Парктерде өткізілетін музыкалық фестивальдер мен басқа да іс-шаралар қоғамдық өмірге кесірін тигізіп, тұрғындарға кедергі келтіреді, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Парктерде өткізілетін музыкалық фестивальдер мен басқа да іс-шаралар қоғамдық өмірге кесірін тигізіп, тұрғындарға кедергі келтіреді, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, Лондон тұрғындарының көптеген парктерге қолжетімділігін ұжымдық іс-шаралар мен музыкалық фестивальдар шектеп жатыр.
«Бұл қоғамдық орындарды «жекешелендірудің» кемшіліктері де көп», - дейді олар.
Корольдік география қауымдастығының жыл сайынғы конференциясында ұсынылған баяндамада Лондон парктерінің жеке компанияларға жиі жалға берілетіні, сол арқылы билік қаржыландыру көзін арттыруға тырысып жатқаны айтылған.
Вестминстер университетінің географы, доктор Эндрю Смиттің айтуынша, зерттеу барысында ескерілген Finsbury Park, Gunnersbury Park және Brockwell Park саябақтары коммерциялық активке айналып бара жатқаны байқалған.
«Қатаң экономикалық талаптар туындаған заманда саябақтарда ірі және шағын фестивальдер ұйымдастыру да табыс көзіне айналған. Бір жағынан қарасақ, билік табыс көзін арттырып жатыр. Бірақ жергілікті билік қоғамдық орындарды былай қолданудан тартыншақтағандары жөн. Бұл парктерге жақын тұратын тұрғындар жылына бірнеше апта бойы саябақтарға кіре алмағанымен қоймай, шу секілді ыңғайсыздықтарға ұшырайды», - дейді ол.
Блэкхитті бөліп тұрған Гринвич және Льюишам кеңестері саябақта жылына 90 күн түрлі іс-шаралар өткізуге рұқсат береді. Бұған Лондон марафонын қоссаңыз, қоғамдық орын 187 күн, яғни, жарты жылдан астам уақыт қолжетімді болмайды.
Смиттің айтуынша, 1991 жылы Баттерси-паркте 99 іс-шара өтсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 600-ге жетті. Ал Finsbury Park тобының жетекшісі Саймон Хант 2014 жылы саябақта үш күндік фестиваль өткізілгеннен кейін парктің «тәулік бойы істейтін коммерциялық орынға» айналғанын айтты.
«Жаз айларында көпшілік үшін саябақ жабық. Бұл тұрғындардың да шыдамын алды», - дейді Хант.
Оның айтуынша, 2018 жылдың алғашқы тоғыз айында ол 113 күн бойы ефстивальдар жұмысымен айналысқан. Ал 2015 жылы мұндай уақыт аралығында іс-шаралар тек 29 күн өткізілген. Ал парктің баспасөз хатшысының айтуынша, мұндай фестивальдар өте қажетті қаржыны табуға көмектескен және оған жергілікті тұрғындар да қатысқан.
Дегенмен, парктердегі мұндай коммерциялық қызмет топырақты деградациялап, саябақтың жайын әлсіретеді. Қоғамдық орындарды іс-шаралар өткізу үшін қолдану сонымен қатар қоғамның оған қолжетімділігін де төмендетеді. Смиттің айтуынша, бұл жерде қаржылық табыс қоғамның қажеттіліктерінен де басымдыққа ие болып тұр.
«Қоғамдық орындар осылайша жекешелендіріліп бара жатқандай көрінеді. Фестивальдер қоғамдық шаралар болып көрінгенімен, бәрібір қаржылық жағдай басымдыққа ие болып тұр. Парктерді коммерциялық актив ретінде қолдануға жергілікті биліктер қатты үйренбеулері керек. Саябақтар қаржылық жағдайдан гөрі маңыздырақ», - дейді Саймон.
Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбекқызы
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!