BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мұхтар ШЕРІМ. Сатира. МЕНІ КӨРСЕҢДЕР, ҚАШЫҢДАР!

Бір күні көшеде келе жатсам, облыс әкімін көріп қалдым. Аялдамада пісте шағееп тұр. Мойнында галстуг!

Бір күні көшеде келе жатсам, облыс әкімін көріп қалдым. Аялдамада пісте шағееп тұр. Мойнында галстуг! Артқы жағынан келіп, «Бааа!» деп қорқытайын ба? Құдай сақтасын, облыс әкімімен ойнауға болмайды! Кабинетіне кіре алмай жүрген байғұс басым, жер кезегіне тұрғаныма құда қаласа қырық жыл болғанын енді айтайын деп оқталғаным сол, «Ә, шешең! Неге артымнан аңдып тұрсың?» деп гүр ете қалмасы бар ма? Әкім боқтап сөйлемейді ғой, сөйтсем әкімнен аумайтын бөтен біреу!

Тағы бір күні көшеде көңілді келе жатқанмын! Әйелім супер маркеттің қабырғасын құшақтап, жылап тұр. Ойбай, бұған не болып қалды? Жетіп келіп, арқасынан сипалап: «Жаным, саған не болды?»– деп сұрап едім, әлгі әйел жалт қарап: «Атаңның басы болды! Саған не жоқ? Кет әрі?!»– деп айқайлағаны. Сөйтсем басқа әйел! Сыртынан қарасам, менің әйелім. Алдынан қарасам, біреудің әйелі. Жұпыны пальтосы, тіпті етігі, шаш үлгісі де менің әйелімнен аумайды екен! Өмірге қапа болды ма, басқа болды ма, «Кешіріңіз, әйелім екен деп қалдым..» дедім міңгірлеп. Өмірі осылай, біреуді біреуге шатастырып аламын да жүремін. Сондай сенгішпін. Бір күні Қытай төрағасы Си Цзиньпинді көріп қалдым! Көшеде насыбай атып тұр! Дәл соның өзі! Бұл неғып жүр біздің көшеде? Күзетшілері де жоқ? Түсінбей қалдым. Өзімше ішімнен: «Қытайдағы қазақтарды саяси лагерьлерде азаптауды қойғызсаңызшы? Бостандық беріңіз! Кытайдағы қандастарымыз қан жылап жүр, не болды сізге сонша? Үйге жүріңізші, шәй ішіп отырып әңгімелесейік! Аз ұлтқа қысым жасау ерлік емес қой?» деп айтқым келді. Ақырын жүріп, жақындай бердім. Енді жетіп, «Ассалаумағалейкум, қытай төрағасы!» деп қолымды соза бергенмін, анау насыбайын бетіме шашып жіберді де, тұра қашты! Қуалап жүріп ұстап алып, қолымды берсем, амандаспайды. Сөйтсем, бейнесін интернеттен талай көріп жүрген қытай төрағасына ұқсайтын басқа біреу! Кешірім сұрап, кетіп қалдым!

Тағы бірде базарда жүрсем... Айта берейін бе? Базарда жүрсем, өткен ғасырдың күн көсемі Владимир Ильич Ленин тұр. Сыпырғы сатып. Жанына жетіп барсам, содан аумайтын басқа біреу. «Іздірастите, көп қарай берсем, извините!» деп теріс айналдым. Әне, осындаймын. Сондай сенгішпін! Айтпақшы, осыдан он жыл бұрын он мың теңге қарыз алған танысымды балық сатып тұрған саудагердің қасынан көріп, қуанып кеттім. «Ә, ұсталған жерің осы болды ма?» деп іштей кіжініп, ту сыртынан келдім де, құшақтай алдым. Онымен қоймай, басын балыққа тұқырттым келіп, тұқырттым келіп! «Қарызыңды қайтар!» деймін қалшылдап. Ол бетін бұрып еді, бұрылып алып, қаша жөнелдім! О, кешіріңіздер мені, басқа біреу! Ол мені қуалап жетіп алып, басымды бір саудагердің айран толы шелегіне батырды. Қысқасы, қатырды. Қап–қара бетім аппақ айран болды. Түрімді көргендер қайран болды. Шынымды айтсам, шатасамын да жүремін. Әйелімді «апа», қайын атамды «папа» деп жүріп жатқан жайым бар. Қысқасы, мені көшеден көрсеңдер, көзіме көрінбей тайыңдар! Біреулерге ұқсатып, шатастырып, шаштарыңды тарап жүрермін!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер