BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әскери парадқа келгендер жауынгерлік ботқадан дәм татты

Фото: автор

Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы ашық аспан астында 300 адамға жауынгерлік ботқа пісіріп, әскери шатыр ішінде түскі ас берді. «Естен кетпес отты жылдар» атты салтанатты шараға қатысушылар театрландырылған қойылымды тамашалап, арнайы тағамнан дәм татты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Салтанатты жиын Жеңіс күнінің 72 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орайластырылды. Шеруге М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедраның 350 курсанты қатысты.

«1998 жылы университет жанында әскери кафедра құрылған болатын. Біз кафедраға студенттерді қабылдаймыз. Олар психологиялық нормативтер тапсырады. Физикалық дайындығы, денсаулығы тексеріліп, емтиханнан өтеді. Біз бүгін өзіміздің әскери дайындығымызды көрсетіп отырмыз. Кафедра 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Бізде оқыған курсант жігіттер мото-атқыштар взводының командирі шенін, қыздар әскери психолог мамандығын алып шығады», – дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті әскери кафедрасының бастығы Совет Әлжаппаров.

Әр факультеттің курсанттары автоматты бұзып-жинау, әскери штабпен радиобайланыс орнату, алғашы медициналық көмек көрсету сынды іс-қимылдардан сынға түсті. Әскери бұйрықтарды мүлтіксіз орындауға әбден малшықтанған жастар өздеріне жүктелген тапсырманы қас қағым сәтте орындап шықты.

«Салтанатты шараға университет, соғыс және еңбек ардагерлері, тың еңбеккерлері шақырылды. Майденгерлеріміз денсаулығына байланысты жиынға келе алмады. Біз оларға әрқашан құрметпен қараймыз», – дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Айжан Күдерина.

Эстафеталық жарыстан кейін қоян-қолтық ұрыс қимылдары көрсетіліп, театрландырылған қойылым сахналады. Әуелете ән шырқалып, жастар ардагерлермен вальс биледі.

«Бүгін студенттер үшін үлкен мереке. Оған бәріміз дайындалдық. Біз жыл бойы соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, оларға қолдан келгенше қолғабыс етіп тұрдық. Ардагерлердің салиқалы әңгімелерін тыңдап жүріп, қарттарымызға үй шаруасына көмектестік. Бұл біздің парызымыз деп білемін», – дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 4 курс студенті Айнар Сәбитова.

Фото: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер