Ең пайдалы асхана: дәстүрі мен ерекшеліктері - Әлем|05 Қыркүйек 2018, 14:57
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ең пайдалы асхана: дәстүрі мен ерекшеліктері

Фото: Гүлжан Раманкулова

Қытай – әлемдегі ең қызықты, ерекше елдің бірі. Ол өзінің түрлі салт-дәстүрлерімен ғана емес, сондай-ақ жұмбақ жерлерімен, дәмді тағамдарымен тартымды. Осы орайда қазақстандық БАҚ өкілдері Аспан асты елінің мәдениетімен, өмір сүру салтымен танысып, асханасынан дәм татты.

«Тамақтандың ба?» әдетте қытайлықтар осылай амандасады. Бұл әдет қытайлықтардың ерекше қасиеттерінің бірі.

Қытай асханасы – өте бай. Олар тамақтануды еуропалықтар сияқты сорпадан емес, ыстық шайдан бастап, керісінше сорпа ішумен аяқтайды.

Қытайлықтар асты бір рет ішуге ғана әзірлейді. Олар үшін ішетін ас жаңа дайындалған болуы керек.

Бәріне белгілі қытайлықтар тамақты таяқшалармен жейді.

Сондықтан олардың дастарханындағы астың барлығы таяқшамен ұстауға ыңғайлы етіп ұсынылады.

Үш негізгі асхана бар:

Солтүстік қытайлық. Бұл асхананың ерекшелігі – макарон, пельмен, лағман сияқты ұннан жасалатын тағамдарға толы. Сондай-ақ тұздыққа да көп көңіл бөледі.

Бұл аймақта азық-түлік пияз, сарымсақ және ащы бұрышпен маринадталады. Бұл тұтынушылар үшін жазда да, қыста да суық тиюден аулақ болуға көмектеседі.

Кантондық. Теңіз өнімдерінен жиі әзірлейді. Ал тұздықтар мен түрлі ащы дәмдеуіштерді аз қолданады.

Ас әзірлеу үшін аспаздар түрлі өсімдіктер, улы саңырауқұлақтар мен шаяндарды пайдаланады. Осыдан болар дәл осы асхананың терапиялық-профилактикалық қасиеттері бар деген пікірлердің айтылатындығы.

Сычуань асханасы. Негізгі өнімдері – күріш пен шошқа еті. Сондай-ақ бұл ең ащы асхананың бірі.

Қазақстандық журналистерді Қытайдың әдемі жерлерімен таныстырып жүрген Чай Чиаомэйдің (Chai Qiaomei) айтуынша, олар үшін алдымен тамақтың дәмі емес, түрі маңызды рөл атқарады.

«Біздің асханамыз өте бай. Түрлі асханамыз бар. Біз үшін дәмі ғана емес, оның түрі, түсі өте маңызды. Сондықтан тағамды гүлдермен, түрлі жапырақтармен безендіріп, әдемі етіп ұсынады. Ондай тағамға қарағанда біздің тәбетіміз ашылады. Кейде қонақтар аспаздар дайындаған еттің дәмін айыра алмайды. Себебі түрлі дәмдеуіштерді өз мөлшерімен қолданғанда тағамның дәмін ерекше өзгертуге болады» дейді Чай Чиаомэй (Chai Qiaomei).

Қытайда ең таралған сусын – жасыл шай.

Шайды фарфор шәйнектерінде демдеп, қантсыз ішеді. Әдетте қытайлықтар қонақтарын жаңа әзірленген шаймен қарсы алады. Қытайлықтар үшін шай ішу – ол тек шөлді басу ғана емес, сондай-ақ ежелден келе жатқан маңызды дәстүрлерінің бірі.

Қытайда пайдалы көкөністер мен шөптер өте көп. Сондықтан болар қытай салаттары бүкіл әлемге танымал. Олар көкөністерді пісірмей тұтынбайды, міндетті түрде қуырып, буға пісіріп, не қайнатып жейді.

Қытай самаурыны

Қытай самаурыны. Бұл не? Ол – Қытайдың ерекше мәдени және аспаздық тарихи мұрасы. Бұл тағамның нақты қашан пайда болғаны белгісіз, шамаман 2000 жылдай бұрын.

Мұндай ерекше тағамды дайындау үшін ерекше аспаздық өнердің қажеті жоқ. Дайын қайнап тұрған сорпаға түрлі піспеген азық-түлікті салады. Самаурыннан тамақтанудың басты себебі - ащы әрі ыстық тамақ жеу ғана емес, достармен, туыстармен қызықты уақыт өткізу.

Қытайда көше асханасы да кең таралған.

Бұл елдің кез келген қаласының көшелеріне барсаңыз, тойып тамақтануға болады.

Түрлі жемістерден жасалған сусындар, ет, ұн тағамдары, тәттілер жетерлік.

Қытай асханасы әлемдегі денсаулыққа ең пайдалы болып есептеледі. Себебі майонез не кілегей сияқты «ауыр» калориялы қоспауыштар жоқ. Негізгі соус – соя.

Фото автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер