Фото: Ақмаржан Әділбек
Саналы ғұмырын дәрігерлікке арнауды мұрат еткен павлодарлық Ерлан Рамазанов - еліміздің үздік балалар хирургы. Кәсіби маман «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанып, мыңдаған ата-ананың шынайы алғысына ие болған. Әріптестері мен пациенттері «Доктор Рамазанов» деп құрмет тұтатын азаматпен Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі жүздесті.
Дәрігер Рамазанов нәрестелердің туа біткен ақауларын емдеу бағытын таңдап, салада 15 жыл еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында мыңдаған ұл-қызға операция жасап, аяққа тұруына атсалысты. Нәрестелерді хирургиялық жолмен емдеуге маманданған ол 500 шарананың өміріне араша болды.
«Нағыз хирург жасаған оталарын есептемейді. Біз күн-түн демей кез келген уақытта кеңес беру былай тұрсын, операция жасауға дайын болуымыз керек. Мен бір жасқа толмаған балаларды жақсы көремін. Неонаталдық хирургияны таңдағаным сондықтан. Сәбилерді сауықтыру – өмірдегі басты мақсатым. Еліміздің әлеуметтік-эконмоикалық жағдайы жақсарған кезеңде медицина саласы да өркендеді. Инновациялық технологияларды меңгеріп, әлемдегі үздік мамандармен тәжірибе алмастық. Мәселен, 2000 жылдардың басында жаңа туған балалардың арасындағы өлім-жітім көп болса, бүгінгі таңда туа біткен ақауы бар сәбилердің 90%-ның өмірін сақтауға мүмкіндік бар», - дейді Ерлан Амангелдіұлы.
Ерлан Рамазанов Семей медициналық академиясының педиатриялық факультетін тәмамдаған. Кейін Павлодар облыстық балалар ауруханасында интернатурадан өтіп, хирург болып жұмысқа қабылданған. Еңбек жолын қатардағы дәрігер-интерннен бастаған азамат бүгінде тұтас бөлімшеге жетекшілік етеді.
Ақ халатты абзал жанның жаңа туған балалар хирургиясының дамуына қосқан үлесі бір төбе. Маман отандық неанатологиялық хирургияның даму кезеңінде бастады. Сондықтан, мойнына жүктелген жауапкершілікті түсінді. Туа біткен дарындылығы мен еңбекқорлығының арқасында дәрігер Қазақстанның үздік неанатолог-хирургы мәртебесіне ие болды.
«Саналы ғұмырым осы аурухананың қабырғасында өтіп жатыр. Еш өкінбеймін. Отадан соң дені сау баланың жарқын күлікісін естіп, ата-анасының алғысын алғанда, дәрігерлікті неліктен таңдағанымды түсінемін. Дәрігер ретінде балалардың ауырмағанын қалаймын, әрине. Медицинада балалардың ауыр сырқаттарын емдеудің жолдары табылса деймін. Азамат ретінде Отанымыздың тыныштығын, кез келген саланың қарыштап дамуын армандаймын», - дейді дәрігер.
Дәрігер Рамазанов - Ертіс өңіріндегі балалар хирургиясының негізін қалаған кәсіби мамандардың бірі. Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ардақ Күзековтің айтуынша, емдеу мекемесі Ерлан Рамазанов бастаған дәрігерлердің арқасында үздік нәтижелерге қол жеткізді.
«Ерлан Рамазанов қатарымызға 2004 жылы қосылды. Сол сәтте жас мамандарды еңбекке тарттық. Неонаталдық хирургияның дами бастаған кезінде өз алдына қойған мақсаттарды орындады. Сол жылдары Ертіс өңірі балалардың туа біткен ақаулары бойынша көшбасшы облыстардың қатарында еді. Жаңа технологиялар мен заманауи құралдары болмағандықтан, ота жасалған балалар арасындағы өлім жітім 90%-ға дейін жететін. Сондықтан, елімізде балалар хирургиясы бөлімшелері ашыла бастады. Біз білікті мамандарды шақыртып, дәрігерлерімізді оқыттық. Осылайша, саланың дамуына үлес қостық. Бүгінгі жетістіктеріміз ұшан-теңіз», - дейді Ардақ Күзеков.
Осыдан 14 жыл бұрын Ерлан Рамазанов бүгінде бір бөлімшеге жетекшілік ете алатынын ойламаған. Еңбекқорлығы мен дарындылығының арқасында бұл мақсат та орындалды.
Қазір облыстық балалар ауруханасында 100-ге жуық білікті дәрігер мен 300-ден астам медбике қызмет етеді. Олардың қатары соңғы үш жылдың ішінде 20-ға жуық жас маманмен толықты. Жас мамандардың қатарында дәрігер Рамазановтың шәкірттері де жетерлік.
Бүгінде Рамазанов - әріптестері арасында сыйлы, үлгі боларлық азамат. Шаңырағында үш баланың әкесі атанған бақытты жан.
Фото: автордікі
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!