Ұлыбританияда кедейлік кесірінен 4 миллион бала дұрыс тамақтанбайды − зерттеу - Әлем|05 Қыркүйек 2018, 20:34
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ұлыбританияда кедейлік кесірінен 4 миллион бала дұрыс тамақтанбайды − зерттеу

Food Foundation ұйымының есебіне сенсек, Ұлыбританияда 4 миллион бала салауатты өмір салтына жақсы әсер ететін жеміс-жидек, көкөністер мен басқа да азық-түліктерге қол жеткізе алмай өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап.

Ұйымның баяндамасында әрбір бесінші кедей отбасы өз табысының 42%-ын азық-түлікке жұмсауға мәжбүр екені айтылған. Зерттеушілердің айтуынша, бұл ең бай деген отбасылар кетіретін 20% шығыннан төрт есеге дейін артық

Баяндамада табысы аз үй шаруашылықтарының денсаулыққа пайдалы азық-түліктерді ала алмауы болашақта диабет пен семіздікке апаруы мүмкін екені айтылған. Сонымен қатар бұл халықтың денсаулық жағдайында да анағұрлым теңсіздіктердің болуына әкеледі.

«Мемлекеттің үй шаруашылықтарының табысын өлшеуі Ұлыбританиядағы миллиондаған отбасылардың Үкіметтің диеталық басшылығына сай тамақтанбайтынын көрсетіп отыр. Үкімет ұйымдастыратын шаралар мен ұстанып отырған саясатта дұрыс тамақтануға қажетті азық-түлікке кететін шығынның да ескерілгені жөн. Сонда ғана тамақтану жүйесі табысы аздарға да түрлі ауруларға шалдығу қаупін азайтатын болады», дейді Food Foundation ұйымының атқарушы директоры Анна Тейлор.

Баяндамада зерттеушілер үкіметке бұл дағдарысты шешу үшін жәрдемақы төлеу керектігін айтқан. Сонымен қатар табысы төмен отбасынан шыққан балаларға мектептерде тегін тамақ ұсынуға болатынын да жазған.

«Бүгінгі таңда Ұлыбританиядағы үй шаруашылықтарының 50%-ында үкімет ұсынып отырған Eatwell тамақтану басшылығын ұстану үшін табыстары жетіспейді. Дұрыс тамақтану адамның денсаулығы мен дамуы үшін өте маңызды екені белгілі. Ал ол осыншама адам үшін қолжетімсіз болмауы керек. Бұл мәселені Үкімет тез арада шешуге кіріседі деп үміттенемін», деді балаларға арналған азық-түліктерді зерттейтән комитет басшысы, депутат Шарон Ходжсон.

Айта кету керек, Ұлыбритания үкіметінің азық-түлік қауіпсіздігін бағалайтын заң жобасы қазан айында қарастырылады деп күтілуде.

Food Foundation ұйымы аталған зерттеуді Ұлыбритания балалары жазғы демалыстардан соң мектептерге орала бастағанда жүргізеді. Себебі алты апталық үзіліс кейбір отбасылар үшін үлкен проблемаға айналып, олардың балалары көп жағдайда ыстық тамақтың дәмін татпай күн көреді.

Қайырымдылық қорлары ұсынған соңғы мәліметтерге сенсек, Ұлыбританияда жаз айларында үш миллион бала аштықта өмір сүреді. Trussell Trust ұйымы мамандарының айтуынша, 2017 жылдың сәуір айы мен 2018 жылдың наурыз айлары аралығында олар 1,3 миллион адамға үш күндік азық-түлік таратқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13%-ға көп. Тағы бір айта кетерлігі, олар таратқан азық-түліктердің үштен бірі балаларға берілген.

Сауда орындарынан мұқтаж жандарға азық-түлік таситын FareShare қайырымдылық ұйымы да бір жылда олар қолдау білдіріп отырған топтардың 44%-ға өскенін, сондай-ақ қордың көмегіне жүгінгісі келіп өтініш білдіретіндердің де былтырғы жылмен салыстырғанда 59%-ға артқанын айтты.

Айта кету керек, 2017 жылы Unicef есебінде де Ұлыбритания табысы жоғары 41 мемлекеттің ішінде азық-түлік қауіпсіздігі бойынша 34-орында тұр. Unicef мамандарының айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігінің ішінде қауіпсіз әрі құнарлы тамаққа қолжетімділік, денсаулыққа пайдалы азық-түліктердің қолжетімді болуы секілді факторлар ескеріледі.

Unicef мәліметтеріне сенсек, Ұлыбританиядағы 15 жасқа дейінгі балалардың 20%-ға жуығы азық-түлік қауіпсіздігінен зардап шегіп отыр. Unicef баяндамасында Ұлыбритания кедейлікпен күрес бойынша 41 мемлекеттің ішінде 16, халықтың денсаулық жағдайы бойынша 15, экономикалық өсім бойынша 31-орында тұр.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер