BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 377.62 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 426.03 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.67
Астана:

Бүгін менің туған күнім

00:00 / 1:46

Бүгін менің туған күнім. Жасым алпысқа келіпті. Жеткен жетістігім де бар. Жетпеген биіктерім де қол бұлғайды. Шындығында мен ойлаған мақсатымның біразына жетіппін. Мамандық таңдауда әркез жолым болды. Жүсіпбек Елебековтей ұлы ұстаздан дәріс алдым. Темірбек Қожакеевтей ғұлама ұстаз мені журналистика саласына дайындады. Әркез қамқор болды. Қазақ радиосында отыз жылдай еңбек етіп, жақсылармен жақын жүріп, ой-өрісім кеңейді. Қазақ өнерінің майталмандарының өмірі мен өнерін зерттеп, қаншама радио хабарлар дайындадым. Әнші ретінде қалыптастым.

Үкімет еңбегімді ерекше бағалап, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атақтарын берді.

Шалғайда, сонау Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауданы Ортақкөл деген шағын ауылда жатып, республикаға өзінің дарынымен танымал болған, жеті сыныптық білімімен он жеті кітап жазып, ақпарат ағынына тоқтаусыз үлес қосқан ардақты әкем Зейнел-Ғаби Иманбаев пен он бала тәрбиелеген батыр ана Кәмеш Байқасқызының аялы алақанында өскеніме өзімді бақытты санаймын. Алғашқы ұлдары шетінеп кеткен соң, ылғи қыз туа берген анам жетінші қыздан соң екі ұл, бір қыз өмірге әкелді. Мен Алтын деген алтыншы қызымын. Анам мені алты күн толғатып, арқанға асылып туа алмай, үш шақырымдағы совхоз перзентханасында ауыл фельшерінің көмегімен зорға босаныпты. Анам сонша бейнет шегіпті. Міне, соның іздері менің денсаулығыма да әсер етті. Осы жайлы әкемнің «Толғақ» деген әңгімесі бар. Бұл әңгіме Қазақ радиосының алтын қорында сақталған. Бүгін мен осы жасқа жеткеніме әуелі аллаға тәубе, содан соң анама мың алғыс деймін. Мен де ана, әже болдым. Мен туған күніме орай анам жайлы жазылған өлеңімді сіздерге ұсынып отырмын. Сондай-ақ анам Кәмеш Байқасқызының бізді әлдилегенде айтатын көп әндерінің бірі- Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін тыңдайсыздар.

Сағындым

Күйкентай бітім әжімге толы ақ жүзі,

Жемісін беріп, жеткендей енді бақ күзі.

Өнеге болған ісімен үлгі ұрпаққа,

Артында қалар тындырған үлгі жақсы ісі,

Анамды асыл сағындым.

Бесігін тербеп, ұйқысыз таңды атырған,

Алтынның қалған сынығы жаны асылдан.

Ғұмырын арнап біздерге берген тәрбие,

Мақтаныш етіп жақсымыз болса асырған,

Анамды асыл сағындым.

Он бала сүйіп, бейнетін көріп өсірген,

Қатеміз болса түзетіп өзі кешірген.

Бағып та қағып еңбегі сіңген біз үшін,

Бәрі де менің кетпейді, ана, есімнен,

Өзіңді, апа, сағындым.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер