BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ағабек Қазанбай, телеоператор: Елбасының өзі құшағын айқара ашып шақырғаны есімнен кетпейді

Телеарна саласында көпшіліктің көзайымына айналатын тележүргізуші, журналист, редактордан бөлек, телеоператорлардың еңбегі орасан. Олар үнемі кадр сыртында қалады, бірақ көрерменнің көрсе көзі тоятын керемет көріністерді сыйлайды. Сонысымен олардың еңбегі бағалы, жұмысы құнды. Қазіргі таңда тәуелсіздік жылдарынан бері қарай есептегенде елімізде телеоператорлардың үлкен бір мектебі қалыптасқан. Олар – еліміз егемендік алған жылдардың жаршысы, керегеміз кеңейіп, уығымыз нығая түскен шақтың жарқын куәгерлері. Күні-түні камерасын көтеріп, алуан түрлі тақырыптағы түсірілімдер мен қайнаған еңбектің ортасында жүретін таспагерлердің еңбегі ешқашан ескерусіз қалуға тиісті емес. Жоғарыда айтып өткен еліміздің телеоператорлар мектебін қалыптастырған кәсіби мамандардың көш басында Ағабек Қазанбайдың есімі аталады. Ол еңсе тіктеп, ер жеткен 20 жасынан бастап «бір көзді батырға» айналып, камераны серік еткен. Бірер жыл бұрын жасы 63-ке келіп, зейнет жасына жетсе де сүйікті кәсібімен қоштасқысы жоқ. Елге әлі талай тылсым кадрлар мен сүйкімді көріністер сыйласам дейді. «Хабар» арнасының беделді экс-таспагерімен ақпарат және байланыс қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында сұхбаттастық.

– Аға, телеоператорлық саламен біте қайнасып келе жатқаныңызға 40 жылдан асып кетіпті. Еңбек жолыңыз қашан, қалай басталып еді?

Менің еңбек жолым небәрі үш фотоаппараттан басталған. Алғаш рет 80 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінде штаттан тыс фототілші қызметін атқардым. Сол жерде жүріп фотоөнердің қыр-сырына қанығып, шыңдалдым деп айтуға болады. Одан кейін 1986 жылдан бастап 1990 жылға дейін облыстық кәсіподақ ұйымына қарайтын Оңтүстік Қазақстан облыстық киноәуесқойлар клубына кіріп, әдіскер қызметін де атқардым. Ол жерде кино түсіруге қызығатын балаларды үйреттім. Қазір сол балалардың біразы республикалық жетекші арналар да білікті таспагерге айналды. Сөйтіп жүргенде 1990 жылы қайтадан облыстық телевизия ашылып, мені сонда шақыртты. Мен өзім ғана бармай, өзім үйреткен, жетілдірген балаларымды да ерте бардым. Өзімнің де, шәкірттерімнің де облыстық телеарнада жұмыс істеуіне сол кездегі арна басшысы Байділдә Қонысбеков үлкен ықпал етті. Сол уақыттан бастап таспагерлік тіршілік басталып кетті. 1992 жылы сол жерде бас оператор болдым. 1996 жылы «Хабар» телеарнасы ашылған сәттен бастап, жаңалықтар қызметі менің түсірілімдерімді пайдалана бастаған еді. Сол жылы мен «Хабар» арнасына телеоператор болып жұмысқа тұрдым. Қасымда журналист Қалыбек Атжан болды. Екеуміз осылайша «Хабар» арнасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшілер қосыны ретінде жұмысты бастап кеттік.

– Сіздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, тіпті ол кісімен әңгімелескеніңіз туралы да журналистер арасында аңызға бергісіз оқиғалар бар. Осыны өз аузыңыздан естісек деп едік?

1991 жылы Елбасы Шымкентке келді. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесіп, сәлемдестік. Ол кезде мен облыстық телеарнада істеймін. Қасымда қазір марқұм болып кеткен Қожабек Жақсыбаев деген журналист жігіт болды. Екеуміз алғаш рет сол кезде президенттен сұхбат алдық. Сонда президенттің мысы басып тұрды ма, Қожабектің микрофоны дірілдеп тұрды. Қожеке деп қолын ұстасам тынышталады да, жіберіп қалсам қайтадан дірілдеп кетеді (күліп). Енді алғаш рет қызмет барысында Мемлекет басшысымен сөйлесу толқыныс тудырмай қоймайды ғой. Жалпы, өзі Шымкентке Елбасы келсе болды, ол кісінің іссапарын өзім бастан-аяқ түсіріп, өзім эфирге дайындап беретінмін. Одан кейін 2002 жылы облысты Бердібек Мәшбекұлы басқарып тұрған тұста «Кең Баба» деп аталатын этно саябақ ашылды. Ішінің құрылымы өте кең, балалар үшін пайдалы демалыс орыны екен. Соның ашылу салтанатына президенттің өзі арнайы келген. Содан облыс басшылары «Ағабек, сұхбатқа дайындал» деді бірден. Ондай шұғыл түсірілімдерге әбден дайын болып алған біз, әп-сәтте жарықты орнатып, керек-жарағымыздың бәрін сайлап, журналист екеуміз сақадай-сай тұра қалдық. Көп ұзамай сұхбат та басталып кетті. Елбасымен біраз әңгімелескеннен кейін пікірлесу аяқталды. Енді ұзыннан ұзақ көсіліп отыруға ол кісінің де уақыты санаулы ғой. Сосын президенттің өзі «Кімде қандай тағы сұрақ бар?» деді. Содан суырылып ортаға шықтым да «Нұр аға, сізбен қол алысып сәлемдессем бола ма?» дедім. «Неге болмасын, кел» деп Елбасының өзі құшағын айқара ашып, шақырды. Содан мен барып амандастым, бір қарасам менің артымнан бүкіл журналистер жапырлай амандасып жатыр президентпен. Қазір осы жағдай есіме түссе, езуіме күлкі үйіріледі, әрі бір жағынан сол сәттегі батылдығыма да таңғаламын.

– Сіздің есіміңіз Оңтүстік Қазақстан облысының жаңалықтары шыққан сайын бірге айтылып, қалың көрерменнің құлағына әбден сіңіп қалды. Жиі естілгеніне қарағанда, күн-түн демей еңбек еткен сияқтысыздар?

Шымкентте меншікті тілшілер қосыны ретінде еңбек етіп жүрген кезімізде үлкен күшпен жұмыс істедік. Әдеттегі жоспар бойынша ай сайын 10-11 сюжет өткізу керек болса, біз Қалыбек екеуміз күн-түн демей еңбек етіп, айына 28-31 сюжетке дейін беретін едік. Сонда күніне орта есеппен 1-2 сюжет, 1 «подчитка» беріп отырамыз. Бұл күн сайын жаңалықтар легі тоқтамай айналып жататын, зауыт секілді жұмыс істейтін телеарна үшін үлкен көмек, үлкен жетістік болды. Сонда жыл сайын арнамыздың сол кездегі басшысы Дариға Нұрсұлтанқызы өңір-өңірдегі меншікті тілшілерді жинап, алға озғандарын марапаттап, шабандап қалғандарын жұмыс істеуге шақырып үндеп тұратын. Сондай кездерде біздің Оңтүстік Қазақстан облысы бірде-бір облысты алдымызға шығарған жоқпыз. Облыста қандай ірі шара болады, түрлі мектеп, ауруханалардың ашылу салтанаты, мәдениет және денсаулық сақтау, спорт саласындағы түрлі жетістіктер, ауылшаруашылық саласындағы соңғы жаңалықтардың барлығы біздің назарымыздан тыс қалған емес. Қай жерде жаңалық бар дейді, сол жерден бірінші болып табылуға тырысатын едік. Тәуліктің қандай мезгілі екеніне қарамастан. Әрине, біздің де отбасымыз, туыстарымыз бар, оларға да уақыт табу керек. Бірақ, еліміздегі ірі телеарнаның қызметкері болғандықтан және ел-халықтың жаңалығы мен талап-тілегін жеткізу біздің мойнымызда болғандықтан қай уақытта болмасын жұмыс істеуге дайын болдық. Сол еңбегіміз шүкір, ақталды. Басшылар да, халық та біздің еңбегімізді дәйім елеп отырды. Осы таспагерлік қызметім барысында Шымкентте Қалыбек Атжаннан кейін белгілі журналист Әбдез Рахманұлымен, Татьяна Напольская, Ольга Каплиналармен жұмыс істедім. Тағы бір айта кетер нәрсе, осы облыста жұмыс істеп жатқан мен оқытқан, дайындаған отыздан астам шәкіртім бар. Атап айтар болсам, облыстық арнадан «Қазақстан» ұлттық арнасына ауысқан Нұрман Нұрбеков бар. Тағы бір шәкіртім Қайсар Шерімді айта аламын. Содан кейін Ернар Сайлаубаев деген жігіт бар еді. Алматыға келген кезімде ол бала жарық қоюшы болып істейтін. Сол айтты бір күні «аға мені телеоператорлыққа үйретіңізші, үлкен қызығушылығым бар» деп. Содан сол баланы үйретіп-үйретіп таспагер етіп тәрбиелеп шықтық. Сөйтіп Ернар аз уақыттың ішінде «Хабардағы» білікті телеоператорға айналып кетті. Оның жұмысына журналистер де, басшылар да жақсы баға беретін. Міне, сол жігіт аз уақыт бұрын премьер-министрдің жанында жүретін телеоператорлық қызметке ауысты. Қуанып, өзім хабарласып құттықтадым. Осындай шәкірттерімнің бар екені, олардың еңбек етіп, биік белестерді бағындырып жатқаны мені марқайтады.

– Бертін келе Алматыға ауыстыңыз ғой. Бұл жақтағы ұжым қалай болды? Кімдермен бірге қызмет еттіңіз?

Алматыда бірге істеген қызметтестерімді «алтын буын» деп атасам болады. 2007 жылы Алматыдағы бас кеңсеге шақырылып, жұмыс істей бастадым. «Хабар» арнасында жұмыс істеген жылдарымды өмірімнің ең бір қызық кездері деп білемін. Қаншама алыс-жақын шетелдерге іссапарларға шықтым. Жұмыс барысымен бүкіл Қазақстанды аралап шықтым десем болады. Қаншама таныс таптым, мықты-мықты журналист аға-апа мен іні-қарындастармен араластым. Сөйтіп жұмыс-жұмыс деп жүріп, қалайша зейнет жасына жеткенімді де білмей қалыппын. Ол жақта Қайрат Атакелдиев бастаған мықты ұжым жұмыс істеді. Одан кейін Николай Кишенин, Ғалым Шалбаев сынды мықты операторлар болды. Бізден кейінгі толқыннан Ерлан Әбжанов, Қанат Кигізбаев, Дархан Айтқазин, қазір «Асыл арнада» бас телеоператор болып жүрген Манат Ешбай, Ернат Айтбай сынды жастарды айта кетуге болады. Қазір бәрі бірдей ауызға түспейді, олардан өзге де мықты жігіттер жұмыс істеді. Біздің операторлардың ауызбіршілігі өте мықты болды. Үлкен демей, кіші демей бәрі бір-біріне көмектесуге дайын тұратын, бірлігі мықты ұжымда жұмыс істедім. Біздің ұжымның жігіттерінің жұмыстарына ешбір журналист сын айтып, мін таққан емес. Осының өзі «Хабарда» қандай мықты мамандардың жұмыс істегенінен хабар береді. Ал «Хабар» арнасының Астана қаласындағы бас бөлімшесінде Еділ Ермекбаев жетекшілік ететін таспагерлер тобы бар. Ол жақта көбінесе жастар. Дегенмен, қазақ «жас келсе іске» дейді ғой. Сондықтан телеоператорлық сала ешқашан маңызын жоймайды, тек қарыштап дами береді.

– Алыс-жақын шет ел мен Қазақстанның аймақ-аймағына ат басын бұрдыңыз ғой. Сондай сәттерде басыңыздан түрлі қызықтар да өткен шығар. Қазір есіңізде бар ма?

1993 жылы Шымкентте Наурыз мерекесін түсіріп жатқанбыз. Мерекені барлық қырынан түсіріп болғанмын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғаш рет тойланып жатқандықтан халықтың қарасы өте көп. Бір қарасам, анадай жерде әуе шары тұр екен. Соған мініп, Наурыз мерекесін төбеден ерекше етіп түсіргім келді. Содан иесі Сергей деген жігіт екен, соны тауып алып әуе шарымен жоғары көтерілдік. Әйтеуір төбеде қалықтап жүріп небір керемет кадрларды нысанама іліп, күшті көріністерді таспаға басып жатырмын. Той тойланып жатқан жер бұрынғы Ленин, қазіргі Әл-Фараби алаңы ғой. Адамдар есіктерінің алдына да дастарқан жайып тастаған. Бәрі мәре-сәре болып жатыр. Соларға да қолымды бұлғап, «ағайындар Наурыз құтты болсын» деп сәлем жолдап қойып ұшып келе жатқанбыз. Бір кезде әлгі Сергей «Аға, біз құлап бара жатырмыз» дейді. Сөйтсем, әуе шарының газы таусылып қалған екен. Содан не болса да көнелік деп, құлауға дайындалдық. Қолымдағы қымбат қазына камера болғандықтан, оған зиян тимеу үшін жақсылап құшағыма қысып, өзім корзинаның ішіне шалқалап жатып алдым. Шар құлдилап отырып қаладағы Жангелдин көшесінде орналасқан бір үйдің есігінің алдына құлады ғой. Абырой болғанда бір ғимараттың төбесіне, не болмаса ағашқа құламай, жерге түскенімізге қуандық. Бірақ, 450-500 метрден құлау оңай болсын ба, 6 қабырғам сынып кетіпті. Сергей де аздап жараланған. Бір аптадай ауруханада жатып, кейін қайтадан аттай шауып жұмысқа қосылып кеткен едік.

– Аға, телеоператор болу үшін адам қандай болуы керек. Қандай мінез, қандай біліктілік қажет дер едіңіз?

Телеоператор болу үшін адамға үлкен мәдениет керек және жүрек қажет. Содан кейін әлбетте ол үшін қызығушылық пен ықылас болу керек. Анау камераға, оның кішкентай экранынан көзіңді айырмай, өзің түсірген бір кадрдан үлкен ләззат алмасаң, сенен шынайы телеоператор, кинооператор шықпайды. Бала кезімнен кино саласында, телеарна саласында таспагер болсам, түрлі көріністерді түсіріп, оны видео тілінде сөйлетсем деген аяулы арманым бар болатын. Ақыры сол арманыма жеттім, өз ортамда үлкен сый-құрметке бөлендім. Әлі күнге таспагерлік жолды жалғастырып келе жатырмын. 2015 жылы зейнетке шығар кезде басшылықтың бастамасымен бір жыл Астана қаласындағы «Хабарда» қызмет атқардым. Содан кейін біржола зейнет демалысына шықтым. Бірақ, қолымнан камерамды түсірсем, өзімнен өзім жабырқап, көңіл-күйім түсіп қалады. Бар өмірім осы бір таспа құрылғысына таңылып қойғандай құдды. Содан менің бұл кәсіпті зейнетке шықтым екен деп тастап кеткенім болмас деп, қазір Оңтүстік Қазақстан облысында «Айғақ» телеарнасында еңбек етіп жүрмін. Бойымда күш-қайратым болса, жастарға әлі де үйретерім бар болса, неге еңбекті доғаруым керек. Керісінше бойдан күш кеткенше жұмыс істеп, жастарға білгеніңді үйреткен жөн деп санаймын. Бұл үлкен шығармашылық жұмыс. Өзің түсіретін нысанды жан-жақты қырынан алып, оның кереметін көрерменге паш ете білу керек. Аздаған минуттарда экраннан өте шықса да, көрермен сол бір көріністен ләззат алатындай, бірдеңе ұғынатындай болуы керек.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер