың кредитті төлей алмауы баланың санасына кері әсер етіп жатыр

Соңғы кезде Алматы, Астана секілді ірі қалаларда балаларға арналған бизнес мектептері ашыла бастады. Ондай мекемелерге баласын ертіп баратын ата-аналар да көп көрінеді. Ата-ананың мақсаты белгілі – балам бизнестің не екенін түсініп өссін, ақшаның қадірін біле берсін дейді. Бизнес-мектептің де мақсаты айқын – әуелі клиент жинап ақша табу, сосын балаларға лайықты білім беру. Ал баланың миына кішкентайынан ақша деген ұғымды сіңіру, бизнес-жоба жасап үйрету, сақадай сай саудагер қылып шығару қаншалықты керек? Қаржылық тұрғыдан сауатты болу бүлдіршінге не береді? Осы сауалдарға белгілі әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова жауап берді.

Әдетте қаржылық сауаттылық мәселесіне ересектер қызығушылық танытып жатады. Ал балалар үшін бұл неліктен маңызды?

  • Қазір нарық заманы. Сондықтан тек ересектер ғана емес, балалар да нарық ұғымымен кішкентай кезінен танысып жатыр. Кішкентай балалардан несие, табыс, ақша деген не деп сұрасаңыз, өзінің танымындағы жауаптарды айтады. Демек, оларға жартылай болса да түсінікті. Яғни, балалардың қаржыға қатысты қызығушылығын дамыта түсу керек.

Қаржылық қиындыққа көп ұшырайтын адамның бала кездегі ақша туралы ұғымы әлсіз болған деп түсінуге бола ма?

  • Есейген адамның ақшаны жеткізе алмауына қаржылық сауатсыздығы себеп. Бір жағынан адамның табиғатына да байланысты. Адам қанша жерден сауатты бола тұра, қолы ашық немесе ысырапшылдыққа бой алдырса, қаржыны үнемдей алмайды. Сондықтан бұл жерде сауатың көмектесе алмайды. Демек, ақшаның басын біріктіре алмауын оның бала кезінде ақша ұғымын дұрыс түсінбеуімен де байланыстыруға болады. Себебі жастайынан ақшаның қайдан келетінін, қалай жұмсалатынын білмеген бала оның қадіріне жетпейді.

Ақшаны жұмсауды меңгерген бала достарынан қалай ерекшеленеді?

  • Мұны қысқаша үш критерий арқылы сипаттайық. Біріншіден, ақша жұмсауды игерген, терең меңгерген бала ең алдымен үнемдеуді үйренеді. Екіншіден, әр сәт сайын ақша сұрап ата-анасын себепсіз қинамайды. Үшіншіден, өзі де ақша жинайды.

Өмірге көзқарасы қалыптасып үлгермеген баланың санасына қаржы ұғымын тықпалау ауыр тимей ме?

  • Әрине, қаржылық сауаттылық деген ұғымды қабылдау, оны лайықты деңгейде меңгеріп шығу бала түгілі үлкен адамдарға да қиындық туғызады. Себебі адамдар күнделікті ақшамен жұмыс істеп жүрсе де, оның кітаптағы теориясына келгенде қиындыққа кез болады. Сондықтан балаларға алдымен оның әліппесін үйретеміз. Қазақ тілінде ондай оқулықтар бар деп айта алмаймын, бірақ орыс және ағылшын тілдерінде жетіп артылады. Әліппе деңгейінде балаларға ойын немесе жеңіл ұғымдармен, жеңіл суреттермен жеткізетін кітаптар бар. Баланың санасына тықпаласақ та, тықпаламасақ та күнделікті қаржы ұғымдарымен бетпе-бет келіп жатыр. Әке-шешесі кредит алады, соны кішкентай балалардың өзі «әкем кредитін төлей алмай жатыр», «кредиттің пайызы мынша болыпты» деген сияқты үлкендердің сөзін айтады. Бұл жерде айта кету керек, жас балаларда кредит және басқа да қаржы ұғымдарына теріс көзқарас қалыптасуда. Ата-анасы кредитті уақытында төлей алмай, ақшаны өз мүмкіндігіне тиімді қолдана алмағандықтан жас балалардың санасында да теріс ықпалды ойлар қалыптасады.

Қазір Алматыда балаларға арналған қаржы орталықтары көп. Қазірден бастап бизнес-жоба жасап машықтанған бала болашақта қандай жетістікке жете алады?

  • Бизнес-жоба жасап машықтанған бала келешекте өз кәсібін аша алады. Яғни, қорықпайды. Себебі ол ойын түрінде табысы, шығыны, тағы басқа параметрлері көрсетілген бизнес-жоба жасамайды ғой. Ал соның негізі қазірден қалыптасатын болса, болашақта сөзсіз өз кәсібін ашып, табыс таба алады. Өз кәсібін ашпаса да тәуекелшілдік, топта жұмыс істеу, көшбасшылық басқа да қасиеттерді бойына дарытады. Жас ерекшеліктеріне де мән берген жөн. Мектептерде 7-ден 15 жасқа дейінгі аралықта қабылдайды. Менің ойымша 7-ден 10 жасқа дейінгі балалар ойын түріндегі бизнес-жобалар жасайтын болса, 10-нан 15-ке дейінгі балалар үлкен бизнес-жобаларды жасай алады. Өйткені қазіргі балалардың фантазиясы, идеясы өте керемет. Қаржы сауатын арттыру орталықтарының бірінші мақсаты – әрине, ақша табу, одан кейінгі мақсаты балаларды дамытуға үлес қосу. Көптеген бизнес-идея осы жас балалардан шығады дейді мамандар. Себебі олардың қиялы ұшқыр. Үлкендер сияқты көптеген қатерден қорқа бермейді, тайсалмайды, ойын ашық айтады, тәуекелге барғыш.

Өзге елдердің тәжірибесі қандай деңгейде?

  • АҚШ-та, Еуропа елдерінде, ұзаққа бармай-ақ көрші Ресейде мұндай тәжірибенің жолға қойылғанына біраз болды. «Азбука бизнеса для детей» деген сияқты кітаптар, «Азбука бизнеса» деген жобалық оқыту мектептері бар. Оның филиалы тіпті Қырғызстанда да ашылды. Айта кетерлігі, шет мемлекеттерде ірі банктер жас балалармен жұмыс істейтін арнайы бағдарламалар қабылдаған, арнайы курстары да бар. Тіпті Сингапурде 7-10 жасқа дейінгі балаларға ата-анасының бақылауымен жеке шот ашуға да жағдай жасалған. Бала өзі ақша аударып тұра алады, ата-анасы өз шотынан баласының шотына ақша салуға мүмкіндік қарастырылған. Сингапур банктері үшін бұл тиімсіз деген әңгіме айтылады. Себебі баланың шотын ұстау, операциясын жасау қиын екен. Себебі шотқа көп дегенде 500 доллар салуға болады. Ол тиімсіз. Бірақ Сингапур үкіметі үлкен стратегиялық мақсат қойып отыр. Олар балаларды жастайынан банк құралдарымен, жобаларымен таныстырып, ақша салып, ақша жұмсау мәдениетін жетілдіруді көздеп отыр.

Қаржыны жұмсау, табыс табу сияқты ұғымдарды сіңірген баланың ойы ақшада болатыны белгілі. Мұндай кезде ізгілік, жомарттық сынды қасиеттерді жоғалтып алмау үшін оған қандай тәрбие берілуі керек?

  • Бала мен ақша қарым-қатынасқан түскен кезде ең алдымен бала ақшаны бір затқа айырбастайтын дүние деп қабылдайды. Одан кейін оның құндылық екенін, оған үлкен заттар алуға болатынын түсінеді. Оған ізгілік, жомарттық қасиеттерді қалай сіңіру керек дегенге келсек, бұл жерде бала ата-анаға қарайды. Ата-ана не істесе, бала соны ойлай бастайды. Ата-ана мәселен қайырымдылыққа қатысса, мешітке садақа, зекет берсе, бұл бала үшін үлкен тәрбие. Одан бөлек ақшаны баланың өзіне жинауды үйретеміз. Ол қаржыдан ата-анасына, бауырына, туысына сыйлық жасауды, солардың да қажетін өтеуді үйретеміз. Сонда өзін ғана ойлайтын өзімшіл болып өспейді.

Бала үшін қаржы сауаттылығы дегеніміз не?

  • Бала үшін қаржы сауаттылығы дегеніміз – ол ата-анасының табысы және оның қайдан, қандай еңбекпен келетінін түсінуі. Одан кейін мына қаржы ұғымдарын нобайлап болса да өз санасына сіңіруі. Мысалы, несие деген қарызға бататын дүние емес, бастаған ісіңе, кәсібіңе қажетті көмек екенін, тек оны сауатты қолдана білу керек екенін немесе сол сияқты депозит деген ұғымдарды бала білуі керек. Көптеген зерттеу бойынша ата-аналар отбасының қаржылық мәселелерін балалармен ақылдаспайды. Бұл дұрыс емес. Балалар да отбасындағы жағдайды біліп отыруы керек. Сонда ғана мәніне, қадіріне жетеді. Әрине бұл жерде бала шешім шығарушы тұлға емес, дегенмен хабары болып отыруы керек.

Дегенмен баланы бизнеске үйретпес бұрын, оның ішкі танымы, қызығушылығымен де санасу керек шығар?

  • Әлбетте. Баланың санасына қаржы мәселесін жөн-жосықсыз тықпалай бермей, оның қалауымен, қызығушылығымен де санасу керек. Бала оны қаласа ғана оның қасиеттерін дамытуға күш салған дұрыс секілді. Мәселен, шығармашылыққа бейім баланы бизнес-идея жаса деп қинауға болмайды. Ал қаржылық сауаттылық, ақшаны жұмсау барлығына қажет. Сондықтан мұны мектептерде қосымша оқытуға болады. Сосын мен шетелдердегідей банктер балаларға көңіл аударып, түрлі қызметтер ұсынғанын қалар едім. Біздің балаларымызға ақшалы болу деген сөз теріс ұғым емес екенін сіңіре білу керек.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер