Айғыздың ащы ақиқаты - |09 Қаңтар 2013, 13:26
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Айғыздың ащы ақиқаты


Ата мен немере арасындағы ұрпақтар жалғастығының қарым-қатынасы арқылы бір ауылдың елу жылдық тарихын молынан қарпыған Таласбек Әсемқұловтың “Талтүс” романы – белгілі мәдениеттанушы ғалым Сәбетқазы Ақатайдың: “Әр ауылдың өз Абайы бар еді, әттең не керек оны кезінде жазатын өз Мұхтары болмады” деген ғылыми арманын жүзеге асырған туынды.

Әдебиеттану ғылымында Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп, Сұлтанмахмұт сияқты алаш ғұламаларының келешегі бұлыңғыр кеңес үкіметін мойындамағаны ғылыми ортада енді-енді ауызға алына бастады. Ал, қарапайым қазақтың қара шалдарының осы сайтанның іліміне құрылған үкіметті мойындамауы ең алғаш Ә.Нұрпейісовтің  “Қан мен терінде” Сүйеу қарттың “жолдас” сөзіне тиісе сөйлеуінен бастау алады. Осы әдеби үрдіс романда: “…Кемпір-ай, анау орындықты әперші. Өкіметтің адамы ғой. Киізге отырса, шалбары былғанып қалар”[47б.]. Ары қарай автор Сабыт қарттың: “Баяғының ауыл кеңесі малыңды айдап, қатын-балаңды байлап, өзіңді атып кететін. Бүгінгінің ауыл кеңесі Үркітке айдатып қана қояды...” [48б.] деген сөздермен дәуір шындығының бет пердесін ашады.

Жетісудың кейінен Семейге қараған өңірін мекен ететін Семіз Найманның Бөдес руынан шыққан Кенесарының өз аяғын өзі кесуі қазақтың өр халық екендігін танытады. Осы кейіпкердің айдаудан оралған құдасы Сабытқа теке союы кеңес тұсындағы қазақ тұрмысының жұпынылығынан хабардар етеді. Екі құда арасындағы кездесуде  домбыраның бүкіл ауылдан табылмауы бір жағы оны жасайтын шеберлердің қалмауынан, екінші жағынан қызыл көз коммунистердің ескінің көзі деп жойып жіберуінен танылады. Осылайша,  бүкіл ауылдан домбыраның табылмау эпизоды автор тарапынан Сталиндік қанды қырғының алаш рухын жасытпағанын таныту үшін алынған көркемдік фон. Сабыт күйді ауызбен тартатын өнерді меңгеруін:“...Жиырма бес жыл абақтыда жүргенде жынданып кетпегенім осы күй шерткенімнен шығар. Барақта жатқанда ойша шертесің. Қарағай шабуға барғанда ыңқылдап айтасың... қазақтар жаныма үйірілетін болды. Олардың көңілін осы күймен демедім...”[56б.],-деп,  қатпары терең тарихты өмірдің ащы сабағымен аластыра отыра, алға тартады.

Кейін Айғыз ауылы Аягөзден бөлініп, құрамына кірген Шұбартау ауданының қасіретті тарихы жазушы қаламынан былайша төгіледі: “...Жарайды өкіметтің бір білгені бар шығар. Тек түбі Шұбартау өз адамдарын алып келіп, жұртты ығыр қылып жібермесе болды”[59б.]. 

Біздің әдебиетте соғыстың исі мұрнына бармаған Ғабит Мүсірепов сияқты классиктеріміздің “Қазақ солдатының” екінші бөлімін жазамын деп танауы тасқа соғылғанын кеңестік орыс сыншылары кезінде орынды сынаған еді. “Окоп шындығы” Бауыржан Момышұлы мен Тахауи Ахтановтардың туындыларында асқан астарлылықпен берілсе, “Талтүс” романында осы бір әдеби ақтаңдақ кейіпкер аузымен: “–Шылғи өтірік, – деді Баймұхан сәл ойланып барып, –Кешегі біз көрген емес, мүлдем басқа соғыс. Біз аузын айға білеген неміспен соғыстық...Әскерлер мәшинеге тиеліп, дүрлігіп қашқанда, әлгі кәмәндір, бір қазақ жігіті екеуімізді кеудеден бір-бір теуіп мәшинеден түсіріп кетті...Кейде күлкім келеді. Ерлік дейді. Топырақ пен адамның қанын араластырып таптап жүргеннің несі ерлік...Осалы жоқ, фин де, неміс те, жапон да, бәрі де мықты болатын”[78-86б.] соғыстың бұған дейін әдебиетімізде жөнді айтылмай келген ақиқатын бір отырыстың үстінде кейіпкер аузымен беру арқылы жазушы майдан шындығын оқырманына толыққанды жеткізеді.

Аягөз өңірінде болып өткен кәмпкеске: “ Малды өзімізбен бірге бағысты, бұл бай емес, осы өзіміз сияқты кедей, тіпті малын алсаңызда да өзін босатыңыз депті. Оған үкімет көнуші ме еді. Сөйтіп, қайран Жалбағай айдалып кете барды ғой...”[113б.] деген жолдардан көзіңе жас алдыра отырып танылады. Кәмпескенің ізін ала жеткен ашаршылық зобалаңы ең алғаш қазақ прозасында Рамазан Тоқтаровтың “Ертіс мұхитқа құяды” диалогиясында бой көрсетсе, егемендік жылдары шындықты ашып жазуға мүмкіндік алған автор өз қаламының сиқырымен осы азалы жылдардың  шерлі шежіресін: “ Дүние-ай десеңші. Жалбағай айдауда өлді. Бар жазығы өмір бойы тынымсыз еңбек еткеніде. Қатын-бала мұнда өлді. Сөйтіп бір ошақтың оты өшті. Із-түзсіз кетті, әне. Е, не болмады дейсің бұл дүниеде. Солай!”[115б.], - деп, Таласбек Сабыт қарттың әр сөзіне көптің көз жасын сыйдырып, зарланта береді.

Романда екі отаршы орыстың өлімі шығармаға әр беретін, кейіпкер характерін ашуға көмектесетін көркемдік деталь екендігін айта кетейік. Ақтың қашуы – қазақ әдебиетінде Жүсіпбектің “Ақбілегінен” бастау алатын жүректі қан жылататын кесек тақырып. Осы тақырып шығарма персонаждарының іс-әрекетін, ішкі әлемінің рухын ашу үшін шағын штрих түрінде берілгенімен аз сөзге көп мағына сыйдырғандырылған:“Орыстың қабағы қату... Адам деп санамағаны ғой... Мақсат – орысты өлтіру. Ажалға көнді орысым. Арам өлмесін, адалдап жіберейін деп... Басын құбылаға қаратып, “Бісіміллә! Я, Алла, қабыл ал! ” деп қылышпен тартып жібердім”[116-117б.] деген туынды жолдарынан ұлтымызға тән қазақи психологияны айқара тани түсеміз.

Лагерь өмірі ең алғаш қазақ прозасында Бердібек Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” романында қызыл цензураның қысқартуымен берілгені белгілі. Енді осы эпизодтық тақырып Сабыт қарттың өмірінің үзігі ретінде Таласбекте қаламгерлік шеберлікпен қалай игерілгендігін байқастайық: “Қанға жерік адам болады... Ал оңашада басқаға істегенін маған істей алмайды... Осылай аңдысып бір жыл жүрдік... Десятник кіріп келді... Пақырдың мойнын бұрап желкесін үзе салдым... Қалай болды, кім өлтірді деп бір-екі күн тергеді де қойды... Өз қолымен анықтап өлтіргенім осы екі кісі..қанша оқ аттық, атқанымыздың қаншасы кімге дарыды, оны айтып бере алмаймын.”[119-121б.]. Екі өлімді де автор шығарма тініне жайдан-жай енгізіп отырған жоқ. Ол – қазақтың азаттыққа ұмтылуының заманалық қазақ прозасындағы символдық айшықтануларын білдіретін сәтті әдеби ізденістердің бірі. Осылайша, кеңес үкіметімен арыстандай алысқан Сабыт қарт ақ және қызыл отаршыларға қарсы ұлт-азаттық күресінің белгісіз сарбаздарының бірінен Таласбектің өлмес туындысы арқылы мәңгіге алаш жадында қалып отыр.

Автор тек Сабыт қарт пен оның айналасындағылардың бастан қилынша күй кешулерін тігісін жатқызып әңгімелеп қана қоймайды, ұлтымызға тән түрлі архетиптік таным-түсініктерді новеллалық кірістірме, яғни оқиғаның ішіндегі оқиға ретінде сәтімен туынды композициясына өзек етеді. Оның мысалы – Жұмға молданың Темір Қия қарақшы турасындағы діни-уағыздық әпсанасы. Оны автор кешегі кеңес қызметінде болғандардың бүгінде тәубаға келіп, қаһ ислам мен алаштың қызылдар мойындамаған құндылықтарын, ру шежірелерін өз қаражаттарымен бастырып, қазаққа танытып жатқандарын меңзеу үшін әдейлеп оқырманның тарапынан аңғарылатын “жетпеген жерді жеткізу” стилистикалық әдеби тәсілі арқылы адресаттық арнау түрінде беріп отыр. Темір Қия қарақшы жиынтық бейне онда бүгіндері кезінде ұлтына істеген діни-рухани қысастықтары  үшін тәубеге келген кеңестік ұлықтардың бейнесі символдана жиынтықталған.  

Әжігерей өз атасының қазақи келбетін Жұмға молданың мына бір сөзімен айшықтайды: “Баяғының қазағы сияқтысың...Жаз шықпай кигіз үй тігіп отырасың...”[123б.].  Ал, қазақ қызының өнерді сыйлауы, оны танытатын өнерпазды пір тұта бағалауы мына бір сөйлем жолдарынан танылады: “...Содан соң “Он саусағын кесіп алып, өзгесін итке тастайтын-ақ адам екен. Бірақ жігіттің жүйрігі екен.  Әкемнің сөзі – сөз. Бердім құлпымды” дейді... Бірақ Бекей өзгермепті. Жақсылап қарсы алды. Келіндерін қас-қабақпен ғана жүргізеді екен... Кимешегі аппақ қардай. Қолының бәрі – сала күміс. Бойы тіп-тік. Бетінде бір әжім жоқ...”[132-133б.]. Осылайша, данышпан Мұхтар сомдай алмай армана кеткен Жүзтайлақ бәйбішенің келбетін Таласбек Бекей бәйбішенің романдағы кесек бейнеленуі негізінде авторлық шеберлікпен эпизодтық штрихтандырылу арқылы тамаша таныта білген.

Ғасыр шежіресіндей болған Сабыт қарт кезінде ұлтымыз 400 жылдық монғол-алаш соғысы кесірінен амалсыз көндіккен көшпеліліктен қайыра отырықшылыққа көшу процесінің бір ұрпақтың көз алдында қалай өткендігін: “...Жаз бойы шөп шауып, жұт жылының өзінде аман алып қалуды мына орыстардан, Кереку, Семей жақтағы ...қаржас пен бәсентийіндерден көргенбіз. Әрине, үйрендік, кірпіш құйып үй салуды, көзіміз көргенді үйрендік. Ертеде мән-жай осындай еді.”[143б.]. 

Тәңір текті түріктердің ұсталық асыл өнері қонған Әмзе, Кітапбай, Мүкамалдардың мұқым қазақ еліндегі жалғыз тұяғы – Ахметжанның қайғылы да, ұлағатты тағдыры кезінде не жоғалтқанымызды, Дәркембай Шоқпарұлының алашты алты айналып, жоғалған қолөнерімізді қалай тірілткенін танытатын азалы да, қадірлі ұлттық материалдық игілігіміздің соңғы могиканының темір таңдауынан танылады: “Ертеңінде Ахметжан шұғыл іске кірісті...бірақ ұста бірде-бір темірді жаратпаған... –Міне, Саба, нағыз темір деген осындай болады...Тырнақпен сызсаң із қалады...Темірді шірітеді, әлденеше рет өлтіреді, содан соң қара бұйра татты әлденеше рет қорытады. Ақырында Құдай жаратқан кезіндегі балауса күйіне келтіреді...бүгінгі темір жасы жетіп қартайған темір”[157-160б.],-деп, мұражай тапсырған қылыш соғуға орыстың қолынан шыққан барша темірі жарамай, бабалар темірі қалай іске асқандығын жазушы өзінің әз қаламынан осылайша төгілтеді.

Біздің мақсат  – 270 беттік романды егжей-тегжей әдеби теориялық жақтан талдап шығу емес, оның  кемшілігі мен кем кетігін тізбектеу емес, өнерге арналып жазылғандығын дабыралау емес, туынды бойындағы адам тағдырын, қазақ тарихын мөлдіретіп автордың ойға алып жобалаған күйінде Таласбектің жаны сүйген алашына таныту.  Таласбектің қаламгерлік ерлігі сонда: орыс әдебиеттанушысы Лотманның сөзімен айтқанда, том-том кітаптарға арқау болатын ұлттық тарихты қаламгерлік қарымдылықпен, жазушылық шалқар шабытпен аз ғана жолға сыйдырып, бір ғана ауылдың кеңестік дәуірдегі өмір тынысы арқылы жерлес ағамыз Шыңғыстауын әлемге танытқан Мұхтардай, Баян елінің жауһары, Жетісудың әсем моншағы Айғызын алашқа таныта білгендігін інілік ізеттілікпен шағын зерттеу мақаламызға арқау еттік.

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер