Ердоған мен Жээнбеков Қырғызстандағы "Гүлен мәселесін" түпкілікті шешпек - Әлем|02 Қыркүйек 2018, 17:23
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ердоған мен Жээнбеков Қырғызстандағы "Гүлен мәселесін" түпкілікті шешпек

Түркия президенті Режеп Ердоған түрік діни қайраткері Фетхулла Гүленнің қозғалысы туралы мәселені Қырғызстанда түпкілікті шешу қажеттігі туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Азаттықтың Қырғыз қызметіне сілтеме жасап.

Бішкекте Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен кездескеннен кейін Ердоған екі ел басшылары FETO ұйымымен "күрестегі" қадамдарды талқылағаны туралы хабарлаған. Анкара бұл ұйымның діни қайраткермен байланысы бар деп санайды.

Ердоғанның сөзінше, Түркия өз басынан өткен жағдайдың бауырлас елде қайталанғанын қаламайды. Түрік президенті Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің ешқашан болмауына тілектес екенін білдірген. Бұған қоса ол Түркия білім саласындағы әріптестікті "Маариф" қоры арқылы жүргізетінін айтқан.

"Олар армияға, полицияға және мемлекеттің басқа да салаларына еніп алып, мемлекеттік төңкеріс жасайды", - деп мәлімдеген Ердоған.

Сооронбай Жээнбеков Түркияға қарсы бағытталған іс-әрекеттерді қолдамайтынын білдірген. Ол сонымен бірге "Сапат" мектептері толықтай мемлекеттің бақылауында екенін айтқан.

Ердоған бұған дейін де, 2018 жылғы сәуірде Қырғызстан президенті Анкараға сапармен барған кезде Жээнбековпен "гүленшілер" мәселесін талқылаған.

2016 жылы Түркия Қырғызстанда "гүленшілер" ықпалы күшті деп мәлімдеп, қырғыз билігін қозғалыс қызметіне тыйым салуға шақырған. Қырғызстанның сол кездегі басшылығы Анкараның өтінішін орындаудан бас тартқан. Президент Алмазбек Атамбаев "Түркия Қырғызстанның ішкі ісіне араласып отыр" деп сынаған.

Қырғызстанда Гүленнің жақтастары ашқан деп есептелетін бірқатар білім беру, мәдени және қайырымдылық ұйымдары жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірісі "Себат" халықаралық білім мекемелері желісі 2017 жылы жергілікті ұйым ретінде қайта тіркеуден өтіп, "Сапат" деген жаңа атау алған.

Бұдан кейін Қырғызстан мен Түркия арасы едәуір салқындап, соған дейін бір-бірімен жиі кездесіп жүрген екі мемлекет басшылары соңғы екі жылда жоғары деңгейде кездесу өткізген жоқ.

Түрік билігі 2016 жылғы мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты деп АҚШ-та тұратын Фетхуллах Гүленді айыптайды. Гүлен ол айыптарды жоққа шығарады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер