BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«ЖҮРГЕНГЕ ЖӨРГЕМ ІЛІГЕДІ»

Қызды қырық үйден тыятын қазақы тәрбиенің өзегіне құрт түсе бастады. Оған ата-ана кінәлі ме, әлде, обал-сауапты заманға артамыз ба? Мынау ғой енді! Қызылордадағы «Ана үйі» қайырымдылық қоры дабыл қағып жатыр. «Жасөспірім қыздар арасында жүктілік, некесіз бала туу көбейіп барады» дейді мамандар. “Жүктілік жасарып барады. Бұл өзекті мәселеге айналды. Қазір бізге 14-15 жастағы қыздар жиі түседі. Бастарына түскен бақытсыз жағдайдан жалғыз қалған қыздардан бөлек, үйлерінен қуылған келіншектер де бізге келеді. Тығырыққа тірелген қыз-келіншектерді өзіміз де іздестіреміз, тауып алып, осында әкелеміз. Емханаға апарып, мамандарға көрсетеміз. Құжаттарын әзірлеп береміз”, – дейді «Астана» телеарнасына сұхбат берген «Ана үйі» қайрымдылық қорының үйлестірушісі Баян Молдашева. Баян ханымның айтуынша, «Ана үйі» орталығында 8 қыз-келіншек пен 15 нәресте бар екен. Олар 3 жылға дейін паналай алады. Осы аралықта жұмыс тауып, құжаттары әзірленбек. Айта кетейік, «Ана үйі» аймақта былтыр ашылды. Жасыратын несі бар, бұрынғының баласы мектеп бітіргенше «шешеміздің аузынан түстім» дейтін. Ал, қазіргілер бесіктен белі шықпай жатып, бала туып алып жатыр. Бұл қоғам «жүргенге жөргем іліктіретін» заман. Не көп, көңіл көтеру орындары көп, түнгі клуб дейді, басқа дейді. Қарап отырсаңыз, ондай орындарға мектеп оқушылары да жиі бас сұғады. Ол жерге түзу кіріп, түзу шықса жақсы, ойнақтап жүріп от басуы бек мүмкін. Сондай-ақ, мына ғаламтор деген пәле талайлардың тағдырын тоз-тоз ғып жатыр. Сондықтан, ата-ананың бала тәрбиесінде барынша абай, сақ болғаны жөн.

А.ҚАРА


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер