Баланы пиарлау, танымал ету туралы - хайп, пиар - |18 Желтоқсан 2018, 11:16
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мәңгі мотор жобаларын қарамаймыз

Редакцияға көп адам хабарласады. Әпербақандар да, парасаттылар да. Солардың ішіндегі бөліп айтатыным - баласының талантын (ғылымдағы, өнердегі) паш етпекшілер.

Бұл жерде күмілжітетіні - этикалық мәселе. Көбіне баланың жетістігі ата-анасына ғана елден ерек көрінуі мүмкін. Ал мемлекет, оның сыртында - әлемдік деңгейде көптің бірі болуы кәдік. Оны әрине, ата-анаға айта алмайсың. Көре алмағандай болып көріну қаупі бар. "Көре алғанның" өзінде, біреудің бауыр етіндей баласын қалайша сынап-мінейсің?

Ал қобалжытатыны - жеткіншектің жетістігін көрсетуге қаңғыр-күңгір айқай, даңғаза-дақпырт моделін таңдаған ата-аналар. Кейбір әкелер мен шешелерді тыңдап отырып, баласын көтермелеу үшін "көпқадамды жоспар"(copyright Путин) жасап қойғанын, сенің ақпараттық қолдауың - сол ұлы жоспардың бір сатысы ғана екенін түсініп, төбе шашың тік тұрады. Алдымен салалас/бақталас адамдарға тиісіп, сосын олар жауап талап еткенде - өз баласының еңбегін/өнерін шығара қою сияқты қиямпұрыс схемаларды жасаған ата-аналардың Талейранның, кардинал Ришельенің я сэр Уолсингемнің реинкарнациясы емесіне кепілдік жоқ.

Сол ата-аналарға өтініш (құлақ аспайтындарыңызды көрдім бірақ, сонда да). Хайп - тек бір сәттік жарылыс. Ештеңе ойлап шығарып отырғаным жоқ, диаграммада да солай. Және термодинамикалық тепе-теңдікті бұзып шығатын күші жоқ: неғұрлым тез танылса, жадыдан соғұрлым тез өшеді. Иә, әрі қарай, хайпқа хайп қосып дүрліктіре беруге болады. Бірақ, сен шаршамағанмен, балаң болдырмай ма? «Қиярға да пиар керек» екенін білеміз (copyright Д.Исабеков), бірақ баланың балалық шағының есебінен емес шығар.

Тағы бір құлаққағыс. Арнайы басылым болмаса, жалпы редакцияларда ғылыми сараптама жасайтын өкілет те, қауқар да жоқ. Сондықтан тек "қазаққа керек!" деген негіздемесіне бола, "айналайын-ай!" деп жариялайтын біз жоқ.

Айтпақшы, кектенбеңіздер. Біз жарияламаған еңбек шынымен ғылыми жаңалық болып шығып, ғылымды аударып түсірсе - тек қуанамыз. Бірақ жарияламағанымызға бәрібір өкінбейміз. Жеткіншектер өссін, өнсін, өзіне, елге қызмет қылсын. Тілегіміз осы ғана.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер