BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Кәдімгі көк өгіздің өкіргені...

Өскемендегі айтыста айтқан сөздерден

Біздің елді жемқорлар жалықтырған,

Биліктің әр саласын алып тұрған.

Солар ғой асфальт жолдың дәл ортасын

Кәдімгі су ағатын арық қылған.

Солар ғой мектептегі бүлдіршінді

Қатесі көп кітапқа қарық қылған.

Азық-түлік бағасы төбет болды

Қарапайым халықты қауып тұрған.

Қазақстанның бюджеті тоқ сиыр ғой

Санаулы жандар ғана сауып тұрған.

***

Теледидар, радионың бәрі орысша

Соған әуес ұрпақтың "жетілгені".

Экранның бетінен министрлер

Талай болды орысша көпіргені.

Олардың бөтен тілде көпіргені

Кәдімгі көк өгіздің өкіргені.

***

Олардың бөтен тілде көпіргені

Кәдімгі көк өгіздің өкіргені.

Сәбилерді ағылшынша неге оқытад

Осы жай толғандырып отыр мені.

Балабақша есігін ашып қалсаң

Қазақша тәрбиеміз жетілмеді.

3 тұғырлы тіл деп ап қызық екен

Балаңның үш тілде кеп өтінгені.

3 жастағы сәбиге одан гөрі

Ер Төстік пен Ер Тарғын өтімді еді.

Балаңыз ана тілін ұқпай шықса

Күлкің де көпке бармас бетіңдегі.

Елге ертең керексіз боп қалады олар

Без сияқты тоқтының етіндегі.

***

Тұрған соң ұлы дала төсінде есен,

Үніміз шықсын біздің несін бәсең.

91-де мемлекеттік тіл болад деп

Қазақ тілін таныды есіл көсем.

Азаттық алғаныңнан пайда қанша

Өз еліңде тұлпар боп көсілмесең.

Ел болып етек жиып тұра алмассың

Балаңды өз тіліңде өсірмесең.

Тіліңді құрметте деп Қадір айтқан

Осыны ұстағайсың есіңде сен.

Жұлдызыңды ағылшын жандырмайды

Ұл-қызыңды Лондонға көшірмесең!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер