BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қарағанды облысында құрылысы төрт жылға созылған жүзу бассейні ашылды

Фото: автор

Қарағанды облысының Абай қаласында іргетасы 2015 жылы қаланған жүзу бассейнінің құрылысы аяқталып, пайдаланылуға берілді. Құрылыс жұмыстары төрт жылға созылған спорт нысанының ашылу салтанатына Baq.kz ақпарат агенттігінің аймақтағы тілшісі қатысып қайтқан еді.

Абай қаласындағы жабық жүзу бассейнінің ұзындығы – 25, ені – 11 метр. Спорт кешенінде бассейн мен душ бөлмесінен басқа жаттығу, гимнастика залдары мен оқу класстары орналасқан. Бұл – 55 мыңға тарта тұрғыны бар Абай ауданында ашылған алғашқы спорт кешені.

2015 жылы іргетасы қаланған кешен құрылысы қаржыландырудың болмауы салдарынан 2016 жылы тоқтап қалған болатын. Тек 2017 жылдың мамыр айында жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыс қайта жанданған. Абай ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Мағзиннің айтуынша, спорт нысанының құрылысына облыс және аудан бюджетінен 435 миллион теңге жұмсалған.

«Жүзу бассейнінің құрылысы облыс және аудан әкімінің ғана емес, қала тұрғындарының да бақылауында болды. Біздің ардагерлер мен спортшылардың, депутаттардың мемлекет басшысына жолдаған үндеуінен кейін спорт нысанының құрылысы қайта қалпына келтіріліп, оны аяқтау мүмкін болды. Қазіргі уақытта бассейінде 48 адам жұмыс істесе, оның 25-і жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан», - деді аудан әкімінің орынбасары М.Мағзин.

Бассейн қала тұрғындары мен қонақтар үшін ақылы болмақ. Тек спорт мектебінде оқитын балаларға тегін қызмет көрсетсе, ардагерлер мен халықтың әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтарына 50 пайыздық жеңілдік болады.

Ұзақ үзілістер салдарынан құрылысы көп уақытқа созылған спорт кешенінің ашылуына қала тұрғындары көптеп жиналды.

«Бассейннің ашылуын көп күттік. Абай қаласында тұрғындар бос уақытын пайдалы өткізетін, денсаулығын шыңдайтын осындай орын жоқ еді. Сондай-ақ, жүзу бассейні аудандағы бүлдіршіндердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, болашақта спорт жарыстарынан жүлделі болуына септігін тигізеді деп ойлаймын», - дейді қала тұрғыны Елена Матвиенко.

Абайлықтардың қуанышы мұнымен аяқталмақ емес. Биылғы жылы облыс бюджетінен қаржы бөлініп, қалада дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы басталмақ. Жоспар бойынша орталық 320 адамға арналады деп күтілуде.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
Пікірлер