BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тоқсаныншылар. Бандитизм, бірақ еркіндік?

Публицистер ара тұра еркіндік, саф түрдегі азаттық туралы тебіреніп жатады. Соңғы кездері кешегі 90-жылдарға осы еркіндік тұрғысынан баға беріліп жүр. Әуелде, «ол кезде ненің азаттығы, «мылтығы бар адамдыкі - дұрысырақ» болды емес пе?» деп, ойлануға да тұрмайтын тақырып дегенмін.

Сосын ойлап көрдім. Ойлап көретіндей хақым бар: тоқсаныншылардың басты кескіні - базарда жұмыс істеген едім. Бұл жайт маған бірдеңе айтпақ түгілі, сайрауға құқ береді деп топшылаймын өзімше.

Сонымен.

1. Әлсізді басыну.

Ол кездегі адамның артында - өңі қалай айналып шығатыны белгісіз әділет жүйесі емес, есімі мен өмірхаяты бар нақты адам тұратын. Және ол адамда көбіне шолақ мылтық болатын.
Бір эпизод. Вокзал әкімшілігі бір арбакешке күн бермеді. Біресе қақпадан өткізбейді, біресе арбасын тәркілейді. Қисын бойынша, тамағын әрең айырып жүрген жан «үрит!» дегеннен зытуы керек еді.
Олай болмады. Әлде вокзалдың бастығына, әлде тағы біреулерге арбакештің жағдайына түсіністік танытуды өтініп, бір топ жігіт келіп кетіпті. Өтініш шолақ мылтықпен жасалды дейді сол күні арба сүйрегендер. Әйтеуір қоралы жанды асыраған әлгі арбакештің маңдайы ашылды.
Ал адамның тылында кім тұрғаны белгісіз болса, бүгінгідей - жоғарыдағы дөкейіне сеніп, жағаласа кету болар ма еді? Жоқ сірә. Жекелеген жаналғыштардан заң да, ол заңды қорғаушылар да құтқармайды. Кеннедидің тағдыры бұған дәлел.

Тоқетері, осы күні жалынып сұрап жүрген кез келген азаматқа деген құрмет - ол кезде ешкім сұрамай-ақ, өзінен өзі болды.

2. Жоқ-жітктерді тонау

Тіпті мүмкін емес еді. Бұл көшенің де, мемлекеттің де кодекстерінде құпталмайды, бірақ көше заңы өзі бір, тез-ақ орындалатынымен ерекше. Әрі, мемлекеттік кодекс жұмыс істеу үшін - бұлтартпас дәлел керек. Ал бізде жымын білдірмей сауысқанның құйрығын ұрлайтын әккілік әлден бар.
Бір эпизод. Ертеректе, үй тонаумен айналысатын бір топтың хикаясына негізделген бір шытпақ жазғанмын. Жұрт соны шығарма деп ойлапты. Жоқ, ол шын болған оқиға еді.
Қысқасы, ұрылар байдың үйі сияқтанған үйге түседі. Үйді аралап жүріп, мұнда мұғалімдер тұратынын түсінеді. Бұл жайт қылмыс әлемінің серкелеріне жетіп, олар әлгі ұрыларды дымын қалдырмай сабап, топтан қуып жіберіпті.

3. Жалғанды жалпғынан басқан еркелер.

Жоқ. Мүлде. Әділ жазасынан бір емес, үш рет құтылатын адам болса, қылмыс әлемі әділет жүйесіне ыңғайсыз сұрақтар қоятын. Сондықтан, бір рет құтылған адам екінші рет қолға түссе, амалсыздан болса да темір торға тоғытатын.
Бір эпизод. Әлемге әйгілі хоккейшінің некесіз баласы делінетін бір сұмдық ерке жігіт болды. Ішіп алса, тұтас кафені қиратып кетуі түк емес-ті. Бірақ құқ қорғаушылар тарапынан сол жігітке ыңғайсыз бір ізет байқалатын. Ұстап кетеді, анау ертеңіне тағы тайраңдап жүреді. Сол бір күні әбден құтырып, өзі саудалап тұрған құлақшынды оттықпен жағып жіберіп, сатушының бетіне лақтырып кетіпті. Япыр-ай, хоккейші-жұлдыз әкенің арқасы ма екен, сол құлақшын сатып нанын жеген бейшара әйелді қорқытпаған алам қалмады. Бірақ ерке баланың жауап беруі тиіс екенін сұғанақ қол уақ ұрыдан бастап, мафиозилерге дейін айтты. Нәтижесінде қарасы батты баланың. Қазір ізет пен парасат тұнған азамат болғанына сенгім келеді.

Әлқисса, үзіп-үзіп айтарым осы. Қысқасы, 90-жылдары біз керісінше, америкалық демократия моделімен келе жатпадық па деген сауал. Әділдік деген лотерея кез келген адамның артында жасырылуы мүмкін заман емес пе еді деген сұрақ. АҚШ -тың кім көрінгеннің қарулану құқығымен алға озбады ма деген ой.

Ескерту. Бұл жазба - тек сауал тастау. Қан өзен боп аққан тоқсандарды сағыну, оны ағызған бандыларды ақтау емес. Өңін айналдырып алып тиісу жоғынан.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер