BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 377.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.91
Астана:

Қытайда мұсылмандарды арақ ішіп, шошқа етін жеуге мәжбүрлеп жатыр - The Independent

Фото: Associated Press

Қытайдың қайта тәрбиелеу лагерьлерінде мұсылмандарға арақ ішкізіп, шошқа етін жегізуде деп жазады ағылшынның The Independent газеті Associated Press материалдары негізінде. Агенттік тілшісі Қытайда бірнеше айға сотсыз түрмеге қамалған Қазақстан азаматтарымен және қайта түзеу лагерінде дәріс оқып, кейін елден қашып шыққан ұйғыр журналиспен әңгімелескен. «Өзіңе өзіңді қарсы қойып, өз ақыл-ойыңды айыптауға мәжбүрлеу мақсатындағы психологиялық қысым өте зор» деген Өмір Бекәлі. Төменде мақаланың толық нұсқасы.

Мәліметтер бойынша Қытайда шамамен бір миллиондай адам ұсталып, қайта тәрбиелеу лагерьлеріне әкетілді. Солардың бірі Қазақстан азаматы Өмір Бекәлі. Ол сотсыз және заңгердің көмегінсіз түрмеге қамалғанын және өз сенімінен бас тартып, Коммунистік партияны мадақтауға мәжбүр болғанын айтады. Жеті ай түрмеден кейін қайта түзеу лагеріне түскен Өмір ондағы 20 күннен кейін өз-өзін өлтіргісі келген.

Былтырғы көктемнен бері қарай Шыңжаң автономиясының билігі ондаған, тіпті жүздеген мың мұсылманды лагерьлерге жапты. Олардың ішінде шетел азаматтары да бар. Кей мәліметтер бойынша қамаудағы адамдар саны миллионнан асады.

АҚШ комиссиясы Қытай билігінің бұл саясатын «азшылықты жаппай қудалаудың бүгінгі әлемдегі ең ірі көрінісі» деп бағаласа, тарихшылар оны «мәдени тазалау» деп біледі.

The Independent комментарий алу үшін Қытайдың сыртқы істер министрлігіне сұрақ жолдады.

Associated Press агенттігінің лагерьлер туралы сұрағына министрлік ол туралы ештеңе естімедік деп жауап берген. Ал неліктен қытай емес азаматтар ұсталып жатыр деп сұрағанда олар Қытай өкіметі елдегі шетел азаматтарының құқын қорғайды, бірақ ол азаматтар елдің заңдарын бұзбауы тиіс деп мәлімдеген. Шыңжаң билігінің өкілдері сұрақтарға жауап бермеді.

Өмір Бекәлі лагерьдің талаптарын орындаудан бас тартқаны үшін дуалға қаратып бес сағат тұрғызып қойғанын айтады. Бір аптадан кейін оны жалғыз адамдық камераға қамап, бір тәулік бойы тамақ бермей қойған.

«Өзіңді өзіңе, өз ақыл-ойыңа, өз ұлтыңа қарсы қою мақсатындағы психологиялық қысым сұмдық» дейді Өмір. Лагерьдегі жағдай туралы әңгімелеген кезде ол көз жасын тоқтата алмады. «Әлі күнге ойымнан кетпейді. Түнімен сол туралы ойлаймын, таң атқанша ұйықтай алмаймын» дейді ол.

Территориясы Үндістанның жартысымен бірдей Шыңжаңда соңғы кездері жаппай қамауға алу науқаны жүрді. Қытай билігі лагерьлер туралы түсіндірме бермейді. Әйтсе де, кейбір мемлекеттік басылымдарда сепаратизм мен ислам экстремизміне тойтарыс беру үшін идеологиялық өзгерістер керек деген пікірлер айтылады. Соңғы жылдары радикал бағыттағы жүздеген ұйғыр мұсылманы өлтірілді. Қытай өкіметінің пайымы бойынша, халқының негізгі бөлігін хань-қытайлар құрайтын елдің тұтастығына Шыңжаң аймағы қауіп төндіреді.

Қайта тәрбиелеу лагерьлерін ашудағы мақсат ондағы адамдардың саяси көзқарасын өзгерту, діни сенімін жою, өзінің кім екендігі туралы ойларынан айныту. Мұндай лагерьлер заңдық процедура немесе құжатсыз өткен жылы көптеп ашылды. Өз қандастарын, өз көзқарасын жамандаған адам онда жеңілдікке ие болады, ал бұл талапқа көнбегендерді жалғыз адамдық камераға жабады, соққыға жығады және аш тастайды.

42 жастағы ірі денелі, сабырлы Өмірдің әңгімесіне қарап қайта тәрбиелеу лагеріндегі жағдай туралы толық мағлұмат алуға болады. Лагерьде болған басқа адамдардың сөзі де оның айтқанын растайды. Сұхбат берушілердің көбі Қытайдағы жақындарына зияны тимеуі үшін шын аты-жөндерін көрсетпеуді талап етеді.

Алайда, Өмір Бекәлінің мәселесі өзгешелеу, өйткені ол шетелдің - Қазақстанның азаматы. Оны өткен жылы Қытай қауіпсіздік қызметкерлері ұстап, сегіз ай қамауда ұстады. Жағдай қалай болғанын қаз-қалпында баяндау қиын, әйтсе де екі қазақ дипломаты оның жеті ай қамауда болып, одан соң қайта түзеу лагеріне жіберілгенін растады.

Қайта түзеу бағдарламасын аса ұлтшыл және қатал басқару стилін ұстанған президент Си Цзиньпиннің қарауындағы қауіпсіздік аппараты мақұлдаған. Бұл саясат білім беру жолымен өзгертуге болады дейтін Қытайда ежелден бар сенімге де негізделген. Оны Си Цзиньпин мырза кейде өзіне үлгі тұтатын бұрынғы лидер Мао Цзедун қолданбақ болғанда соңы жан түршігерлік оқиғаларға ұласқан болатын.

«Бейжің Шыңжаң мәселесін мәдени тазалау жолымен шешуге ұмтылып отыр» дейді Джорджтаун университетінің ғылыми қызметкері, Қытайды зерттеуші Джеймс Милуорд.

Жаңа Орлеандағы Лойола университетінің профессоры Райан Тум қайта тәрбиелеу жүйесін қолдану арқылы Қытай адам құқын таптаудың тарихтағы ең сорақы түрлерін қайталап отырғанын айтады. «Оның ең бергі мысалы бәлкім Қытайдағы Мәдени революция. Бұл саясат ұзақ уақытқа созылатын психологиялық зардап әкеледі. Оның жарақаты бірнеше буынға жалғасып, көптеген адамдар сол күйі оңала алмайды» дейді ол.

Алайда, мемлекеттік басылымдарда ара-тұра айтылып жүргендей, Шыңжаң билігі өздері қолданып отырған әдістер діни экстремизмді тежеуде нәтиже беріп жатқанына сенімді. Қытай бас прокуроры Чжан Цзюнь жақында Шыңжаң басшыларын сепаратизм мен экстремизммен күресте «білім арқылы өзгерту» саясатын барынша жан-жақты жүргізуге шақырды.

2017 жылғы маусымда үкіметтік журнал жариялаған есепте Шыңжаңдағы Коммунистік партия мектебінің зерттеушісі лагерьден өткен 588 адамға сауалнама жасап, олардың көбі қайта тәрбиелеуге жіберер кезде өздерінің нені дұрыс жасамағанын сезінбей, ал шығар кезде 98,8%-ы қателіктерін түсінгенін айтады.

Human Rights Watch (HRW) ұйымының осы аптада жариялаған есебінде қытай шенеуніктері Шыңжаң тұрғындарының үйін өздеріне қонақүй жасап алғаны туралы айтылады. Мұндайда үй иелері шақырусыз қонақтарға өздерінің тұрмысы, саяси көзқарасы жайлы айтып, идеологиялық насихат тыңдауға мәжбүр. «Бүкіл Шыңжаңда отбасылар өз үйінде өкіметтің мұқият қадағалауында ас ішеді және ұйықтайды» дейді HRW аға қызметкері Майя Уанг.

«Террормен халықтық соғыс»

2017 жылғы 23 наурыздың таңында Өмір Бекәлі Алматыдағы үйінен шығып Қытаймен шекараға келді. Ол жерде Қазақстан азаматы ретіндегі паспортына мөр басқызып, жұмыс бабымен, бірақ алдында не күтіп тұрғанынан хабарсыз күйде көрші елдің жеріне өтті.

Өмір 1976 жылы Қытайда туды, әке-шешесі қазақ пен ұйғыр. 2006 жылы ол Қазақстанға қоныс аударып, үш жылдан кейін осы елдің азаматтығын алды.

2016 жылы Қытай өкіметі Пәкістанмен және Орталық Азияның бірнеше мемлекетімен, оның ішінде Қазақстанмен шекаралас территориясы ұлан-ғайыр Шыңжаңда діни экстремизм және сепаратизм деп атайтын нәрсені түп-тамырымен жұлу мақсатында «Террормен халықтық соғысты» бастаған кезде Өмір Қытайда емес болатын.

Қайтып келген кезде ол Шыңжаңның танымастай өзгергенін көрді. Билік қолда бар мәліметтер негізінде ұйғыры, қазағы бар 12 миллион мұсылман тұратын аймақта адамдардың не істеп, не қойғанын тұтас бақылауға алған. Шетелдік сайттарды қарау, сырттағы туыстармен телефон арқылы сөйлесу, намаз оқу, сақал қою сияқты нәрселер үшін адамдарды саяси-идеологиялық лагерьге немесе түрмеге тоғытатын болған.

Тұрғындардың жүріс-тұрысын шектейтін жаңа тәртіп құпия іске асырылды, қанша лагерь бар екені, оларда қанша адам отырғаны туралы мәлімет берілмеді. АҚШ Мемлекеттік департаменті есебі бойынша, қайта тәрбиелеу лагерьлеріне қамалғандар саны ең бері дегенде ондаған мың адам. Ал Түркияда орналасқан, Шыңжаң иммигранттары жүргізетін телеарна өздері қолға түсірген үкімет құжаттарына сүйене отырып, 900 000-ға жуық адам қамауда екенін хабарлады.

Еуропа Мәдениет және теология мектебінің маманы Адриан Зенц бірнеше жүз мың мен миллионның арасында деген дерек айтады.

Ресми құжаттарды зерттеу негізінде Зенц лагерьлерге 2016 жылы 100 миллион доллар жұмсалғанын, лагерь салу жалғасып жатқанын мәлім етті.

25 наурызда әке-шешесіне келген кезде Өмір Бекәлі бұл жағдайлардан мүлдем хабарсыз еді. Ол полицияның тексеруінен өтіп, ескі қытай куәлігін тапсырды.

Келесі күні қарулы бес полицей келіп, оны әке-шешесінің үйінен алып кетті. Өмір Бекәлі он жыл бұрын Қарамай деген қалашықта тұрған кезде оны қамауға алу туралы ордер шыққан деді олар. Сонымен қатар бұл «ерекше іс» болғандықтан Бекәлі әке-шешесімен де, адвокатпен де сөйлесе алмайтынын айтты.

Бекәліні ешкіммен сөйлестірмей бір аптада камерада ұстап, одан кейін 800 шақырымға жуық жердегі Қарамай қаласының Байжиантан ауданының қоғамдық қауіпсіздік бөліміне жеткізді. Бұл жерде оны білегі мен тірсегінен қысатын «жолбарыс орындығына» (Қытайда қолданылатын азаптау құралы - ауд.) отырғызды. Одан кейін білегінен байлап, аяғының ұшымен тұрмаса иығына ауырлық түсетіндей етіп асып қойды. Олар Өмірден қытай азаматтарын Қазақстанның туристік визасын алуға шақырып, өздерінің айтуынша осылайша қытай мұсылмандарына елден қашуға жағдай жасайтын туристік фирмамен қалай жұмыс істегені туралы айтуды талап етті.

«Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын!» айғайладым дейді Өмір.

Өмір екі қолынан қалай асып азаптағанын көрсетіп тұр (Associated Press)

Олар Қазақстанда жиырма шақты ұйғыр белсендісі және бизнесмені тұрады, солар туралы не білесің деп бірнеше күн бойы тергеген. Әбден қажыған тұтқын бірнеше адамның аты-жөні таныс екенін айтқан. Бұдан кейін полиция оны 17 тұтқынмен бірге он шаршы метрлік түрме камерасына қамап, бәрін аяқтарынан екі үлкен керуетке байлап қойды. Біразына қара-көк түсті түрме киімін кигізсе, енді біразына саяси тұтқындарға арналған апельсин түсті киім берді. Өмірге де осындай кигізді.

Қамауға алынған соң үш айдан кейін, шілденің ортасында оған қазақ дипломаттары келді. Қытайда этникалық қазақтарды, оларды ғана емес Қазақстан азаматтары жаппай тұтқындау 18 миллион халқы бар бұл елде наразылық туғызған-ды. Қазақ билігі өткен жылы Қытайда 10 Қазақстан азаматы және Шыңжаңның жүздеген қазағы қамауға алынғанын, бірақ Қазақстан сыртқы істер министрі орынбасарының сапарынан кейін сәуірдің аяғында олар босатылғанын мәлімдеді.

Қазақ дипломаттары келген соң төрт айдан кейін Өмірді камерадан шығарып, қолына босату туралы қағаз берді. Алайда, бұл әлі еркіндік емес еді.

«Біз қазір түзелдік»

Өмірді түрмеден шығарып, Қарамай қаласының солтүстік жағындағы сырты қоршалған лагерьге алып келді. Мұнда мыңнан аса адам саяси насихат арқылы қайта тәрбиелеуден өтуде еді.

Лагерь территориясы тұтастай көрінетін орталық пункт арқылы өткен соң оған спорт костюмін кигізіп, арасында мұғалімі, дәрігері және студенті бар 40 адам отырған камераға кіргізді. Ерлер мен әйелдер екі бөлек жерге қамалған. Ауыр қаруланған күзетшілер лагерьді жоғарыдан бақылайды.

Қамаудағыларды күн шықпай тұрғызады да Қытайдың гимнін айтқызады, сосын сағат 7.30-да олар Қытайдың туын көтереді. Бұдан кейін үлкен сыныптарға жиналып «Коммунистік партия болмаса, Жаңа Қытай да болмайды» деген сияқты «қызыл әндер» айтады және қытай тілін үйреніп, қытай тарихын оқиды. 50-жылдары Қытай Коммунистік партиясы азаттық әпергенге дейін Шыңжаңның жергілікті халықтары артта қалған малшы құл болғанын ұқтырады.

Көкөніс сорпасы мен наннан тұратын ас берердің алдында олар «Партияға алғыс! Отанға алғыс! Президент Сиге алғыс!» деп сарнауы тиіс.

Лагерьде тәртіп қатал, жаза ауыр. Алайда, Өмір Бекәлі мен бұрын қамауда болған өзге де адамдар мәжбүрлі саяси идеологиялық насихаттың ең қиын жағы қайталау мен өз-өзіңді айыптау екенін айтады. Өздеріне айтылғанның көбін түсінбесе де және дәрістер ақылдарына қонымсыз болса да тыңдаушылар ұдайы қайталау арқылы материалды екі сағат немесе одан көбірек уақыт ішінде жаттап алуға міндетті болған.

Ең ауыры өзіңе өзіңді қарсы қою дейді Өмір (Associated Press)

Оларды «Біз экстремизмге қарсы тұрамыз, біз сепаратизмге қарсы тұрамыз, біз терроризмге қарсы тұрамыз» деп ылғи айғайлауға мәжбүрлеген. Күн сайын жергілікті полициядан, соттан және басқа да билік тармақтарынан адамдар келіп сепаратизм мен экстремизмнің қаупі туралы дәріс оқып тұрған.

Төрт сағаттық сабақ кезінде үйретушілер Исламның қауіпті жақтарын айтып, ол туралы сансыз сұрақтар қояды, дұрыс жауап бермегендер керегеге қарап бірнеше сағат тұрады.

«Қытай заңына бағынасың ба, әлде Шариғатқа ма?» деп сұрайды үйретушілер. «Діннің неліктен қауіпті екенін түсіндің бе?» дейді немесе.

Қамаудағылар бірінен соң бірі шығып өзі сияқты 60 адамның алдында өз дінін айыптауы тиіс дейді Бекәлі. Сонымен қатар олар бір бірін сынауы керек. Ресми саясатты жаттауда көзге түскендер және жолдастарын быт-шыт қылып сынағандар ұпай иеленіп, біршама жайлы орынға ауыстырылады.

Өмірдің айтуынша, олардың бірі «Әкем маған Қасиетті Құранды үйретті. Мен оны үйрендім, өйткені одан жақсы нәрсе бар екенін білмеген едім» деген. Енді бірі «Мен шетелге шыққан кезде ол жақта экстремистік насихатқа ұшырайтынымды аңғармадым. Енді білетін болдым» деген.

Бір ұйғыр әйел АР тілшісіне 2016 Қотан қаласының орталығында ұсталғанын айтады. Ол және қамаудағы өзге әйелдер мұсылман дәстүрінде ұзын киім кигені, намаз оқығаны, балаларына Құран үйреткені, балаларына ат қоюға имамды шақырғаны үшін кешірім сұрауға мәжбүр болған.

Жұмадан басқа күндері мешітке барып намаз оқу экстремизмнің белгісі болып саналады. Жұма намазды өздері тұратын ауылдан басқа жерде оқығаны, телефонында Құран аяттары болғаны үшін де экстремист деген айыптар тағылады.

Үйретушілер осындай істерін мойындаған қайта тәрбиеленушілерге «Біз заңсыз нәрселер жасадық, бірақ қазір түзелдік» деп қайта-қайта айтқызады.

Отан алдындағы парыз

Лагерьлерде үйретуші болып жұмыс істеген адам да осыған ұқсас оқиғаларды әңгімелейді.

Шыңжаң телеарнасының ұйғыр журналисі Елдос қытайша өте жақсы сөйлейтіні себепті 2017 жылдың ортасында насихат лагеріне Қытай тарихы мен мәдениетінен дәріс оқуға тартылды. Оның келіспеуге мүмкіндігі болмаған.

Елдостың айтуынша, қайта түзеу жүйесі тәрбиеленушілерді қамалу мерзіміне және қауіптілігіне қарай үш топқа бөледі.

Бірінші топтағылар қытайша білмегені болмаса, басқа ешқандай қылмыс жасамаған, аз ұлттан шыққан сауатсыз шаруалар. Екінші топта үйінен, телефонынан діни немесе сепаратистік материалдар табылған адамдар. Ұйғыр интеллектуалы Ильхам Тохтидің дәрістері сепаратистік болып саналады. Ал үшінші топ шетелде діни білім алып келген немесе шетелдік элементтермен байланысы бар деп күдікке ілінген адамдардан тұрады. Бұлар әдетте 10-15 жылға сотталады дейді Елдос.

Бірде сабағын өткізіп жатқан Елдос терезеден бір топ тәрбиеленушіні полиция машинасымен аулаға кіргізіп келе жатқанын көрді. Іште екі қатарға тізілген күзетшілер әлгілерді машинадан түсе сала ұрып-соға бастады. Кейін білсе, бұлар Таяу Шығыста дін оқуын оқып келгендер екен.

Елдос дәрістердің мақсаты дәстүрлі ұйғыр мәдениеті қаншалық артта қалғанын және прогрессивті Коммунистік партиямен салыстырғанда фундаменталистік Ислам қаншалық репрессивті екенін көрсету екенін айтады.

80 тәрбиеленушімен бір бөлмеде ұйқыға жатқан кезде ол жанындағылардың жылап жатқанын еститінін айтады. «Бұл мен өмірде көрген ең қайғылы күндер» дейді ол. Елдос өзі кейін пара беру арқылы жолын тауып Қытайдан қашып кетті.

Лагерьден өткендердің бірі, Шыңжаңның оңтүстігіндегі Қотанда туып-өскен ұйғыр 2015 жылы 90 кісімен бірге жаңа салынған лагерьде болғанын айтады. Ол сондағы бір үйретушінің ұйғыр әйелдер еркекпен жақындасу ниетін білдіру үшін ішкиім кимейді, шаштарын өріп жүреді, осылайша олар ондаған еркекпен төсектес болады дегенін естіген.

«Бұл менің ызамды келтірді. Ұйғыр әйелі туралы мұндай сөздер мені қорлайтын. Сол әңгіме есіме түскен сайын біреу кеудеме пышақ салғандай сезінем» дейді ол.

Қытайда туып, Қазақстанға қоныс аударған қазақ Қайрат Самархан Шыңжаңның солтүстігіндегі лагерьде 5700 адаммен бірге жатқан. Тәртіпке бағынбаған, сабаққа кешіккен немесе төбелескен тәрбиеленушілерге 12 сағат темірден жасалған киім кигізіп қояды дейді ол. Мұнымен де түзелмесе 24 сағат «жолбарыс орындығына» отырғызады. Жазаның тағы бір түрі - басыңды мұз тола ыдыспен бастырып қою.

Үш айдан кейін миға қонымсыз сабақтан шаршаған Самархан өзін өлтіру үшін басын дуалға соғып, ес-түссіз құлады.

«Оянған кезде ондағылар тағы осылай істесең мерзіміңе тағы жеті жыл қосылады деп қорқытты».

Лагерьдегі 20 күннен кейін Өмір Бекәлі де өзіне қол салмақ болды. Тәртіпке көнбегені және қытайша сөйлеуден бас тартқаны үшін оны аулаға шығармай қойды. Бір аптадан кейін ол жалғыз адамдық камераға қамалды.

Бірде ол лагерьді тексеруге сот қызметкері кіріп келе жатқанын көріп бар даусымен айғай салды. «Өлтірсең өлтіріңдер, бірақ шығарыңдар мені! Әйтпесе, түрмеге қайта апарыңдар!» деді Өмір. Расында оған мына жерге қарағанда бұрын өзі жеті ай отырған түрме дұрыс деген ой келген еді. Оны тағы да 24 сағатқа жалғыз адамдық камераға жапты.

Бір күні оны ойламаған жерден босатты. Байжиантандағы тергеу кезінде Өмірге дұрыс қараған бір полицей бар-тын. Шығарып алуға соны жіберіпті.

«Сіз тым бірбеткей адам екенсіз. Бірақ сізге де әділетсіздік жасалды» деді ол. Сөйтіп, Өмірді Қарамайдағы әпкесінің үйіне әкелді. Осылайша ол бостандыққа шықты.

Өзі босады, бірақ туыстары қамауда

Келесі күні полиция оған 14 күнге жаңа қытай визасын берді. Бұрынғы визаның уақыты әлдеқашан өтіп кеткен болатын. Өмір Бекәлі 4 желтоқсан күні Қытайдан кетті.

Қытай үкіметінен өтемақы талап ету туралы сөз қозғаудың өзі артық. Әйтсе де, Өмір мөрлер мен визалар, сапар уақыты жазылған паспортын және қытай полицейі қызыл сиямен жазып берген құжатты бір күні керек болуы мүмкін деп сақтап отыр.

Өмір Бекәлі Қытайдағы әке-шешесінің суретін көрсетіп тұр (Associated Press)

Бұл қағазды оның сегіз ай азап көргенін дәлелдейтін ресми құжат деп санауға болады. Онда Өмір Бекәлі ұлттық қауіпсіздікке қауіпті деген күдікпен ұсталғаны және айыптаусыз босатылғаны айтылады.

Қытайдағы әпкесі мен әке-шешесін лагерьге алып кете ме деп қорыққан Өмір әуелде басынан өткені туралы айтпай жүрді. Алайда, қытай полициясы 10 наурызда әпкесі Әдиланы, 19 наурызда шешесі Әмина Садықты, ал сәуірдің 24-і күні әкесі Ыбырайымды ұстап әкетті.

Бұдан кейін Өмір аяғы неге апарып соқса да көрген-білгенін айтуға бел байлады.

«Болар іс болды. Енді қорқатын ештеңе қалған жоқ» дейді ол.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай ҚУАНЫШБЕК


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер