BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

БАЛАНЫҢ ТІЛІ


-Кемпір, жұрттың немерелері былдырлап сөйлеп жүр. Біздің балада əлі тіл жоқ. Жасы болса үшке толды. Тұқымда мұндай жоқ еді.
-Шал-ау, ертең нағашылары келеді. Сол кезде қара қойды сойып, өңешпен жиенін қылғындыртып ырым жасатайық.Сайрап кетеді.
Бүгін демалыс. Айтқандай келін жағынан қонақтар келді. Құда мен құдағай бар. Баланың нағашы ағасы жаңа сойылған қойдың өңешін жиенінің мойнына орады. Оқыс əрекеттен сақау бала шошынып кетті.
-Шшсс-деді тістеніп.
-Ойбай, мынау боқтайын деп жатыр ғой-деді нағашы атасы.
-Шал-деп қойып қалды бала.
-Əй, мына бала не дейді? «Шал» деп кімге айтып тұр? «Ата» деп айт-деді нағашы әжесі ашуланып.
-Кет!
-Масқара, бізге кет деп жатыр ма? Қайда кетеміз?
Нағашылары бір түрлі болды. Мұны естіп баланың əкесі жетіп келді.
Ол əкиматта жасайды.
-Əликонға тіл шықты ма?
-Жемқорлар...Парақорлар...
Үш жасар баласының мына айтқандарына əкесі бір түрлі болып астыңғы ерні дірілдеді.
-Жемеңдер!-деді.
-Ойбай, көтек нені жемеңдер? дейді. Ағайын аң-таң.
-Ооотанымды-деді балақай былдырлап.
Ас бөлмеде еттің нанын илеп отырған баланың шешесі шошыды.
Ол облыстық маслихаттың депутаты еді.Қолы дірілдеп оқтауы жерге түсіп кетті. Бұл үйден мұндай сөздер айтылмауы тиіс.
-Бəрекелді, немеремізге тіл шықты.Тілашар тойын жасаймыз-деп атасы мен әжесі қуанып жатыр.
-Қарақшылар...
-Мына жиен не дейді? Жетер...
Нағашы жұрты жақтырмай қалды. Жиеннің сөздерін тікелей өздеріне қабылдап қалды.
-Бұлай болғанда сөйлемегені жақсы еді-деді шешесі.
-Шырағым, келінжан олай айтпа, «Бала тілі-бал» деген ғой. Сақау болып жүргеннен тілі шыққаны жақсы емес пе?-деп атасы немересінің маңдайынан сүйіп алды.
Баланың тілі шыққалы әке-шешесінен маза кетті. «Шындық. Әділет. Сөз бостандығы» дей ме, әйтеуір айтпайтыны жоқ.
Қазір үш жасар баланың сөзінен бала-бақшадағы тәрбиешілер де қорқып жүр екен...


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер